Қайтадан құл боламыз . Мұғалімдер мектепті жергілікті әкімдіктің қаржыландыруына неге қарсы

04.05.2026

Согласно материалам сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.

Парламент мәжілісінде  ауыл мектептерін қайтадан аудан бюджетіне қайтару мәселесі қаралып жатыр. Бұл ұсынысты депутаттардың өзі көтерген және бұл шешім жергілікті деңгейде жауапкершілікті күшейтіп, мәселелерді жедел шешуге жол ашады дейді. Алайда мұғалімдердің өзі бұған қарсы. Бір топ ұстаз "e-Petition" сайтында бұл нормаға қарсы петиция жариялады. Бұл норма қабылданса педагогтер қайтадан әкімдіктердің "қолбаласы" болып, білім берудің орнына қоғамдық жұмыстарға қатысуға, газет-журналға жазылуға мәжбүр болатынын, мұның бәрі "Педагог мәртебесі" туралы заңға қайшы екенін айтып отыр. 

Осы орайда Информбюро тілшісі бұл норманы қолдап отырған мәжіліс депутаттары мен оны қабылдауға қарсы шығып отырған мұғалімдердің пікіріне құлақ түрді.

Депутаттар ұсынған норма

Қазақстанда білім беру саласына арналған бюджеттің бір бөлігін облыстық деңгейден аудандық деңгейге беру мәселесі қаралып жатыр. Депутаттардың айтуынша, орталықтандырылған қаржыландыру жүйесі мектептердің мәселелерін жылдам шешуге кедергі. 

Бүгінде мектептерді күту, жөндеу, білім беру процесі секілді білім беру шығындары аймақтық бюджет арқылы қаржыландырылады. Аудан және ауыл әкімдіктері бұл қаражатқа тікелей қол жеткізе алмайды. Яғни, аудан әкімі мектепке өз бетінше ақша жіберуге құқығы жоқ. 

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің айтуынша, білім беру шығындарының бір бөлігін аудан әкімдігіне беру мәселесі жұмыс тобында қарастырылғанын. Бұл норма бастапқыда үкіметтің қорытындысына енгізілмеген. Мұны жұмыс тобында қарау кезінде депутаттардың өзі енгізген соң үкімет тарапынан қолдау тапқан. Қазір құжат мақұлдаудан өтіп жатыр және екінші оқылымда тағы талқыланады. 

Бұл өзгерістер қабылданса, аудан әкімдіктері мектеп инфрақұрылымын басқаруда қаржылық тәуелсіздікке көбірек ие болады. Мектепті жөндеу, жабдықтау және техникалық қызмет көрсету секілді мәселелер жергілікті деңгейде шешіледі. 

"Қазіргі кезде аудандық жерлерде мектептерді салуға, жөндеуге аудандық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Бұл – үлкен мәселе. Соны шешуіміз керек. Аудан әкімі сол аудандағы мектепке бірде-бір тиын бөліп бере алмайды. Кейбір аудандардың мектеп салуға, мектеп жөндеуге жағдайы бар. Біз бірақ аудан әкімдерінің құқығын шектеп отырмыз. Бұл мәселе екінші оқылымға дейін пысықталады", – деді мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.

"Отыз жыл бойы мұғалімдер "массовка" болды"

Заң нормасы үкімет тарапынан да, мәжіліс тарапынан да қолдау тапқанымен, депутат Асхат Аймағамбетов қана бұл норманы дәл осы күйінде қабылдай салуға болмайды деп қарсы пікір айтты.

"Қазір Қазақстан мектептерінде төрт миллион бала оқып жатыр. Ашығын айтқанда, олар осы жерде қандай заңдар қабылданып жатқанын білмейді. Олар бұл түзетулерге қарсы шыға алмайды. Бірақ олардың әрқайсының тағдыры мына заңға тікелей байланысты. Мәселе мектептерді қайтадан аудан әкімдеріне бағындыруда болып отыр. Бұл – төрт миллион баланың болашағына қатысты шешім. Иә, әкімдердің өкілдері бар. Иә, аудан әкімдерінің ықпалы мен күшін көріп отырмыз. Ол дұрыс та, ұсыныстарын жақсы естіп жатырмыз. Ал енді осы төрт миллион баланың атынан кім сөйлейді?" – деді депутат.

