Алматы автотұрақтарындағы жаңа тарифтер: Кім және қанша төлейді

06.11.2026

Согласно материалам сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.

Алматыда ақылы тұрақтардың тарифі өзгерді. Енді жүргізушілер көлігін қойған жеріне қарай сағатына 100, 150 немесе 200 теңге төлейді. Қала билігі жаңа жүйе тұрақ орындарының айналымын арттырып, бос орын табуды жеңілдетеді дейді. Ал кейбір тұрғындар мен жеңілдікке құқығы бар азаматтар тұрақ ақысын төлемеуі мүмкін. Жаңа тариф қалай есептеледі және тегін тұрақты кімдер пайдалана алады? Информбюро порталы осы сұрақтарға жауап береді.

№1. Тұрақ ақысы неге өзгерді?

2016 жылдан бері Алматыда ақылы тұрақтардың сағаттық тарифі 100 теңге болып келген. Қала билігінің мәліметінше, осы уақыт ішінде көлік саны көбейіп, жолдар мен тұрақ орындарына түсетін салмақ артқан. Қазір қалада көлік саны миллионнан асқан.

Осыған байланысты 2026 жылғы 18 қыркүйекте Алматы мәслихаты ақылы коммуналдық тұрақтарға сараланған тариф енгізу туралы шешім қабылдады. Жаңа тәртіп 4 қазаннан бастап қолданысқа енді.

Сараланған тариф автотұрақ орындарының айналымын арттырып, бос орын іздеуге кететін уақытты қысқартады дейді. "Алматы Паркинг" мәліметінше, қалада 18 мыңға жуық ақылы орын бар және олардың санын көбейту жоспарланып отыр.

№2. Тұрақ ақысы қалай есептеледі?

Енді тұрақ ақысы тұрақтың орналасқан жеріне, көлік қозғалысының қарқынына және сұранысына қарай белгіленеді:

көлік қозғалысы салыстырмалы түрде төмен 77 учаскеде тариф бұрынғыдай сағатына 100 теңге болып қалады; автотұрақтарға сұраныс орташа 90 учаскеде – сағатына 150 теңге; тұрақ орындары тапшы әрі көлік қозғалысы жоғары, сұраныс ең көп 171 учаскеде – сағатына 200 теңге.

Тариф бүкіл көше бойына бірдей қойылмауы мүмкін. Мысалы, бір көшенің белгілі бір бөлігі 100 теңге болса, басқа бөлігі 150 немесе 200 теңге болуы ықтимал. Сондықтан жүргізуші көлігін қойған жердегі тұрақ нөмірі мен ақпараттық тақтайшаға назар аударуы керек.

Мәслихат бекіткен тізімде 338 коммуналдық тұрақ аймағы бар. Олардың әрқайсысына жеке тариф белгіленген. Тұрақ аймағына жеке тариф белгіленбесе, сағатына 100 теңге алынады. 

№3. Тұрақ ақылы екенін қалай білуге болады?

Ақылы тұрақ аумағы 5.15 (Тұрақ орны) және 7.8 (Ақылы қызметтер) жол белгілерімен, тұрақ аймағы нөмірі бар ақпараттық тақтайшамен және көк жол таңбасымен анықталады. Тұрақтардың орналасуын "Алматы тұрақтары" мобильді қосымшасынан немесе almaty-parking.kz сайтынан көре аласыз.

№4. Кімдер тұраққа көлігін тегін қоя алады?

Жеңілдікке құқығы бар азаматтар және ақылы тұрақ маңында тұратын тұрғындар тұрақ ақысын төлемейді. Бірақ қойылатын талаптар екі бөлек.

Көлігін тұраққа тегін қоя алатын азаматтар санатына мыналар кіреді:

Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қатысушылар, оларға теңестірілген азаматтар және басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлері; I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар; 18 жасқа толмаған мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері; "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері, бұрын "Батыр ана" атағын алған және "Ана даңқы" орденімен марапатталған аналар; Семей полигонындағы сынақтардан зардап шеккен азаматтар; арнайы көлік жүргізушілері; электромобиль иелері.

Бұл жеңілдік тек бір көлікке қолданылады. Ақылы тұрақ аймағында орналасқан үйлердің тұрғындары өз үйінің жанына бір көлікті тегін қоюға рұқсат рәсімдей алады.

