Как передает Qazaq24.com со ссылкой на сайт Informburo.KZ.
Қазақстанда сәуірдің келуімен бірге заңнамалық және әлеуметтік салаларда бірнеше маңызды өзгеріс күшіне енеді. Еліміздің қаржы секторындағы несие беру саясатынан бастап, өскелең ұрпақтың қауіпсіз демалысы мен сапалы біліміне дейінгі өзекті мәселелер енді жаңа құқықтық шеңберде реттелмек. Мемлекеттік қызметке іріктеудің цифрлық форматқа көшуі мен коммуналдық тарифтер төңірегіндегі түйткілдер де осы айдың басты күн тәртібіне шығады. Осы орайда, 1 сәуірден бастап күшіне енетін басты өзгерістер мен назар аударуды қажет ететін негізгі жаңалықтарды назарларыңызға ұсынамыз.
Фото ЖИ көмегімен жасалды Коммуналдық тарифтер: Сәуірден бастап мораторий мерзімі аяқталадыБиылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда өткен жылдың қазан айында енгізілген коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне қойылған мораторий өз күшін жояды. Бұл өзгеріс жақын айларда жарық, жылу және су үшін төленетін түбіртектердің қымбаттауына алып келмек. Экономистердің болжамы бойынша, қазақстандықтар жылу мен электр энергиясы бағасының орташа есеппен 5-10 пайызға өсуін күтуі керек. Сарапшылар тарифтердің сәуірдің алғашқы күнінен бастап бірден және жаппай көтерілмейтінін, бұл процестің инфляция деңгейіне (9-12%) байланысты болатынын жеткізді. Яғни әрбір жеткізуші компания өз есептерін ұсынады, ал түпкілікті шешімді мемлекет бекітеді. Сондай-ақ мамандар қосымша құн салығының 16 пайызға дейін артуы мен геосаяси жағдайлардың инфляцияға әсері монополистердің шығындарын арттырып отырғанын атап өтті.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарифтердің тек қажеттілікке қарай және әр өтінімді жеке қарау арқылы қайта қаралатынын мәлімдеді. Түбіртектегі соманың өзгеруіне отын мен газдың қымбаттауы, инженерлік желілердің тозуы, жұмысшылардың жалақысын көтеру және салық мөлшерлемелерінің өсуі тікелей әсер етеді. Комитет төрағасы Тимур Қосымбаевтың есептеуінше, 2026 жылы өсім 20-30 пайызды құрауы мүмкін, бұл пәтер иелері үшін айына қосымша 3 мыңнан 7 мың теңгеге дейін артық төлем деген сөз.
Үкімет басшылығы бұл мәселеге қатысты үрейге бой алдырмауға шақырып отыр. Вице-премьер Қанат Бозымбаев еліміздегі 224 коммуналдық кәсіпорынның жағдайы әртүрлі екенін, сондықтан тарифтердің 1 сәуірден бастап бір сәтте көтерілмейтінін айтты. Оның түсіндіруінше, өзгерістер тек аса қажет жерлерде ғана енгізіледі. Ал Премьер-министр Олжас Бектенов бұл қадамның тозығы жеткен инфрақұрылымды сақтап қалу үшін жасалған мәжбүрлі шара екенін, үйлерде жылу, су мен жарықтың тұрақты болуы үшін тарифтерді көтеруден басқа жол жоқтығын қадап айтты.
