5 айдан бері жалақы алмадым . Михаил Шайдоров неге чемпионға тиесілі қаражатты ала алмай отыр

28.05.2026

Как сообщает Qazaq24.com, ссылаясь на сайт Informburo.KZ.

Әлеуметтік желіде Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жарты жылдан бері жалақы алмай жүргені туралы мәлімдемесі қызу талқыланып жатыр. Фигуристің сөзі қоғамда үлкен резонанс туғызды: бірі спортшыны қолдаса, енді бірі мәселенің құқықтық жағына назар аударуда.

Шайдоров не деді?

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Тимур Балымбетовтың YouTube-тағы подкастына берген ұхбатында соңғы бірнеше айдағы жағдайын ашық айтты. Оның сөзінше, Олимпиададан кейін бес ай бойы жалақы алмаған. Спортшы бұл жағдайды өзінің жалақысы туралы ақпарат жарияланғаннан кейінгі оқиғалармен байланыстырады.

"Менің жалақым туралы ақпарат жарияланған кезде, оны өте ауыр қабылдадым. Маған бұл үлкен құрметсіздік сияқты көрінді. Себебі жарияланған жалғыз спортшы мен болдым. Осы арқылы менің отбасымның, әкемнің еңбегін жоққа шығарғысы келгендей әсер болды. Яғни, бұл медальға басқа біреулерді қатысы бар етіп көрсеткісі келгендей болды. Бірақ олимпиадалық цикл төрт жылға созылады. Келесі Олимпиадаға дайындық қазірден басталады. Бұл бір жылда жасалатын дүние емес. Бұл – күн сайынғы тұрақты жұмыс. Мен үшін бұл Олимпиадаға дайындық бес жылға созылды. Сол жылдардың бәрінде қолдау қажет болды. Негізгі қолдау маған тек 2025 жылы, әлем чемпионатында күміс медаль алғаннан кейін ғана көрсетіле бастады. Сол кезде бағдарламаларды қоюға, костюм тіктіруге қаржы бөлінді. Бірақ мұндай дайындықтар Олимпиададан бір жыл бұрын емес, бірнеше жыл бұрын басталуы керек. Олимпиада чемпионы бір жылдың ішінде дайындалмайды. Оған дейінгі (2025 жылға дейін – авт.) жылдар мүлде болмады. Негізі ол кездегі жағдай мүлде басқаша еді. Бағдарлама қоюды да, костюмдерді де өзім, демеушілердің көмегімен төлеп жүрдім. Сондықтан бұл жағдай маған ауыр тиді. Еңбегімді әдейі құнсыздандырғысы келгендей көрінді. Мен бұған қатысты пікір білдіргеннен кейін, мені жазалағысы келгендей болды. Қазір бес айдан бері жалақы алмай жүрмін. Қазір келесі маусымға дайындалуым керек, бірақ оны қалай жалғастыратынымды өзім де түсінбеймін. Жаттығу жиындары жоспарланған, бағдарламалар қою уақыты белгіленген. Бірақ қаржыландыру мәселесінде нақты жауап жоқ. Бір адам бірдеңе айтады, екіншісі басқа нәрсе айтады. Оның үстіне 1 ақпаннан бастап дәрігер бақылауынан да айырылдым. Қазір ресми түрде спорттық дәрігерім жоқ. Бұл да маған түсініксіз әрі жағымсыз жағдай", – деді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Timur Balymbetov | Отец | Муж | Интервьюер (@balukz)

Министрлік не деді?

Шайдоровтың мәлімдемесінен кейін Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы ресми түсініктеме жариялады.

Ведомство мәліметінше, спортшыға 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақы толық көлемде төленген. Ал наурыздан бастап жаңа олимпиадалық циклге байланысты жаңа еңбек келісімшарты әзірленіп жатқан көрінеді.

"2026 жылдың наурыз айынан бастап спортшының Миланда өткен Олимпия ойындарында алтын медаль жеңіп алғаны ескеріліп, жаңа келісімшарт жасау жоспарланған болатын. Жаңа келісімшартта келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған шарттары қарастырылған. Қазіргі уақытта келісімшарт талаптары тараптар арасында талқыланып жатыр. Мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындық жүйесіне кіретін барлық спортшыға қолданылады және ұзақ мерзімді мемлекеттік қаржыландырудың қалыпты тәртібі саналады. Сонымен қатар мемлекет спортшыны олимпиадалық жетістігі үшін ынталандыруға қатысты өз міндеттемелерін толық орындайды деп атап өтеміз. Олимпия ойындарының алтын медалін жеңіп алғаны үшін Михаил Шайдоровқа 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеу, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған", – делінген хабарламада.

Бұған дейін қанша қаржы бөлінді?

Еске салайық ақпан айының соңында министрлік Михаил Шайдоровтың дайындығына бөлінген қаржы туралы егжей-тегжейлі есеп жариялаған еді.

