Ақылы автотұрақ: Айыппұл арқаламас үшін Астана мен Алматы тұрғындары не білгені жөн

23.06.2026

Qazaq24.com сообщает, ссылаясь на сайт Informburo.KZ.

Алматы мен Астанада ақылы автотұрақ аймақтары жылдан-жылға көбейіп келеді. Алайда жүргізушілер көлігін қай жерге қоюға болатынын, төлемді қалай жасау керее екенін немесе төлемеген жағдайда қанша айыппұл салынатынын біле бермейді.

Осы орайда Информбюро порталы ақылы автотұраққа қатысты жүргізушілерге арналған шағын нұсқаулық әзірледі.

№1. Ақылы тұрақтың белгісі қандай?

Ақылы тұрақ аймақтары арнайы жол белгілерімен және ақпараттық тақтайшалармен белгіленеді. Әдетте онда тұрақтың ақылы екені, тарифі, төлем жасау тәсілдері және аймақ нөмірі көрсетіледі.

Мұндай белгі болмаса, ол жер ақылы тұраққа жатпауы мүмкін. Дегенмен көлікті қояр кезде жол белгілеріне мұқият назар аударған жөн.

№2. Көлікті қайда қоюға болады және болмайды?

Көлікті тұрақ сызығымен (көк немесе ақ түске боялған) белгіленген және ақпараттық тақтайшасы бар арнайы орындарға қоюға болады. Көлікті міндетті түрде сызық бойымен, басқа жүргізушілерге кедергі келтірмейтіндей қою керек. 

Көлікті қоюға болмайтын орындар:

мүгедектігі бар адамдарға арналған орындарға (арнайы куәлік пен белгі болмаса); жаяу жүргіншілер жолағына; аялдамаларға; тротуарларға; сары сызықпен белгіленген тоқтауға тыйым салынған аймақтарға; тұруға тыйым салынатын белгілері бар аумақтарға; қозғалысқа кедергі келтіретін жерлерге.

№3. Тұрақ бағасы қанша?

Алматы мен Астанадағы нақты тарифтерді қалалық автотұрақ операторларының ресми сайттарынан немесе мобильді қосымшалардан тексеруге болады.

Астанада "Astana Parking" жұмыс істейді. Тұрақ бағасы барлық аймақта бірыңғай – сағатына 100 теңге. Тұрақ аптаның барлық күні, демалыс пен мерекелерді қосқанда да сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін ақылы. Ал түнгі уақытта – тегін.

Алматыдағы "Алматы Паркинг" тұрағынынң бағасы аймаққа байланысты сағатына 100-ден 150 теңге аралығында есептеледі. Тұрақ тек жұмыс күндері сағат 8.00-ден 19.00-ге дейін ақылы. Сенбі, жексенбі және мереке күндері – тегін. Коммуналдық ақылы алаңдық тұрақтар тәулік бойы жұмыс істейді.

Мына көшелердегі тариф құны 150 теңге:

Жібек-жолы даңғылы: Пушкин көшесінен Қалдаяқов көшесіне дейін; Зенков көшесі: Жібек-жолы көшесінен Гоголь көшесіне дейін; Достық көшесі: Жібек-жолы көшесінен Гоголь көшесіне дейін; Зенков көшесі: Мақатаев көшесінен Жібек-жолы көшесіне дейін; Пушкин көшесінің шығыс жағы: Мақатаев көшесінен Жібек-жолы көшесіне дейін.

№4. Қалай төлеуге болады?

Төлем жасау кезінде көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі мен тұрақ аймағының нөмірін қатесіз енгізу қажет.

Негізгі төлем құралдары:

Астанада Astana Parking, ал Алматыда "Парковки Алматы" мобильді қосымшасы арқылы; Астанада astanapark.kz, Алматыда almaty-parking.kz сайты арқылы; паркомат арқылы; екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы; Астана мен Алматыда "Касса 24", Алматыда оған қоса QIWI терминалдары арқылы; Алматыда Kcell, Activ, Beeline, Tele2, Altel абоненттері мобильді шот балансынан төлеуге мүмкіндігі бар.

