Согласно материалам сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.
Алматыда 1 маусымнан бастап жас мамандарға арналған "Алматы жастары" жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасына өтінімдерді қабылдау басталады.
Бұл жоба – мегаполисте тұрып, еңбек етіп жүрген 35 жасқа дейінгі жастардың баспаналы болуына арналған бірегей мүмкіндік. Бағдарлама шарттары бойынша несие мөлшерлемесі небәрі 5 пайызды құраса, бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Осы орайда Informburo.kz порталы жеңілдікті ипотеканың биылғы басты талаптарын, кімдердің қатысуға құқығы бар екенін және өтінімді қалай қатесіз беру керектігін түсіндіреді.
№1. Ипотека шарттары қандай?
Кредит берудің негізгі шарттары:
пайыздық мөлшерлемесі: жылдық 5%; бастапқы жарна: 10%-дан басталады (Отбасы банктегі депозитте болуы тиіс); максималды несие сомасы: 20 млн теңгеге дейін (егер үй қымбатырақ болса, айырмашылығын өз қалтаңыздан төлей аласыз); тұрғын үй нарығы: Пәтерді алғашқы (жаңа салынған) немесе екінші нарықтан (ескі үйлерден) алуға болады; несие мерзімі: 19 жылға дейін.№2. Қай саланың мамандары қатыса алады?
"Алматы жастары" бағдарламасына қатысу үшін үміткерлер Алматы қаласындағы мемлекеттік, бюджеттік немесе коммерциялық ұйымдарда келесі нақты бекітілген салалардың бірінде жұмыс істеуі тиіс:
денсаулық сақтау саласы: Мемлекеттік және жекеменшік клиника, аурухана, жедел жәрдем станцияларының дәрігерлері, медбикелері, санитарлары және өзге де бейінді қызметкерлері; білім беру саласы: Мектеп, балабақша, колледж бен интернаттардың мұғалімдері, тәрбиешілері, оқытушылары және педагогикалық емес қызметкерлері; жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттары: Университеттер мен академиялардың профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қызметкерлер мен зертханашылар; мәдениет саласы: Театр, музей, кітапхана, филармония және мәдениет үйлерінің шығармашылық әрі техникалық қызметкерлері; спорт саласы: Мемлекеттік спорт мектептері мен клубтарының жаттықтырушылары, спортшылары және нұсқаушылары; бұқаралық ақпарат құралдары: Телеарна, радио, газет-журналдар мен ресми тіркелген интернет-басылымдардың (ақпараттық порталдардың) журналистері, тілшілері, операторлары, режиссерлері және өзге де штаттық мамандары. (Бұл санаттағылар БАҚ ретінде есепке алу туралы куәлікті міндетті түрде ұсынады); әлеуметтік сала: Әлеуметтік қорғау мекемелерінің, зейнетақы төлеу орталықтарының және мүгедектігі бар жандарды қолдау орталықтарының қызметкерлері; құқық қорғау органдары: Ішкі істер департаменті (полиция), Төтенше жағдайлар департаменті және Ұлттық ұлан бөлімшелерінің қызметкерлері; қалалық коммуналдық қызметтер: Қаланың инфрақұрылымы мен тазалығына жауапты мемлекеттік немесе коммуналдық кәсіпорындардың жұмысшылары (мысалы, су, жылу, жарық жүйелері, көгалдандыру мекемелері); арнайы санат: "Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы үй" бағдарламасы бойынша сатып алу құқығысыз пәтер алып, қазір сонда тұрып жатқан жастар.Маңызды шарт: Қай салада жұмыс істесеңіз де, Алматы қаласындағы дәл осы таңдалған бағыт бойынша кемінде соңғы 6 ай бойы үздіксіз жұмыс өтіліңіз (еңбек кітапшасы және зейнетақы жарналары арқылы расталатын) болуы міндетті.
Оқи отырыңыз: Мемлекеттік грантта оқитын студенттер де ипотека ала алады
№3. Квота қалай бөлінеді?
