Qazaq24.com передает, что по данным сайта Informburo.KZ.
Бүгін – 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енді. Жаңа Ата Заң елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған конституциялық реформалардың қорытындысы болды. Алда Құрылтай сайлауы өтеді, вице-президент тағайындалады, Халық кеңесі жасақталады және бірқатар заңдарға өзгеріс енгізіледі.
2025 жылғы қыркүйек: реформаның басталуы2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік жүйені реформалау мәселесін көтеріп, бір палаталы парламентке көшу мүмкіндігін қоғамдық талқылауға шығаруды ұсынды.
"Баршаңызға мәлім, мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді", – деген еді президент.
Осы бастамадан кейін 2025 жылдың қазан айының басында Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойып, конституциялық өзгерістерді әзірлеудің практикалық кезеңі басталды.
Жұмыс тобы мен Конституциялық комиссияның қызметіПарламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының құрамына парламент депутаттары, саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Ұлттық құрылтайдың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері енді.
2026 жылғы 21 қаңтарда 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Оныңя құрамына мемлекеттік органдардың, заңгерлердің, ғылыми орта мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Комиссия төрағасы болып конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова, төраға орынбасарлары болып мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тағайындалды. Комиссияның негізгі міндеті – Конституцияның жаңа редакциясын әзірлеп, қоғамдық ұсыныстарды зерделеу болды.
Комиссия жұмысы бірнеше айға созылды. Барлық 12 отырыс тікелей эфирде онлайн көрсетіліп, әлеуметтік желілерде миллионнан астам қаралым жинады. Конституция жобасы екі рет жалпыхалықтық талқылау үшін жарияланды. Екінші редакция ел азаматтарынан түскен ұсыныстар негізінде толықтырылды.
e-Government және e-Өтініш платформалары арқылы азаматтар ұсыныстарын жолдады. 2026 жылғы 13 ақпандағы жағдай бойынша Конституциялық комиссияға шамамен 12 мың өтініш түскен.
Референдум нәтижесі2026 жылғы 15 наурызда Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау бойынша республикалық референдум өтті. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, қатысушылардың басым бөлігі ұсынылған өзгерістерді қолдады.
"Бұл – тарихи құжат. Ол азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Сондықтан оның маңызы өте жоғары. Жаңа Конституция еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғайды. 1995 жылы қабылданған Конституция ерекше рөл атқарды. Еліміз 35 жыл осы құжатпен өмір сүрді. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бұл жұмысқа мен де белсене атсалыстым. Конституцияның преамбуласын және басқа да нормаларын өзім жаздым. Жаңа Ата заң ел игілігіне, келешегіне қызмет етеді деп сенемін", – деді мемлекет басшысы референдум күні.
Ресми мәліметке сәйкес, Конституцияның жаңа редакциясын референдумға қатысушылардың 87,15 пайызы қолдады.
Фото Ақорданың ресми сайтынан алынды"Жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, егемендігіміздің тұғыры болады. Оның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түседі. Әділдік қағидаты бас құжаттың өзегіне айналды. Сондықтан жаңа Ата заңды Әділетті Қазақстанның төлқұжаты десек, қателеспейміз. Мен ел президенті және Конституция кепілі ретінде бас құжаттағы ережелердің мүлтіксіз орындалуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Жаңа Конституциямызға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев референдумнан соң.
Сонымен 2026 жылғы 1 шілдеде жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Сарапшылардың пікірінше, жаңа құжат елдің даму бағытын қуаттай түседі.
"Жаңа Конституция мемлекеттің даму философиясын өзгертеді"Қазақстандық қоғамдық даму институты Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым жаңа конституцияның қолданысқа енуін ел тарихындағы ең маңызды конституциялық кезеңдердің бірі деп санайды. Бұл жерде әңгіме мемлекеттің жаңа даму моделіне көшуі туралы болып отыр.
