Мазақ болған Майлин мүсіні: Астанада ескерткіштердің күтіміне кім жауап береді

22.06.2026

По информации сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.

Елордадағы "Үш Арыс" ескерткішіне қатысты болған оқиға қоғамда қызу талқыға түсті. Бейімбет Майлиннің мүсініне шығып суретке түскен бойжеткеннің әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырып, іс сотқа дейін жетті. Осы жағдайдан кейін жұрт арасында "Ескерткіштерге кім жауап береді?", "Оларды кім күтіп ұстайды?", "Бүлінсе кім жөндейді?" деген сұрақтар қайта көтерілді.

  Елордада қанша ескерткіш бар?

Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасының мәліметінше, қала аумағында республикалық, жергілікті маңызы бар және алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра объектілерін қоса алғанда барлығы 64 ескерткіш тіркелген.

Олардың ішінде:

43-і – жергілікті маңызы бар ескерткіштер; 18-і – алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени нысандар.

Бұл қатарға тарихи тұлғаларға арналған монументтер, мемориалдық кешендер мен өзге де мәдени мұра нысандары кіреді.

Ескерткіштерге кім жауапты?

Мәдениет басқармасының жауабына сәйкес, қала аумағындағы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, сақтау және олардың жай-күйін мониторингтеу Астана қаласы әкімдігінің "Бірлескен мұражайлар дирекциясы" МКҚК құзыретіне жатады.

Ведомство мәліметінше, ескерткіштерді күтіп ұстау жұмыстары бекітілген жылдық жоспарға сәйкес жүргізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстарға дирекцияның Тарихи-мәдени мұраны сақтау бөлімі жауапты.

Яғни, ескерткіштердің жай-күйін бақылау, оларды күтіп ұстау жұмыстарын жоспарлау және мониторинг жүргізу осы мекеменің міндетіне кіреді.

Алайда күтім жұмыстарының барлығы мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің күшімен атқарылмайды.

Қанша ақша бөлінеді?

Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметке сәйкес, 2026 жылдың сәуір айында "Бірлескен мұражайлар дирекциясы" монументалды ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұра объектілеріне қызмет көрсету және оларды ағымдағы күтіп ұстау қызметі үшін "AMN GROUP" ЖШС-мен келісімшарт жасаған. 

Шарттың жалпы құны – 102 659 998,84 теңге. Оның 14 159 999,84 теңгесі қосылған құн салығы ретінде көрсетілген.

Келісімге сәйкес, мердігер ұйым 2026 жылдың соңына дейін монументалды ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің күтіміне және тазалығына жауап береді. 

Осылайша, ескерткіштердің сақталуына жалпы жауапкершілік "Бірлескен мұражайлар дирекциясына" жүктелсе, күнделікті күтім мен тазалық жұмыстары мердігер ұйым арқылы жүзеге асырылады.

Ескерткіш бүлінсе не болады?

Әкімдік мәліметінше, ескерткіштерге зақым келтіру немесе вандализм фактілері тіркелген жағдайда "Бірлескен мұражайлар дирекциясы" құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізеді.

Мұндай жағдайда:

нысан тексеріліп, тиісті акт жасалады; қажет болған жағдайда қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылады; кінәлі тұлғаларды анықтау және оларды жауапкершілікке тарту шаралары қабылданады.

Яғни, мәдени мұра объектілеріне қатысты кез келген құқық бұзушылық тек әкімдік деңгейінде ғана емес, құқық қорғау органдарының қатысуымен қаралады.

Вандалдар қалай жазаланады?

Қазақстан заңнамасында тарихи және мәдени мұра нысандарын қорғауға қатысты талаптар нақты белгіленген.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, мемлекет қорғайтын тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау мен пайдалану қағидаларын бұзған жеке тұлғаларға 21 625 теңге (5 АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Лауазымды тұлғалар үшін бұл сома 43 250 теңгені (10 АЕК) құрайды.

Ал кәмелет жасына толмағандар ескерткіштерді немесе басқа да қоғамдық маңызы бар нысандарды қорлап, оларға жазу жазып, сурет салып немесе қоғамдық имандылыққа қайшы келетін өзге де әрекеттер жасаса, жауапкершілік олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі. Мұндай жағдайда 64 875 теңге (15 АЕК) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Сонымен қатар ескерткіштерді қасақана жоймақ болған немесе бүлдіруге тырысқан адамдар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Мұндай әрекеттерге 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Для получения более подробной информации и свежих новостей, следите за обновлениями на Qazaq24.com.
Читать полностью