Как стало известно Qazaq24.com, со ссылкой на сайт Informburo.KZ.
Астанада Қазақстанның Ұлттық архивінің 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда саланың үздік мамандары марапатталды, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараның ашылуында премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы архив саласының қызметкерлері мен ардагерлерін Ұлттық архивтің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, еліміздің тарихи мұрасын сақтауға қосқан елеулі үлестері үшін ризашылығын білдірді.
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі"Архив қорында Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму кезеңдерін айшықтайтын құнды мәліметтер бар. Мекеме мамандары шетелдік архивтерден табылған тарихи жәдігерлерді зерделеп, құнды құжаттарды елге жеткізу жолында елеулі еңбек сіңірді. Соның арқасында архив қоры он төрт ғасырды қамтитын бірегей деректермен толықты. Ұлт шежіресін тереңірек тануға мүмкіндік беретін мұндай игі жұмыстың мәні айрықша екені анық. Бүгінгі басқосуда архив саласын заман талабына сай дамыту жөнінде салиқалы пікірлер мен ұтымды ұсыныстар айтылады деп сенемін", – делінген президенттің құттықтау хатында.
Премьер-министрдің орынбасары архив ісінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ұжымға және сала ардагерлеріне алғыс айтып, бүгінде еліміз аса маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп отырғанын атап өтті.
"Біз қазір ел дамуының жаңа дәуіріне аяқ бастық. Жаңа Конституцияда адам капиталы, білім, ғылым және инновация ел дамуының стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалды. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдау конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл – өткенді сақтау ғана емес, болашақты бағамдау. Өйткені халықтың тарихи жады – мемлекеттің рухани негізі. Ал сол мұраны сақтайтын басты институттардың бірі – архив. Мемлекет басшысы жаңа атап өткендей, Ұлттық архив төл тарихымызды жаңғыртып, өскелең ұрпаққа жеткізуде зор үлес қосып келеді. Тағы бір жақсы жаңалықтың бірі биыл Қазақстан Республикасы ұлттық архивіне "Ұлттық" мәртебе беріледі", – деді Аида Балаева.
Мерейтойлық датаға орай архив саласының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар ардагерлер мен мамандарға Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалар табысталды.
"Құрмет" ордені – Сәуле Мушкенова "Ерен еңбегі үшін" медалі – Майра Есмұханова "Ерен еңбегі үшін" медалі – Маржан Нұртазина "Ерен еңбегі үшін" медалі – Әсия Керімтаева ҚР Президентінің Құрмет грамотасы – Тұрсынгүл Кусаинова ҚР Президентінің Құрмет грамотасы – Гаухар Хайруллина ҚР Президентінің Алғысы және төсбелгісі – Сағила Нұрланова ҚР Президентінің Алғысы – Шолпан Жанатаева ҚР Президентінің Алғысы – Айгүл Шагиева "Еңбек ардагері" медалі – Койше Бекбаев "Еңбек ардагері" медалі – Жәлел Болташев Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігіҚР Ұлттық архивінің тұңғыш директоры Рысты Сариеваның еңбегіне айрықша құрмет көрсетілді. "Архив: өткен мен болашақты жалғаған 20 жыл" атты құжаттық көрме аясында Ұлттық архивте оның қызметіне арналған арнайы бұрыш ашылды.
Конференция барысында қатысушылар Ұлттық архив қорларын қалыптастыру, архив құжаттарын ғылыми тұрғыда жариялау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, архив саласын цифрлық трансформациялау және жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін талқылады.
Конференция қорытындысы бойынша Қазақстанның архив саласын одан әрі дамытуға бағытталған қарар қабылданып, нақты ұсынымдар әзірленді.