Qazaq24.com передает, что по данным сайта Informburo.KZ.
Кейінгі кезде хиджаб киіп, біршама уақыттан кейін оны шешіп тастайтын қыз-келіншектер көбейді. Олардың арасында ел алдында жүрген өнер иелері мен блогерлер де бар. Әнші Айдана Меденова биыл орамалын шешіп, өнерге оралды. Жақында әнші Абай Бегейдің қызы Сымбат Бегей де хиджабын шешіп, әлеуметтік желілерде көпшілік талқысына түсті.
Ол әр адамның өз жолы, өз сынағы бар екенін айтып, өз жолымен жүріп келе жатқан пенде екенін айтып жазба жариялады. Түсіністік танытқан, шешімін құрметтеп, қолдап жатқан адамдарға алғыс айтты.
Осы орайда Информбюро тілшісі сарапшылардан орамал тағу және оны шешу тенденциясының астарында не жатыр деген сұрақты қойып, пікірін білді.
Жайна Жортарқызы, психолог:
– Негізі әр адам дінге әртүрлі себеппен келеді. Біреуі тірек іздеп, сол тіректі діннен тапқандай болады. Уақыт өте келе құндылықтары ауысады. Ішкі тірек өсіп, ойы өзгере бастайды. Кейбіреуі тірек, қауіпсіздік, мағына іздейді. Психолог ретінде бұл жағдайға "дінге келді не кетті" деп емес, адамның ішкі психикалық динамикасы ретінде қарар едім. Әнші Айдана Меденова сұхбатында әкесінің қазасынан кейін рухани тірек іздеп, намаз бен хиджабқа келгенін, ал кейін өнерге деген ішкі қажеті күшейгенде шешімін өзгерткенін айтқаны осыған дәлел.
Адам дінге өте тез бет бұруы мүмкін. Бұл – міндетті түрде фанатизм емес, көбіне психиканың өзін сақтап қалу жолы, қорғаныш. Кейде фанатизм де болуы мүмкін.
Ұжымдық сана деген нәрсе бар. Ол да әсер етеді. Өздігінен шешім қабылдай алмай жүрген адамның ішкі шешіміне сыртқы факторлар да әсер етеді. Хиджабты неге шешіп тастайды деген сұраққа психологиялық тұрғыдан қарасақ, біріншіден – кімдіктің өзгеруі. Адам бір кезеңде өзін "діни адам" ретінде көреді, кейін өзінің ана, әйел, өнер адамы екенін түсініп, қоғамдағы рөлім басқа деген жаңа қырлары оянады. Ішкі "Мен" өзгерген сайын сыртқы символдар да өзгереді.
Кейде дінге келу – жарақат кезеңіндегі ресурс. Дәл сол сәтте оған ол көмектесті. Жара жеңілдеген соң адам өзінің бұрынғы табиғатына, яғни шығармашылыққа, еркіндікке, өзін көрсетуге, эстетикаға, өз болмысына қайта оралады. Бұл "иманнан кету" емес, ішкі қажеттің ауысуы болуы мүмкін.
Кейде сыртқы қысыммен жасалған шешім болуы мүмкін немесе ішкі шешімге сыртқы факторлар әсер етеді. Кейде адам іштей дайын болмай, ортаның әсері, жақындарының ықпалы, қоғам қысымы, тренд және еліктеу арқылы орамал тағады не оны шешеді. Ал уақыт өте келе бұл образ өзіне сәйкес келмесе, психика "жалған Меннен" шаршап, адам түбегейлі шешеді.
Кейде адамдар діннің өзіне емес, діннің беретін психологиялық функциясына бет бұрады. Мысалы, тыныштық, тәртіп, қолдау, күнә сезімінен арылу, бос кеңістікті толтыру. Осы қажет басқа жолмен жабылған кезде, сыртқы форма әлсірейді. Сол кезде дін тұрғысынан иман әлсірегендей болып көрінеді, ал шындығында бұл ішкі қажет жабылып, басқа тірек, басқа сенім пайда болуы мүмкін деген сөз.
