Как передает Qazaq24.com со ссылкой на сайт Informburo.KZ.
Қазақстандық көрермендерге жол тартқан "Сен болмасаң" телехикаясы – отандық экрандағы ең басты отбасылық комедиялық премьералардың біріне айналды. 12 бөлімнен тұратын бұл туындыда басты рөлді белгілі актер әрі юморист Қайрат Әділгерей мен оның жұбайы Бақыт Тұрман сомдады. Сюжет желісі бойынша 41 жастағы Ерлан мұғалім болып жұмыс істейді, ата-анасының үйінде отбасымен тұрады және актерлік кастингтерге қатысып жүріп, бір күні бәріне "жағымды" болудан шаршайды. Отбасылық тартыстар, үлкендердің ақылы, жасөспірімдердің мәселелері, блогерлік пен сахнаға деген арман бұл хикаяны әрбір қазақстандық шаңыраққа жақын әрі таныс етеді.
"Сен болмасаң" телехикаясы – отбасы мектебінің құндылықтарын дәріптеп, жанарында жалын бар әр жанның арманына жетуге қанат бітіретін туынды. Қайрат Әділгерей мен Бақыт Тұрман, Қадырғазы Қуандықов, Райхан Қалиолдина, Қуатжан Базарбаев сынды танымал жандар мен үздік актерлерден құралған ұжым түрлі тақырыпты астарлы әзіл, қағытпа қалжың арқылы жеткізбек.
Телехикаяның идеясы мен оның отандық ситком жанрындағы орны туралы жобаның басты кейіпкері Қайрат Әділгерей өз ойын бөлісті. Актер бұл бастаманың қалай өмірге келгенін және түсірілім тобының атқарған зор еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл ситком отандық телекеңістікте ұзақ үзілістен кейін қайта жанданған бірегей жоба болып отыр.
Фото: видеодан скриншот"Осыдан тура бір жыл бұрын дәл осы сәтте біз Бақыт екеуіміз отбасылық блог жүргізуді қолға алған едік. Жұмыс барысында әртүрлі трендті бағындырып, қызықты бейнеконтенттер ұсындық. Кезекті бір сәтте "31 арнаның" басшысы Айгүл Ақсамбаева ханым: "Бейнеблогты сериалға айналдырсақ қалай қарайсыздар?" – деген пайымды ұсыныс тастады. Жылы бастаманы біз де зор қуанышпен қабыл алдық. Түсірілім жұмыстары жаз бойы, яғни тұтас бір айға созылды. Жоба аясында дарынды сценаристер мен шебер актерлардан құралған өте ұйымшыл ұжым аянбай еңбек етті. Бұл туынды көрерменнің көңіл төрінен орын алады деген сенімдеміз. Өйткені елімізде соңғы 13-14 жыл көлемінде мұндай ситком форматы түсіріле қоймаған еді. Арна ұжымы осы бағытқа қайта жан бітіріп, жаңа дем беріп отыр", – деді Қайрат Әділгерей.
Оқи отырыңыз: Жаңа күзгі маусым: 31 арна көрермендерін немен таң қалдырады
Қайрат Әділгерей жұбайының үлкен кинодағы қадамына сәттілік тілеп, телехикаяның көрерменге берер тағылымы мол екенін жеткізді. Актердің айтуынша, авторлар әзіл мен астарлы ойды шебер ұштастыра білген.
"Сонымен қатар, бұл жоба – Бақыттың үлкен кино әлеміндегі алғашқы қадамы әрі айтулы дебюті. Осы орайда оны шын жүректен құттықтағым келеді. Бастамамыз баянды, қадамымыз сәтті боларына сенімім мол. Әлеуметтік желі арқылы бізді танып, жанашыр болған көрермендердің бұл туындыдан кейін де ыстық ықыласы артып, артқан үміті ақталады деп үміттенеміз. Бұған қоса, "31 арна" басшылығының осы сериал арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді арқау еткенін айта кеткен абзал. Жанры комедия болғандықтан, кез келген түйткілді тақырып жеңіл әрі әзіл-оспақ арқылы шебер жеткізіледі. Туындыда отбасылық құндылықтар, ене мен келін, әке мен бала, ана мен перзент арасындағы шынайы қарым-қатынастар кеңінен қамтылған. Шаңырақтағы үлкендердің өнегелі орны мен жанұялық басымдықтардың қандай болу керектігі де жан-жақты өрнектеледі. Барша көрермен қауымды "31 арнадан" әр сенбі сайын "Сен болмасаң" сериалын тамашалауға шақырамыз. Туындыны тамашалап, әділ бағаларыңызды беріңіздер, бұл біз үшін айырықша маңызды!" – деді Қайрат Әділгерей.