№5. Жеңілдік алу үшін қалай өтініш береді?

Азаматтар жеңілдікті автоматты түрде пайдалана алмайды, өйткені ең алдымен тұраққа тегін қоюуға рұқсат рәсімдеуі керек. Өтінішті eOtinish арқылы онлайн немесе Алматы паркинг кеңсесіне қажетті құжаттарды тапсырып беруге болады. Ол үшін ең алдымен Almaty Parking сайтына кіріп, "Жеңілдіктер" бөлімінен өтінішті жүктеп алыңыз. Оны толтырып, қол қойыңыз. Жеңілдік санатына жататыныңызды дәлелдейтін құжаттарды сканерлеп, өтініш берген кезде тіркеңіз. 

Құжаттар 15 жұмыс күні ішінде тексеріледі. Қосымша ақпарат алу үшін қарау мерзімі тағы 15 жұмыс күніне ұлғаюы мүмкін. Өтініш нәтижесі туралы "еOtinish"сервисі арқылы хабарлама келеді.

Көлік өтініш берушінің атынау атына тіркелуі қажет және бір ғана көлікке жеңілдік беріледі. 18 жасқа дейінгі мүгедек баланың ата-анасы немесе заңды өкіліне мұндай талап қойылмайды.

Алматы паркинг кеңсесінің мекенжайы: Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байсейітова көшесі, 40, н. п. 71, 11-кабинет. Жұмыс уақыты: сағат 9.00-18.00, түскі үзіліс – сағат 13.00-14.00.

№6. Ақылы тұрақ маңында тұратындар қалай өтініш береді?

Ақылы тұрақ аймағына жақын орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары да көлігін тегін қоюға рұқсат ала алады. Бұл жеңілдік тек үйдің жанындағы тұраққа қатысты және бүкіл қаладағы ақылы тұрақтарды тегін пайдалануға мүмкіндік бермейді.

Талаптар:

бір тұрғын үй-жайға бір көлікке бір рұқсат беріледі; тұрақ үйден 500 метр радиуста орналасуы керек; тұрғын үйдің меншік иесі өз көлігіне немесе жазбаша келісіммен жақын туысының көлігіне рұқсат рәсімдей алады; ресми тіркелген жалдау шарты бар жалға алушы да өтініш бере алады; үлестік меншік жағдайында басқа меншік иелерінің келісімі қажет.

Өтінішті "Алматы паркинг" сайты немесе eOtinish сайтында беруге болады.

Қажет құжаттар:

өтініш; меншік құқығын растайтын құжат; көлік құралын тіркеу туралы куәліктің көшірмесі; үй-жай немесе автокөлік құралы ортақ үлестік меншікте болған жағдайда қалған меншік иелерінің жазбаша келісімі; бірге тұратын жақын туысының көлігін қоятын болса, туыстық қатынасты растайтын құжат және тұрақты тегін пайдалану құқығын беруге жазбаша келісімі; жалдамалы пәтерде тұратындар жалдау шартының тіркелгені көрсетілген құжатты ұсынады.

Өтініш беру үшін ең алдымен "Алматы паркинг" сайтына ЭЦҚ арқылы кіріңіз. Мекенжайды толтырып, картадан 500 метр радиуста орналасқан тұрақты таңдаңыз. Көлік деректерін жазып, қажетті құжаттарды тіркеңіз. Өтінішке қол қойыңыз.

Өтініш қаралғаннан кейін көрсетілген телефон нөміріне хабарлама келеді. Өтініш мәртебесін және жарамдылық мерзімін "Алматы тұрақтары" мобильді қосымшасынан тексеруге болады.

№7. Жеңілдіктің қолданылу мерзімін қайдан көруге болады?

Жеңілдіктің қолданылу мерзімін "Алматы тұрақтары" мобильді қосымшасындағы "Менің көлігім" бөлімінен тексеруге болады. Ол үшін телефон нөмірі арқылы авторизациядан өтіп, "Менің көлігім" бөлімінде автокөлікті қосу қажет. Автокөлікті қосқаннан кейін бөлімде жеңілдіктің бар-жоғы және оның қолданылу мерзімі туралы ақпарат көрсетіледі.