"Ең алдымен, 1995 жылғы Конституцияға лайықты баға беруіміз керек. Ол үш онжылдық бойы еліміздің тұрақтылығы мен мемлекеттілігінің құқықтық іргетасы болды. Ал 2026 жылғы Ата Заң кемелденген мемлекеттің ұзақ мерзімді даму қағидаларын бекітті. Яғни, Жаңа Конституция қоғамда ұзақ жылдар бойы қалыптасқан сұраныс пен ортақ келісімді құқықтық тұрғыдан рәсімдеді. Сонымен қатар, ол мемлекеттік биліктің жаңа архитектурасын қалыптастырып, саяси жүйенің тұрақтылығын күшейтетін институционалдық тетіктерді енгізді. Ендігі басты міндет – жаңа Конституцияның нормаларын мемлекеттік институттардың жұмысында және азаматтардың күнделікті өмірінде толыққанды жүзеге асыру", – деді сарапшы.
Оның айтуынша, конституциялық реформа ашық әрі көпсатылы дайындытан өтуі арқылы ерекшеленді. Алдымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды, кейін оның негізінде Конституциялық реформа жөніндегі кеңейтілген комиссия жұмыс істеді. Барлық негізгі ұсыныстар қоғамдық талқылауға шығарылып, отырыстар тікелей эфирде көрсетілді, арнайы интернет-платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы азаматтардың пікірлері қабылданды.
"Еске салайын, референдумнан бұрын Конституцияның бастапқы жобасы қоғамдық талқыға ұсынылды. Азаматтар мен сарапшылардың ұсыныстары ескеріліп, құжат қайта пысықталғаннан кейін ғана бүкілхалықтық референдумға шығарылды. Бұл қоғам пікірінің шынайы түрде ескерілгенін көрсетеді", – деді Риззат Тасым.
Сарапшы референдумның халық еркін тікелей білдірудің ең жоғары демократиялық тетігі екенін айтты. Референдумнан жоғары легитимдік құрал жоқ. Соңғы жылдары Қазақстанның референдум институтына бірнешерет жүгінуі маңызды мемлекеттік шешімдердің қоғамның тікелей қатысуымен қабылданатынын көрсетті. Сондықтан мұндай жағдай барлық шешім тек "орталықтан қабылданады" деген пікірлердің негізсіз екенін көрсеткен.
Сонымен қатар Риззат Тасым жаңа Конституцияның бірнеше жаңашылдығына тоқталды:
Біріншіден, жаңа Конституцияның ең басты жаңашылдығы – ол мемлекеттің даму философиясын өзгертіп отыр. Егер бұған дейінгі Ата Заңымыз тәуелсіздігін енді нығайтып келе жатқан, демократиялық әрі қуатты мемлекет құру мақсатына негізделсе, жаңа Конституция егемендігі орныққан, құқықтық жүйесі қалыптасқан және орта держава мәртебесін нығайтуға ұмтылатын Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіне лайық қабылданды. Орта держава болу ең алдымен ішкі саяси тұрақтылық пен болжамды мемлекеттік басқару жүйесін талап етеді. Геосаяси субъектілік сыртқы саясаттан емес, ең алдымен ішкі институционалдық тұрақтылықтан басталады. Ал сыртқы саясаттағы дербестік әрдайым берік әрі теңгерімді конституциялық негізге сүйенеді. Екіншіден, жаңа Конституция мемлекеттің құндылықтық бағдарын түбегейлі жаңартты. Преамбулада елдің даму бағдары білім, ғылым, инновация және мәдениет құндылықтарымен тікелей байланыстырылған. Сонымен қатар, еңбекқорлық, білім және прогресс мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары ретінде бекітілді. Бұл – стратегиялық тұрғыдан өте маңызды өзгеріс. Өйткені, елдің болашағы табиғи ресурстарға сүйенбей, адам капиталының сапасымен байланыстырылып отыр. Осылайша адам капиталына инвестиция салу саяси ұран деңгейінен конституциялық міндет деңгейіне көтерілді. Демек, осы бағытта бюджет саясаты, мемлекеттік институттар мен заңнамалық қамтамасыз ету де жаңа талаптарға сай дамуы тиіс. Фото Ақорданың ресми сайтынан алынды "Қазақстан жаңа кезеңге бет алды"Экономикалық зерттеулер институтының Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылық директоры Бақытгүл Хамбар 2026 жылдың 1 шілдесін Қазақстан тарихының құнды жаңа парағы басталатын кезең деп санайды. Сарапшының айтуынша, жаңа Конституцияны елдің саяси дамуының тарихи ерекшеліктерін заманауи қағидалармен ұштастыратын құжат деп сипаттауға болады.
