Согласно сайту Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов қазақ жазушыларының шығармаларын Нобель немесе Букер сынды әлемдік сыйлықтарға ұсыну туралы өз ойын айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарлама жасап, оны жүзеге асырмайынша орындалмайды.
Бұған дейінгі кей жазушылардың өз шығармасын Нобель сыйлығына ұсынғанынан нәтиже шықпауына да осы қателік себеп.
"Халықаралық Нобель немесе Букер сияқты беделді сыйлықтарға жеке адамдардың өз шығармаларын өз бетінше ұсынуға әрекеттенуі – бос әурешілік. Қазақ жазушылары Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Дулат Исабековтің шығармалары Нобель сыйлығына ұсынылғаны жөнінде жиі айтылады. Ұсынылған да шығар. Алайда қымбатты ағаларымыздың құжаттары Швед академиясының ресми талаптарына сәйкес келмегендіктен қабылданбаған. Өкінішке қарай, оларды халықаралық деңгейдегі алаяқтар бос әуреге салып, қомақты қаржыларын пайдаланып кеткен", – деді Мереке Құлкенов.
Одақ төрағасының түсіндіруінше, әдеби шығарманы беделді халықаралық сыйлықтарға ұсыну – ұзақ әрі күрделі процесс.
"Ең алдымен, қазақ немесе орыс тілінде жазылған шығарма француз, неміс секілді негізгі еуропалық тілдерге, ағылшын тіліне жоғары сапада аударылуы қажет. Бұдан кейін сол елдердің беделді баспалары шығарманың көркемдік деңгейін мойындап, жеке кітап етіп шығаруы тиіс. Аударманы сол тілдің табиғатын жетік меңгерген, кәсіби әдеби аудармашы жасағаны маңызды. Сонымен бірге шығарманың көркемдік құнын әлемдік деңгейде таныта алатын жүйелі насихат пен сауатты әдеби маркетинг қажет. Осы талаптар орындалған жағдайда ғана Швед академиясының назарын аударып, үміткерлер қатарына ену мүмкіндігі туады", – деді ол.
Мереке Құлкенов қазіргі таңда да қазақ жазушылары арасында өз шығармаларын осы сыйлыққа ұсынуға талаптанып жүргендер барын жасырмады. Дегенмен, ол бұл әрекетті нәтижесіз іске балады. Осы ретте Жазушылар одағының төрағасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарлама әзірлеуге назар аударуын сұрады.
"Президентіміздің көркем әдебиет пен кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамаларын жоғары бағалаймыз. Әсіресе "Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлық пен "Қала хикаялары" республикалық әдеби байқауы – ұлттық әдебиеттің болашағына жасалған аса маңызды қадамдар деп есептейміз. Ендігі кезекте қазақ жазушыларының шығармаларын әлемдік әдеби кеңістікке шығаруға арналған арнайы бағдарламаны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп жасаса нұр үстіне нұр болар еді", – деді Мереке Құлкенов.