Жобада басты кейіпкерлердің бірін сомдаған Бақыт Тұрман үшін бұл түсірілім ерекше сынақ әрі жаңа белес болды. Кино әлеміне алғаш қадам басқанына қарамастан, ол өз жауапкершілігін терең сезінген. Жас актриса көрерменге шынайы әрі жылы эмоционалды көңіл-күй сыйлауға бар күшін салғанын айтады.
"Әрине, мен үшін бұл – мүлде жаңа әлем әрі ерекше сезім. Дегенмен, түсірілім күндерін үлкен жауапкершілікпен өткіздім. Өйткені бұл комедия болсын немесе басқа жанр болсын – қай-қайсысы да ерекше дайындықты талап ететін жауапты іс. Ситком жеңіл комедия бағытында түсірілгенімен, онда отбасылық құндылықтар мен отбасындағы қызықты сәттер кеңінен көрініс табады. Сондықтан бұл туынды бұқараның көңілінен шығады деп ойлаймын. Өз тарапымнан бар шеберлігімді салуға тырыстым", – деді Бақыт Тұрман.
Отандық экрандағы комедияның басты рөлі – көрерменге қуаныш сыйлау екенін алға тартқан продюсер Әсел Тоянова жобаның басты ерекшелігін атап өтті. Шынайы өмірдегі жарасымды жұбайлардың экрандағы бейнесі көрерменді баурап алатынына сенімді.
"Отандық телеэкрандағы комедиялық сериалдардың басты мұраты – көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жүрегіне жылу ұялату. Қауымды күнделікті күйбең тіршіліктен шаршағанын уақытша болсын ұмыттырып, тым құрығанда бір сағат бойы ізгі де позитивті ойларға жетелесек, сергітіп алсақ деген игі ниетпен осы туындыны жарыққа шығардық. Бұл жобаның өзге комедиялардан дараланатын басты ерекшелігі – оның соны да бірегей концепциясында. Мұндай идея Қазақстан телекеңістігінде бұрын-соңды болған емес. Туындыдағы басты рөлдерді Қайрат Әділгерей мен оның жұбайы Бақыт Тұрман сомдайды. Екеуі үшін де бұл – үлкен кино әлеміндегі алғашқы қадамдары әрі айтулы дебюттері. Жобаның басты тартымдылығы да осында жатыр. Олар әлеуметтік желіде жарасымды да өнегелі отбасы ретінде танылғандықтан, негізгі межеміз де көрерменнің көңіл төрінен орын алу болды", – деді продюсер Әсел Тоянова.
Продюсердің айтуынша, телеарна басшылығының қолдауы мен актерлар құрамының кәсібилігі жобаның табысты жүзеге асуына негіз болды. Әсел Тоянова Бақыт Тұрманның актерлік әлеуеті мен берілген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындағанына ерекше ризашылық білдірді. Бұл шығармашылық синергия жоба сапасын арттыра түсті.
Фото: видеодан скриншот"Игі бастама "31 арнаның" бас директоры Айгүл Ақсамбаеваның ұсынысымен өмірге келді. Ол кісі арнайы шақырып, жобаны егжей-тегжейлі талқылағаннан кейін сценарий жазылып, туындыны толығымен комедия бағытында түсіруге байлам жасадық. Ал Бақытпен бірлесе жұмыс істеу барысында ешқандай қиындық туындаған жоқ. Өйткені ол – кәсіби білімі терең, өз ісінің нағыз білікті маманы. Жолдасы алдына қойылған мақсаттар мен режиссерлік тапсырмаларды өте жоғары деңгейде, үздік бағаға орындап шықты", – деді Әсел Тоянова.