Асхат Аймағамбетов мектептерді аудан әкімдеріне бағындыру дегенде айтылатын басты уәжді атады. Аудан әкімдеріне жергілікті жерге ықпалы аз, сондықтан оларға билік берейік дейді.

"Онда оларға нағыз билік берейік. Салық қызметі, полиция, сот, денсаулық сақтау бар. Басты мәселе әкімдктерге билік беру болса, онда неге салықты бермейміз? Америкадағыдай неге полицияны бермейміз? Оған жол беруге болмайтынын бәрі түсінеді. Ол жерде мемлекеттің болаттай берік вертикаль әділ жүйесі болуға тиіс. Сонда біз неге әкімге салықты немесе тәртіп орнатуды сеніп тапсырудан қорғамыз да, төрт миллион баланың болашағын ешқандай зертетусіз оп-оңай бере саламыз?" – деді Асхат Аймағамбетов. 

Ол білім және ғылым министрі болып тұрған кезде жасалған реформаны бұзып, отыз жыл бойғы ескі жүйеге оралудың салдары қандай болатынын тізіп берді.

"Аудандық әкімдікте де, қалада да, облыстық әкімдікте де жұмыс істедім. Білім басқармасын төрт жыл басқардым. Сондықтан бұл саланы білемін. Мектептерді облыстық деңгейге өткізгенде біз не көрдік? Біріншіден, еліміздегі мектептердің жартысына жуығында заңды құжаттар, техникалық төлқұжаттар, жер актісі болмады. Тіпті жері жеке меншікке кетіп қалған жағдайлар болды. Балалар заң жүзінде жоқ ғимараттарда оқып келді. Аудандық басқару кезінде де 30 жыл дәл осылай болды. Екіншіден, бюджеттің 95 пайызы тек коммуналдық төлемдер мен жалақыға кететін. "Дамуға – нөл" деуге болады. Сатып алудан үнемделген кез келген тиынды аудан әкімдері көбінесе басқа салаға алатын. Мектептерге қаржы үнемдеу тиімсіз болды, өйткені бәрібір оны тартып алатын. Өзім де солай, сол деңгейде жұмыс істегенмін. Ескі басқару жүйесінде мектеп әрқашан басымдықтар тізімінің ең соңында тұратын", – деді мәжіліс депутаты.

Асхат Аймағамбетов 2021 жылы қабылданған реформаның төрт жылдағы нәтижесін де тізбектеп айтты:

Облыстық вертикаль жүйенің 30 жыл бойы көрмеген аудитіне айналды. Ондаған жылдар бойы жасырылып келген жемқорлық схемалары әшкереленді. Ауданға қайтару осы жүйеге, осы күйге қайту дегенді білдіреді. Білім беру феодализмі жойылып, бюджет теңестірілді. Дотациялық бюджет бар ауылдың баласы алғаш рет қала баласымен бірдей оқулыққа, робот техникасына, пәндік кабинеттерге қол жеткізді. Халықаралық нәтиже. Төрт жыл ішінде Қазақстан PISA және TALIS халықаралық рейтингінде тұрақты өсім көрсетіп, білім саласында оң динамика бар елдердің қатарына қосылды. Білім саласы біртұтас орталықтан басқарыла бастаған соң нақты нәтижеге қол жеткізді. Материалдық база. Реформаға дейін жөндеу жұмыстары, жиһаз, жабдықтар "қай аудан бай болса – сол алады" деген қағидамен бөлініп келді.  2021 жылдан кейін ауданның байлығына емес, мектептің мұқтаждығына қарай бөлінетін болды. Педагогты қолдау. Жылдар бойы мұғалімдер бұқаралық жұмыстарға жегіліп келді. Реформадан кейін мұғалім сабақ бере бастады, директор мектепті басқара бастады.

Мәжіліс депутаты білім бюджетін гибридті жүйемен басқару моделін ұсынды. Кадрлар, директорды тағайындау, аттестация, методология, оқу бағдарламалары секілді білім мазмұны облыста қалса, жылу, жарық, санитария, жөндеу, құрылыс секілді шаруашылық шығындары әкімдерде болсын дейді. 