Сәуірден бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесі цифрлық форматқа көшедіЕлімізде мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа тәртібі енгізіліп, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап ресми түрде күшіне енеді. Басты өзгеріс – мемлекеттік лауазымға орналасуға арналған конкурс кезеңдерінің айтарлықтай қысқаруы мен процестің толықтай онлайн форматқа ауысуында болып отыр. Енді үміткерлер конкурсқа қатысу үшін мемлекеттік тілді білу, қолданыстағы заңнаманы меңгеру және жеке қасиеттерін бағалау бойынша міндетті тестілеуден өтуі тиіс. Бұл сынақтардың оң нәтижесі бір жыл бойы жарамды болып саналады, яғни азаматтар осы уақыт аралығында басқа да әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға арналған конкурстарға қайта тест тапсырмай-ақ қатыса алады. Тестілеу бағдарламасына ҚР Конституциясы, "Мемлекеттік қызмет туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңдар мен мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі бойынша сұрақтар енгізілген. Бұдан бөлек, конкурс барысында басшылық лауазымдарға үміткерлер үшін эссе жазу кезеңі қарастырылған, сондай-ақ барлық үміткер конкурстық комиссиямен әңгімелесу немесе практикалық бағалау кезеңдерінен өтеді. Жаңа ереже бойынша конкурстарға өтінімдерді қабылдау мерзімі небәрі екі жұмыс күнін құрайды және келесі кезеңге жеке қасиеттерін бағалау нәтижесі бойынша ең жоғары балл жинаған бес кандидаттан артық емес адам ғана жіберіледі. Сала мамандары бұл цифрлық форматты уақыт талабы әрі азаматтар үшін жаңа мүмкіндік деп бағалап отыр, себебі арнайы онлайн платформа арқылы өтінім беруден бастап, құжаттарды жүктеу мен барлық іріктеу кезеңдерінен өтуге жағдай жасалған. Мұндай тәсіл адами фактордың ықпалын барынша азайтуға септігін тигізіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді, сонымен қатар жүйенің 24/7 режимінде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Оқи отырыңыз: Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы Конституциялық заң қабылданды
Қаржы нарығындағы шектеулер: 1 сәуірден бастап несие алу қиындайдыҚазақстанның банк секторы мен микроқаржы ұйымдарs үшін сәуір айы жаңа талаптар мен қатаң бақылау кезеңі болмақ. Бөлшек несие беру бойынша капиталға қойылатын жаңа талаптар банктерді несие саясатына анағұрлым абайлап қарауға мәжбүрлейді. Бұл өзгеріс әсіресе бұрын төлемі кешіктірілген немесе қарыз жүктемесі жоғары азаматтарға тікелей әсер етеді – енді мұндай клиенттерге несие мақұлдау мүмкіндігі айтарлықтай төмендейді. Сонымен қатар, микроқаржы ұйымдары үшін жылдық шекті мөлшерлеме 40 пайызға дейін төмендетілді, бұл микронесиелердің бір бөлігін тиімсіз етіп, нарықтағы шағын ұйымдардың санын азайтуы мүмкін.
1 сәуірде екінші деңгейлі банктер үшін минималды резервтік талаптарды арттырудың екінші кезеңі басталады. Енді банктер теңгедегі міндеттемелері бойынша – 5 пайызға дейін, ал валюталық міндеттемелері бойынша – 15 пайызға дейін қаражатты қорда сақтауға міндетті. Бұл банктердің еркін айналымдағы ақшасының азаюына және белсенді несие беру мүмкіндігінің шектелуіне алып келеді. Осы бағыттағы реформалардың соңғы, үшінші кезеңі қыркүйек айына жоспарланған. Сондықтан қаржы мамандары азаматтарға несиелік міндеттемелерге жауапкершілікпен қарап, қарыз алуды алдын ала мұқият жоспарлауға кеңес береді.
Салық төлейтін соңғы күнҚазақстандық автокөлік иелері мен кәсіпкерлер үшін алдағы 1 сәуір – маңызды салықтық дедлайн күні. Елімізде 2025 жыл үшін көлік салығын төлеудің соңғы мерзімі аяқталуға жақын. Бұл күні салықты уақытылы өтемеген жағдайда, келесі күннен бастап берешек сомасына өсімпұл есептеле бастайды. Салық мөлшері көліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты және 2025 жылы бекітілген 3692 теңгелік АЕК көрсеткіші бойынша есептеледі. Әрбір азамат өзінің төлейтін сомасын Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы онлайн-калькулятор арқылы алдын ала тексере алады.
