БЖБ мен ТЖБ азаяды: Оқушыларды бағалау жүйесіне өзгеріс қажет пе

03.03.2026

Согласно материалам сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.

Қазақстан мектептерінде оқушылардың үлгерімі БЖБ мен ТЖБ қорытындысы бойынша бағаланады. Кейінгі уақытта қоғамда осы модельдің тиімділігі, мұғалімге түсетін жүктеме және оқушының оқу үлгеріміне тигізер әсері жиі талқыланып жүр. Жақында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқушылардың уақытын алатын БЖБ мен ТЖБ сағаттарын қысқарту мәселесін қарастыртынын мәлімдеді. 

Осы орайда Информбюро порталы қазіргі бағалау жүйесінің қаншалық тиімді екенін және шетелде жағдай қандай екенін зерттеді.

Бағалау жүйесі қайта қаралады

БЖБ мен ТЖБ санын қысқарту мәселесі ата-аналар тарапынан мектеп оқушыларының оқу жүктемесінің көптігі мен артық талаптар туралы шағымдардың көбеюіне байланысты көтерілген. Министрдің сөзінше, кейбір мектептерде оқу жүктемесінің шамадан тыс болуына байланысты оқушылар сенбі күндері де мектепке шақырылып, БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларын орындауға мәжбүр болып отыр. Бұл өз кезегінде балалардың демалыс уақытына, денсаулығына кері әсер етіп отыр.

"Оқу жүктемесінің жоғары екенін көріп отырмыз. Сенбі оқу күні емес, алайда мұғалім бір тоқсан ішінде балалармен өте көп оқу мақсаттарын өтуге тиіс. Басты мақсат – оқушының білім сапасын төмендетпей, артық жүктемені азайту. Осы бағытта бағалау жүйесіне қатысты ұсыныстар сарапшылармен бірге талқыланып жатыр", – деді Жұлдыз Сүлейменова үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында.

Бағалау жүйесін қайта қарау мақсатында министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Министр алдағы айларда нақты шешім қабылдануы мүмкін деп отыр.

"Қазіргі жүйе – әділ әрі объективті"

Білім беру саласында 23 жылдық тәжірибесі бар Нұрғали Елшібеков кәсіби тұрғыдан бағалау жүйесімен жақсы таныс. Ұлыбританияда "Болашақ" бағдарламасымен білім алған кезде дәл осы "Критериалды бағалау" тақырыбында магистрлік диссертация қорғаған. Қазақстандағы білім мазмұнын жаңарту бағдарламасын пилоттық режимде енгізуге тікелей қатысқан. НЗМ (NIS), КТЛ жүйелерінде және шетелде (Вьетнамда) Cambridge бағдарламасының үйлестірушісі ретінде де қызмет атқарған. 

Сарапшы Нұрғали Елшібеков БЖБ және ТЖБ санын қысқарту туралы бастаманы толық қолдайтынын, бұл жүйені енгізгенде мақсат – санды қуып, баланы сынақпен қажыту емес, оның оқудағы ілгерілеуін нақты өлшеу болғанын айтып отыр. 

"Бағалау жүйесінің теориясы мен практикасы туралы жақсы білемін. Қазіргі таңда БЖБ мен ТЖБ-ның тығыздығы сондай, мұғалім де, оқушы да тек тексеру жұмыстарының соңында жүреді. Мысалы, егер тоқсанда үш бөлім өтсе, екі БЖБ және бір ТЖБ өткізу әбден жеткілікті. Соңғы үшінші бөлімнің мақсаттары ТЖБ-ның ішіне кіріктірілуге тиіс. Үшінші БЖБ-ны өткізіп, артынша бірден ТЖБ алу – бұл білімді бекітуге уақыт қалдырмайтын артық жүктеме. Бұл қадам мұғалімге тексеруге емес, оқыту мен кері байланысқа көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді", – деді сарапшы.