"Мектеп директоры шаруашылыққа араласпауы керек, ол бас мұғалім болуы керек. Ал әкім инфрақұрылымға жауап берсін. Қазіргі түзетулер бәрін толығымен аудан әкімдігіне қайтаруды меңзеп отыр. Мектепте не оқылатынына әкім араласпауы керек. Оны министрлік, облыстық білім басқармасы шешуге тиіс. Мына фейкті жоққа шығарамын: аудандық білім бөлімдері жойылған жоқ, олар жұмыс істеп тұр. Директорлар ешқайда шапқылап жүрген жоқ. Бұрын білім бөлімі аудан әкіміне бағынса, енді облыс әкіміне немесе облыстық білім басқармасына бағынады. Сол әкімдіктерден ешқайда алыс кеткен жоқ. Отыз жыл бойы мектептер аудан әкімдіктеріне бағынды. Отыз жыл бойы мұғалімдер "массовка" болды. Дәл сол жүйеге қайту дұрыс емес шешім. Тарих ештеңені ұмтыпайды", – деді Асхат Аймағамбетов. 

"Жемқор директорлар мен бөлім басшылары әшкереленіп жатыр"

Осы өзгерістердің авторының бірі депутат Мұрат Әбенов бұл пікірмен келіспейтінін білдіріп, мұғалімдердің сенбіліктер мен мемлекеттік іс-шараларға қатысуы қажет дейді. Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап мектептердің облысқа тікелей бағынуы бірқатар қиындыққа әкелген. Ауылдағы қарапайым шаруалар – жөндеу, жылу, жарық сияқты мәселелерді шешу ұзаққа созылып кеткен. Бұрын мұндай проблемаларды аудан деңгейінде жедел шешуге мүмкіндік болған.

"Халықаралық тәжірибелерді қарасақ мектептер мен балабақшалар көп жағдайда аудандық деңгейге берілген. Асхат Қанатұлымен келісемін, шаруашылық және басқару жағынан ауданға қараса, методика, бағдарлама бойынша облыстық деңгейге қарайтыны рас. Ал 2021 жылғы реформа сапалы өтті деп мен айта алмаймын. Аудандық деңгейден билікті алып қойғанда үлкен мәселе туды. Бұл сала бақылаусыз қалып, бюджет қаржысы талан-таражға салынды. Одан да бетер үлкен проблема туды. Балабақшалар мен мектептерді тікелей министрлік қасындағы Қаржы орталығына бағындырып қойдық. Облыс әкімдері қандай қаржы бөлініп жатқанын білмейді. Кім тағайындалып жатыр? Кім мектеп ашып жатыр? Ақша қайдан келді? Осылайша әркім балабақша ашып кетті. Кейінгі екі-үш жылда ақша жымқырған мектеп директорлары, содан соң облыс, аудандық бөлім басшылары ұстала бастады. Бұрын мұндай нәрсе болмаған. Кезінде ұсындым деп қате жүйені қорғай беру дұрыс емес", – деді Мұрат Әбенов.

Асхат Аймағамбетов жемқорлар осы реформа қабылданған соң әшкерелене бастағанын айтып отыр. Өйткені кезінде аудандарда есепті қағазбен, есепшотпен атқарған. Реформадан соң ғана цифрландырылып, 1C, бұлтты бухгалтерияға көше бастаған соңбылықтың бәрі 2010-2014 жылдарда болған дейді ол. Ал сенбілікке мұғалімдер ғана емес, кез келген Қазақстан азаматы қатысуы керек дейді депутат.

"Мұғалім – қоғамды тәрбиелейді"

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан білім жүйесі міндетті түрде бір жерден басқарылуы керек дейді. Ол да гибриді басқару форматын қолдап отыр.

