Согласно информации сайта Informburo.KZ, сообщает Qazaq24.com.
Таяуда блогер Бейбіт Әлібековтің танымал кәсіпкер мен продюсер Тұрсенғали мен Баян Алагөзовтердің үйін таныстырған сұқбаты қазақстандық медиа кеңістік пен әлеуметтік желілерде мейлінше кеңінен талқыланды. Youtube арнасындағы видеоның өзін 2 миллионнан астам адам тамашаласа, оның әлеуметтік желідегі үзінділерін бөлісіп, таратқандарда шек жоқ. Олардың астына мақтаныш, қуаныш, тілектес, қызғаныш, реніш, тіпті ашуға толы да түрлі пікір жазылды.
Бір Instagram желісінде 5 миллионға жуық фолловері бар Баян Мақсатқызының қоғамдық талқы тудыруы бір бұл ғана емес, соңғы жылдары түрлі пікірталасқа триггер болып келеді. Оның Бақытбек Есентаевпен ажырасуы, тегін ауыстыруы, шоу-бизнестегі жарқын жобалары, діни радикализммен және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресі, 50 жаста екі қыздың анасы атануы – бәрі де қоғам назарынан тыс қалған емес.
Ендеше, режиссер Талғат Теменовтің сонау 1993 жылы жарық көрген "Махаббат бекеті" фильміндегі Гүлнәз есімді кейіпкерді сомдаудан басталған жол оны қалай қазақстандық медиа кеңістіктегі ең танымал тұлғалардың біріне айналдырды?
Ол – бүлікші және эстетПсихолог Әсем Айтмұхамбетованың пайымдауынша, Баян Алагөзованың жетістікке жетуіне қоғамдағы "ұят болады" деген қасаң қағидаларға батыл қарсы шығуы жол ашқан. Ол ел ішінде жабық саналатын тақырыптарды ашық ортаға шығару арқылы халықтың назарын өзіне аудара біледі. Мұндай еркіндік пен батылдық оның тұлғалық феноменін қалыптастырып, кез келген жобасының табысты болуына негіз болады.
"Бұл жай ғана жол болғыштық емес, бұл – елдің не қалайтынын дөп басу. Ол көптің көкейінде жүрген тақырыптарды тауып, оны жұрт қызығатындай әдемі дүниеге айналдырады. Жұрттың көбі айтуға бата алмайтын, тек үй ішінде, ас үйде ғана сыбырлап айтылатын жабық тақырыптарды батыл түрде ортаға шығарады. Тыйым салынған нәрсеге деген қызығушылықтың күшті болатынын ол жақсы біледі және бұдан еш қаймықпайды. Оның басты құпиясы – мейлі даттасын, мейлі мақтасын, кез келген пікірді сабырмен қабылдай білуінде. Баян ел арасындағы "ұят болады" деген қасаң қағидаларға жиі қарсы шығады, ал бұл, әрине, көпшіліктің шамына тимей қоймайды", – деді психолог.
Сонымен қатар, психолог Баян Алагөзованың өзіне бағытталған теріс пікірлерді, яғни хейт-вотчингті өз пайдасына шебер қолдана білетініне тоқталды. Ол кез келген реакцияны танымалдылықты арттырудың ұтымды құралына айналдырып, өз аудиториясын кеңейте түседі. Осылайша, жағымсыз пікірлердің өзін жеке брендінің дамуына қызмет еткізу – оның кәсіби стратегиясының бір бөлігі.
"Оның жұмыс істеу тәсілі: "қоғамдағы қызу тақырып + эстетика + елді елең еткізу". Ол – рухы мықты, кез келген қиындыққа мойымайтын, табиғатынан көшбасшы жан. Қазіргі әлеуметтік желі заманында жақсы пікір болсын, жаман пікір болсын – бәрібір танымалдылық әкелетінін ол жақсы түсінеді. Тіпті жек көріп отырып тамашалаудың (хейт-вотчинг) өзін өз пайдасына жарата біледі. Мақсаты – елдің назарында болу, содан кейін барып танымалдылығы арта түседі", – деп түсіндірді маман.