Әсем Құсманова, әлеуметтанушы:
– Ультра индивидуализмге негізделген қазіргі әлемде біз әлеуметтік фактордың маңызын жиі жете бағаламаймыз. Біз шешімдерді тек өз құндылықтарымыз бен ішкі ұстанымдарымызға сүйеніп қана қабылдаймыз деп ойлаймыз. Алайда адам – әлеуметтік тіршілік иесі. Сондықтан біз үнемі айналамыздағы адамдарға бейсаналы түрде бағдар жасап, оларға қарап бой түзейміз: басқалардың қалай өмір сүретінін бақылаймыз, оларға еліктейміз, түрлі тәжірибелерді қабылдап аламыз. Мұның бәрі көбіне өзіміз байқамайтың бейсаналы түрде жүретін процесс. Бұл – тарихи тұрғыдан адамға аман қалуға және дамуға көмектесіп келген әлеуметтік үйренудің туа біткен механизмі.
Біз бір-бірімізден үйренеміз. Сондықтан орта өзгерсе, адамның мінез-құлқы да өзгереді.
Хиджабты шешу жағдайында бұл тек жеке таңдау ғана емес, сонымен бірге ортаның өзгеруімен де байланысты болуы мүмкін: жаңа ортаға түсу, жаңа нормалар, бұрынғы ықпалдың әлсіреуі немесе керісінше, басқа мінез-құлық үлгілерінің күшеюі.
Яғни, уақыт өте келе сол қыздардың айналасы өзгерген болуы ықтимал: олар хиджаб кимейтін немесе оған басқаша қарайтын адамдармен көбірек араласа бастады. Бұл да өз кезегінде олардың шешіміне әсер етуі мүмкін. Егер қателеспесем, хиджаб киюдің өзі де белгілі бір кезеңде ұжымдық әрекет болды. Көптеген блогер қыздар оны бір уақытта кие бастаған. Кейін дәл солай, біртіндеп шеше бастады.
Бұл құбылыс "әлеуметтік жұғу" деп аталады. Осы принцип арқылы әртүрлі әлеуметтік мінез-құлық үлгілері таралады, күшейеді немесе әлсірейді: сән, зиянды және пайдалы әдеттер, мамандықтардың тартымдылығы, өмір салты, тіпті қылмыс та.
Елбек Тасболатұлы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
– Қазір дінге қарап, адамға баға беретіндер бар. Орамалды шешу адамның жеке басының мәселесі болуы керек, яғни адамның орамалды киіп-шешкенінен дінге күйе жағылмауы шарт.
Қазақ дәстүрінде дін жолында жүру өте жауапкершілігі мол амал. "Ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің" деген сөз бар. Дінді жарнама құралы жасап, ақша табу үшін орамалға келу ауыр күнә болып есептеледі. Ал кейбір адамдар дін жолына түскендей болып, біршама уақыттан кейін "дайын емес екенімді түсіндім" деп тастап кетіп жатады. Бұл амал дінде күнә саналады. Бұл біріншіден, діннің парызы. Тіпті бұрынғы ата-бабаларымыздың өзі бұрын оранбаса да, кимешек киіп, жабық киінген.
Дәстүрімізде, табиғатымызда орамалды бір тағып, бір шешіп, оны мазақ көрініске айналдырмаған. Бұл жақсы тірлік емес, сондықтан дінге қатысы бар кез келген шешімді қабылдамас бұрын, жақсылап ойланған жөн. Яғни бір кірісті ме, оны енді тастамайтындай етіп бастау керек.