Астанада тұраққа қойған күні сағат 23.59-ға дейін кейіннен төлеу қарастырылған. 

№5. Хабарлама қалай келеді?

Ақылы тұрақ аймағына кіргенде жүргізушіге автоматты түрде SMS-хабарлама келмейді. Жүргізуші жол белгілеріне өзі назар аударуға тиіс. Тұрақ ақысы төленбеген жағдайда, ереже бұзу фактісі арнайы сергек камералары немесе автопарктен өтетін бейнетіркегіші бар көліктер (мысалы, Алматыдағы "Дозор" жүйесі) арқылы тіркеледі. Одан кейін айыппұл туралы ресми хабарлама 1414 (eGov) қызметінен немесе банктің мобильді қосымшасына келіп түседі.

Төлем жасағаны туралы хабарлама төлем тәсіліне байланысты жіберіледі. Мысалы, мобильді қосымшада төлемнің расталғаны көрсетіледі. Кей жағдайда SMS-хабарлама келеді. Банк қосымшаларында төлем тарихында сақталады.

№6. Төлемеген жағдайда айыппұл қандай?

Тұрақ ақысын төлемегені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабы, 4-1 бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.  
Айыппұл мөлшері – 1 АЕК. 2026 жылы бұл көрсеткіш – 4 325 теңге. Егер бір жыл ішінде тағы да қайталанса айыппұл көлемі 5 АЕК-ке (21 625 теңге) дейін өседі.

Айыппұл туралы хабарлама келген күннен бастап 7 күн ішінде жартысын, яғни 2 162 теңге төлей алады.

№7. Кімдерге тұрақ тегін?

Екі қалада да жеңілдікке ие азаматтар арнайы реестрге тіркелгеннен кейін көлікті тегін қоя алады:

1-ші және 2-ші топтағы мүгедектігі бар жандар (арнайы белгіленген орындарда); Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар; көпбалалы аналар ("Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері).

Сондай-ақ, резиденттер (тұрғындар), яғни тұрақ аймағының маңында орналасқан үйлердің иелері жеңілдікпен айлық немесе жылдық абонемент рәсімдей алады. 

№8. Айыппұл туралы қалай білуге болады?

Әкімшілік айыппұл туралы:

SMS-хабарлама келуі мүмкін; eGov сервисі арқылы; Qamqor порталы арқылы; банк қосымшаларындағы айыппұлдарды тексеру бөлімінен білуге болады.

№9. Ақылы тұрақ аумағында қанша уақыт тегін тұруға болады?

Астанада жол жүрісі қағидаларына сәйкес, ақылы тұрақ аумағында жолаушыларды отырғызу не түсіру үшін 5 минуттан аспайтын уақытқа тоқтауға рұқсат етіледі.

Ал Алматыда 15 минут тегін тұруға болады.

№10. Ақылы тұрақтардан түскен ақша қайда жұмсалады?

Астанада төлемдер мен айыппұлдардан түскен қаражат жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша қалалық бағдарламаларды қаржыландыру үшін қала бюджетіне түседі.

Алматыда төлемдерден түскен қаражат қала бюджетіне түседі және "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы бойынша абаттандыруға аудандық әкімдіктерге бөлінеді.

№11. Жүргізушілерге кеңес

Жүргізушілерге бірнеше кеңес береміз:

көлікті қояр алдында жол белгілерін мұқият қарап шығыңыз.; тұрақ аймағының нөмірін дұрыс жазыңыз; төлем жасалғанын міндетті түрде тексеріңіз; қосымшадағы түбіртекті сақтап қойыңыз; айыппұлдарды уақытылы тексеріңіз.

Оставайтесь с нами на Qazaq24.com, чтобы не пропустить важные новости и обновления по данной теме.
Читать полностью