Кейбіреулер "қазіргі бағалау жүйесіне қарағанда бұрынғы бестік жүйе жақсы еді" деп ойлайды. Ал Нұрғали Елшібеков ғылыми зерттеулеріне және халықаралық тәжірибесіне сүйене отырып критериалды бағалау әлдеқайда әділ әрі объективті екенін түсіндірді.

"Біріншіден, қателік құны. Бұрын математикадан бақылау жұмысында бір ғана таңбадан қателессеңіз, бағаңыз бірден төмендейтін. Қазір критериалды жүйеде әр тапсырманың өз балы бар. Егер оқушы күрделі есептің жолын дұрыс шығарып, тек соңында механикалық қате жіберсе, ол бәрібір лайықты балын алады. Осылайша бала мотивациясын жоғалтпайды. Екіншіден, бес балл жоғалған жоқ. Біз әлі де бес балдық шкаланы қолданамыз, бірақ ол енді нақты пайыздарға негізделген. 85%-дан жоғары – "5", 65%-дан жоғары – "4". Бұл мұғалімнің субъективті көзқарасын (ұнайды/ұнамайды) жойып, нақты цифрларға сүйенуге мүмкіндік берді", – деді сарапшы.

Нұрғали Елшібеков тоқсан соңында алатын бұрынғы диктант, мазмұндама не шығарма, бақылау жұмыстары ешқайда кетпегенін, олар қазір БЖБ немесе ТЖБ форматында өткізілетінін атап өтті. Алайда қазір мұғалімнен оны тексеру үшін орфография, пунктуация секілді нақты критерийлер құру талап етіледі. Иә, бұл мұғалім үшін қиын, өйткені ол әр тапсырманың оқу мақсатына қаншалықты сай екенін терең талдауы керек. Мұны сарапшы "кәсіби шеберліктің жаңа деңгейі" дейді.

"Мен Ұлыбританияда оқығанда және Вьетнамда жұмыс істегенде әлемдік озық жүйелердің барлығы (Cambridge, IB) критериалды бағалауды қолданатынын көрдім. Кейбір жүйелерде тоқсан сайынғы ТЖБ мүлдем жоқ, тек бөлім бойынша тексерулер және жыл соңындағы қорытынды емтихан ғана болады. Біз де осы бағытқа, яғни "аз бағалап, көп оқыту" принципіне көшуіміз керек. Ал мұғалімдердің жұмысын ауырлататын министрліктің емес, жергілікті білім бөлімдерінің қосымша есептері мен талаптары болуы мүмкін. Осы бюрократиялық тұстарды оңтайландырсақ, жүйе жеңілдейді. Қорыта айтқанда, өткенге қайта оралмауымыз керек. Біз жасаған "жаңартылған мазмұн" – заман талабы. Тек оны қолданудағы механикалық артықшылықтарды жойып, мұғалім мен оқушының еркіндігіне жол ашуымыз қажет", – деп сөзін түйіндеді Нұрғали Елшібеков.

"БЖБ мен ТЖБ білімді жаттанды етеді"

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлзат Сансызбаева БЖБ мен ТЖБ мұғалімдердің жүктемесін ауырлатып жібергенін айтып отыр.

"БЖБ, ТЖБ мұғалімдердің жұмысын жеңілдетеді деп ойламаймын. Бақылау жұмысы болса да, БЖБ, ТЖБ болса да – сол дайындық, сол тексеріс. БЖБ, ТЖБ-ның білім сапасына кері әсері бар, оны мойындау керек. Ол оқушыларды күнделікті сабаққа дайындалмай-ақ немесе күнара дайындалып, БЖБ болатын күні жақсылап қайталап барып, жақсы баға алуға болады дегенге үйретті. Бұл тиісінше білімді жаттанды етеді. Формативті баға болғанның өзінде, екі БЖБ – 25%, ТЖБ – 50%. Сонда күнделікті сабақтың құны төмен болып тұр", – деді ұстаз.

Мұғалім бұрынғы бағалау жүйесін қайтаруды дұрыс деп есептемейді, себебі 10 балдық жүйе оқушыны бағалауға өте тиімді.