Ислам дінінде орамал тағу балиғат жасынан бастап міндетті саналады. Қазіргі кезде қоғам арасында дін жолына түскен адамдарға теріс пікір қалыптасқан, яғни бір діни сектаға кіріп кетті деп ойлайды. Ал өздігінен ата-анасының рұқсатынсыз оранған қыздардың бұл іс-әрекетіне туғандарының өзі кінәлі деп ойлаймын. Өйткені, ата-ана 18 жасқа толмаған перзентінің не істеп, немен айналысып жүргенін білуі қажет. Сондықтан баланың өтпелі кезеңінде тәрбиесіне ата-ана көбірек көңіл аударуы шарт. Ал мұндай қателік болып, қыз ата-анасының рұқсатынсыз оранып қойса, ең алдымен қыздан дін, орамал туралы қайдан естіп білгенін нақтылау керек.
Мадина Мағауия, психолог:
– Бұл – мен үшін өте нәзік тақырып, себебі әрбір орамал артында әйелдің жеке өмірі, тағдыры тұр. Ол – тренд те емес, хайп та емес. Ол – адамның өз жолы. Психолог ретінде жиі байқайтыным, адамдар көбіне ішкі күйзеліс кезінде, дағдарыс кезінде, қатты қиналған сәттерде дін жолына түседі. Іштегі тіректі сырттан іздей бастайды. Сол кезде дін мағына береді, кейде қорған сияқты сезіледі. Кейбіреу үшін бұл терең саналы таңдау болса, кей адамдар шешімді эмоциямен қабылдап, дінге беріліп кетеді.
Хиджаб – діни атрибут қана емес, ол әйелдің ішкі күйінің көрінісі. Өзін қалай сезінетіні, өзін қалай танитыны, өмірінің қандай кезеңде тұрғаны ішкі құбылыстармен байланысты болады. Орамал шешуді әлсіздік деп танымаймын. Ол да бір ішкі өзгерістің белгісі: адам өседі, өзгереді, тәжірибе жинайды, құныдылықтары да өзгереді. Өз-өзіне қайта қарап, сезімін, сенімін қайта саралайды. Кей адамдар басында дінге қатты беріліп, фанатизмге ұласады. Уақыт өте келе адам өмірдің күрделірек екенін түсініп, өз шындығына жақындайды. Сондықтан кейбір адамдар дінге тез бет бұрып, тез алшақтайды. Оны тұрақсыздық деп емес, ізденіс, ішкі бос орынды толтыру әрекеті деп санаймын.
Дінге келу әрқашан да терең таңдау бола бермейді. Әйел адамдар ішкі бос орынды толтыруға немесе күйеулерінің айтқанымен дінге келгендер бар. Практикамда осындай бір жағдай кезесті. Терапияға келіп жүрген келіншек уақыт өте келе хиджаб кигісі келмейтінін, оны шешкісі келетінін айтты. Тақырыпты талқылай бастадық. Сонда бұл шешімнің діни сенімнен емес, қарым-қатынас контекстінен туындағаны анықталды. Ол хиджабты өз ішкі сенімімен емес, көбіне жұбайына ұнау, оның талабына сай болу немесе отбасылық қысымға бейімделу арқылы қабылдаған болып шықты. Уақыт өте келе ол күйеуіне шығара алмаған ызасын, өкпесін дінге бұрады. Ішінде ашу-ыза, кінә, ішкі қарсылық пайда болады. Сол ішкі сезімдер біртіндеп дінге қатысты көзқарасына ауысып, күйеуіне деген негатив сезімдері дінге қарай проекция жасалып, хиджабты шешу деген шешімге келеді. Уақыт өте келе өзімен жұмыс істеген соң өз сенімін қайта қарап, "менің шынайы жолым дініммен байланысты" деген жауапкершілікпен орамалды қайта тағады. Бұл жерде ол сыртқы ықпалдан ажырап, өз ішкі ниетін қайта анықтай бастады. Бұл – сенім, қарым-қатаныс және ішкі таңдау арасындағы күрделі психологиялық процесс екенін көрсететін өмірлік тәжірбе.
Сондықтан "бүгін орамал тақты, ертең шешіп тастады" деп ешкімді айыптамаймын. Кімге болсын өзін іздеп жүрген адам деп қараймын. Сондықтан бізге біреудің шешімін бағалаудан гөрі оны түсіністікпен қабылдау маңызды.