Сонымен қатар, 1 сәуір – кәсіпкерлер үшін жарияланған салықтық амнистияның аяқталатын күні. Бұл жиналып қалған берешегі бар бизнес иелері үшін айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешірудің соңғы мүмкіндігі. Ереже бойынша, егер кәсіпкер осы мерзімге дейін негізгі қарызын толық өтесе, оның барлық жиналған өсімпұлы автоматты түрде жойылады. Осы күннен кейін жеңілдік өз күшін жойып, қарызды толық көлемде төлеуге тура келеді.
Болашақта көлік иелері үшін жағымды жаңалықтар да қарастырылған. 2026 жылдан бастап ескі көліктерге қатысты төмендеткіш коэффициенттер енеді: 10 жылдан 20 жылға дейінгі көліктер үшін 0,7, ал 20 жылдан асқан көліктер үшін 0,5 коэффициенті қолданылады. Алайда бұл өзгеріс тек 2026 жылдың салығына қатысты болғандықтан, жүргізушілер оның пайдасын 2027 жылы төлем жасағанда ғана сезіне алады.
5. Салық есептілігін қабылдау жүйесі өзгередіҚазақстанда салық есептілігін тапсыру процесінде маңызды техникалық өзгерістер болады. Мемлекеттік кірістер комитеті СОНО жүйесінде бірнеше салық декларацияларының ескі нысандарын қабылдауды тоқтатты. Атап айтқанда, 26 наурыздан бастап жеке табыс салығы, қосымша құн салығы, акциз және оңайлатылған декларация (910.00 нысаны) бойынша ескі үлгідегі құжаттарды жүйе қабылдамайды.
Бұл шектеулер алдағы уақытта тағы да кеңейтілмек. 2 сәуірден бастап олардың қатарына жеке табыс салығы бойынша 220.00 нысаны, сондай-ақ көлік, жер және мүлік салығына қатысты 700.00 нысанындағы декларациялар қосылады. Осыған байланысты, салық мамандары мен кәсіпкерлерге есептілікті кешіктірмей, жаңартылған сервистер мен нысандарға алдын ала көшу ұсынылады. Бұл техникалық іркілістердің алдын алуға және салықтық міндеттемелерді уақытылы орындауға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы қаражатын басқарушы компанияға беру: Аймағамбетов түзетулерді түсіндірді
Балалардың демалысы мен білімі бақылауға алынады: 1 сәуірден бастап жаңа лицензиялау тәртібі енедіҚазақстанда балаларға сауықтыру және білім беру қызметтерін көрсететін барлық ұйым үшін жаңа талаптар күшіне енеді. 1 сәуірден бастап мұндай мекемелер арнайы мемлекеттік лицензия алуға міндетті. Бұл талаптар тек оқу бағдарламаларына емес, сонымен қатар педагогтардың біліктілігіне, балалардың тамақтану сапасына, медициналық қызмет көрсету деңгейіне және жалпы қауіпсіздік шараларына қатаң түрде қойылады.
Жаңа ережеге сәйкес, тиісті тексеруден өткен ұйымдарға лицензия 5 жыл мерзімге беріледі. Бұл қадам балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында жасалып отыр. Сондықтан алдағы жазғы маусымда баланы лагерьге немесе қосымша білім беру орталықтарына жіберуді жоспарлаған ата-аналарға мекеменің рұқсат құжаттарының бар-жоғын алдын ала тексеру ұсынылады. Лицензияның болмауы ұйымның заңсыз жұмыс істеп жатқанын және бала қауіпсіздігіне кепілдік бермейтінін білдіреді.