"Алматы жастары" бағдарламасы бойынша квоталар (яғни бөлінетін несиелердің жалпы саны) салалар арасында теңдей бөлінбейді. Әдетте, Алматы қаласының әкімдігі мен "Отбасы банк" бағдарламаға қатысуға ең көп өтінім түсетін және кадр тапшылығы жоғары бағыттарға басымдық береді.
Квоталардың бөлінуі мен іріктеу жүйесі келесі ережелерге негізделеді:
Салалық лимиттер (Квоталардың үлесі)
Жыл сайынғы тәжірибеге сүйенсек, ең үлкен квота үлесі әлеуметтік маңызы бар салаларға тиесілі:
білім беру және денсаулық сақтау: Ең көп квота (шамамен 50-60 пайызы) осы екі саланың мамандарына (мұғалімдер, дәрігерлер, медбикелер) бұйырады; ЖОО, мәдениет және спорт: Орташа көлемдегі квота үлесі беріледі; БАҚ (журналистер), коммуналдық қызметтер және құқық қорғау органдары: Нақты бекітілген пайыздық лимиттер шеңберінде іріктеледі. Егер сіздің салаңыз бойынша өтінімдер тым көп болса, олардың арасында ішкі бәсекелестік жоғарылайды.№4. Квота жетпей қалса не болады?
Егер сіз өтінім беріп, құжаттарыңыз толық мақұлданса, бірақ сіздің салаңыз бойынша бөлінген квота санынан төменірек (төмен ұпаймен) қалып қойсаңыз, сіз резервтік тізімге өтесіз.
Негізгі тізімдегі үміткерлердің бірі банкте төлем қабілеттілігін растай алмай қалса немесе үй таппай бас тартса, квота резервтегі келесі адамға ауысады.
№5. Қатысушыларға қандай талаптар қойылады?
"Алматы жастары" бағдарламасына қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар өте қатаң әрі нақты. Өтінімдерді қабылдау кезінде (яғни 2026 жылдың 1 маусымына қарай) сіз келесі критерийлерге толық сай болуыңыз керек:
1. Жасы және неке мәртебесі
Жас шектеуі: Өтінім берген сәтте жасыңыз 35-тен аспауы тиіс (35 жасқа толғандар қатыса алады, бірақ 36-ға толғандар өтпейді); Отбасылық мәртебе: Бағдарламаға бойдақтар да, отбасылы жандар да қатыса алады. Егер ерлі-зайыптылардың екеуі де 35 жасқа толмаған болса, отбасы атынан тек бір адам ғана өтініш бере алады.2. Алматыдағы тіркеу
Үміткердің Алматы қаласында кемінде соңғы 1 жыл бойы үздіксіз тұрақты тіркеуі болуы шарт. Өтінім беру кезінде бұл көрсеткіш автоматты түрде тексеріледі.3. Баспананың болмауы (Ең маңызды шарт)
Өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (жұбайы, балалары) атында Қазақстан аумағында меншікті тұрғын үйі болмауы тиіс; Уақытша шектеу: Соңғы 5 жыл ішінде атыңызда ешқандай жылжымайтын мүлік (үй, пәтер, үлес) тіркелмеген және үйді сатып/сыйға тартып, әдейі нашарлату фактілері болмауы керек.4. Жұмыс өтілі және ресми табыс
Ресми жұмыс: Алматы қаласында жоғарыда аталған бекітілген салалардың бірінде ресми түрде жұмыс істеуіңіз керек; Еңбек стажы: Таңдалған саладағы соңғы жұмыс орнында кемінде кейінгі 6 ай бойы үздіксіз жұмыс өтілі болуы қажет; Зейнетақы аударымдары: Соңғы 6 ай ішінде ай сайын тұрақты түрде міндетті зейнетақы жарналары түсіп тұруы міндетті.5. Төлем қабілеттілігі (Банк талабы)
Әкімдіктен жолдама алғаннан кейін, "Отбасы банкте" төлем қабілеттілігіңізді растауыңыз керек. Ол үшін ай сайынғы несиені төлеуге жететін ресми табысыңыз (жалақы немесе БАҚ өкілдері үшін авторлық гонорар, келісімшарттық табыстар) болуы және несие тарихыңыз таза (мерзімі өткен қарыздардың болмауы) болуы тиіс.Оқи отырыңыз: "Алматы жастары" бағдарламасына өтінімдер 1 маусымнан бастап қабылданады
№6. Қалай өтініш береді?