"Естеріңізде болса, бұрын мұғаліміміз 5-ке сәл жетпей тұрсаң, "-5" деп баға қоятын. Ал 10 балдық жүйеде оны "9-бен" алмастыруға болады. Яғни оқушыны нақты бағалауға болады. Диктант жұмысы оқушыны сауатты жазуға дағдыландырады. Сондықтан оны қайтарған дұрыс деп ойлаймын", – деді Гүлзат Сансызбаева.

Шетелдік тәжірибе

Халықаралық тәжірибеде бағалау жүйесі көбіне екі бағыттың біріне сүйенеді:

Жоғары бәсеке мен нақты өлшемдерге негізделген жүйе (Сингапур, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея). Мұнда тесттер мен ұлттық емтихандар негізгі рөл атқарады. Оқушының жеке үлгерімі мен дағдысына бағытталған жүйе (Финляндия, Канада, Жаңа Зеландия). Бұл елдерде баға қоюдан гөрі кері байланыс пен портфолио маңызды.

Ал Қазақстандағы БЖБ мен ТЖБ моделі осы екі тәсілдің қақ ортасында тұр, себебі тоқсан сайынғы жиынтық бақылаумен қоса оқу процесінде формативті бағалау да қолданылады.

Финляндия

Финляндияда оқушылардың білімін тексеру маңызды емес. Ұстаздар сабақ бергенде балаларды емтиханға емес, өмір сүруге дайындайды. Бастауыш сыныптарда сандық баға сирек қойылады, оның орнына мұғалім оқушыға ауызша және жазбаша пікір айтады. Ұлттық емтихан тек мектептің соңғы кезеңінде өткізіледі.Финн мектептерінде оқушылардың білімін тексеретін БЖБ, ТЖБ, ҰБТ секілді кешенді бақылаулар жоқ. Тіпті мектеп бітіргенде де емтихан тапсыру міндетті емес. Ал аралық емтихандар мен бақылау жұмыстарын алу не алмауды әр мұғалім өзі шешеді. Оқушылардың білімін тексеру жиілігі, оның амалдары мен құралдарының қандай болатындығын да мұғалімдердің өздері шешеді.

Сол себепті  оқушылар емтиханнан сүрініп қаламын деп еш уайымдамайды. Бұл елде мектептердің жұмысы да тексерілмейді, білім сапасын қадағалайтын арнайы мекемелер жоқ. Себебі Финляндияда білім беру жүйесі сенімге негізделген.

Финляндия оқу сауаттылығы бойынша PISA рейтингінде ондыққа кіреді. Елдегі халықтың 99 пайызы – сауатты.

Финн мектептеріндегі бағалау жүйесі бәсекеге негізделмегендіктен балалардың білім алуға, жаңаны үйренуге мотивациясы жоғары болады. Балалар баға үшін емес сабақты түсіну үшін оқиді. Сарапшылар мұндай тәсіл шығармашылық пен сыни ойлауды дамытады дейді.

Жапония

Жапонияда мектепішілік бақылау өте жүйелі деуге болады. Күнделікті тест, үй тапсырмасы, сыныптағы тәртіп пен топтық жұмыс та бағалауға кіреді. Университетке түсу емтихандары күрделі болғанымен, оқушылар еңбекқорлық пен тәртіпке ерте бастан үйренеді.

Жапония мектептерінде бағалау жүйесі үш негізгі компоненттен тұрады: күнделікті бақылау, мектепішілік тесттер, жоғары сыныптағы ұлттық емтихандар.

Бұл модельдің басты ерекшелігі – оқу процесінің тұрақтылығы. Оқушы тек білім емес, жауапкершілік дағдысын да меңгереді.

Жапония мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап 10 жасқа дейінгі оқушыларға баға қойылмайды. Атап айтқанда, бастауыш сыныптардың 1-4 сыныптарында формалды бағалау жүйесі, соның ішінде цифрлық бағалар толығымен алынып тасталады. Бұл өзгерістің негізгі мақсаты – балалар арасындағы академиялық бәсекені күшейту емес, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Бастауыш білім беру кезеңінде оқушылардың бойында білімге деген қызығушылықты, ізденімпаздықты және негізгі әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға басымдық беріледі.

