Грант байқауы 2026: Кімдер тегін оқи алады және оған қандай құжаттар қажет

09.07.2026

Qazaq24.com сообщает, что по информации сайта Informburo.KZ.

13 шілдеде мемлекеттік грант конкурсына өтініш қабылдау басталады. Биыл бакалавриатқа 75 мыңға жуық білім беру гранты бөлініп отыр. Грант жеңіп алу үшін алдымен конкурсқа қатысу қажет.  

Осы орайда Информбюро порталы құжат тапсырмас бұрын талапкерлер білуге тиіс маңызды сұрақтарға жауап береді.

№.1 Грант байқауына кімдер қатыса алады?

Конкурсқа қатысу үшін ең басты шарт ол – ҰБТ-дан белгіленген ең төменгі шекті балл жинау. Шекті балл таңдаған мамандық бағыты мен ЖОО деңгейіне байланысты өзгереді: 

"Құқық" және "Педагогикалық ғылымдар" бағыттары бойынша – кемінде 75 балл; "Денсаулық сақтау" білім беру саласы бойынша – кемінде 70 балл; ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл; "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" мен "Ветеринария" бағыттары бойынша – кемінде 50 балл; басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл.

Жекелеген пәндерден де шекті балл жинау қажет:

"Қазақстан тарихы", екі бейіндік пән және шығармашылық емтихан бойынша – кемінде 5 балл; "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" пәндері бойынша – кемінде 3 балл.

Жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша өздерінің шекті балдарын белгілей алады. Мысалы, кейбір мамандықтарға түсу үшін кемінде 120 балл жинау қажет. 

№2. Қандай құжаттар қажет?

Қажет құжаттар:

жеке куәлік; ҰБТ сертификаты (мамыр-маусым айларында өткен негізгі ҰБТ сертификаттары ғана жарамды); 3х4 көлеміндегі фото; орта білім туралы аттестат немесе колледж түлектері үшін диплом; жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар; B167 "Ұшу аппараттарын және қозғалтқыштарды ұшырып пайдалану" мамандығы үшін дәрігерлік ұшу-сараптамалық комиссиясының медициналық куәландыруы керек.

№3. Құжаттарды қайда тапсырады?

Грант конкурсына қатысу үшін өтініш 13 шілде мен 20 шілде аралығында қабылданады. Өтініш берген кезде барлық растайтын құжаттар болуы керек. Талапкерлер құжаттарын екі түрлі жолмен тапсыра алады:

Онлайн: eGov порталы арқылы. Офлайн: Кез келген жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы немесе виртуалды қабылдау комиссиясы арқылы.

Ескеретін жайт, өз қалаңыздағы ЖОО қабылдау комиссиясына барып басқа қаладағы ЖОО-ны таңдай аласыз.

Грант конкурсының нәтижесі 10 тамызға дейін ресми БАҚ беттерінде және Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми ресурстарында жарияланады.

№4. Неше мамандық пен ЖОО таңдауға болады?

Талапкер 4 білім беру бағдарламаларының тобын, яғни мамандықты және өзі қалаған бірнеше ЖОО-ны таңдай алады.

Басты шарт: таңдалған 4 мамандықтың да бейіндік пәндері сәйкес келуі керек. Мысалы, "Биология" мен "Географияны" таңдап медицинаға түсе алмайсыз. Ол үшін "Географияның" орнына "Химия" тапсыру қажет.

Ал шығармашылық емтиханын тапсырғандар үшін бейіндік пән маңызды емес.

№5. Биыл қанша грант бөлінді?

Қазақстанда білім гранттары жыл сайын мемлекет сұранысына сәйкес бөлінеді. 2026-2027 оқу жылына бакалавриатқа 75 371 мемлекеттік грант бөлінді. Ең көп грант бөлінген бағыттар:

Инженерлік, өңдеу және құрылыс – 16 674; Педагогикалық ғылымдар – 12 228; Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 10 387; Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 9 188

Биыл механика, арнайы педагогика, жер туралы ғылымдар, агроинженерия, химиялық инженерия, гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару мамандықтарына грант саны артқан. Ал грант саны қысқарған мамандықтар қатарында ақпараттық қауіпсіздік, механика және металл өңдеу, құрылыс, тау-кен ісі, металлургия, биологиялық ғылымдар бар.

