По информации сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.
Белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Қадыржанов дүниеден озды. Қаралы жаңалықты ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады.
"Қайрат Қамалұлы – ядролық физика мен радиациялық материалтану саласының аса көрнекті өкілі, тәуелсіз Қазақстандағы ядролық ғылымның негізін қалаушылардың бірі. Ол жиырма жылға жуық уақыт бойы Ядролық физика институты мен Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына басшылық жасап, еліміздің ядролық ғылымын жаңа деңгейге көтерді. Оның жетекшілігімен жүзеге асқан жобалар бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағын оңалтуға, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және радиациялық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосты", – деп жазды министр.
Қайрат Қадыржанов Ядролық физика институтының Астанадағы филиалын құруға да тікелей ұйытқы болған. Оның бастамасымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ядролық физика институты және Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты арасында үшжақты ынтымақтастық орнап, "Ядролық физика" мамандығы бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылды.
"Жуырда Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында мемлекет басшысының атынан Қайрат Қамалұлына ғылым саласындағы ең жоғары мемлекеттік марапат – "Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері" құрметті атағы табысталған еді. Бұл – оның ел ғылымын дамытуға қосқан ерен еңбегі мен өлшеусіз үлесінің айқын көрінісі", – деді Саясат Нұрбек.