Режиссер Самат Сыржан түсірілім алаңындағы атмосфера мен басты кейіпкерлердің табиғи ойынына жоғары баға берді. Оның айтуынша, басты рөлдегі актерлардың өмірдегі жарасымдылығы сюжеттің шынайы әрі жеңіл қабылдануына септігін тигізді. Бақыт Тұрманның кәсіби дайындығы режиссерлік топты сүйсіндірмей қоймады.
Оқи отырыңыз: "Қоғамда ерлердің басындағы дағдарыс туралы айтылмайды". Драмеди жанрындағы "14 күн" фильмі не туралы
"Түсірілім жұмыстары өте көңілді де әсерлі өтті. Сериалдың жанры комедия болғандықтан, жұмыс басталмас бұрын шығармашылық ұжыммен жиналып, жобаны шынайы қуаныш пен жеңіл атмосферада түсіруге уағдаластық. Нәтижесінде түсірілім алаңындағы көңіл-күй дәл біз межелегендей ерекше әрі қарқынды болды. Маған жобаның өзекті идеясы мен оның орындалу барысы қатты ұнады. Әсіресе, басты рөлдерді сомдаған Қайрат Әділгерей мен Бақыт Тұрманның актерлік шеберлігі сүйсіндірді. Мен бұған дейін де бұл өнер иелерімен бірге жұмыс істегенмін. Олардың отбасылық әзілдерін, өзара сыйластығы мен жарасымды қарым-қатынасын бұрыннан жақсы білемін. Соның арқасында кейіпкерлерді сомдау олар үшін өте жеңіл әрі шынайы шықты. Себебі олар өмірде де дәл сондай ұйымшыл әрі шуақты отбасы. Бақыт – бұл салада алғаш рет бағын сынап жатқанымен, өне бойы өнерге тұнып тұрған кәсіби әнші. Тіпті жас өнерпаздарға шеберлік сабақтарын да береді. Сондықтан камера алдында өзін еркін ұстап, тосылмау сияқты сирек қасиеттердің бәрі оның бойында бар, тек бұрын-соңды кинода кәсіби тәжірибесі болмаған еді. Соған қарамастан, ол бұл рөлді өте шебер ойнап шықты. Мен үшін мұндай актерлармен әріптес болу – үлкен ләззат", – деді режиссер Самат Сыржан.
Түсірілімнің техникалық ұйымдастырылуы мен уақыт межесі де өз деңгейінде орындалды. Түсірілім жұмыстары жастардан құралған ұжымның арқасында өте қарқынды әрі нәтижелі аяқталды. Жоспарланған уақыттан бұрын аяқталған бұл жұмыс сапалы туындының өмірге келуіне жол ашты.
"Түсірілім жұмыстары толығымен Алматы қаласында өтіп, тұтастай 17 күнге созылды. Сюжет желісі бойынша Қайрат Әділгерей мектепте мұғалім болып еңбек етеді, ал Бақыт ханым үйде отбасылық блог жүргізеді. Мен жобаға келгенде басты кейіпкерлерді сомдайтын актерлар белгіленіп қойған еді, ал қалған рөлдерге өнерпаздарды кастинг арқылы өзім таңдап алдым. Барлығы 12 бөлімнен тұратын бұл туындыда Қайрат арманындағыдай әртіс болуға ұмтылады, ал отбасы оның өнерге деген ізгі құштарлығына қолдау білдіреді. Бақыт болса, шағын парақшадан бастап, соңында миллиондаған оқырманы бар танымал блогерге айналады. Түсірілім барысында ешқандай төтенше немесе қиын сәттер туындаған жоқ. Алғашында бізге 21 күн берілген еді, бірақ біз жұмысты 17 күнде еңсердік. Түсірілім тобы негізінен жастардан құралғандықтан, жұмыс өте қарқынды, көңілді әрі жеңіл өтті", – деді Самат Сыржан.