Согласно информации сайта Informburo.KZ, сообщает Qazaq24.com.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан педагогтердің тамыз конференциясында білім беру саласындағы өзгерістерге тоқтала келе, оқушыларды 18 жасқа дейін мектепте ұстаудың тиімділігін қайта қарауды тапсырды. Президенттің айтуынша, заманауи жасөспірімдердің физиологиялық әрі психикалық тұрғыдан жедел дамуын ескерсек, бұл мәселеге жаңаша қарау қажет. Осы орайда, психолог және әлеуметтанушы мамандар мұның жасөспірімдер үшін тиімді және тиімсіз тұстарының қандай екенін айтып берді. Мамандардың айтуынша, бастысы – оқушылардың ерте кәсіп иесі атануға психология тұрғысынан дайын болуы. Әйтпесе, қоғамға өмірден өз орнын таба алмаған адам қосылуы мүмкін.
"Жаңа формациядағы мамандарды даярлауды мектептегі білім беруден бөлек қарастыруға болмайды. Бірыңғай вертикаль қалыптастыру қажет. Осыған байланысты мынадай сұрақ туындайды: НЗМ мен жекеменшік мектептердегідей 18 жастағы жасөспірімдерді мектепте ұстау қаншалықты орынды? Қазіргі балалардың физиологиялық тұрғыдан жедел дамуын ескерсек, бұл қаншалықты мақсатқа сай? Меніңше, министрлік бұл мәселені қарастырады", – деген еді мемлекет басшысы.
Мамандар баланың физиологиялық дамуы мен оның психологиялық толысу процесі әрқашан бірдей жүрмейтінін алға тартады. Жасөспірімдердің мектеп ортасында ұзақ қалуының психологиялық салдары туралы психолог Әсем Айтмұхамбетова өз пікірін білдірді.
"18 жасқа толды деген сөз оқушының мектепте қалуына негіз жоқ дегенді білдірмейді. Жасөспірімдердің физиологиялық әрі ақпараттық тұрғыдан бұрынғыдан ерте есейетіні рас, дегенмен психологиялық тұрғыдан толысу процесі әркімде әртүрлі жүреді. Осы орайда, жасөспірімнің жасы мен қажеттілігіне сай келмейтін мектеп ортасында ұзақ қалып қоюы оның оқуға деген ынтасын төмендетіп, ішін пыстыруы және қатарластарынан артта қалғандай сезіндіруі мүмкін. Маңыздысы – баланы мектептен ертерек шығару емес, оның интеллектуалдық, психологиялық және әлеуметтік дайындығы толық жетілгенде келесі деңгейге өтуіне жағдай жасау", – деді Әсем Айтмұхамбетова.
Мектепті ерте бітіру мәселесі тек оқу мерзімін қысқартумен шектелмейді, ол ең алдымен түлектің болашаққа дайындығымен өлшенеді. Маманның сөзінше, баланы мектептен ерте шығару оны автоматты түрде бәсекеге қабілетті етіп шығармайды. Осы орайда сарапшы оқу жүйесіндегі икемділік пен жастардың саналы таңдау жасау мүмкіндігіне тоқталып өтті.
"Мектепті ерте тәмамдаудың өзі адамды өздігінен бәсекеге қабілетті етпейді. Бәсекеге қабілеттілік жасөспірімнің нақты кәсіби дағдыларды ерте меңгеруге, өз күшін сынап өсуге, жауапкершілік алуға және болашақта немен айналысқысы келетінін түсінуге мүмкіндік алған кезде ғана қалыптасады. Сондықтан мен икемді жүйені қолдаймын: әлеуеті жоғары әрі дайын жасөспірім колледжге немесе жоғары оқу орнына ертерек түсе алсын. Бірақ бұл "неғұрлым ерте бітіру" жарысы емес, жасөспірімнің саналы таңдауы болуы тиіс. Керісінше жағдайда, құжат жүзінде оқуды ерте аяқтағанымен, үлкен өмірге психологиялық жағынан дайын емес адамды даярлап алуымыз мүмкін", – деді психолог.
Оқи отырыңыз: Cмартфонға тыйым және мүлік салығы: 1 қыркүйектен бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты, әлеуметтанушы Жұлдыз Сәндібайқызы Күмісбек қазіргі жастардың ақпараттық ортасы мен әлеуметтік белсенділігі бұрынғы буынға қарағанда әлдеқайда ерте қалыптасатынын айтады.
