Согласно информации сайта Informburo.KZ, сообщает Qazaq24.com.
Көрнекті кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов 70 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі таратты.
"Ұлттық кино өнерін дамытуға саналы ғұмырын арнаған Ардақ Жамансарыұлы қазақ кинематографиясының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Дарынды режиссер, білікті ұстаз әрі тәлімгер ретінде бірнеше буын киногерлердің қалыптасуына ықпал етті. Ардақ Әмірқұловтың "Отырардың күйреуі", "Абай", "Қош бол, Гүлсары!" және өзге де фильмдері ұлттық кино өнерінің алтын қорынан орын алды. Оның шығармалары ел тарихын, халықтың рухани құндылықтарын және адам тағдырын терең бейнелеуімен ерекшеленіп, көрермен қауым мен кәсіби ортаның жоғары бағасына ие болды", – делінген қаралы хабарда.
Ардақ Әмірқұлов Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітірген.
Оның "Отырардың күйреуі" екі сериялы фильмі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына, Монреаль қаласында (Канада) өткен халықаралық кинофестивальда киносыншылар халықаралық ассоциациясының "Фипресси" жүлдесіне, Фигуэйра Де Фош қаласындағы (Португалия) халықаралық кинофестивальдың "Күміс табақша" жүлдесіне және Ашхабадта (Түрікменстан) 1 халықаралық кинофестивальдың "Күміс жарты ай" бас жүлдесіне ие болған.
Ал "Абай" екі сериялы фильмі, Ташкент кинофестивалінің "Күміс Семург" жүлдесін; Гатчина қаласында өткен "Әдебиет және кино" 5-кинофестивалінде "Жастар қоғамдық қазылар алқасының жүлдесін" және Бүкілодақтық Мемлекеттік Кинематография институтының медалін алған.
Информбюроның Ардақ Әмірқұловпен 2022 жылғы сұхбатын осы жерден оқуға болады.