"Шаруашылық деңгейдегі құзыретті аудан әкімдеріне беру қажет деп ойлаймын. Алайда білім бағдарламасы, білім жүйесі міндетті түрде бір орталықтан басқарылуы қажет. Үш-төрт жылдан бері мұғалімдер қоғамдық-саяси жұмысқа араласуға ынжарлық танытып жүр. Мұғалім дегеніміз –  тек қана сабақ беретін адам емес, ол – ауылдың тәрбиешісі, ауылдағы қоғамдық өмірдің көшбасшысы. Сондықтан ауыл мұғалімдерін сол жердегі қоғамдық-саяси өмірден тыс қарастыруға болмайды. Мұғалім балаға сабақ беріп қана қоймай, ол баланы тәрбиелейді. Кезінде әке-шешеміз мұғалім болып істеген кезде олар бүкіл ауылдың тәрбиешісі болған. Бүгін мұғалімнің осы функциясын жұлып алсақ, ертең балаларымыз білімді болғанымен, тәрбиесі нашарлайды. Сайлау, референдумға, әртүрлі фестиваль, семинар, іс-шараларға қатысуы керек. Онсыз бүкіл ұлтты тәрбиелеу мүмкін емес. Мұғалім алдыңғы қатарда жүрмесе ертең қоғамымызды кім тәрибелейді деген сұрақ туады. Сондықтан мұғалімдердің қоғамдағы рөлін арттыруымыз керек. Гибридті басқару туралы Асхат Аймағамбетовтің пікірі дұрыс. Шаруашылық тұрғысынан басқаруды аудандық әкімдіктерге берейік, ал білім жүйесі бір жерден басқарылуы қажет", – деді Ерлан Сайыров.

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов шаруашылық деңгейі аудан әкімдіктерге берілуі керек, себебі мектептің терезесі сынса, жарық өшіп қалса оны реттеуге ауданның құзыреті болуы керек дейді. Ал білім бағдарламасы орталықтан басқарылуы керек деген Асхат Аймағамбетовпен ойымен келіседі. 

"Даудың басы – 5 трлн теңге"

Бұрынғы оқу-ағарту министрінің орынбасары болған Бибігүл Асылова білім беруді қаржыландыруды аудандық деңгейге қайтару қазіргі жағдайда алға басудан гөрі, кейінге шегіну деп отыр. Мұндай тәжірибе 30 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келді, бірақ айтарлықтай нәтиже бермеді дейді ол.

"Қазір әңгіме шамамен 5 трлн теңге көлеміндегі қаржы туралы болып отыр және бұл жүйе бұрын-соңды жұмыс істеп көрмеген өте үлкен сома. Бұл өзгеріс дербестікті нығайтудан гөрі, тиісті дайындықсыз жауапкершілікті төменге ысыра салу сияқты әсер қалдырады. Біріншіден, аудандық деңгейде мұндай көлемдегі ресурстарды тұрақты әрі үздіксіз басқара алатын толыққанды жасақталған қаржылық қызметтер жоқ. Соның салдарынан іркілістер, қателіктер мен кешігулер болуы мүмкін. Екіншіден, әкімшілік басқару процесі күрделене түседі. Шешімдерді ондаған облыстық жиын және жүздеген аудандық, қалалық мәслихаттар арқылы келісу қажет болады. Тәжірибе көрсеткендей, бұл жағдайдан соң орталық органдардың еңбекақы төлемдерінің кешігу себептерін өз бетінше анықтауға мәжбүр болды. Қаржыландыру көлемі ұлғайған сайын мұндай тәуекелдер де еселене түседі", – деді Бибігүл Асылова.

Ол, үшіншіден, ашықтық пен цифрландыру мәселесі қиындай түсетінін, себебі барлық ауданның қаржы ағындарын бір жүйеге жинап, оны бақылау оңай шаруа емес екенін атап өтті. Бірыңғай цифрлық есеп болмаса, басқару әлсіреп, бақылау мен аудит жүргізу қиындай түседі.

Төртіншіден, функцияларды бөлу: инфрақұрылым және оны күтіп ұстау орталықтандырылуы немесе тиісті операторларға берілуі мүмкін. Ал қызмет көрсетуді салалық мекемелердің өзінде қалдырған дұрыс. Төртіншіден, салалық ерекшеліктерді, әсіресе білім беру және денсаулық сақтау салаларын ескеру қажет. Функцияларды бөлу қазірдің өзінде негізделген: инфрақұрылым және оны күтіп ұстау орталықтандырылуы немесе тиісті операторларға берілуі мүмкін, ал қызметтердің өзі мамандандырылған мекемелерде қалады.

Бесіншіден, ресурстарды тең бөлу мәселесі. Облыс деңгейі аймақтар арасындағы айырмашылықты теңестіріп, қаржының барлығына жеткілікті көлемде жетуіне мүмкіндік береді. Теңестіру тетіктерінсіз орталықсыздандыру аудандар арасындағы алшақтықты күшейтуі мүмкін.