"Алматы жастары" бағдарламасына өтінім беру толықтай онлайн форматта өтеді. Биыл өтінімдерді қабылдау 1 маусым сағат 09:00-де басталып, 15 маусым сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
Бағдарламаға қатысу үшін келесі нақты қадамдарды орындауыңыз қажет:
1-қадам: Дайындық (Мамыр айының соңына дейін)
Портал іске қосылғанша құжаттарды алдын ала түгендеп, электронды нұсқаға өткізіп қойған жөн:
ЭЦҚ кілті: Электрондық цифрлық қолтаңбаңыздың мерзімі өтіп кетпегенін тексеріңіз. Өтінімді тек ЭЦҚ арқылы жолдай аласыз; Жұмыс орнынан анықтама: Мекеменің фирмалық бланкінде жазылған, шығыс нөмірі мен күні қойылған, лауазымыңыз бен жұмыс істейтін мерзіміңіз көрсетілген анықтама (мөрмен және басшының қолымен); БАҚ өкілдері үшін қосымша: Сіз жұмыс істейтін ақпараттық порталдың немесе басылымның БАҚ ретінде есепке алу туралы куәлігінің көшірмесі; Еңбек өтілін растау: Еңбек кітапшасының көшірмесі және egov.kz сайтынан алынған соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме.2-қадам: Порталда өтінім қалдыру (1-15 маусым аралығы)
kezekte.kz ресми сайтына өтіңіз. Сайттың басты бетінен "Almaty Jastary" (немесе "Тұрғын үй субсидиялары/бағдарламалары") бөлімін таңдаңыз. Жүйеге өзіңіздің жеке ЭЦҚ кілтіңізбен (AUTH және SIGN) кіріңіз. Электронды өтініш формасын толтырыңыз: жеке мәліметтеріңізді, отбасы құрамын және жұмыс істейтін салаңызды (мысалы, БАҚ/Журналистер) таңдаңыз. Жоғарыда дайындаған құжаттарды (PDF форматында) тиісті ұяшықтарға жүктеңіз. Мәліметтердің дұрыстығын тексеріп, өтінімді ЭЦҚ-мен бекітіп, жіберіңіз.3-қадам: Статусты қадағалау
Өтінім жіберілгеннен кейін сізге жеке кабинетте арнайы нөмір беріледі. Әкімдіктің Тұрғын үй саясаты басқармасы құжаттарды тексеріп, нәтижесін сол сайттағы жеке кабинетіңізге жолдайды.
егер құжаттардан қате кетсе, оны түзетуге (бағдарлама мерзімі аяқталғанша) мүмкіндік берілуі мүмкін; іріктеуден өткен жағдайда, сіздің жеке кабинетіңізге "Отбасы банкке" жолдама келеді. Осы хатты жүктеп алып, банкке төлем қабілеттілігін растауға барасыз.Маңызды кеңес: Өтінімді 1 маусым күні алғашқы сағаттарда беруге асығудың қажеті жоқ. Жүйе "кім бірінші келді" деген принциппен емес, "кім көп ұпай жинады" деген жүйемен іріктейді. Сондықтан құжаттардың толық әрі қатесіз жүктелуіне көбірек мән беріңіз.
№7. Қандай құжаттар жүктеу қажет?
