Qazaq24.com передает, что по данным сайта Informburo.KZ.
Каспий теңізіне оқу-жаттығуға шыққан 17 әскери қызметкер суға кетсе, олардың үшеуі ғана аман қалды. Қазіргі таңда 12 әскери қызметшінің денесі табылып, тағы екі сарбаз іздестіріліп жатыр. Олардың есімін осы жерден оқуға болады.
Оқиға орнынан хабар таратқан 31 арнаның тілшісі Махаббат Нұржанқызының айтуынша, құтқару жұмыстарына бірнеше тікұшақ және әскери кемелер мен қайықтар жұмылдырылған. Сондай-ақ, сүңгуірлер де әскерилердің денесін теңізден іздеп жатыр. Әскерилерден бөлек Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментінің мамандары, сондай-ақ жедел жәрдем қызметкерлері де тынымсыз жұмыс істеп жатыр.
Ескерту: Видеода суға 19 адамның кеткені айтылады. Дегенмен, кейін нақтыланған мәлімет бойынша, суға кеткен әскери қызметшілер саны – 17.
Арна тілшісі ұлдарының хабарын біліп, мәйітхана алдында күзетіп жүрген ата-аналармен де тілдесті. Қаралы хабарды естігендер мәйітті әлі көрмеген.
Сарбаздардың бірінің әкесі Жүсіп Оразәлиевтің айтуынша, әкімшіліктен, әскери бөлімшеден адамдар келіп, ұлының денесі мәйітханада жатқанын хабарлаған. Қапалы әке бір күн бұрын 112-ден дауылды хабарлама келгенін айтып, неге мұндай ауа райы жағдайында әскери бөлім басшыларының жаттығуды жалғастыру жөнінде шешім қабылдағанын түсінбей дал.
Арна бұл – Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезіндегі алғашқы қайғылы оқиға емес екенін еске салады.
Осыдан тура 11 жыл бұрын теңізде үйлеріне қайтуға бір ай қалған төрт сарбаз ажал құшты. "Орталық-2015" оқу-жаттығуы кезінде айдынға алты БТР жіберіліп, оның төртеуі шамамен 150 метрге жеткенде суға батып кеткен. Істі тергеу барысында қауіпсіздік талаптарының сақталмағаны, көліктердің қатты толқын болған сәтте шыққаны, ал сарбаздарда құтқару жилеттері болмағаны анықталған. Қайғылы жағдайға сол уақытта алты лауазымды әскери қызметкер кінәлі деп танылып, үшеуі 2,5, біреуі 1,5 жылға сотталды. Ал екі командирге 6 айға шартты жаза тағайындалған. Бірақ 2017 жылы сот оларды рақымшылық туралы заңға сәйкес жазадан босатқан еді.