Qazaq24.com, со ссылкой на сайт Informburo.KZ, информирует.
29 тамызда Ақтауда "Shubat Fest-2026" ұлттық шұбат фестивалі өтеді, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Фестиваль аясында үздік шұбат өндірушісін анықтайтын негізгі байқау өтсе, одан бөлек түйе сүтінен жасалған құрт, балқаймақ, десерт, балмұздақ және түйе сүті қосылған кофе мен коктейль сияқты өнімдер бойынша арнайы номинациялар ұйымдастырылады.
Байқауға түйе шаруашылығы өнімдерін өндіретін жеке және заңды тұлғалар, шаруа және фермер қожалықтары қатыса алады. Финалға 20 қатысушы іріктеледі. Олардың шұбат үлгілері сапа мен қауіпсіздік көрсеткіштерін анықтау үшін тәуелсіз аккредиттелген зертханаға жіберіледі. Өнімнің физикалық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштері, дәмі, консистенциясы, хош иісі мен ұсынылуы бағаланады.
Байқау жүлдегерлеріне 1 млн, 700 мың және 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар қарастырылған. Ал Гран-при иегеріне автокөлік табысталады.
"Арнайы номинациялар бойынша да ақшалай жүлделер беріледі. Фестивальдің финалдық бағдарламасында гала-концерт өткізіліп, танымал эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуі жоспарланған. Сонымен қатар халықтық дауыс беру ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылардың болжамынша, шараға 20-25 мың көрермен қатысады", – делінген хабарламада.