Оқи отырыңыз: "Екінші әйелімді шәкіртіме бердім". Құрбанәлі Ахметтің сұхбаты қалай діндегі шексіз билік мәселесін ашып көрсетті
Бұдан бөлек, психолог Баян Алагөзованың тұлғалық болмысына Карл Густав Юнгтің архетиптері бойынша талдау жасап, продюсердің темірдей төзімділігіне ерекше тоқталды. Ол Баянның бойындағы батылдық пен қайсарлықтың психологиялық тамырын ашып, оның кез келген қиындыққа мойымайтын берік мінезін атап өтті. Психологтың пікірінше, продюсердің мұндай ішкі қуаты оған түрлі кейіптерді шебер алмастырып, үлкен жобаларды соңына дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
"Шыдамдылығы, табандылығы мен өр мінезі оған үлкен жобаларды іске асыруға көмектеседі. Ол қалыптасқан ескі көзқарастарды бұзып, ағысқа қарсы жүзуден, елдің сөзіне қалудан қорықпайды. Бұған, әрине, темірдей төзім керек.
Оның тұлғалық болмысын төрт қырдан көруге болады:
Билеуші: іске келгенде қатал, нәтиже мен нақтылықты талап етеді; Жаратушы: жаңа дүние ойлап табуға шебер; Бүлікші: қатып қалған қағидаларға бағынбайды, елдің назарын өзіне аударта біледі; Эстет: сұлулықты сүйеді және өз өмірін көпке үлгі ретінде көрсетеді.Жетістікке жетудің басты сыры – осы архетиптерді орнымен, мықты қолдана білуінде. Баян Мақсатқызының бастаған ісін соңына дейін жеткізуіне оның қоғамнан қорықпайтыны және өзін медиадағы бейнесінен бөлек ұстай алатыны көмектеседі. Ол жұртқа "жаман" көрінуден қорықпайды, міне, осы еркіндік оған өз дегеніне жетуге жол ашады", – деді Әсем Айтмұхамбетова.
"Күйеуін "жағымсыз олигарх" емес, "өз ісіне адал кәсіпкер" ретінде танытты"Tanba PR агенттігінің PR-директоры және PRshy қазақстандық PR мамандары қауымдастығының вице-президенті Ақсұлу Санғали Баян Мақсатқызының Қазақстан медиа кеңістігіндегі ең мықты стратегтердің бірі екенін айтады. Ол қоғамның сұранысын, халықты не мазалайтынын, яғни көпшіліктің "жанды жерін" дөп баса біледі.
"Оның әрбір қадамын кездейсоқ әрекет емес, алысты көздеген имидждік жоспар деп қабылдаған жөн. Мәселен, 2016 жылғы оқиға кезінде ол дағдарысқа қарсы PR-дың ең жоғары деңгейін көрсетті. Оқыс жағдай болғанда оқшауланып, жұрттан қашудың орнына, "ашық болу" жолын таңдады. Нәтижесінде, бұл жағдайды өз беделін нығайтуға тиімді пайдалана білді. Соңғы жылдары Баянның зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, жеке еркіндікті қорғау тақырыптарын жиі қозғауы – белгілі бір миссияға негізделген кәсіби имидж қалыптастырудың айқын үлгісі. Бұл оған қоғам алдында зор бедел мен моральдық қорғаныс сыйлады. Егер ол тек шоу-бизнес пен сән-салтанатты ғана көрсетіп шектелсе, халық жадында "жеңілтек жұлдыз" болып қалар еді. Ал әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтеруі оның мәртебесін "қоғам қайраткері" деңгейіне көтерді. Біздің түсінігімізде қоғам қайраткері әлеуметтік өзгерістердің бастаушысы болып саналады. Уақытша танымалдылық тез басылғанымен, еркіндік пен қауіпсіздік секілді ортақ құндылықтар аудиторияны ұзақ уақытқа біріктіретін негізгі күшке айналады", – деді Ақсұлу Санғали.
Сарапшының пікірінше, Тұрсенғали Алагөзовтің бұрынғы жарымен арадағы сот процестері мен даулы кезеңдерінде Баян Мақсатқызы негізгі медиалық қорғаушы қызметін атқарды. Ол өзінің беделі мен танымалдылығын жұбайының мүддесін қорғауға және оның қоғам алдындағы оң имиджін қалыптастыруға тиімді жұмылдыра білді. Нәтижесінде бұл жағдай тек отбасылық мәселе емес, кәсіби тұрғыда жоспарланған сәтті PR-стратегияның үлгісіне айналды.