Ресми мәлімет бойынша:

спортшының бір жылдық жалақысы – 33,9 млн теңге; жаттықтырушысы Алексей Урмановтың жалақысы – 26 млн теңгеден астам; хореограф Иван Региниге, шамамен, 23 млн теңге төленген.

Жалпы алғанда, Олимпиада чемпионын дайындауға 263,4 млн теңге жұмсалған.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарында 291,58 ұпай жинап, алтын медаль иеленді. Ол – Алматы қаласының тумасы. Спортшыны Олимпиада чемпионы Алексей Урманов жаттықтырады. Бұған дейін Қазақстанның мәнерлеп сырғанау тарихындағы жалғыз Олимпиада жүлдесі 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Денис Теннің еншісінде болған еді. Шайдоровтың бұл жеңісі еліміздің осы спорт түріндегі жаңа тарихи жетістігі ретінде бағаланып отыр.

Желіде не талқыланып жатыр?

Журналист Серғали Балажан спорт министрлігі Олимпиада чемпиондарымен тұрақты байланыста болуы керек деп есептейді.

"Шайдоров кеше Олимпиада алтынын алғанда спорт министрінен бастап сол жақта жүрген шенділердің бәрі жүрегі жарылардай қуанды. Құдды Шайдоровты өздері жаттықтырғандай әсер қалдырды. Бәлкім кресломыз сақталатын болды деп қуанған шығар, мүмкін расымен де патриоттық сезімдері оянып кетті, білмейм, әйтеуір қатты қуанды. Енді сол Шайдоров 5 айдан бері ақшамды ала алмай жүрмін деп сұхбат беріпті. Спортмин артынша "кінәнің бәрі өзінен, біз сүттен ақпыз" деген сарында жауап қатты. Иә, бәлкім кінә расымен де Шайдоровтан шығар. Бірақ сен енді спорт министрі ретінде Олимпиада алтынын алған әр спортшымен тікелей байланыста болуың керек қой, ең болмаса айына бір рет хабарласып, жағдайын біліп, проблемасы болса тыңдап… Өздері екеу-ақ: Елдос Сметов пен Миша Шайдоров. Ертең келесі жарыстарда тағы да креслоңды сақтайтын солар емес пе?! Ал біздің министрлік не істейді? Блогерлер мен журналистерді жалдап, Шайдоровтың өзін айыптайды (мәтіндері бірдей). Ең болмаса осы сұхбаттан кейін Мишамен сөйлесіп, мәселесінің шешілетінін айтып, құшақтасып фотоға түсіп: "проблеманы шештік" деп жазып қойса сүйкімді бомас па еді", – деп жазды ол.

Ал спорт сарапшысы Аслан Қаженов жағдайға құқықтық тұрғыдан қарауға шақырды.

"Олимпиада чемпионының сұхбатын көріп шықтым. Оған министрлік берген жауапты да оқыдым. Иә, тараптар арасында түсініспеушілік болған. Бірақ, анау айтқандай трагедия емес. Миша бес ай айлық алмадым деп мұңын шағып отыр. По факту қаңтар мен ақпанда алған. Бергі айларда алмаған. Себеп - келісімге қол қойылмаған. Егер келісімшарт болмаса, мемлекет оған қалай төлейді? Ал, енді неге қол қойылмаған деген сұрақ туындайды. Ол жерде алдағы циклдың дайындығы мен нәтижесіне қатысты міндеттеме бар. Аталмыш құжат барлық чемпиондарға ұсынылады және бәрі келіседі. Ал, бұл жерде Миша неге келіспегені түсініксіз. Өйткені, мемлекет қазынасынан үлкен көлемде қаржы бөлінгесін, сәйкесінше, жауапкершілік те жүктей алады ғой. Үлкен сома деп тұрғаным бекер емес. Оның жалақысын да білемін. Айтпаймын. Айтсам, қарапайым халық жағасын ұстайды. Жаңа келісімде оның көлемі, тіптен, бірнеше есе жоғары. Иә, Михаилдың еңбегі ерен. Олимпиада чемпионы болу екінің бірінің қолынан келмейді. Бірақ, біржақты мемлекетті де төпелей беруге болмайды. Әсіресе, асыра сілтей ақпарат таратып. Оның үстіне министрлік қазір спортшыдан бас тартып отырған жоқ. Керісінше, ресми түрде жаңа келісім дайындалып жатқанын және қаржыландыру жалғасатынын айтты. Қысқасы бұл жерде эмоциямен емес, құқықтық жағынан қарау керек. Мишаға жетістігі үшін мемлекеттен 250 мың доллар сыйақы берілді. Үш бөлмелі пәтер табысталды. Өмір бақилық төлем тағайындалды. Бұған дейін барлық жағдайы жасалды. Бұдан кейін де барлық жағдайы жасалады. Сондықтан, жағдайды шіли шиеленістіріп керек емес…" – деді журналист.

Журналист Бек Төлеуов бұл жағдайға қатысты спортшының мансабы мен еңбегінің маңызын атап өтіп, мәселеге жүйелі және жедел шешім қажет екенін жеткізді.

