По данным сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.
Қазақстанда созылмалы бүйрек жеткіліксіздігіне шалдығып, мүше алмастыру кезегінде тұрғандар саны жыл санап артып келеді. А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, ҚР ДСМ бас трансплантологы Болатбек Баймаханов елдегі трансплантация саласы мен диализге таңылған науқастардың шынайы жағдайын баяндады. Бұл туралы ол youtube желісіндегі "Статус СКВО" арнасына берген сұқбатында айтты.
Маманның сөзінше, бүгінде елімізде бұл дерт анықталғандардың саны 5 мыңнан асқан. Олардың барлығы қазіргі таңда аппарат көмегімен қан тазарту емін алып жүр. Өкініштісі, бұл статистиканың ішінде 200-ге жуық бала бар.
Болатбек Баймаханов аурудың жыл сайын белең алу себебін түсіндірді.
"Жыл сайын бұл көрсеткіш өсіп келеді. Негізгі себептің бірі – қант диабеті, бұл дертке шалдыққандар қатары да жыл сайын артуда. Сонымен қатар гипертония аурулары бар. Яғни, басқа да көптеген себеп әсер етеді", – деді Болатбек Баймаханов.
Оқи отырыңыз: Шілдеде қазақстандықтарға қосымша демалыс күні беріледі
Бас трансплантолог бұл күрделі мәселенің шешілуі тек бір ғана бағытқа тікелей байланысты екенін ашық айтты:
"Бұл көрсеткіш өздігінен азаймайды. Ол тек мәйіттік донорлықтан ағза ауыстыру саласы жоғары деңгейде дамыған жағдайда ғана азая бастайды. Өкінішке қарай, күту парағындағы диализ алатын науқастардың аман қалу көрсеткіші аса жоғары емес. Диализде жүрген жандардың арасында 10 жылдан кейін тек 20 пайыздан азы ғана аман қалады. Қазіргі уақытта диализ сапасы жақсарып, өміршеңдікті қолдайтын препараттар пайда болса да, жағдай осындай", – деді Болатбек Баймаханов.
Оқи отырыңыз: "Құжат пен дәрігерлердің сөзі сәйкес келмейді": Алматыда әйел мен шақалақ шетінеп кетті
Сұхбат барысында маман уақытша емнің науқастардың өмір сүру сапасына қалай әсер ететінін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, диализдегі адамның 10 жылдан астам өмір сүру мүмкіндігі болғанымен, бұл толыққанды өмір болып саналмайды.
"Иә, мүмкін. Бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастардың өмір сүруінде осындай мүмкіндік бар. Бірақ біз тек "адам 10 жыл өмір сүреді" деп қана айтпауымыз керек, оның ең алдымен өмір сүру сапасына баға беруіміз қажет. Өмір сүру сапасы маңызды. Ол адам еңбекке жарамды ма, қаншалықты еркін қозғала алады? Әрине, толыққанды еркін емес. Олар диализ аралығында біраз уақыт белсенділік танытқанымен, бір күннен кейін ағзада қайтадан токсиндер жиналып, ауырлық сезіне бастайды. Яғни, күн аралатып, әр жолы 5 сағаттан аппаратқа таңылып отырады", – деді орталық басшысы.