"Тұрсенғали Алагөзовтің бизнесіндегі қиын кезеңдер мен активтерге талас басталғанда, Баян Мақсатқызы негізгі медиалық қорғаушы рөлін атқарды. Ол өзінің жеке беделін күйеуінің мүддесін қорғауға шебер жұмылдырды. Қазіргі заманда халықтың назарында болу – баға жетпес капитал. Танымалдылық маркетинг пен жарнама шығындарын үнемдеп қана қоймай, ірі инвестициялар мен тиімді келісімшарттарға жол ашады. Ол тек бизнесті дамытып қана қоймай, мемлекеттік және қоғамдық деңгейдегі сенімді қалқанға айналды. Күйеуінің ісіндегі түйткілдерді халыққа ашық түсіндіре отырып, оны "жағымсыз олигарх" емес, "өз ісіне адал кәсіпкер" ретінде таныта алды. Мұнда тағы бір маңызды жайт бар: күйеуінің бизнесі шикізат өндіру емес, қарапайым халық тікелей тұтынатын өнім шығарумен байланысты. Ал адамдар компаниядан емес, өзі танитын тұлғадан сатып алғысы келеді. Жұрт бұл өнімді "Баянның күйеуі шығарған тауар" деп қабылдайтындықтан, брендтің эмоционалдық құны артады. Бұл – сатылымға тікелей әсер ететін фактор. Осы тұрғыдан алғанда, Threads желісінде тауардың сапасына қатысты айтылған сынға оның қалай жауап беретіні үлкен қызығушылық тудырады", – деп қосты Ақсұлу Санғали.
PR маман, сонымен қатар, жұртшылықтың Баян Мақсатқызын сынаса да, оның өмірін бақылауды неге тоқтатпайтынын түсіндіріп берді. Бұл құбылысты ол психологиядағы "көлеңкелі қызығушылықпен", яғни адамдардың өзі батылы бармайтын еркіндік пен батыл қадамдарды өзгеден көргісі келетін табиғи әуестігімен байланыстырды.
Тренд жасаудың шебері"Баян – нағыз өмір салтының инфлюенсері. Оның бейнесін Виктория Бекхэм мен Опра Уинфридің ұштасқан нұсқасы деуге болады. Психологияда "көлеңкелі қызығушылық" деген ұғым бар: адамдар өзі жасай алмайтын немесе өзіне рұқсат бермейтін істерді (еркін сөйлеу, байлығын көрсету, қасаң қағидаларды бұзу) басқа біреу жасаса, соны бақылауға құмар келеді. Баян Мақсатқызы осы психологиялық сәтті өте ұтымды пайдаланады. Ана болу, үй салу секілді жеке өміріндегі ақпараттарды стратегиялық тұрғыда мөлшерлеп беріп отырады. Бұл – нағыз шынайы уақыт режиміндегі маркетинг. Біреу үшін антагонист, екіншілер үшін қаһарман болса да, жұрт оны жек көрсе де, келесі бөлімде не істейтінін білуге асық болады. Шын мәнінде, бұл – классикалық "драмалық сериал" технологиясының жемісті қолданылуы", – деді Ақсұлу Санғали.
Продюсер Ақылбек Досжанов Баян Алагөзованың кез келген істі соңына дейін жеткізетін табандылығы мен қателіктерді дер кезінде түзете білетін кәсіби икемділігін ерекше атап өтті. Оның пайымдауынша, продюсердің табысқа жетуіне алған бетінен қайтпайтын қайсар мінезі мен мақсатшылдығы тікелей әсер етеді.
"Баянның барлық жобасы бірдей табысты деп айта алмас едім, бірақ оның кәсіби біліктілігі мен мықты продюсерлік қарымын қатты сыйлаймын. Ол – өте мінезді, алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын табанды жан. Кез келген істің байыбына барып, бәрін егжей-тегжейлі ойластырады. Оның жетістіктерінің сыры – тынымсыз еңбегі мен өз ісінің нағыз маманы болуында. Баянның бойындағы басты қасиет – қайсарлық пен мақсатшылдық. Ол қолға алған ісін жарты жолда тастамайды. Өз шешіміне сенімді, өзгелердің қас-қабағына қарап жалтақтамайды. Продюсер болған соң, бізде де қателіктер болады, бірақ сол олқылықты тез арада түзеп, жобаны қайта жаңғыртып, соңына дейін жеткізу – нағыз мінезділіктің белгісі. Оқырмандар тарапынан айтылатын сыни пікірлер оны тосылтпайды, керісінше, одан сайын жігерленіп, құлшына жұмыс істеуіне түрткі болады", – деді Ақылбек Досжанов.