"Алматы жастары" бағдарламасына kezekte.kz порталы арқылы өтінім берген кезде барлық құжат алдын ала сканерленіп, PDF форматында дайындалуы тиіс. Сіздің жұмыс орныңыз бен отбасылық жағдайыңызға байланысты жүктелетін құжаттардың тізімі мынадай:
1. Міндетті негізгі құжаттар (Барлық үміткерлер үшін)
жұмыс орнынан анықтама: Мекеменің ресми бланкінде жазылған, шығыс нөмірі мен күні қойылған, лауазымыңыз, айлық жалақыңыз және жұмыс істейтін мерзіміңіз нақты көрсетілген анықтама (мөрмен және басшының қолымен); еңбек өтілін растайтын құжат: Жұмыс берушінің кадр қызметі тарапынан куәландырылған еңбек кітапшасының көшірмесі (әр бетінде мөр мен "көшірмесі дұрыс" деген белгі болуы шарт) немесе еңбек шарты; зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме: Соңғы 6 ай ішіндегі міндетті зейнетақы жарналарының түскенін дәлелдейтін egov.kz сайтынан алынған ресми анықтама.2. Кәсіби салаға байланысты арнайы құжат (Журналистер үшін)
БАҚ куәлігі: Егер сіз журналист немесе БАҚ қызметкері ретінде бақ сынап жатсаңыз, өзіңіз жұмыс істейтін ақпараттық порталдың немесе басылымның Бұқаралық ақпарат құралын есепке алу туралы куәлігінің көшірмесін міндетті түрде жүктеуіңіз керек.3. Отбасылық жағдайды растайтын құжаттар
неке туралы куәлік: Егер үйленген/тұрмысқа шыққан болсаңыз (немесе некенің бұзылуы, жесірлік туралы анықтама); балалардың туу туралы куәліктері: Егер балаларыңыз болса (ұпай есептеу үшін қажет).4. Қосымша ұпай жинауға көмектесетін құжаттар
Отбасы банктегі депозит туралы анықтама: Депозиттің ашылған күні мен жинақ мерзімі көрсетілген анықтама (бұл шоттың мерзіміне қарай қосымша ұпай береді); халықтың әлеуметтік осал топтарына жататындығын растау: Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар немесе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тиісті уәкілетті органнан анықтама (қосымша 10 ұпай береді).Маңызды ескерту: Жеке куәлік, Алматы қаласындағы 1 жылдық тіркеу және Қазақстан бойынша атыңызда үйдің бар-жоғы туралы анықтамаларды жүктеудің қажеті жоқ. Портал бұл мәліметтерді egov.kz интеграциясы арқылы мемлекеттік деректер қорынан автоматты түрде тартады. Сіз тек жоғарыдағы тізімде көрсетілген файлдарды бекітсеңіз жеткілікті.
Оқи отырыңыз: Енді мемлекет жастарды арзан бағада пәтермен қамтамасыз етпейді
№8. Ұпай қалай есептеледі?
"Алматы жастары" бағдарламасында жолдама алу мүмкіндігін тікелей сіз жинаған ұпай саны анықтайды. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін жүйе әр үміткердің мәліметтерін тексере отырып, ұпайларды автоматты түрде келесі бекітілген крийтерийлер бойынша есептейді:
1. Жұмыс өтілі үшін
Бұл бағдарламадағы ең салмақты көрсеткіштердің бірі:
таңдалған сала бойынша (мысалы, БАҚ өкілдері үшін журналистика саласында) жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін – 2 ұпай беріледі. Мысалы: Егер сіздің ресми еңбек өтіліңіз 5 жыл болса, тек осы көрсеткіш үшін 10 ұпай аласыз.2. Отбасылық жағдайы және бала саны үшін
ресми некеде тұрған жылдары үшін: Некенің әрбір толық жылы үшін – 1 ұпай беріледі (бірақ ең максималды шегі 5 ұпайдан аспайды); балалардың болуы: Отбасындағы әрбір бала үшін – 1 ұпай қосылады.3. "Отбасы банктегі" депозиті үшін
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі белсенділікті қолдау мақсатында депозиттің мерзімі де ескеріледі:
Банктегі депозиттің ашылғанына толған әрбір жыл үшін – 2 ұпай беріледі. Мұнда шоттағы ақша көлемі емес, дәл осы келісімшарттың қанша уақыт бойы сақталып келгені маңызды.4. Әлеуметтік мәртебе (Қосымша ұпай)
Мүмкіндігі шектеулі немесе ерекше қолдауды қажет ететін жандарға бірден ірі көлемде ұпай қосылады:
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға, жетім балаларға немесе І және ІІ топтағы мүгедектігі бар үміткерлерге қосымша – 10 ұпай. Ұпай саны тең болып қалса ше?Егер екі немесе одан да көп үміткердің жинаған ұпайлары бірдей болып қалса, жүйе квотаны келесі басымдықтар бойынша бөледі:
Жұмыс өтілі көп үміткерге басымдық беріледі. Егер еңбек өтілі де тең болса, өтінімді уақыты жағынан ертерек берген адам тізімде жоғары тұрады.Қорытынды кеңес: Өтінім толтыру барысында еңбек кітапшасы мен зейнетақы үзінді көшірмесіндегі мерзімдердің жұмыс орнынан берілген анықтамамен дәлме-дәл сәйкес келуін қадағалаңыз. Тексеруші мамандар жұмыс өтілін есептегенде зейнетақы жарналарының үздіксіздігіне қатты мән береді.