Бірінші сыныпқа қабылдау: Жаңа оқу жылына дайындықҚазақстанның барлық мектебінде 1 сәуірден бастап бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау науқаны ресми түрде басталады. Бұл процесс толықтай цифрландырылған және ата-аналардың уақытын үнемдеуге бағытталған. Құжаттарды қабылдау eGov.kz порталы немесе eBalyq жүйесі арқылы электронды түрде жүзеге асады. Қабылдау процесінде "3+1" принципі сақталады (үш өтініш – мектептің қызмет көрсету аймағы бойынша, бір өтініш – басқа аймақтан). Қажетті құжаттар: Баланың туу туралы куәлігі, денсаулық жағдайы туралы №065/у және №026/у-3 нысанындағы анықтамалар, сондай-ақ баланың 3х4 көлеміндегі екі фотосуреті қажет. Құжат қабылдау науқаны 1 тамызға дейін жалғасады. Дегенмен, мамандар таңдаған мектепте орынның болуы үшін құжаттарды сәуір айында тапсыруға кеңес береді. 2026 жылы мектеп табалдырығын 400 мыңнан астам бүлдіршін аттайды деп күтілуде.
Жұмыспен қамтудағы жаңа белес: 1 сәуірден бастап бақылау күшейіп, жасанды интеллект іске қосыладыҚазақстанда еңбек нарығы мен мемлекеттік гранттардың жұмсалуын бақылаудың жаңа жүйесі енгізілмек. 1 сәуірден бастап жұмыс орындарын субсидиялауға қатысты сараланған тәсіл қолданысқа енеді. Бұл өзгеріс жұмыс берушінің меншік нысанына байланысты жүзеге асырылады және мемлекеттік бағдарламаларға "формалды" қатысуды, яғни жасанды жұмыс орындарын жасақтауды болдырмауға бағытталған. Әсіресе, мемлекеттік бизнес-гранттарды иеленгендер үшін екі деңгейлі цифрлық мониторинг жүйесі іске қосылады. Бірінші деңгей қаржының мақсатты жұмсалуын қадағаласа, екінші деңгей жобаның ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен азаматтардың нақты жұмыспен қамтылуын бақылайды.
Сонымен қатар, сәуір айынан бастап жұмыспен қамту саласында заманауи жасанды интеллект сервисі ресми түрде жұмысын бастайды. Жаңа жүйе әрбір азаматтың "цифрлық профилін" жасақтап, оның біліктілігі мен тәжірибесіне сәйкес келетін бос жұмыс орындарын, қайта даярлау курстарын немесе субсидияланатын жұмыс орындарын автоматты түрде іріктеп береді. Бұл ретте қолайлы ұсыныстар мен хабарламалар тікелей eGov Mobile қосымшасына жіберіледі. Бұл қадам жұмыс іздеу процесін жеңілдетіп қана қоймай, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк ескі 10 000 теңгенің айналымдағы мерзімін бір жылға ұзартты
Теміржол қатынасындағы жаңа дәуір: Сәуір айында Stadler вагондары алғашқы рейске шықпақҚазақстанда жолаушылар тасымалы саласында маңызды техникалық жаңару күтілуде. Сәуір айынан бастап еліміздің теміржол бағыттарына алғашқы заманауи Stadler жолаушылар вагондары шығады деп жоспарланған. Бұл жаңа құрамдар біртіндеп қолданыстағы "Тальго" пойыздарының орнын басатын болады. Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта "Қазақстан темір жолы" мен өндіруші компания арасындағы соңғы техникалық мәселелер пысықталуда, алайда негізгі бағдар – дәл осы сәуір айы.
Бұл ауқымды жобаның басы ғана, себебі 2026 жылдың соңына дейін еліміздің теміржол паркін 191 жаңа вагонмен толықтыру көзделген. Stadler вагондары халықаралық жайлылық пен қауіпсіздік стандарттарына сай жасалған, бұл алыс қашықтыққа қатынайтын жолаушылар үшін сапардың сапасын жаңа деңгейге көтереді. Жаңа вагондардың техникалық мүмкіндіктері Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген және заманауи сервис жүйелерімен жабдықталған.