Оның айтуынша, Баянның уақыт тынысын сезінудегі ерекше түйсігі кез келген жобаның халық арасында кеңінен танылуына мүмкіндік береді. Осылайша, әрдайым ізденіс үстінде жүруі оның бәсекелестерінен оқ бойы озық тұруының басты кепіліне айналған.
"Оның тағы бір ерекшелігі – уақыт тынысын дөп басып, әрдайым трендте жүруі. Қазіргі заманның қарқыны өте жылдам, ал Баян сол ағыннан қалыс қалмай, жұрттың назарындағы өзекті дүниелерді тез іліп әкетеді. Ол ешқашан жасына немесе тәжірибесіне салып, тоқмейілсіп отырмайды. Көптеген өнер адамдары уақыт талабына ілесе алмай жатқанда, ол кез келген бағытта – мейлі ол кино, музыка немесе әлеуметтік жоба болсын – тренд жасаудың шебері екенін дәлелдеп келеді. Мәселен, зорлық-зомбылыққа қарсы бағытталған "Клара" жобасын алайық. Ол бұл тақырыптың қоғамда өте өзекті болып тұрғанын сезіп, дер кезінде қолға алды. Жақсы болсын, жаман болсын, ел назарын аударатын өзекті мәселені таба білу – үлкен қабілет. Оның жобаларының табысты болуының басты себебі – нарық сұранысын дөп басып, заманауи үрдістерді өз пайдасына шебер жарата білуінде", – деді Ақылбек Досжанов.
Оқи отырыңыз: Этностиль – трендте! Қазақтың ұлттық киімдерін қалай сәнге айналдыруға болады?
"Жобаларынан қаржы аямайды"Блогер Айнара Байжан Баян Алагөзованың жетістікке жетуін оның өз-өзіне деген нық сенімімен және жобаларына қомақты қаражат құя білетінімен байланыстырды. Оның айтуынша, продюсердің әр ісіне барын салып, сапалы өнім үшін қаржы аямайтыны – оның нарықтағы орнын айқындайтын басты факторлардың бірі.
"Меніңше, оның басты күші – өзіне деген нық сенімділігінде. Өзі туралы пікірі дұрыс, болмысы бекем. Өзіне сенген, өзін жақсы көретін адамның ұсынған өнімі де автоматты түрде өтімді болады, өйткені ол алдымен өзін сыйлата біледі. Кез келген адам іштей сенімсіз болса, қанша жерден трендтегі бизнес бастап, мықты дүние жасаса да, оның ісі алға баспайды. Ал Баян ханымның жобаларының табысты болуы – осы ішкі сенімнің нәтижесі. Нақты "алтын формуласына" келер болсақ, ол жобаларына қаржыны аямай салады. Осыдан оншақты жыл бұрын ол кісімен жұмыс істеген композиторлардың өзі Баян ханымның еңбекақыны еш ренжітпей, жомарттықпен төлейтінін айтатын. Яғни, ол әр ісіне барын салады. Мәселен, "Қазақ аруы" немесе "Алтын ханым" сияқты жобаларында 20 қыз болса, соның бәріне бір жерден арнайы киім тіктіріп, сахналық жарық пен нөмірлердің сапасына баса мән береді. Оның формуласы қарапайым: өзіне және ісіне сенеді, соған сай қаржы құяды. Ал сапалы іске салынған ақша әрқашан еселеніп қайтады. Ол әрқашан ең мықты режиссерлермен, үздік дизайнерлермен, нағыз мамандармен жұмыс істеуге тырысады", – деп түсіндірді Айнара Байжан.
