Күйеу бала қайын жұртына сәлем сала ма? Тәжім ету дәстүрі қайдан шықты

16.07.2026

Согласно информации сайта Informburo.KZ, сообщает Qazaq24.com.

Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде қыз ұзату тойында күйеу жігіттің қайын жұртына иіліп, сәлем берген видеосы жиі таралып жүр. Бірі мұны қазақтың ұмыт қалған дәстүрі десе,  енді бірі келін ғана сәлем салатынын айтып, ер азаматқа жараспайтын әрекет деп деп сынайды. Мұны кейін шыққан тренд деп есептесе, енді бірі қазақтың көне салты екенін алға тартады. Тәжім ету дәстүрі қайдан шықты және оның мәні қандай? Осы орайда Информбюро порталы тарихи деректер мен этнографтардың пікіріне сүйеніп, тәжім ету дәстүрінің мәніне үңіліп көрді.

Әлеуметтік желіде шу болған видео

Әлеуметтік желіде қыз ұзату тойында күйеу жігіттің қайын жұртына иіліп, тәжім етіп сәлем берген видеосы миллиондаған қаралым жинап, желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызып жүр.

Пікір білдірушілердің бір бөлігі мұндай рәсімді қазақтың дәстүріне жатқызбай, ер азаматтың абыройына нұқсан келтіретін әрекет деп бағалайды. Олар күйеу бала қайын жұртын құрметтегенімен, келін сияқты иіліп сәлем салмауы керек деген пікір айтады.

Ал енді бірі бұл жоралғыны қазақтың ұмыт қалған көне дәстүрі екенін алға тартады. Олар Ыбырай Алтынсариннің этнографиялық еңбектерінде, "Абай жолы" романында және тарихи фотосуреттерде күйеу жігіттің тәжім еткені сипатталғанын мысалға келтіріп, кейін бұл салт уақыт өте келе қолданыстан шығып қалғанын жазады. 

Қарақалпақстанда туып өскен Жадыра Бейсенбаеваның әлі күнге дейін үйленетін күні қыздың үйіне күйеу жігіт келгенде осылай иіліп амандасатынын айтып отыр. Айтуынша, күйеу жігіт алдымен босаға иіледі, содан соң жасы үлкен ақсақал, ауыл қариялары мен әулеттің үлкендеріне иіліп амандасады. Содан соң ғана қол алып амандасып шығады. Үлкендер ізет көрсеткен күйеу жігітке бата беріп, жеңгелер кәдесін жасайды.

Пікір жазған адамдардың көпшілігі бұл дәстүр жалғасын тауып келе жатқанын, тренд емес екенін айтып отыр. Мұны сәлем салу деп емес, қызды тәрбиелеген ата-анасына разылығын білдіру деп қабылдау керек дейтіндер бар.

Тарихи деректер не дейді?

Тарихи деректерге қарағанда, күйеу жігіттің қайын жұртына алғаш барған кезде тәжім ету рәсімі болған. Алайда ол бүгінгі келіндердің күнделікті сәлем салуына ұқсамайды әрі тек белгілі бір жағдайда ғана тәжім еткен.

Қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсарин 1868 жылы жазған "Орынбор ведомствосындағы қырғыздардың үйленуі мен құдаласу кезіндегі әдет-ғұрыптар очеркінде" ұрын бару рәсімін егжей-тегжейлі сипаттайды.

"Қалыңдығын алғаш рет көруге келген күйеу, шаруашылық жағынан қаншама есебіне жетік болса да, қайын атасының қатаң талаптарына, көбіне, еріксіз көнеді. Ақырында аларын алып, көңілі тынған қайын атасы, күйеудің ауылға келіп түсуіне рұқсат етеді. Ауылдан екі шақырымдай жерге шатыр тігіледі. Оған күйеуді қарсы алуға шақырылған әйелдер жиналады. Шатырға қарай келе жатқан күйеу мен оның жолдастары, әйелдер шатырдан шыққан кезде тегіс аттарынан түседі. Әйелдер жақындап келген кезде, күйеу бас иіп, тәжім етеді. Сонан кейін қалыңдықтың жақын туысқандары оны қолтықтап, жолдас-жораларымен бірге, күйеуге арнап тігілген, кілем төселіп, жақсы төсек салынған шатырға әкеліп кіргізеді", – деп жазады Алтынсарин.  