"Бұл құжаттың аясында Құрылтай, Халық кеңесі сияқты институттардың құрылуы бір жағынан жаңалық болғанымен, екінші жағынан қазақ тарихында болған басқару институттарымен астасып жатқаны түсінікті. Сонымен қатар, Конституцияның 21-бабында "Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі" деп көрсетілген. Бұл – еліміздің жаңа технологиялар дәуіріне сай дамуының іргетасын бекітуінің дәлелі. Жаңа конституцияның негізгі ерекшеліктерінің бірі – халықты жоғары қоюы. 4-бапта Қазақстан халқының Егемендіктің иесі екені жазылған. Бұл бапты да тарихи кезеңнің басы деп қарауға болады", – деді Бақытгүл Хамбар.
Сарапшының айтуынша, кез келген құжаттың өміршеңдігі оның әзірленуі барысында адамдардың мүддесін қаншалықты ескергендігімен өлшенеді. Жаңа конституцияны әзірлеудің басты ерекшеліктерінің бірі – оның жан-жақты талқылануы.
"Бұл тұрақты дамудың "ешкімді назардан тыс қалдырмау" деген қағидасына келіп саяды. Талқылауға еркіндік берілгендіктен, қоғамда конституция жобасын қолдайтын пікірлер мен сыни пікірлер қатар жүрді. Әрине, сыни пікірдің барлығын толық жаңа құжатқа енгізу мүмкін де емес, міндетті де емес. Алайда, құрылған жұмыс тобы, түсіндіру жұмысына қатысқан сарапшылардың сұхбаттары арқылы халыққа әр сұраққа кеңінен жауап беруге бағытталды. Нәтижесінде елдің болашағының негізі болатын құжат қабылданды деуге болады. Еліміз билігі мен халқының алдындағы ендігі міндет – Конституция талаптарын мүлтіксіз орындау", – деді сарапшы.
Сонымен қатар, Бақытгүл Хамбар жаңа Конституцияның негізгі жаңашылдықтарының бірі ретінде саяси мәселелерді ғана емес, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық талаптарды біріктіре білуін атап өтті.
"Құқықтық мемлекет қағидаттарының орнығуына оң ықпал етеді""Бұл – қазіргі таңдағы әлемде даму стартегияның негізіне толық сай келеді және тұрақты дамудың іргетасы. Сондықтан Еліміз Президенті көптен айтып келе жатқан елдің тұрақты дамуының жаңа кезеңіне бет алды деп түсінемін. Өйткені дамудың тұрақты іргетасы қалыптасқан мемлекет қана өзінің қуатты ел болуына жағдай жасай алатыны дәлелденіп отыр. Ал болашақта мұның жоғары нәтижесін көруіміз заң талаптарының орындалуына байланысты болмақ", – деді ол.
Заңнама және құқықтық ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері Әсемай Көптілеуова жаңа Конституцияның күшіне енуін Қазақстанның саяси-құқықтық дамуындағы тарихи бетбұрыс деп бағалады. Оның айтуынша, жаңа Конституция жекелеген баптарға түзету енгізумен ғана шектелмейді, ол мемлекеттік билікті ұйымдастырудың жаңа конституциялық моделін қалыптастырады.