Сондай-ақ, ол Баян Алагөзованың екі мыңыншы жылдардың басынан бері халық назарынан бір сәт те тыс қалмай, үздіксіз жұмыс істеп келе жатқанын ерекше атап өтті. Блогердің пайымдауынша, продюсердің басты ерекшелігі – оның ешкімге ұнауға тырыспайтынында. Дәл осы ішкі еркіндігі мен өзіндік ұстанымы оның көпшілік үшін әрдайым қызықты әрі жұмбақ тұлға болып қалуына септігін тигізіп отыр
"Халық қанша сынаса да, оны бақылауды тоқтатпайтыны – психологиялық құбылыс. Адамда "дофаминдік тәуелділік" болады: жағымсыз жаңалықтар жағымды ақпаратқа қарағанда миға бес есе күштірек әсер етіп, реакция тудырады екен. Сондықтан жұрт "бұл ханым тағы не істер екен, тағы қалай өзгереді?" деп қызығушылық танытады. Баян Мақсатқызы ешкімге ұнауға тырыспайды, тек өзіне ұнайтын іспен айналысады. Оның қоғам үшін қызықты болатыны да содан. Ол туралы жазылған контент пен ол шыққан бағдарламалардың қаралымы өте жоғары, өйткені ол неше жылдан бері үздіксіз экран алдында жүр. Көптеген өнер адамдары бір жарқ етіп шығады да, кейін отбасы жағдайымен немесе басқа себептермен жоқ болып кетеді. Ал бұл кісі 2000 жылдардың басындағы жарнамалар мен телебағдарламалардан бастап, бүгінгі әлеуметтік желілерге дейін халықтың көз алдында. Ол өзі де: "Мен ешқашан жұмыс істеп көрген емеспін, тек сүйікті ісіммен айналысамын", – дейді. Адам өз ісін сүйіп істегенде, айналасы да оған тамсанып немесе сынап болсын, әйтеуір бей-жай қарамайды", – деді Айнара Байжан.
Бұдан бөлек, блогер Баян Мақсатқызының қоғамдық сананы жаңғыртуға қосқан елеулі үлесіне тоқталды. Оның айтуынша, продюсер өзінің батыл қадамдары мен ашық пікірлері арқылы қалыптасқан ескі көзқарастарды өзгертіп, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді.
"Баян Мақсатқызын "әлеуметтік реформатор" деуге негіз бар. Басынан өткен ауыр жағдайдан кейін ол зорлық-зомбылық мәселесін ашық көтеріп, тек сөзбен емес, іспен де көмектесе бастады. Оның зардап шеккен әйелдерге қолдау көрсететін "Клара" қоры – соның айқын дәлелі. Сонымен қатар, ол өзінің еркіндігімен қоғамдағы қасаң қағидаларды бұзып келеді. 50 жастан асса да сахнаға шығуы, өмірге сәби әкелуі – мұның бәрі "ұят болады", "жұрт не дейді?" деген қорқыныштың оның өміріне билік жүргізе алмайтынын көрсетеді. Негізі, жұрттың пікіріне тәуелді болмаған адам ғана нағыз еркіндікке жетеді. Әсіресе, қоғамдағы әйелдер қауымы іштей осындай еркіндікті аңсайды. Олар да Баян сияқты өмір сүргісі келгенімен, бойларындағы "ұят болады" деген қорқыныш пен стереотиптер жібермейді. Ал Баян өзіне еркін болуға рұқсат берді, сол арқылы басқаларға да үміт сыйлағандай болды", – деді блогер.
Айнара Байжанның айтуынша, Баян Алагөзова қандай ауыр сынаққа тап болса да, өзін қайта қалпына келтіре алатын ерекше қажымас қайрат иесі. Продюсердің қырық жастан асқан шағында бағын тауып, елуге келгенде қайта ана атануы – қоғамдағы "бәріне кеш" деген жаңсақ түсінікті тас-талқан етті. Оның бұл қадамы көптеген әйел үшін өмірді кез келген жаста жаңадан бастауға болатынын ұғындырған нағыз мотивацияға айналды.