№9. Бағдарлама нәтижесі қашан белгілі болады?
"Алматы жастары" бағдарламасының қорытынды кезеңі мен нәтижелердің жариялану уақыты өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейінгі кезеңдерге жоспарланған.
Құжаттарды қабылдау 15 маусымда аяқталғаннан кейін, нәтижелер шамамен маусым айының соңы мен шілде айының алғашқы жартысы аралығында белгілі болады. Жалпы процесс мынадай мерзімдерді қамтиды:
1. Құжаттарды тексеру кезеңі (Маусымның ортасы – соңы)
Өтінімдерді қабылдау жабылған сәттен бастап Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасының мамандары шамамен 10–15 жұмыс күні ішінде барлық жүктелген құжаттардың заңдылығын, жұмыс өтілін және зейнетақы аударымдарын тексереді.
2. Іріктеу нәтижесі және жолдама хат (Шілденің басы)
Тексеру аяқталған соң, жүйе автоматты түрде үміткерлердің ұпай санын есептеп, рейтингті түзеді. Нақты нәтижені сіз былай біле аласыз:
kezekte.kz жеке кабинетінде: Сіздің өтініміңіздің тұсына "Мақұлданды" немесе резервке өтсеңіз "Резерв" деген статус шығады; жолдама хат: Негізгі тізімге ілінген қатысушылардың жеке кабинетіне "Отбасы банкке" арналған электронды жолдама хат жүктеледі. Бұл хат сіздің бағдарламаның бірінші кезеңінен сәтті өткеніңізді дәлелдейді; ресми тізімдер: Сондай-ақ, өткендердің тізімі Тұрғын үй басқармасының ресми сайттарында немесе БАҚ беттерінде жарияланады. Нәтиже шыққаннан кейінгі маңызды мерзімдер:Жолдама қолға тигеннен кейін басты жұмыс енді басталады. Мына уақыт шектеулерін есте сақтаған жөн:
1. Банкке бару: Жолдама алғаннан кейін 10-15 күн ішінде.
"Отбасы банкке" барып (немесе онлайн), төлем қабілеттілігіңізді тексертуіңіз керек. Банк сіздің табысыңыз бен несие тарихыңызды зерттеп, несие беру-бермеу туралы шешім шығарады.
2. Баспана іздеу: Банк мақұлдағаннан кейін 45 күн ішінде.
Банктен мақұлдау алған соң, сізге Алматы қаласынан үй сатып алуға 45 күнтізбелік күн беріледі. Осы уақыт ішінде талаптарға сай (пайдалануға берілген жылы мен бағасы сәйкес келетін) пәтер тауып, бағалаудан өткізуіңіз шарт.
3. Мәміле жасасу және үйді рәсімдеу: Келісімшарт жасау кезеңі.
Үй иесімен сатып алу-сату шартын жасасып, банк арқылы ақша аударылады және сіз пәтердің толыққанды иесі атанасыз.