Сарапшы жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесін жаңа қағидаттар негізінде қайта құруды көздейтінін, мұндай өзгерістер мемлекеттік институттардың тиімділігі мен басқару сапасын арттыруға бағытталғанын айтты.
"Оның тарихи маңызын тағы бір қырынан бағалайтын болсақ, жаңа Конституция алғаш рет ғылымды, білімді, адами капиталды және инновацияны мемлекеттің стратегиялық даму басымдықтары ретінде конституциялық деңгейде бекітеді. Бұл елдің ұзақ мерзімді дамуының негізгі бағдары тек саяси реформалармен шектелмей, адам капиталын дамытуға, білім мен ғылымға негізделген бәсекеге қабілетті мемлекет құруға бағытталғанын көрсетеді. Сондықтан жаңа Конституцияны Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, мемлекеттің алдағы уақыттағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық құқықтық құжат ретінде бағалауға болады", – деді ол.
Әсемай Көптілеуова да конституциялық реформаны әзірлеу үдерісі ашық әрі инклюзивті форматта өткенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға және ашық диалог мәдениетін дамытуға ықпал етті.
"Жаңа Конституцияның негізгі жаңашылдықтары Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Конституциялық өзгерістер нәтижесінде билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік күшейтілді, ал азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктері кеңейді. Сонымен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіліп, Конституциялық сот негізінде азаматтардың өз құқықтарын тікелей қорғауына қосымша мүмкіндік берілді", – деді ол.
Сарапшының ойынша, бұл өзгерістердің басты мақсаты – әділетті, ашық және жауапты мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру. Яғни, Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқындалғандықтан, құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан бұл реформалар еліміздің тұрақты дамуына, демократиялық институттардың нығаюына және құқықтық мемлекет қағидаттарының одан әрі орнығуына оң ықпал етуі тиіс.
Фото Ақорданың ресми сайтынан алынды "Конституцияның тиімділігі бірнеше жылдан кейін бағаланады"Қоғамдық саясат институтының мониторинг бөлімінің аға сарапшысы Жансая Нұралиеваның пікірінше, Жаңа Конституция Қазақстанның саяси жүйесін қайта ұйымдастыру кезеңіне жол ашады.
"Бұл өзгеріс мемлекеттік институттардың құрылымына, билік тармақтарының өзара байланысына және азаматтардың құқықтық мәртебесіне ықпал етеді. Сондықтан бұл күнді елдің конституциялық дамуындағы жаңа кезең ретінде бағалауға негіз бар. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан бірнеше рет конституциялық реформалар жүргізді. Алайда бұл жолғы өзгерістердің ауқымы әлдеқайда кең. Парламенттің құрылымы өзгерді, мемлекеттік басқару жүйесі қайта қаралды, адам құқықтарын қорғауға қатысты жаңа конституциялық кепілдіктер енгізілді. Мұндай реформалар көптеген мемлекеттердің саяси тарихында кездеседі. Мысалы, Франция 1958 жылы жаңа Конституция қабылдау арқылы мемлекеттік институттардың тұрақтылығын күшейтті. Оңтүстік Кореяда 1987 жылғы конституциялық өзгерістер демократиялық институттардың дамуына жол ашып, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтті. Бұл тәжірибелер бір заңдылықты көрсетеді: конституциялық өзгерістің нәтижесі оның мәтініне емес, оны жүзеге асыратын институттардың тиімділігіне байланысты. Қазақстан үшін де негізгі мәселе дәл осы орында тұр. Егер Конституцияда бекітілген нормалар мемлекеттік шешімдер қабылдау тәжірибесінде, сот жүйесінде және азаматтардың күнделікті өмірінде көрініс тапса, онда бұл реформа елдің ұзақ мерзімді саяси дамуына ықпал етеді", – деді ол.