Камера сыртындағы Баян қандай?"Баян жылдар бойы өз есімін қалыптастыру үшін тер төкті. Продюсерлік жобалары, тележүргізушілік қызметі, ұлттық байқаулары арқылы ол "Баян Мақсатқызы" деген ірі бренд жасады. Енді сол аты оның өзіне жұмыс істеп тұр. Қазір ол қарапайым видео түсірсе де, lifestyle блогер болса да, жұрт қызыға қарайды, өйткені оның абыройы мен салмағы бар. Ол – нағыз мотиватор, себебі оның өмірі – үлкен тәжірибе. Қандай қиындық көрсе де өзін қалпына келтіріп, сұлулығы мен күш-жігерін сақтап қалды. 40 жастан асқанда бақытын тауып, ана атанғаны – көптеген адамдардың "бәрі кеш" деген түсінігін тас-талқан етті. Бұрынғы медиа-империясы, мәселен "КешYOU" тобы бұрынғыдай дүркіреп тұрмағанымен, қазір Баянның өз есімі сол топтың даңқынан да асып түсті. Ол мұны жақсы түсінеді және жеке бренді арқылы жаңа белестерді бағындырып келеді. Баян феноменіне қайта оралсақ, оның ұстанымы әсіресе әйелдер қауымына қатты әсер етеді. Кез келген әйел іштей еркін болғысы келеді: әдемі киінгісі келеді, стереотиптерден аттап өткісі келеді. Бірақ, көбінің оған батылы жетпейді, ал Баян мұны іс жүзінде жасап жүр. Бұл – оның жоспарланған жүрісі емес, табиғаты. Ол сондай еркін болып тәрбиеленген, қазақы "тар шеңбердегі" стереотиптер оның болмысына жат. Сондықтан ол үшін бұл өмір сүру салты болса, біздің қоғамдағы әйелдер үшін – таза ауа сияқты. Ол өзінің іс-әрекетімен қоғамның ең нәзік, ең жабық тақырыптарын ашып берді", – деді Айнара Байжан.
Дизайнер әрі блогер Дәрия Қуатжан Баян Мақсатқызының жетістікке жетуіне кез келген қиындыққа қарамастан алға басуы мен жаңашылдықтан қорықпайтын батылдығы себеп екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, продюсердің бойындағы осы қасиеттер кез келген кедергіні мүмкіндікке айналдырып, үнемі трендте қалуына көмектеседі.
"Баян ханымның кез келген жобасының трендке айналуын тек сәттілік немесе интуиция деп қабылдау қате. Бұл – жылдар бойы жиналған үлкен тәжірибе мен нақты стратегияның жемісі. Негізі, интуиция дегеніміз – адамның кәсіби деңгейі өскенде пайда болатын ішкі сезімталдық. Ол халықтың сұранысын, уақыттың ағымын және аудиторияның талғамын дөп басады. Бірақ, әр жобаның тасасында орасан еңбек, темірдей тәртіп, командамен үйлесімді жұмыс және батыл тәуекел тұрғанын ұмытпауымыз керек. Меніңше, оның табыс формуласы – мақсатқа адалдық, жаңашылдықтан қорықпау және қиындыққа қарамастан алға басу. Өз күшімен биікке шыққан адам үшін жетістік ешқашан кездейсоқ келмейді", – деді Дәрия Қуатжан.
Бұдан бөлек, дизайнер Баян Алагөзованың камера сыртындағы шынайы болмысына тоқталды. Айта кетсек, Дәрия Қуатжан – 2025 жылы Баян Алагөзова ұйымдастырған "Қазақ аруы" байқауының жеңімпазы. Өз тәжірибесіне сүйене отырып, ол продюсердің іс барысындағы жинақылығы мен кәсіби талапшылдығын ерекше атап өтті.
"Камера сыртында Баян ханым – түсінігі мол, сөзі нақты және талапшыл тұлға. Ол тәртіпті сүйетін, әр минутты бағалайтын адам ретінде танымал. Осындай биік деңгейге жеткен жандардың басты қасиеті – жоғары жауапкершілік пен жүйелілік. Жұмыс барысында эмоцияға бой алдырмай, нәтижеге баса мән береді. Оның талапшылдығы – сапалы өнім шығарудың басты кепілі", – деді сәнгер.
Сонымен қатар, ол Баян Алагөзованың киім киіну стиліне талдау жасап, продюсердің өзіне тән талғамына тоқталды. Оның айтуынша, Баянның басты ерекшелігі – өз образын артық детальдармен ауырлатпай, әр элементтің үйлесімін дәл таба білуінде.
"Баян ханымның стиліне тән басты ерекшелік – жоғары талғам мен ұсақ детальдарды шебер үйлестіру. Оның образындағы аксессуарлар, көзәйнектер, ерекше принттер мен киім үлгілері әрқашан мұқият ойластырылған. Ең бастысы – ол бейнесін ауырлатпай, әр элементтің өзара үйлесім табуын қадағалайды. Оның стилі бірден танылады, себебі ол әрдайым өзіндік қайталанбас қолтаңбасын сақтай біледі", – деп түсіндірді Дәрия Қуатжан.
Оқи отырыңыз: Дана Қарағұсова. Ғарышқа алғашқы болып ұшатын қазақ қызы кім