Qazaq24.com сообщает, основываясь на информации сайта Informburo.KZ.
Literary Hub порталы жыл сайынғы Нобель сыйлығының иелерін марапаттау қарсаңында әдебиет саласы бойынша мүмкіндігі жоғары ақын-жазушылардың тізімін жария етті.
Порталдың жазуынша, үміткерлерді тізуде букмекерлік компаниялардың коэффициенттері есепке алынған. Ол бойынша тізімді бұған дейін де Нобель сыйлығының иесі атанған Қытай жазушысы Кан Сюэ бастап тұр. Одан кейінгі орындарды жапон жазушысы Харуки Мураками мен австралиялық жазушы Джеральд Мернейн иеленген.
Ал жалпы 92 адам енген тізімде танымал жазушылар қатарында Джоан Роулинг, Маргарет Этвуд, Салман Рушди, Дэвид Гроссман, Стивен Кинг және басқалардың аты аталады.
Сондай-ақ, тізімнен өзбек жазушысы Хамид Исмаиловтың есімін де оқуға болады. Дегенмен, Нобель сыйлығына ұсынылған үміткерлер туралы ақпарат 50 жыл бойы құпия сақталатындықтан, оның расымен Нобель сыйлығына ұсынылған не ұсынылмағанын анықтау мүмкін емес.
Дегенмен, Literary Hub порталының жазуынша, оған букмекерлер 33/1 коэффициентін беріп отыр. Салыстырмалы түрде бұл – жоғары коэффициент.
Хамид Исмаилов ұлы өзбек болғанымен, 1954 жылы Қырғызстанда дүниеге келген. Өз шығармаларын өзбек және орыс тілдерінде жазатын болса, оның еңбектері ағылшын, түрік, неміс және француз тілдеріне аударылған.
Еске салайық, биыл Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов қазақстандық жазушы Төлен Әбдікті Нобель сыйлығына ұсыну үшін Қытай жазушысы Мо Яньға қолқа салған болатын. Алайда, жазушы бұл өтінішті орындаудан бас тартты.