Сарапшы конституциялық реформаны әзірлеу жұмыс тобы, конституциялық комиссия, референдум сынды бірнеше кезеңнен тұрғанын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай көпсатылы тәсіл халықаралық тәжірибеде де кеңінен қолданылады. Себебі конституциялық өзгерістердің ұзақмерзімді әрі орнықты болуы олардың кең қоғамдық қолдауға сүйенуіне тікелей байланысты.
Сонымен бірге сарапшы референдум азаматтардың реформаға тікелей қатысуына мүмкіндік бергенін де атап өтті. Оның сөзінше, ресми мәліметтерге сәйкес, дауыс беруге сайлаушылардың 73 пайыздан астамы қатысып, олардың басым бөлігі жаңа Конституцияны қолдаған. Бұл өз кезегінде реформаның қоғамдық легитимділігін нығайтқан.
"Сонымен бірге, халықаралық тәжірибе ашықтықты бағалаудың бірнеше өлшемін ұсынады. Азаматтардың пікірін жинау жеткіліксіз. Ұсыныстардың қандай бөлігі ескерілді, балама көзқарастар қалай талқыланды, тәуелсіз сарапшылардың қорытындылары қандай деңгейде пайдаланылды деген сұрақтар да маңызды. Мысалы, Исландияда Конституция жобасын әзірлеу кезінде цифрлық платформалар арқылы азаматтардың ұсыныстары тұрақты түрде жарияланып отырды. Чилиде қоғамдық пікірталастар бірнеше ай бойы жүргізіліп, түрлі әлеуметтік топтардың қатысуына жағдай жасалды. Осындай тетіктер азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді", – деді ол.
Жансая Нұралиеваның айтуынша, ендігі кезеңде Конституцияның әр нормасының мемлекеттік басқару тәжірибесінде қалай қолданылатыны қоғамдық сенімнің негізгі өлшеміне айналады.
"Жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесіне де, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктеріне де ықпал етеді. Бірінші бағыт мемлекеттік институттардың өкілеттіктерін нақтылау арқылы жауапкершілікті күшейтуге арналған. Мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеде кең таралған. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде басқару тиімділігі көбіне институттардың есеп беру жүйесіне, шешім қабылдау рәсімдерінің айқындығына және парламенттік бақылауға байланысты бағаланады", – деді ол.
Сарапшы екінші бағыт ретінде азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейтуді атап өтті. Оның айтуынша, құқықтық мемлекет қағидаты тек Конституция мәтінімен шектелмейді. Оның нақты нәтижесі соттардың тәуелсіздігіне, мемлекеттік органдардың заң талаптарын сақтауына және азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндігіне тәуелді. Себебі, Германия мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесі конституциялық бақылау институттарының тұрақты жұмыс істеуі құқықтық жүйеге деген қоғамдық сенімді арттыратынын көрсеткен.
"Үшінші бағыт мемлекеттік басқарудың сапасына әсер етеді. Қазіргі кезеңде көптеген мемлекеттер мемлекеттік аппараттың тиімділігін азаматтардың сұранысына жауап беру жылдамдығы, цифрлық қызметтердің қолжетімділігі және мемлекеттік шешімдердің ашықтығы арқылы бағалайды. Қазақстандағы конституциялық өзгерістер де осы бағыттағы реформаларды жалғастыруға құқықтық негіз қалыптастырады", – деді Жансая Нұралиева.
Сарапшы Конституцияның тиімділігі бірнеше жылдан кейін нақты көрсеткіштер арқылы бағаланатынын айтты. Мысалы, соттарға деген қоғамдық сенімнің өзгеруі, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, азаматтардың құқықтарының қорғалуы, мемлекеттік институттардың есеп беру деңгейі және саяси қатысу көрсеткіштері реформаның нақты нәтижесін көрсететін негізгі индикаторлар болады. Дәл осы көрсеткіштер жаңа Конституцияның елдің ұзақ мерзімді дамуына қаншалықты ықпал еткенін анықтайды.