Өскеменде Жеңіс күніне орай салтанатты жиын өтті

09.05.2026

Как передает Qazaq24.com со ссылкой на сайт Newtimes.KZ.

Бүгінгі Жеңіс күнінде Өскеменнің Ертіс пен Үлбі өзендері тоғысқан тұсында орналасқан «Даңқ» мемориалы алаңында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты митинг ұйымдастырылып, шығысқазақстандық майдангерлерді еске алу рәсімі өтті.

Ерлік пен елдікке тағзым жасалған тағылымды шараға ардагерлердің ұрпақтары, тыл еңбеккерлері мен өңір халқы жиналды.

Таң шапағы серпіліп, күн сәулесі айналаға молынан төгілген сәтте мемориал алаңын мұңлы әуен тербеп, әйгілі «День Победы» әнінің әуезі әуеледі.

Алаңға жиналған өскемендіктер мен қала қонақтары Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің тарихи маңызын тебіреніспен еске алып, майдан даласында қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым жасады.

Отан үшін жанын қиған жерлес батырлардың ерлігі туралы үздіксіз естеліктер айтылды. Себебі, бейбіт өмірдің бағасын ұғындырған батырлар есімі ешқашан ұмытылмайды.

Мерекелік бағдарлама аясында жас ақындар мен өнерпаздар патриоттық өлеңдер оқып, көркем композициялар ұсынды.

Салтанатты митингте сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жанқияр ерлік пен өр рухтың Ұлы Жеңісімен өрілген тарих — Отан үшін от кешкен батырлардың қайсарлығымен мәңгілікке жазылғанын атап өтті.

«Халқымыз ежелден «Ел үмітін ер ақтар, ел атағын ел сақтар» деп, Отанын қорғаған азаматтарын ерекше құрметтеген. Ұлы Жеңіспен өрілген тарихымыз — Отан үшін от кешкен батырларымыздың ерлігімен мәңгілікке жазылды. Сол себепті елдік жолында күрескен жауынгерлер мен тыл еңбеккерлері әрқашан ұлықтауға лайық. Ардагерлердің ерлігі — кейінгі ұрпаққа мәңгі үлгі. Жас ұрпақ ата-бабаларымыздың қаһармандығы мен қайсарлығын әрдайым есте сақтап, соларға қарап бой түзейді. Біз есімдері тарих бетінде алтын әріппен жазылған аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды! Ерлік даңқы ешқашан өшпейді! Ұлы Жеңіс мерекесінде біз Отан соғысының от-жалынында қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етіп, бас иеміз!» — деді аймақ басшысы.

Өкінішке орай, жыл сайын есімдері ел тарихында алтын әріппен жазылған ардагерлердің қатары сиреп келеді. Бүгінде Шығыс Қазақстанда Жеңіс мерекесін Ұлы Отан соғысының 6 ардагері және үш мыңнан астам тыл еңбеккері қарсы алып отыр.

Оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.

«Бұл — біздің парызымыз әрі қасиетті міндетіміз. Құрметті ардагерлер! Сіздер — жеңімпаздар ұрпағысыздар. Сіздер — батылдықтың, төзімділіктің, отансүйгіштіктің жарқын үлгісісіздер. Сіздер — біздің мақтанышымыз, тірі тарихымыз. Сіздерге бас иіп, шексіз алғыс айтамыз! Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығын, жақындарыңыздың қамқорлығы мен ыстық ықыласын тілеймін. Бұл күн — бейбітшіліктің қадірін ұғындыратын, татулық пен бірліктің маңызын еске салатын мереке. Елімізде әрдайым тыныштық орнап, аспанымыз ашық болсын! Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! — деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі — бір минут үнсіздік жарияланған мезет болды. Мемориал алаңында метроном үні жаңғырып, жиналған жұрт майданнан оралмаған шығысқазақстандық жауынгерлерді көздеріне жас ала отырып, үнсіз еске алды.

Келесі ретте оркестрдің сүйемелдеуімен Даңқ мемориалындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Тағылымдық мәні зор тағзым ету шарасы — Ұлы Жеңістің тарихи маңызын жас ұрпақ санасына мықтап сіңіріп, ел қорғаған ерлердің есімін ұлықтауға бағытталған маңызды рухани мереке.

«Әкем — Түйебаев Ауқатай 1941 жылы соғысқа аттанып, 1944 жылы елге оралды. Курск доғасы шайқасына қатысқан. Соғыста екі көзінен айырылды. Ол кісілер бастан кешкен қиындықтарын біз, ұрпағымыз көрмесін. Қазақстанымызға тыныштық, халқымызға амандық берсін! Соғысқа қатысқан барлық ардагерлерді құттықтаймын. Дендері сау болсын, аман-есен ұрпақтарының ортасында жүрсін. 9 мамыр — Жеңіс күні құтты болсын!», — деді Күршім ауданының тумасы Бәтиза Ауқатайқызы.

Бүгінгі мерекелік іс-шаралар облыс аумағында жалғасуда.

Өскеменде тұрғындар түрлі мәдени-спорттық шараларға қатысып, сағат 18.00-де жалғасын табатын 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнін мерекелеуге арналған театрландырылған қойылымдар мен мерекелік концертті тамашалай алады.

Бұдан бөлек жылдағы дәстүр бойынша кешкі сағат 19.00-де өтетін дәстүрлі «Өз шырағыңды жақ!» жастар-патриоттық акциясы ұйымдастырылады.

Ал Жеңістің 81 көктемінің тамылжыған түнінде, сағат 21.00-де ерке Ертістің үстінен Өскеменнің аспанын мың-саң шапаққа бөлеп, бейбіт өмірді әйгілеген мерекелік отшашу болады.

Айта кетейік, бүгін Шығыс Қазақстанның барлық қалалары мен аудандарында Жеңістің 81 жылдығына арналған құрмет пен тағзым шаралары салтанатты түрде өткізілуде.

Фото: ШҚО әкімдігі

Следите за обновлениями и свежими новостями на Qazaq24.com, где мы продолжаем следить за ситуацией и публиковать самую актуальную информацию.
Читать полностью