№6. Арнайы квота кімдерге бөлінеді?

Грант конкурсына жалпы негізде де, жеңілдікпен де қатысуға құқылы арнайы топтар бар. Оларға бөлек грант пайызы бекітіледі:

Ауыл жастары (ауылдық квота); Көпбалалы немесе толық емес отбасынан шыққан балалар; Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, бала кезінен мүгедектігі бар балалар; Қандастар.

№7. Квота қалай есептеледі? 

Квота дегенде ҰБТ баллына балл қосылады деп ойлайтындар жоқ емес. Бұл – жаңсақ түсінік. Квота ҰБТ баллына ешқандай ұпай қоспайды. Квота дегеніміз – белгілі бір санаттағы талапкерлерге гранттардың жалпы санынан бөлек орын бөлу. Мысалы, ауылдық квота – 35%-ды құрайды. Айталық, бір мамандыққа еліміз бойынша 100 грант бөлінсе, оның 35 гранты тек ауыл мектебін бітірген балалардың арасында ғана сарапқа салынады. Қалған 65 грант жалпы конкурсқа кетеді.

Квоталардың негізгі үлестері:

Ауыл жастары үшін – 35%; Көпбалалы отбасыдан шыққан балалар үшін – 5%; Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға – 1%; Мүгедектігі бар азаматтарға (І, ІІ топ) – 1%; Қандастарға – 4%; үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққандар үшін – 5%;

Квотасы бар талапкер алдымен жалпы конкурсқа қатысады. Балы жалпы конкурсқа жетпей қалғанда ғана өз санатындағы ішкі конкурсқа түседі. Осылайша, грант ұтып алу мүмкіндігі арта түседі. 

№8. "Серпін" бағдарламасына кімдер қатыса алады?

"Серпін" жобасының басты мақсаты – еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастарын кадр тапшылығын көріп отырған аймақтарда оқытып, білікті мамандар даярлау. Бағдарламаға мына аймақтардағы ауыл мектептерін бітірген түлектер қатыса алады:

Түркістан; Қызылорда; Жамбыл; Алматы; Жетісу облыстары.

Гранттар мынадай облыстарда орналасқан ЖОО-ларға бөлінді:

Солтүстік Қазақстан; Ақмола; Шығыс Қазақстан; Абай; Павлодар; Ұлытау; Қарағанды; Қостанай облыстары.

Гранттар тек  педагогикалық, инженерлік және техникалық, ауыл шаруашылық мамандықтарына беріледі. Биыл "Серпін" бағдарламасына мемлекеттен 2 180 грант бөлініп отыр:

Педагогикалық ғылымдарға – 960; Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 960; Ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағытына – 230; Ветеринария – 30.

Жоба бойынша грантқа түскен түлектер шәкіртақы алады және жатақханамен қамтамасыз етіледі. "Серпін" грантымен оқыған түлектен оқуды бітірген соң сол өңірде екі жыл бойы жұмыс істеу талап етіледі. Бұл бағдарламаның артықшылығы – "Серпінге" бөлек грант бөлінетіндіктен, мұнда жалпы конкурсқа қарағанда конкурсқа өту балы әлдеқайда төмен болады.

№9. "Батыс грантына" кімдер қатыса алады? 

Батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранттары бөлінеді. 2026 жылы "Батыс гранты" тек Маңғыстау облысының мектеп түлектеріне арналған. Биыл бұл бағдарлама бойынша 2 500 нысаналы мемлекеттік грант бөлінді:

Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 1000; Педагогикалық ғылымдарға – 550; Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 775; Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 175.

2022 жылы бұл бағдарлама Атырау және Маңғыстау облыстарының түлектерін қамтыды. 2026 жылы бағдарлама форматы өзгеріп, нысаналы грант тек Маңғыстау облысының мектеп түлектеріне бөлінді.

Продолжайте следить за ситуацией на Qazaq24.com, где мы всегда предоставляем свежие новости.
Читать полностью