"Әрине, аудан әкімдеріне, әсіресе кіріс көздерін қалыптастыруда көбірек дербестік беру керек. Дегенмен олардың күш-жігерін білім беру саласындағы бюджет қаражатын жылдам бөлуге емес, аймақтық экономиканы дамытуға, жұмыс орындарын құруға және салық базасын кеңейтуге бағыттаған дұрыс болар еді. Мұндай тәсіл олардың мәртебесін түсірмейді, керісінше, олардың стратегиялық рөлін нығайтады", – деді Бибігүл Асылова.

Мектепті әкімдікке бермеу туралы петиция 

Мектепті аудан әкімдігінің құзырына беруге қарсы петиция авторлары жергілікті әкімдікке бағындыру мектепті саяси науқандар мен шаруашылық жұмыстардың құралына айналдыру тәуекелін тудырады деп отыр. 

"Мұғалімдерді сенбілік, санақ, көше сыпыру, сайлау науқаны сияқты кәсіби қызметтен тыс жұмыстарға қайта тарту қаупі бар. Бұл олардың мәртебесінің құнсыздануына және кадр тапшылығының одан әрі күшеюіне әкеледі. "Педагог мәртебесі туралы" заңның іс жүзінде орындалуына кедергі келтіреді. Кәсіби қызметтің еркіндігі мен тең еңбек жағдайларына кепілдік принципі бұзылады. Оқушылардың жетістіктерін бағалау мәселесінде мұғалімдерге түсетін қысым артады. Мұғалімдер қайтадан әкімдік қызметкерлерінің туыстарына жоғары баға қоюға мәжбүр болуы мүмкін. Директорлар мен меңгерушілерді тағайындауда "тамыр-таныстық" факторының күшею қаупі бар. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің артуына және ашықтықтың төмендеуіне әкеледі", – дейді петиция авторлары.

Мұнымен қоса қайта орталықсыздандыру бірыңғай стандарттарды әлсіретіп, аймақтық теңсіздікті күшейтуі мүмкін. Ұсынылып отырған норма Қазақстанның OECD стандарттарына ұмтылысына қайшы келеді.

"Аудан әкімдіктеріне қайтару аймақтық теңсіздіктің ушығуына әкеп соғады. Бай аудан мен дотациялық аудан мектептері арасындағы алшақтық ұлғаяды. Сонымен қатар, бірыңғай білім кеңістігі бұзылады: оқу бағдарламалары мен сапа стандарттарын әр әкімдік өзінше түсіндіруі мүмкін. Бұл Конституцияда көрсетілген жалпыұлттық бірлікті нығайту және білім құндылықтарын орнықтыру қағидаттарына қайшы. Ең бастысы, мұндай жағдайда мықты педагогтар жүйеден кетіп, адами капитал жоғалады", – делінген петицияда. 

"Құл мұғалім құлды тәрбиелейді"

Педагог, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы бұл норма "Педагог мәртебесі туралы" заңды аяққа таптау екенін, білім бөлімін аудан әкіміне бағынышты етсе, білім жайына қалып, мұғалімдер қайтадан көше сыпырып кететінін айтып отыр. 

"Мұғалім – қолбала емес. Бұған жол беруге болмайды. Аудандық білім бөлімдерін аудан әкімдіктеріне толық бағындыру – білім жүйесін басқарудың әлсіреуіне әкелетін қауіпті қадам. Біріншіден, білім сапасының басты өлшемі – кәсібилік пен тәуелсіздік. Ал әкімдікке тәуелді білім бөлімі ең алдымен білім сапасын емес, жергілікті биліктің мүддесін орындауға мәжбүр болады. Мұғалім білім берушіден гөрі "әкімдік тапсырмасын орындаушыға" айналу қаупі туады. Екіншіден, бұл шешім мектепті саясаттандыруға жол ашады. Кадр таңдау, директор тағайындау, қаржы бөлу кәсіби критериймен емес, адалдық пен "ыңғайлылық" принципімен шешілуі мүмкін. Соның салдарынан мықты педагог емес, "ыңғайлы" педагог алға шығады. Үшіншіден, қысқа мерзімді көрсеткіштер білімнің ұзақ мерзімді мақсаттарын ығыстырады. Әкімдік үшін бастысы – есеп, рейтинг, ашылу рәсімдері мен көрнекі нәтижелер. Ал білім үшін бастысы – ұрпақтың болашағы, ол бір сайлау мерзіміне сыймайды", – деді Өмір Шыныбекұлы.

