Согласно информации сайта Informburo.KZ, сообщает Qazaq24.com.
Қазақ әдебиетінің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, халық мойындап, қалың оқырманы қалыптасқан және мерейлі 70, 80, 90 жасқа толған қаламгерлерге "Қалам рухы" статуэткасы беріледі, деп хабарлады Қазақстан Жазушылар одағы.
Тұжырымдамаға сәйкес, "Алтын қалам", "Күміс қалам" және "Қола қалам" болып белгіленген "Қалам рухы" статуэткасы – сөз өнеріне адалдықтың, шығармашылық биіктік пен ұлттық рухтың символы, қаламгердің қоғамдағы орны мен миссиясын көркем кескін тілінде бейнелейді.
Фото: Қазақстан Жазушылар одағының Facebook парақшасы"Алтын шар пішіні – әлем, ғалам және ой кеңістігі ұғымдарын білдіреді. Шар бетіндегі толқын сызықтар адам ойын, тағдыр жолдарын, тарих пен уақыт ағысын бейнелейді. Сол күрделі өмір ағысын сөзбен өрнектейтін өнер – әдебиет, яғни суреткер сөзі бір ұлтқа ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ рухани кеңістікке әсер етеді. Композицияның ортаңғы, басты элементі – қалам ұшына ұқсас көркем мүсін. Жазушының басты қаруы, ойды мәңгі ететін құрал – жоғары қарай созылған қалам бейнесі рухтың биіктігін, шабыттың шексіздігін, сөздің құдіретін білдіреді", – делінген одақтың хабарламасында.
Статуэтка авторлары – ҚР суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі, зергер, халықаралық және республикалық танымал жобалардың дизайнері Қамбар Есмұханов және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Орал Таңсықбаев атындағы алтын медаль иегері Шаттық Батан.