Сингапур

Сингапур білім жүйесі – жоғары нәтижеге ие, бірақ қатал стандарттарға негізделген модель. Бұл елде ұлттық емтихандар маңызды рөл атқарады, алайда кейінгі жылдары билік бәсекені азайту үшін рейтинг пен әріптік бағаларды қысқартуға ден қойып отыр.

Бастауышта бағалау бірнеше деңгейде жүреді: сыныптық тесттер, мұғалім бақылауы, жобалар, ауызша тапсырмалар. Негізгі ұлттық емтихан – PSLE бастауыштан кейін оқушының қай мектепке түсетінін анықтайды.

Қазір Сингапур мектептерінде тест нәтижесімен қатар жоба, зерттеу жұмысы, сыныптағы белсенділік есепке алынады. Оқушының үлгеріміне үнемі анализ жасалады. Осылайша оның әлсіз тұстары ерте анықталады. Бағалау нәтижелері жүйелі түрде талданса, мұғалім оқушының қай бөлімде қиналып жатқанын нақты көре алады. 

Ұлыбритания

Ұлыбританияда бағалау бірнеше негізгі кезеңге бөлінеді. 16 жаста оқушылар GCSE емтиханын тапсырады, ал 18 жаста A-level нәтижелері университетке түсуге шешуші әсер етеді. Бағалау тек тестпен шектелмей, эссе, зерттеу жұмысы, курстық жобалар да есепке алынады.

Бұл жүйенің артықшылығы – оқушы ерте кезеңде қай пәнге бейім екенін анықтап, сол бағытта терең білім алады.

АҚШ

АҚШ мектептерінде GPA (орташа үлгерім көрсеткіші) маңызды. Ол бірнеше жыл бойы жиналған бағалардың орташа мәні ретінде есептеледі. Университетке түсу кезінде тек бір емтихан емес, бүкіл оқу кезеңіндегі нәтижелер, эссе, жобалар, қоғамдық белсенділік ескеріледі.

Бұл тәсіл оқушыны бір ғана тестке тәуелді етпейді. Ұзақмерзімді оқу үлгерімі маңызды болғандықтан, оқушылар жыл бойы сабақ оқып, жақсы оқуға тырысады.

Канада

Канадада бірыңғай ұлттық білім министрлігі жоқ. Әр провинция өз бағдарламасын жасайды. Соған қарамастан бағалау философиясы ұқсас. Оқушының үлгерімі жыл бойы тест, жоба, зерттеу жұмысы, презентация, портфолио, сыныптағы қатысу секілді бірнеше құрал арқылы бағаланады. Қорытынды баға көбіне осы жұмыстардың жиынтығынан қалыптасады. Бір ғана емтихан шешуші рөл атқармайды.

Көп провинцияда төрт деңгейлі шкала қолданылады. Мұғалім оқушыға тек балл қоймай, нақты ұсыныс айтады. Нені жақсы орындағанын, қай тұсын жақсарту керек екенін, жақсы дағдыларын көрсетеді. Тест оқушының оқу үлгеріміне мониторинг жасау үшін ғана қолданылады. Канада моделінің артықшылығы – оқушыға қысым аз және ұзақмерзімді прогресс ескеріледі. Оқушының сыни ойлау, топтық жұмыс секілді дағдылары бағаланады.

Кейінгі жылдары әлемде қатаң емтихандардан бас тартып, оның орнына оқушының дағдыларын бағалауға, портфолио және жобалық жұмыстарды есепке алуға, оқушының психологиялық жай-күйін ескеруге назар аударылып келеді. Қазір еңбек нарығында баға емес, дағдылар мен машықтар талап етіледі.

Не пропустите дальнейшие события, следите за актуальными новостями на Qazaq24.com.
Читать полностью