Оның айтуынша, мектепке бақылау жасаған құрылым қаржыны басқарады, сайлау қорытындысына әсер ете алады, тегін жұмыс күшіне ие болады. Бүгінгі жүйеде мектеп бір уақытта екі күшке тәуелді: орталық білім саясаты және жергілікті әкімдік ықпалы.  

"Мұғалім – ұстаз емес, әкімнің "қызметшісіне" айналады. Директор мен мұғалім әкімдік не айтса, соны істеуге мәжбүр болса, кәсіби этика өледі. Бүгін – көше сыпыру. Ертең – сайлау учаскесі. Арғы күні – "идеологиялық форумға 30 мұғалім жібер". Сапалы кадр жүйеден өзі кетеді, әкімнің дегеніне көнбегенін түрлі жолдармен кетіреді. Қалатыны – бұйрық орындаушы. Ал бұйрық орындаушы ұлт тәрбиелемейді. Білімді жергілікті әкімге берсек әр жаңа әкім келген сайын директор ауысады, бағдарлама өзгереді. Мектеп әкімнің "науқандық кеңсесіне" айналса, ата-ана мемлекетке сенбейді. Бюджетті қайтадан ауданның басқаруына берсек, мұғалімдер қайтадан құл болады. Құл мұғалім құлды тәрбиелейді", – деді педагог.

Ал мұғалім Балжігіт Торыбай депутаттардың "мұғалімнің білім берумен емес, қоғамдық жұмыспен айналысқанын, бұрынғыдай әкімдіктен келетін кезекті жиналыстарға қатысқанын, аудандық газеттерге мәжбүрлі түрде жазылғанын, мұғалімнің қайтадан көше сыпырғанын, ағаш ақтағанын қалап отыр ма?" сұрақты қойып отыр. Мұғалім Руслан Құдияров болса мұғалім онсыз да қоғамдық-саяси процестерден құр қалмайтынын, кез келген мәдени іс-шараға, кез келген жиынға қатысып жүргенін айтады.

"Сайлау, праймериз, референдум сияқты саяси процестерден арыла алмай жүрген мұғалімдерге енді келіп "Таза Қазақстан" акциясын сылтаулатып, баяғыдай көшеге шығып қоқыс тазалау қалды ма? Әр мектеп ұжымы өз ауласын таза ұстап, тал егіп көркейтіп отырғанының өзі "Таза Қазақстан" акциясына үлес қосу емес пе?" – дейді Руслан Құдияров.

Мұғалім Гүлжазира Бекболатқызы білім беру саласының қаржысы жергілікті "шұғыл шаруалардың" құралына айналмауға тиіс екенін, қаржыны аудан әкімдіктеріне беру бақылауды қиындатып қана қоймай, жемқорлық тәуекелдерін арттыратынын айтып отыр. Орталықтандырылған бюджет қана әрбір ауыл баласының тең білім алуына кепіл бола алады дейді ол. 

Ал Серік Өтебаев болса мектеп директорының функционалдық міндеттерінен қаржылық құжаттарға қол қою құқығын алып тастау керек деп отыр. Яғни, мектеп директоры тек білім берумен айналысуы қажет. Сол кезде мектептерге жатса-тұрса білімді ойлайтын адамдар келеді. 

Педагог Айман Сағидолла "Педагог мәртебесі "тралы заңды қабылдаған депутататтар өз сөзіне өзі қарсы шығып отыр дейді. Бұл заңда "мұғалімнің міндеті бала оқыту және педагогтерді міндетінен тыс жұмыстарға тартуға жол берілмейді" деп жазылған. Алайда осы заңды мақұлдап отырған депутаттар "мұғалімдер сенбілікке, референдумға қатысу керек" дейді. Ал мұғалімдер әкімдік жұмысын істеуге наразы.

Не пропустите дальнейшие события, следите за актуальными новостями на Qazaq24.com.
Читать полностью