"Мәнерлеп сырғанаушы деген 30-ға дейін сырғанап жүрмейді. Криштиану Роналду сияқты 41 жасында доп теуіп, әлем чемпионатына бармайды. Енді әрі кетсе 3-4 жыл ғана мұз үстінде сырғанар. Оған дейін айына ортаңқол бір футболшыға төлейтін жалақыны беруге болар деп ойлаймын. Бес айдан бері спортшының бетін қаратып, бір келісім жасаған дұрыс еді ғой. Ол да соншалықты қатайып қалған бала деп ойламаймын. Ел қоржына 32 жылда жалғыз алтынды сыйлаған Шайдоров кемі келесі Олимпиадаға дейін жалақысы мен сыйақысын уақытылы алуға лайықты. Мұз үстіндегі әр қадамының артында жылдар бойғы ауыр еңбек, жарақат, жалғыздық пен үнсіз күрес тұр. Ол чемпион болу үшін бәрін берді. Ал әкесі ұлының болашағы үшін көлігін сатты… Ол дауға емес, мұзға шыққысы келеді. Шуға емес, Қазақстанның әнұранын әлемге тыңдатқысы келеді. Мұндайды жымын білдірмей шешу, нағыз менеджердің қолынан келетін іс деп білемін", – деп жазды ол.

Николай Энелане – Михаилдың дайындығын ашық түрде жазып жүрген журналистердің бірі. Оның сөзінше, Шайдоровтың жеңісі "жақсы жағдайдың арқасында" емес, көбіне "қиындықтарға қарамастан" келген.

"Михаил мен оның әкесі Олимпиададан оралғаннан кейін Акордада болған сәтті еске түсіріңіздер (олар Олимпиададан кейін алғаш рет сонда кездесті). Сол кезде қонақтар да, мемлекет басшысы да жылы лебіздер мен маңызды ойларын айтты. Бұл бүкіл ел үшін үлкен мереке болды. Кейіпкер осындай құрметке лайық еді. Ал мемлекет басшысы мен оның командасы қазір не болып жатқанынан қаншалықты хабардар? 2026 жылдың наурызынан бастап (Министрлік нұсқасы бойынша, ал Михаилдың айтуынша, 5 айдан бері) Олимпиада чемпионы жалақы алмай отыр, медициналық сүйемелдеу қарастырылмаған, оның командасына да төлем жасалмайды. Басқаша айтқанда, бұл жағдай сырт көзге өте оғаш көрінеді. Спорт саласындағы кейбір шенеуніктер спортшыны ашық айтқан пікірі үшін  "тәрбиелеу" немесе "жазалау" жолын таңдағандай әсер қалдырады. Мүмкін, оның мемлекеттік қолдау тек 2025 жылы белсенді түрде басталды дегені кейбіреулерге ұнамаған болуы мүмкін. Жалпы оның жалақысын жариялау ерсі көрінді", – деп жазды ол.

Сонымен қатар журналист осы оқиғаға қатысты ресми органдарға ұсынысын жеткізді.

"Мен бұл оқиғаны жоғары басшылыққа жеткізе алатын адамдар да оқып отыр деп ойлаймын. Үкімет құрамы жақын арада, күзде қайта қаралады. Менің ойымша, мұндай жағдайлар кадрға байланысты шешімдерге себеп болуы тиіс. Олимпиада чемпионы дәл қазір келесі циклге дайындалып, костюм, бағдарлама, дәрігерлер және басқа да шығындарын жабуы керек. Ал Спорт министрлігі наурыз айынан бері жаңа келісімшартты бекіте алмай отыр, медаль үшін төлемдер жасалмаған, тіпті жетістігі үшін өмір бойғы төлем де тағайындалмған сияқты. Сонымен қатар, оған берілетін спорттық атақ та әлі рәсімделмеген. Бұл жағдайдың бәрі сырт көзге де, жалпы логика тұрғысынан да өте оғаш көрінеді. Әрине, бірден министрді қызметінен босатуды сұрамаймын (дегенмен оның командасына түсіндіру жұмыстары жүргізілгені дұрыс болар еді). Мен тек қарапайым нәрсені сұраймын: жауапты адамдар өз міндетін атқарсын. Кімнің неге ренжігені мені қызықтырмайды. Михаил ең қиын жылдары азаматтығын ауыстырмай, Қазақстанда қалды және сол тарихи медальді әкелді. Ең соңында мемлекет басшысының командасына үндеу: осы сұхбаттан кейін Михаилдың жағдайы одан әрі күрделеніп кетпеуін қамтамасыз етсе екен. Шайдоров – жарқын мінезді адам, ол ақша үшін емес, басқа құндылықтар үшін жұмыс істейді. Бірақ ол жақындарының еңбегі бағаланбағанын қабылдай алмайды. Ал Олимпиада чемпионының бұл туралы ашық айтуына ешқандай кедергі жоқ. Тіпті біреулерге ұнамаса да", – деді журналист.

Для получения более подробной информации и свежих новостей, следите за обновлениями на Qazaq24.com.
Читать полностью