Мұнымен рәсім аяқталмаған. Киіз үйге кірген соң күйеу жігіт қалыңдықтың туыстарына жеке-жеке тәжім етіп, олардың рұқсатын алмайынша отырмаған. Ыбырай Алтынсариннің дерегінде тіпті тәжім етуден бас тартқан күйеу жігітті қайын атасы ауылдан қуып жіберуі мүмкін екені айтылады.

"Қатысып отырған әрбір әйел одан "тәжім", яғни иіліп сәлем беруді талап етуге құқылы, ал оған рұқсат бермейінше, күйеу жігіт отыруға болмайды. Әдетте, әйелдер күйеу жігітті ұзақ уақыт тік тұрғызып, үздіксіз иілуін талап етеді, ал егер ол бұл талапты орындамаса, олардың әрқайсы бетінен шартып жіберуге немесе итеріп жіберуге толық құқылы. Егер бұл да әсер етпесе, жанжал туындап, тараптар тарасып кетуі мүмкін, бұл өз кезегінде үлкен келеңсіздікке әкеледі. Мәселен, болашақ қайын ата күйеу жігітті қуып жіберуі мүмкін. Дегенмен қазіргі таңда кейбір жөн білетін ордалықтар бұл дәстүрден бас тартып келеді", – делінген очеркте.

XIX ғасырдағы тарихшы Құрбанғали Халиди де бұл дәстүрге қатысты Барақ батырдың сөзін былай деп келтірген: "Қалың жаудың ортасында қалып та қорыққан жоқ едім. Ал күйеулеп барғанымда әйелдердің жиналып келе жатқанын көріп, көңілім қобалжыды. Жаумен айқасуға болады, ал мұнда олардың салты бойынша мойын иіп тұрудан басқа амал жоқ. Егер бір сылтау тауып ұрса, оған да көнуге тура келеді..." 

Бұл дәстүрдің болғанын басқа еңбектер де растайды. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романында Абайдың Ділдә ауылына барған сәті суреттелгенде "күйеулер бұл кезде төмен иіліп, тәжім қып тұр екен" деп жазылады. Романда Ерболдың "қай жерде тәжім ету керек" деп алаңдауы да сол кезеңдегі рәсімнің маңызды болғанын аңғартады.

"Басқа жігіттер аттарынан түсіп, соларды тосып қалды. Осы топтың ішінен әсіресе Ербол қатты уайымға салынған. Жанындағы Жұмағұлға "Қай жерде тәжім ету керек, қай уақытта кең отыруға болады" бәрін өзің айтарсың деп өтініп тұр. Абай досын енді басқаша қырынан таныды. Бүгін бұл өтетін тар есік, тас босағаны Ербол да өтпек. Соған бар ынтасымен кеткен. Ал Абайдың ол сияқты дайындығы жоқ. Жол бойында да бір сейіле алмады. Өзін бір бұйрық қуып, еріксіздік әкеле жатқандай күйде жүр", – деп жазған Мұхтар Әуезов.

Абай Ділдәнің ауылына жеткен соң бірнеше күн қатарынан түрлі жоралғылар жасалып, екі жақтан табысқан ата-ана үлкен той істеген. Абай ауылда он бес күн жатқан. "Абай жолы" эпопеясында ұрын баруды үлкендер зор меже деп санағанын, Абай сол межеден асқанын оқуға болады.

Ертеректе күйеу жігіттің қайын жұрына тәжім етуі оны қорлау емес, әдеп пен сынақтың бір бөлігі болғанын аңғартады.