№8. Гибрид көлік иесі жеңілдікке ие бола ала ма?

Жоқ, себебі гибрид көлік электромобиль болып есептелмейді. Техникалық паспортта қозғалтқыш көлемі нөл деп көрсетілген көлік қана электромобиль санатына жатады. Сондықтан гибрид көлік иелері жеңілдікке өтініш бере алмайды.

№9. Тұрақ ақысын қалай төлейді?

Тұрақ ақысын төлеудің бірнеше жолы бар:

"Алматы тұрақтары" мобильді қосымшасында: шотты толтырып, көлік нөмірін енгізесіз, аймақ пен уақытты таңдайсыз; almaty-parking.kz сайтында: банк картасы арқылы төленеді; банк қосымшалары: "Төлемдер" бөлімі немесе тұрақ белгісіндегі QR-код арқылы; төлем терминалдары: мәзірден "Алматы паркинг" қызметін тауып, көліктің нөмірін, аймақ нөмірін және телефон нөмірін енгізесіз; Kcell, Activ, Beeline, Tele2, Altel абоненттері үшін SMS төлем арқылы; Beeline және Tele2 абоненттері Zhanymda және Tele2 қосымшалары арқылы.

Төлем жасау үшін тұрақ аймағының нөмірі мен көліктің мемлекеттік нөмірін көрсету керек. Бұл мәліметтер тұрақ маңындағы ақпараттық тақтайшада жазылады. Банктің қосымшасындағы QR-код арқылы бірден төлем жасауға болады.

Төлем таңғы 8:00-ден кешкі 19:00-ге дейін алынады. Ал кешкі және түнгі уақытта тұрақ тегін. 

№10. Төлемесе не болады?

Тұрақ ақысы алдын ала төленеді. Уақыт көліктің тұрақ аймағына тоқтаған сәтінен бастап есептеледі. Төлем жасамаған немесе ақшаны толық аудармаған жүргізушіге 1 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 2026 жылы 4 325 теңгеге тең.

Тұрған уақыттан аз мөлшерде төлем жасау да ереже бұзу болып саналады.

Айыппұлды 30 күн ішінде eGov порталы мен мобильді қосымшасы, банктердің мобильді қосымшалары немесе банк кассалары арқылы төлеу қажет. Айыппұл қате салынды деп есептесеңіз, шағымдана аласыз:

eOtinish сервисі немесе egov.kz қосымшасы арқылы; "Алматы паркинг" кеңсесіне не Алматы қаласы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасына (Байтұрсынов көшесі, 185Б) өзіңіз бара аласыз.

Шағымдану үшін көлік төлқұжаты, айыппұл төлеу туралы қаулы, тұрақ ақысы төленгенін растайтын құжат (банк үзіндісі, SMS немесе қосымшадағы төлем тарихы) қажет. Құзырлы орган 15 жұмыс күні ішінде жауап береді. 1414 нөмірінен SMS хабарлама жіберіледі. Айыппұлды жою негіздері болса, оператор полиция департаментіне хабарлайды.

№11. Тұрақтан түскен ақша қайда жұмсалады?

Қазіргі уақытта тұрақтан түскен қаражат "Алматы Паркинг" коммуналдық операторына, яғни қала бюджетіне түседі. "Алматы тұрақтары" мәліметінше, қаржы қала бюджетіне түскен соң "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы бойынша аудандық әкімдіктерге абаттандыруға бөлінеді.

Ақылы тұрақтар 2016 жылы пайда болды, ал оларға екі компания қызмет көрсетті: "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС және A-Parking брендімен жұмыс істеген толықтай жекеменшік Alan Parking ЖШС. 

2022 жылы сәуірде әкімдік бірінші компанияның 70% үлесін, ал екіншісінің 100% үлесін қала меншігіне қайтарды. 2022 жылғы 25 сәуірден бері ақылы тұрақтардан түсетін табыстың бәрі Алматы бюджетін толтырады. Бұл жұмыс бірыңғай коммуналдық оператор "Алматы тұрақтарына" берілді. Бұрынғы операторлардың басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалып, сот үкімімен бас бостандығынан айырылды.

Не пропустите дальнейшие события, следите за актуальными новостями на Qazaq24.com.
Читать полностью