Егер резервте қалсаңыз: Бірден үміт үзудің қажеті жоқ. Жоғарыдағы графиктен көріп отырғаныңыздай, негізгі тізімдегі адамдардың бір бөлігі банкте табысын растай алмай немесе 45 күн ішінде үй таба алмай бағдарламадан шығып қалады. Сондай сәтте резервте тұрғандар кезек ретімен негізгі тізімге тартылады (бұл процесс әдетте тамыз-қыркүйек айларына дейін созылуы мүмкін).
Оқи отырыңыз: Пайыздық мөлшерлеме төмендесе де, неге несие арзандамады
№10. Төлем қабілеттілігін бағалау үшін қандай құжаттар қажет?
Әкімдіктен жолдама алып, "Отбасы банкке" төлем қабілеттілігін растауға барған кезде (бұл кезеңді несиелік өтінім беру деп те атайды), банк сіздің ай сайынғы несиені уақытылы төлей алатыныңызды тексеруі керек.
Бұл кезеңде негізінен сіздің табысыңызды айқындайтын құжаттар жиынтығы сұралады. Нақты тізім мынадай:
1. Міндетті жеке құжаттар
жеке куәлік: Өтініш берушінің (және егер несиеге бірлесіп қатысатын болса, қосалқы қарыз алушының / созаемщиктің) жеке куәлігінің түпнұсқасы; неке мәртебесі: Неке туралы куәлік (немесе некенің бұзылуы туралы анықтама, егер бар болса) және балалардың туу туралы куәліктері.2. Ресми кірісті растайтын құжаттар
жұмыс орнынан анықтама: Соңғы 6 айдағы айлық табысыңыз (ұсталатын салықтар мен аударымдар көрсетілген таза жалақы) жазылған ресми анықтама. Онда кәсіпорынның мөрі, басшы мен бас бухгалтердің қолдары болуы шарт; зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме: Соңғы 6 ай ішіндегі міндетті зейнетақы жарналарының қозғалысы туралы egov.kz сайтынан алынған анықтама. Банк қызметкерлері сіздің ресми жалақыңызды осы зейнетақы аударымдары арқылы қайта есептеп тексереді.3. БАҚ және шығармашылық сала өкілдері үшін қосымша
Коммерциялық БАҚ немесе ақпараттық порталдарда қызмет ететін журналистер мен шығармашылық мамандардың табысы тек бекітілген окладпен шектелмеуі мүмкін. Егер сізде қосымша ресми кіріс көздері болса, банк оны да есепке алады:
Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар: Егер басқа басылымдармен, жобалармен ГПХ келісімшарты бойынша жұмыс істесеңіз, сол келісімшарттардың көшірмесі және ол бойынша есепшотқа түскен қаражат пен одан төленген жеке табыс салығы туралы мәліметтер; Авторлық гонорарлар: Егер сізге мақалалар, сценарийлер немесе медиа материалдар үшін ресми түрде авторлық гонорар төленіп тұрса, оны растайтын банк үзінді көшірмелері.4. Өзге де міндеттемелер туралы мәлімет
Қазіргі таңда сіздің атыңызда бар басқа несиелер, бөліп төлеулер немесе несиелік карталар туралы ақпарат. Банк бұл мәліметтерді Бірінші несиелік бюродан автоматты түрде тартады.Маңызды ереже: Банк төлем қабілеттілігін есептегенде "Күн көрістің ең төменгі деңгейі" ережесін қолданады. Бұл дегеніміз – сіздің ай сайынғы таза табысыңыздан болашақ ипотеканың төлемі мен басқа несиелеріңіздің сомасын шегергенде, қалған ақша отбасыңыздағы әрбір адамға (сіз, жұбайыңыз және балаларыңыз) шаққанда заңмен бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауы тиіс.
Егер өзіңіздің табысыңыз жетпей жатса, банкке қосалқы қарыз алушы ретінде жақын туыстарыңызды (ата-анаңызды, бауырыңызды немесе жұбайыңызды) тартып, олардың да табысын қосуға құқығыңыз бар.