Күйеу жігіт қайын жұртына үш рет тәжім еткен

Зерттеуші Зира Наурызбай күйеу жігіттің қайын жұртына тәжім ету салты болғанын жоғарыда айтылған деректер растайтынын айтып отыр. 

"1860 жылдардағы Ыбырай Алтынсарин  қазақтың үйлену салты туралы этнографиялық зерттеуінде күйеу жігіт қыз ауылына келгенде, алдынан әйелдер шыққан сәтте аттан түсіп, қолын төмен түсіріп, белін бүгіп тәжім ететінін жазған. Осыдан кейін ғана қалыңдықтың жақын туыстарының бірі оның қолынан ұстап, жолдастарымен бірге арнайы тігілген шатырға кіргізген. Яғни тәжім ету күйеу жігіттің қайын жұртына көрсететін алғашқы құрметінің белгісі болған", – дейді Зира Наурызбай.

Оның айтуынша, кейбір деректерде күйеу жігіт қызға ұрын келгенде тек қалыңдықтың туыстарына ғана емес, қалыңдықтың өзіне де тәжім еткені жазылған. Зерттеуші бұл дәстүр XIX ғасырдың ортасына дейін сақталғанымен, кейін біртіндеп қолданыстан шыққанын айтып отыр. 

"Ұрын бару кезінде күйеу жігіт қыз ауылының шетінде күтіп тұрады. Ал оның жолдастары ауылға кіріп, жол-жоралғысын (кәдесін) тапсырады. Егер қыз жағы кәдені қабылдаса, ауылдан шамамен екі шақырымдай жерге арнайы шатыр тігіледі. Сол жерге айналадағы ауылдардан күйеу жігітті қарсы алуға шақырылған әйелдер жиналады. Киіз үйге кіргеннен кейін күйеу жігіт қалыңдықтың әрбір туысына жеке-жеке тағзым жасаған", – дейді Зира Наурызбай.

Күйеу жігіттің тәжім еткен сәтінің суреті "Түркістандық альбомында" сақталған. Аталған альбом 1860 жылы ресейлік Түркістанның алғашқы генерал-губернатор Константин фон Кауфманның бұйрығымен жасалған.

Күйеу жігіттің қайын жұртқа келіп, келінге сәлем салуы. Фото: "Түркістан альбомы" топтамасынан

Әлеуметтік желіге жарияланған осы фотосуреттің астына сан түрлі пікір жазылған. Ер адамдардың көпшілігі бұл фотосуретке күмәнмен қараса, әйел адамдар болса бұл дәстүрді жаңғырту керек екенін айтқан. Десе де Ыбырай Алтынсарин өз кітабында бұл дәстүр кейбір салтқа берік қазақтардың арасында ғана қалғанын айтқан. Яғни, 19-ғасырдың өзінде "тәжім ету" ұмытыла бастаған.

"Көптомдық "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" энциклопедиясында, күйеу қалыңдығын алғаш көргенде және қайын атасының үйіне алғаш кіргенде үш мәрте тәжім ететіні жазылған. Күйеу жігіт тәжім еткенге қолын жерге тигізгенше иіліп, асықпай көтірілуі міндет болған. Кей дереккөздерде тәжім еткенде күйеу етегіне қолын тигізсе, басқаларында қолын етегінен тізесіне дейін сипап өтеді делінген", – дейді Зира Наурызбай.

Зерттеушінің сөзінше, күйеу қалыңдығын алып кетуге келгенде, ұзату алдында қайын атасы ресми түрде күйеу баласын үйіне қонаққа шақырған. Кейбір этнографиялық еңбектерде, қайын атасы күйеу баласын неке түнінің алдында қонақ етті десе, басқаларында – неке түнінен кейін шақырады делінген. Күйеу жігіт қайын атасының үйіне кіргенде үш мәрте тәжім етеді: әруақтарға, қыздың әкесі мен анасына. Содан кейін қалыңдықтың әжесі май құйылған ыдыс әкеліп, оны отқа құяды. 

