Как сообщает Qazaq24.com, ссылаясь на сайт Informburo.KZ.
Қазақстанда мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ұйымдастырушыларға жеке күзет ұйымдарын тартуға мүмкіндік беретін нормалар қабылданды. Бұл нормалар қалай жұмыс істейтінін мәжіліс депутаты Олжас Құспеков әлеуметтік желідегі парақшасында түсіндірді.
"Бүгінде мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жеке күзет ұйымдарын тартуға мүмкіндік беретін нормалар қабылданды. Бұл алдағы уақытта, мысалы, Энрике Иглесиас концерті кезінде Ішкі істер министрлігі қызметкерлерін тарту міндетті болмайтынын білдіреді", – деп жазды Олжас Құспеков.
Оның айтуынша, бұған дейін коммерциялық іс-шараларда тәртіпті сақтау үшін мыңдаған полиция қызметкері жұмылдырылып келген. Соның айқын дәлелі – Дженнифер Лопестің концерті. Бұл шарада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ІІМ қызметкерлері мен әскери қызметшілерден 3500-ден астам адам тартылған.
Депутат келтірген мәліметке сәйкес, тек 2024-2025 жылдары ішкі істер органдары 5 мыңнан астам бұқаралық іс-шараның қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Әрбір шараға жүздеген полиция қызметкері жұмылдырылған.
Ал мұндай іс-шараларға жұмылдырылатын полиция ресурстарының жыл сайынғы шығыны 8-16 млрд теңге шамасында бағаланады. Яғни, іс жүзінде бұл шығындарды мемлекет көтеріп келді, ал коммерциялық іс-шараларды ұйымдастырушылар табыс тауып отырды.
"Ал Қазақстанда бұл міндетті атқара алатын дайын инфрақұрылым бар: 4 мыңға жуық жеке күзет ұйымы және 100 мыңға жуық лицензияланған күзетші жұмыс істейді. Енді заңнама мұндай компанияларды бұқаралық іс-шараларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шарт негізінде тартуға мүмкіндік береді", – деді депутат.