Кәсіби бишілер мемлекеттік әлеуметтік төлем алу құқығынан тыс қалып отыр мәжіліс депутаты

25.02.2026

Qazaq24.com сообщает, ссылаясь на сайт Informburo.KZ.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сауал жолдап, кәсіби бишілердің мәселесін көтерді. 

Депутаттың айтуынша, Қазақстанның заңнамасына сәйкес, ай сайынғы арнайы мемлекеттік әлеуметтік ақшалай төлем кемінде жиырма жыл кәсіптік еңбек өтілі бар және балет артисі ретінде кәсіби қызметін тоқтатқан мәдениет ұйымдарының балет артистеріне ғана тағайындалады. 

"Заңнамада "балет артисі" ұғымы нақты айқындалып, штаттық кестеде "Балет артисі" лауазымын атқаратын және тиісті хореографиялық білімі бар, кәсіби ұжымдарда, опера және балет театрларында, музыкалық және музыкалық-драмалық театрлар мен концерттік ұйымдарда қызмет ететін мамандар ғана осы санатқа енгізілген. Алайда, іс жүзінде елімізде ұлттық және кәсіби би өнерін дамытып жүрген би ансамблдері, филармониялар жанындағы кәсіби би ұжымдары, ұлттық музыкалық және музыкалық-драмалық театрлар мен концерттік ұйымдарда қызмет ететін бишілердің дипломындағы біліктілік атаулары әртүрлі болып келеді. Атап айтқанда, олар "би артисі", "халық би ансамблінің артисі", "би ансамблінің артисі", "би труппасының бишісі", "хореография", "ұстаз-хореограф" және өзге де ұқсас атаулармен берілген", – деді Дәулет Мұқаев. 

Ол аталған мамандар лауазым атауы мен дипломдағы біліктіліктің "Балет артисі" деген нақты атауға сәйкес келмеуіне байланысты ай сайынғы арнайы мемлекеттік әлеуметтік төлем алу құқығынан тыс қалып отырғанын алға тартты. 

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес "балет артисі" санатына кірмейтін бишілер әйелдер үшін 61 жасқа, ерлер үшін 63 жасқа дейін сахнада қызмет етуге мәжбүр. Ал би өнері – жоғары физикалық жүктемені, кәсіби дайындықты және эстетикалық талаптарды қажет ететін сала екенін ескерсек, мұндай жағдай бишілер үшін физикалық әрі кәсіби тұрғыдан шынайы емес екені анық. Сонымен қатар, 2006 жылға дейін би өнерімен байланысты кәсіби қызмет атқарған барлық санаттағы мамандардың зейнеткерлікке шығу мүмкіндігі болғанын да атап өткен жөн. Бұл норма кейінгі заңнамалық өзгерістер нәтижесінде шектеліп, әлеуметтік теңсіздікке алып келді. Осыған орай, кәсіби би өнері саласында еңбек ететін мамандардың еңбек ерекшеліктерін ескере отырып, олардың әлеуметтік қорғалуын күшейту мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігі туындап отыр деп санаймын", – деді депутат. 

Дәулет Мұқаев осы ретте министрден ай сайынғы арнайы мемлекеттік әлеуметтік төлем алуға құқылы тұлғалар санатын кеңейтіп, тек "Балет артисі" деген атаумен шектемей, елімізде заңды түрде қызмет ететін барлық кәсіби би мамандықтарын осы санатқа енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. 

Оставайтесь с нами на Qazaq24.com, чтобы не пропустить важные новости и обновления по данной теме.
Читать полностью