"Осы тұста ұрын бару кезінде орындалатын жоралғылар кезінде күйеу жігіттің туыстарын қалыңдық алғаш көргенде және қайын атасының үйінде тәжім етуі, 19-ғасырдың ортасына дейін үйіне жаңа келген келіннің ғана сәлем салмағанын көрсетіп отырғанын атап өткен жөн. Күйеу жігіт қайын атасының үйіне кіргенге дейін, қайын жұртында түрлі жоралғыларды орындаған", – деді зерттеуші.

"Күйеу бала әдептен озбауы керек"

Этнограф Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, қазақ халқында шын мәнінде күйеу бала қайын жұртына барғанда үлкендерге құрмет ретінде иіліп, тәжім еткен. Бұл жоралғы қазақ арасында болғаныман, уақыт өте келе көмескіленіп, халықтың жадынан ұмытыла бастаған.

"Қазір күйеуге сәлем салғызу салтын көп адам білмейді. Қыз келін боп түскен соң сәлем салады. Ал жігіт қайын жұртына келгенде өзінен үлкендерге, яғни жұбайының ата-анасына сәлем салады. Қазақта "күйеудің атымен күл тасы" деген мақал бар. Тәжім етіп, үлкендерді сыйлап, қайын жұртына қызмет жасау – күйеудің міндеті. Күйеу жігіт сәлем салса, еш оғаш емес. Тек әдептен озбай, өз орнын білуі керек. Күйеу бала ешқашан қайын жұртта бата бермейді, үлкендердің алдына шығып сөйлемейді. Бұл еш жерде жазылмағанымен, бұлжытпай орындалған", – дейді Бұлбұл Кәпқызы. 

Күйеу баланың ең алғаш жасайтын ырымы "Ілу" деп аталады. Бұрын ілуге шапан апарса, қазір оның орнына кілем апарып жүр. Этнограф мұны дұрыс емес дейді. Ертеректе шапанды киіз үйге ілген, ал қазір киім ілгішке ілуге болады.

"Күйеу бала қайын жұртына алғаш барғанда ғана тәжім еткен"

Этнограф Досымбек Қатыран жас жігіт қайын жұртына алғаш келгенде иіліп сәлем бергенін, ошаққа май құйып, "шаш сипатар" және "қол ұстатар" жоралғыларынан өткенін айтып отыр. Бірақ бұл рәсімдер қайын жұртына алғаш барған кезде ғана орындалған, кейін қайта жасамаған дейді ол.

"Алтынсарин үйлену салттары туралы көп жазған. Үйленбек болған әрбір жігіт болашақ қайын жұртына алғаш барғанда қара шаңырақ пен ошаққа, яғни қалыңдығының әкесінің үйіне иіліп сәлем беруге тиіс болған", – дейді Досымбек Қатыран.

Ол да әлеуметтік желіде жиі тарайтын тарихи фотосурет қолдан жасалған дүние емес екенін айтып отыр.

"Бұл фотода XIX ғасырдағы қазақтардың үйлену салты бейнеленген. Суреттің атауы – "Түркістан альбомы: Қырғыздардың үйлену салты" немесе "Күйеу жігітті сынау".  Ол 1870 жылдары этнограф әрі фотограф Александр Людвигович Кун түсірген суреттердің бірі. Жас жігіт қайын жұртына алғаш келгенде иіліп сәлем береді, ошаққа май құяды, "шаш сипатар" мен "қол ұстатар" жоралғыларынан өтеді. Бірақ мұның бәрі тек алғашқы келгенде ғана орындалатын рәсімдер", – дейді этнограф.

Тарихи зерттеулерде бұл дәстүрдің жойылуына ер адамның қоғамдағы мәртебесінің күшеюі мен әлеуметтік өзгерістер әсер еткені айтылады. Тіпті Ыбырай Алтынсариннің өзі XIX ғасырдың ортасында-ақ "пысық ордалықтардың" тәжім жасаудан жалтара бастағанын жазған.

