Qazaq24.com, со ссылкой на сайт Newtimes.KZ, информирует.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында телекөпір ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірлері ауқымды экологиялық бастамаға үн қосты.
Соның ішінде Батыс Қазақстан облысы да белсенділік танытып, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы нақты жұмыстарын көрсетті.
Акция барысында Орал қаласындағы Шаған өзенінің жағалауына 1000 түп ағаш отырғызылды. Игі іске жастар, эковолонтерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары жаппай қатысып, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты.
Бұл бастама өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға және жасыл желекті көбейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Телекөпір барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, соңғы екі жыл ішінде «Таза Қазақстан» жобасына 500 мыңға жуық тұрғын қатысып, 172 мың тонна қалдық шығарылған.
Сондай-ақ 221 мың гектар аумақ тазартылып, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы бес жылда өңірде мемлекеттік орман қорына 41 миллион, ал елді мекендерде 727 мың түп ағаш отырғызылған.
Бүгінгі күні акцияға облыс бойынша 120 мыңнан астам адам қатысып, елді мекендерде сенбіліктер ұйымдастырылды. Жайық және Шаған өзендерінің жағалауларын тазалау және көгалдандыру жұмыстары қатар жүргізілуде.
Сонымен қатар, телекөпір кезінде сөз сөйлеген эковолонтер Нұрсұлтан Сәрсенбаев «Таза Қазақстан» бастамасы жастар үшін бір реттік акция емес, өмірлік ұстанымға айналғанын атап өтті.
Оның айтуынша, өңір жастары «Жаңа аула» жобасы аясында екі жыл ішінде 50 балалар ойын алаңын жаңартқан. Сондай-ақ «Таза Қазақстан — менің туған ауылымда» атты жаңа жоба бастау алған.
Жалпы, қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану — баршаға ортақ міндет.
«Таза Қазақстан» акциясы тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, туған жерге деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде өз жалғасын таба береді.