"Меніңше, бұл мәселені тек "мектепте 11 ме, әлде 12 жыл оқу керек пе" деген тар шеңберде қарастыруға болмайды. Қазіргі 17-18 жастағы жастардың ақпаратқа қолжетімділігі, әлеуметтік ортасы мен қызығушылығы бұрынғы буынмен салыстырғанда әлдеқайда ерте қалыптасады. Сондықтан физиологиялық акселерациямен қатар, олардың әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан да ерте есейіп жатқанын ескеруіміз қажет. 17-18 жас – адамның дербестікке ұмтылып, мамандық таңдайтын және қоғамдағы өз орнын іздейтін кезеңі. Осы тұрғыдан алғанда, мектептегі қатаң режим мен бақылау жүйесі кейде жастардың табиғи қажеттіліктеріне сай келмеуі де мүмкін. Ата-ана тұрғысынан алғанда да, барлық балаға бірдей даму траекториясын таңу дұрыс емес. Біреуі университетке дайын болса, екіншісі нақты кәсіп меңгергісі келеді, ал үшіншісі ертерек жұмысқа араласып, тәжірибе жинауды қалайды", – деді әлеуметтанушы.
Жас мамандардың еңбек нарығына ерте араласуы ел экономикасындағы кадр тапшылығын шешуге септігін тигізуі мүмкін. Дегенмен, сарапшы негізгі мәселе тек жұмысқа ерте кірісуде емес, сол босаған уақыттың сапалы біліммен толығуында екенін айтады. Әлеуметтанушы бұл бастаманың экономикалық мүмкіндіктері мен ықтимал тәуекелдеріне тоқталды.
"Жастардың еңбек нарығына 1-2 жыл ерте араласуы, әсіресе кадр тапшылығы бар салалар үшін, экономикалық мүмкіндіктер ашуы ықтимал. Бірақ мектепті ерте бітірудің өзі бәсекеге қабілеттілікті автоматты түрде арттырмайды. Ең бастысы – босаған сол уақыттың немен толықтырылатынында. Сол себепті басты мәселе – баланы мектептен ерте шығаруда емес, оның ересек өмірге қаншалықты дайын болып шығуында. Егер жас адам колледжге, университетке немесе еңбек нарығына ертерек өтіп, сапалы білім мен нақты дағдыларды меңгере алса, бұл – өзі үшін де, қоғам үшін де үлкен мүмкіндік", – деді Жұлдыз Күмісбек.
Оқи отырыңыз: Диктант, шығарма және бақылау жұмысына қайта оралудың оқушыға пайдасы қандай
Pincode.kz HR-tech платформасының негізін қалаушы, педагог-психолог, PhD Балсұлу Тасболатованың айтуынша, білім беру реформасын талқылағанда оқу бағдарламасының сапасы мен оның қосқан құндылығы бірінші орынға шығады. Яғни қосымша оқу жылы немесе ұзартылған бағдарлама оқушыға нақты дағды беруі тиіс.
"Президент көтерген мәселе баланың мектепте 18 жасқа дейін оқу-оқымауынан әлдеқайда ауқымды деп есептеймін. Мұнда мектеп қабырғасында өткізген жылдардың санына емес, әр оқу жылының бала дамуына қандай құндылық пен дағды қосатынына назар аударған маңызды. Егер қосымша оқу жылы терең білім алуға, практикалық дағдыларды қалыптастыруға, дербестікті дамытуға және болашақ кәсіби бағытын саналы түрде таңдауға мүмкіндік берсе, оның маңызы зор. Ал егер бұл бағдарламаның жай ғана созыла түсуі болса, оның тиімділігін қайта қарастырған жөн", – деді Балсұлу Тасболатова.
Педагогтың айтуынша, оқушылардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауы үшін жоғары сыныптардағы білім бағыты ерекше маңызға ие. Жасөспірімдердің практикалық тәжірибе жинап, өз әлеуетін ашуына жағдай жасау жүйенің басты міндетіне айналуы тиіс.
"Әсіресе жоғары сыныптардағы білім мазмұнын қайта қарау өте өзекті. 15–18 жас аралығында жасөспірім кәсіби тұрғыдан өзін-өзі анықтау кезеңіне өтеді. Сондықтан осы жаста білім беру процесі оқушының қабілеті, қызығушылығы мен әлеуетін ескере отырып, барынша жеке-дара бағытталуы тиіс. Оқушы таңдаған бағыттарын тереңдетіп оқуға, жобалар мен тағылымдамаларға қатысуға, алғашқы практикалық тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік алуы қажет. Түптеп келгенде, басты мәселе – баланың мектепті 17 немесе 18 жасында аяқтауында емес, мектептен кейінгі өмірге қаншалықты дайын болып шығатынында", – деді педагог.