Qazaq24.com сообщает, основываясь на информации сайта Informburo.KZ.
Бұған дейін миллион теңгеге жуық айыппұл арқалаған діни миссионер Дарын Мубаровтың журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбаты Астананың Дін істері жөніндегі басқармасының назарына ілікті. Енді бұл материал толықтай зерттеліп, оған құқықтық баға беріледі.
Басқарманың мәлімдеуінше, журналист Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы тарапынан хабарландыру болғанына қарамастан бұл сұхбатты әлеуметтік желілерде жариялаған.
"Мониторинг барысында Айнұр Асанбердінің 31.07.2026 жылы youtube парақшасында жарияланған "Сізге уағыз айтуға тиым салынды. Енді не істейсіз?" атты подкастқа ҚР аумағында тіркеусіз діни миссионерлікпен айналысқан Дарын Мубаровпен түсірген подкасты анықталған. Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы тарапынан хабарландыру болғанына қарамастан әлеуметтік желілерде бұл подкастты жариялаған. Аталған материал бойынша құқықтық баға беріледі және діни заңнаманы бұзу анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады", – делінген ресми мәлімдемеде.
Еске салайық, биыл көктемде Дарын Мубаров діни мазмұндағы материалдарды заңсыз таратқаны үшін жауапқа тартылып, оған 865 мың теңге айыппұл салынды. Ол бұған дейін де осы тектес әкімшілік жауапқа тартылған болатын.
Ал кеше Ішкі істер министрлігі Түркістан облысында өткен тойда уағыз айтып, әнді харам деп, ал әншіні шайтанның азаншысына теңеген адамға қылмыстық іс қозғады.