БЖБ мен ТЖБ ны алып тастау: Мәселе тамыз кеңесінде қаралады

08.07.2026

По материалам сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.

Қазақстанда бастауыш сынып оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалауды алып тастау мәселесі әлі де талқыланып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бастауыш білім беру кезеңіндегі басты міндет – баланы бағалау арқылы күйзеліске түсіру емес, оның мектепке, оқуға және жаңа ортаға деген қызығушылығын қалыптастыру.

"Қазіргі таңда әлем елдерінің басым бөлігінде бастауыш білім беру жүйесінде дәл біздегідей бағалау тәсілі кеңінен қолданылмайды. Бізде оқушылар 2-сыныптан бастап БЖБ мен ТЖБ арқылы бағаланады. Ал бастауыш мектеп – баланың мектеп өміріне, оқуға және құрдастарымен қарым-қатынас жасауға бейімделетін ең маңызды кезең. Сондықтан бүгінгі таңда біз бастауыш сыныптардағы барлық пәндер бойынша БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесін жан-жақты талқылап жатырмыз", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің сөзінше, бұл өзгеріс оқушылардың білімін бақылаудан толық бас тартуды білдірмейді. Керісінше, министрлік формативті бағалау жүйесін сақтап қалуды жоспарлап отыр.

Яғни мұғалімдер оқушылардың оқу қарқынын, оқу материалын меңгеру деңгейін, мәтінді түсіну қабілетін және күнделікті үлгерімін бұрынғыдай бақылап, дер кезінде кері байланыс береді. Алайда әр бөлімнің соңында және әр тоқсан аяқталған кезде өткізілетін жиынтық бағалаулардың бастауыш сынып оқушылары үшін тиімділігі мен қажеттілігі қайта қаралады.

Министрдің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістің тағы бір маңызды себебі – бастауыш сынып мұғалімдерінің жұмыс жүктемесін азайту.

"Бастауыш сынып мұғалімдері барлық пән бойынша БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларын дайындап, кейін олардың барлығын тексеруге көп уақыт жұмсайды. Мыңдаған парақты қарап шығу мұғалімдерге үлкен жүктеме түсіреді. Сол уақытты олар балалармен жеке академиялық жұмыс жүргізуге, оқушылардың біліміндегі олқылықтарды толықтыруға және олардың қабілеттерін дамытуға пайдалана алар еді. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты зерделеп жатырмыз", – деді министр.

Жұлдыз Сүлейменова бастама бойынша түпкілікті шешім қабылданбағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе тамыз айында өтетін дәстүрлі педагогтердің тамыз кеңесінде кеңінен талқыланады.

Министр педагогтерді, сарапшыларды және ата-аналарды ұсынылып отырған өзгерістерге қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіруге шақырды. Олардың пікірлері білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған шешімдерді қабылдау кезінде ескерілетін болады.

Еске салайық, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ жүйесін қайта қарастыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған болатын. Соңғы жылдары ата-аналар мен педагогтер жиынтық бағалаулардың оқушыларға түсіретін психологиялық салмағы мен мұғалімдердің құжаттық жүктемесіне қатысты мәселені бірнеше рет көтерген.

Продолжайте следить за ситуацией на Qazaq24.com, где мы всегда предоставляем свежие новости.
Читать полностью