"Күйеу жігіт жөн-жоралғыны білуі керек"

Былтыр дүниеден өткен жазушы-этнограф Болат Бопайұлы көзі тірісінде күйеу жігіттің сәлем салуы төңірегінде жиі сұхбат берген. Ол "тәжім ету" салты ғана емес, күйеу баланың қайын жұртына келгенде орындайтын жоралғылары, әдеп ережесі туралы құнды ой атып кеткен. Оның айтуынша, күйеу жігіт болашақ қайын жұртына алғаш рет ұрын бару кезінде барған. Бұл – құдалық толық аяқталмай тұрып жасалатын көне ғұрыптардың бірі. Ұрын бару рәсімінен кейін ғана күйеу жігітке қайын жұртына емін-еркін келіп-кетуге рұқсат берілген.

"Күйеу жігіт алғаш келгенде қайын жұрты қатты сынайды. Сондықтан ол қазақтың салт-дәстүрін жақсы біліп, қайын жұртында барлық жоралғыны дұрыс атқарса, "нағыз ер азамат" деп бағаланған. Күйеу баланың қайын жұрттағы әр қадамы әдепке негізделген. Үйге кіргенде табалдырықты баспай, оң аяқпен аттайды. Босағаға сүйенбейді, маңдайшадан тартпайды, басын иіп сәлем беріп кіреді. Егер табалдырықты басып кірсе, қайын жұрты оны жаман ырымға балап, "қызымызды сыйламайды, дәстүрді білмейді" деп құдалықтың өзіне күмәнмен қараған", – деген болатын Болат Бопайұлы.

Оған қоса, күйеу жігіт қайын атасы мен қайын енесінің төсегіне отырмауы, үлкендердің алдын кесіп өтпеуі, өзінен жасы үлкен туыстардан жоғары шықпауы керек. Сонымен бірге сөзін де, ісін де салмақты ұстап, оғаш қылықтан аулақ болған. Этнографтың айтуынша, қазақ дәстүрінде жас күйеу балаға дастарқан басында бата беру де жараспаған. Бұл үлкендердің жолын кесу деп есептелген. Сондай-ақ қайын атасы мен қайын енесіне, өзге туыстарына алғаш таныстырылғанда күйеу жігіт олардың әрқайсына басын иіп сәлем беріп, ешкімнің рұқсатынсыз отырмаған.

"Діннің кейбір өкілдері "Аллаға ғана сәлем салу керек, ал адамға сәлем салу күпірлік, болмаса Аллаға серік қосқандық" деп жатады. Бұл дұрыс емес. Сәлем салу – үлкенге ізет. Ал күйеу жігіттің тәжім етуіне келер болсақ, қайын ата деген өзінің әке-шешесінен кейінгі, яғни әкесімен бірдей екінші әкесі саналады. Оған тәжім етіп, сәлем беру, оның алдында бет-алды сөйлемеу, құрмет-сый жасау, әдеппен амандасу, басын иіп, кеудесін ұстап, сәлем беру ол – әдепті, мәдениетті, білімді, салт-дәстүрді құрметтейтін адамның белгісі", – деп айтқан этнограф Болат Бопайұлы.

Оның сөзінше, тәжім ету – қазақтың дәстүрлі мәдениетінде күйеу жігіттің қайын жұртына деген құрметі мен ізетін білдіретін жоралғы. Ежелгі дәстүр бойынша, жігіттің қаншалықты иіліп тағзым еткеніне қарап, оның қайын жұртына деген құрметі бағаланған. Бұл рәсім күйеу баланың жаңа әулетті сыйлайтынын білдіріп, үлкендердің батасын алуға жол ашқан.

Болат Бопайұлының айтуынша, күйеу бала қайын жұртында үлкендердің алдына шығып сөйлемеген, табақтағы асқа бата жасамаған, босағаны баспаған, қайын атасының аты-жөнін атамаған. Мұның бәрі қайын жұртқа деген сыйластықтың белгісі саналған.

Следите за обновлениями и свежими новостями на Qazaq24.com, где мы продолжаем следить за ситуацией и публиковать самую актуальную информацию.
Читать полностью