Қаржылық еркіндікке апаратын адал жол: Ислам қаржысы несімен тиімді?

08.04.2026

Qazaq24.com, ссылаясь на сайт Informburo.KZ, отмечает.

Жаһандық сарапшылардың болжамына сүйенсек (Global Islamic Economy Report), 2026 жылдың соңына қарай исламдық қаржы активтерінің көлемі 6 триллион долларға жетпек. Бұл құрғақ статистика емес, әлемде әділдік пен этикаға негізделген жаңа экономикалық модельге деген сұраныстың артқанын аңғартады. Елімізде ислам қаржысын тек діни ұғым емес, нақты бизнес-стратегия ретінде насихаттап жүрген маман, Vicco.kz жобасының негізін қалаушы, "Нұр-Мүбарак" Египет ислам мәдениеті университеті, Теология факультетінде екінші жоғары білім алушы Нұрболат Тілеумен осы жүйенің артықшылықтары мен қаржылық тәуелсіздікке жетудің жолдары туралы әңгімелескен едік.

Қарыз – табыс көзі емес, көмек құралы

– Нұрболат, исламдық қаржы жүйесінің дәстүрлі банктерден басты айырмашылығы неде?

– Айырмашылық тек атауында емес, операциялардың мазмұны мен құқықтық сипатында жатыр. Дәстүрлі банктер ақшаны "тауар" ретінде қарастырады: ақшаны қарызға беріп, үстінен пайыз көреді. Ал ислам қаржысында ақша – өздігінен құн тудырмайтын, тек айырбасқа арналған құрал. Мұнда табыс табу үшін нақты активке негізделген сауда-саттық жасалуы, мүлік жалға берілуі немесе инвестициялық серіктестік құрылуы шарт.

Тағы бір маңызды тұсы – дәстүрлі жүйеде барлық ауыртпалық борышкерге жүктеледі. Кәсібіңіз өрге жүзе ме, әлде шығынға бата ма – банкке бәрібір, ол өз пайызын талап етеді. Ислам қаржысында банк – несие беруші емес, серіктес. Ол кәсіпкермен бірге тәуекелге барады, пайда мен зиянды бірге бөліседі.

– Исламдағы қарыз алу мәдениеті туралы айтсаңыз. Қай кезде қарыз алуға рұқсат етіледі?

– Ислам экономикасында қарыз – пайда табудың жолы емес, әлеуметтік қолдаудың тетігі. Оның өзегінде жауапкершілік жатыр. Қарыз беруші сауап үшін көмектессе, алушы оны міндетті түрде қайтаруды ниет етуі керек. Этикалық тұрғыдан алғанда, қарызға тек аса мұқтаждық туғанда ғана жүгінген абзал. Мысалы, денсаулық, баспана немесе қиын жағдайдан шығу үшін. Ал сән-салтанат, бос ысырап немесе қайтару мүмкіндігін ескермей қарызға бату құпталмайды. Исламдағы қаржылық тәртіп – адамның өз көрпесіне қарай көсілуі және несиелік құрықтан барынша алыс болуы.

Зекет – капиталды тазарту және экономикалық импульс

– Көбіне зекет беруді "шығын" деп қабылдайтындар бар. Бұл үдерісті инвестиция ретінде қалай түсінуге болады?

– Зекет – қоғамдағы қаражат айналымын реттейтін бірегей құрал. Мұқтаж жандарға берілген көмек олардың сатып алу қабілетін арттырады. Бұл, өз кезегінде, тауар мен қызметке деген сұранысты тудырып, жалпы экономиканы жандандырады. Демек, зекет беруші өзінің кәсібі жүретін қолайлы ортаны сақтап тұруға үлес қосады.

Психологиялық тұрғыдан зекет адамды дүниеге байланудан, "иелік ету" инстинктінен арылтады. Ақшаға тек билік құралы емес, аманат ретінде қарай бастаған адамда ішкі тыныштық орнайды. Бұл стрессті азайтып, қаржылық шешімдерді сабырмен қабылдауға көмектеседі.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ҚМДБ жанынан Ислам қаржысы секторы ашылады

Қаржылық еркіндікке апаратын үш қадам

– Қазақстанда ислам қаржысының толық қарқынмен дамуына не кедергі болып отыр?

– Негізгі екі кедергіні атар едім. Біріншісі – заңнамалық және салықтық теңсіздік. Қазіргі жүйе дәстүрлі банк үлгісіне бейімделгендіктен, исламдық келісімшарттар кезінде қосарланған салық немесе артық шығындар туындайды. Екіншісі – ақпараттық вакуум. Халық арасында "ислам қаржысы – бұл тегін ақша беретін қайырымдылық қоры" немесе "аты өзгерген дәстүрлі банк" деген мифтер көп. Сондықтан бұл жүйенің экономикалық тиімділігін қарапайым тілмен түсіндіретін ағарту жұмыстары ауадай қажет.

– Қаржылық тәуелсіздікті көздейтін жандар үшін ислам этикасына негізделген үш кеңес берсеңіз.

– Ниетті түзеу және ысырапты тыю. Мақсат – тек байлық жинау емес, мұқтажсыз өмір сүріп, қоғамға пайда тигізу болуы керек. Еркіндік көп ақша табудан емес, қолда барды орынды жұмсаудан басталады.

Өсімқорлықтан (риба) бас тарту. Берекесіз байлық – баянсыз. Нақты тәуелсіздікке жету үшін пайыздық несиелерден үзілді-кесілді бас тарту маңызды.

Инвестиция және әлеуметтік капитал. Ақша тек жатпауы керек, ол айналымда болуы тиіс. Жинаған қаражатыңызды нақты экономикаға, яғни пайда мен тәуекелді бөлісетін шынайы жобаларға бағыттаңыз.

– Бұл қағидаттар сіздің өміріңізді қалай өзгертті?

– Бұл – жай ғана есеп-қисап емес, өмірлік философия. Ең бірінші жетістік – ішкі тыныштық. Несиелік тәуелділіктен арылғанда, ертеңгі күнді өз мүмкіндігіңізбен жоспарлай аласыз. Таңертең ешкімге қарыз емес екеніңді сезініп ояну – үлкен бақыт.

Сондай-ақ, бұл жүйе мені стратегиялық сабырлыққа үйретті. Тез байып кету немесе күмәнді алыпсатарлық сияқты импульсивті шешімдерден тыйды. Нәтижесінде, табыстың мөлшеріне қарағанда, оның "берекесі" артып, аз қаражаттың өзі үлкен мақсаттарға жететін болды. Зекет пен садақа беру арқылы ақшаға деген соқыр тәуелділіктен арылдым. Қорыта айтқанда, ислам қаржысы менің өміріме материалдық молшылық қана емес, әділдік пен ертеңгі күнге деген нық сенім алып келді.

Оқи отырыңыз: "Халява", "Пайыз – риба", "Қарызды кешіреді". Ислам қаржысына қатысты мифтер қандай және оларға неге сенуге болмайды

Продолжайте следить за ситуацией на Qazaq24.com, где мы всегда предоставляем свежие новости.
Читать полностью