Согласно материалам сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.
Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева мәжіліс депутаттарының сауалына орай, мектептегі балалар қауіпсіздігіне қатысты түсініктеме берді. Бұған дейін депутаттар кей мектептерде қауіпсіздік турникетінің болмауына байланысты мәселе көтерген болатын.
Аида Балаеваның түсіндіруінше, Терроризмге қарсы қауіпсіздікті ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес, білім беру ұйымдары қауіпсіздік тұрғысынан екі топқа бөлінеді.
Оқушылар мен қызметкерлердің жалпы саны 700 адамнан аспайтын білім беру ұйымдарында бейнекамералар мен дабыл түймесін орнату, Жедел басқару орталығына қосылу міндеттелген.
Ал оқушылар мен қызметкерлердің жалпы саны 700 адамнан асатын болса, жоғарыда аталған талаптарға қоса, қосымша күзет қызметін ұйымдастыру мен турникет орнату міндеттеледі.
"Шараларды күшейту мақсатында жекеменшік білім беру ұйымдарын білім беру қызметіне лицензия және мемлекеттік білім беру тапсырысын алғанға дейін Нұсқаулыққа сәйкес қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етуге міндеттейтін құқықтық талаптар қабылданды. Қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылауды ішкі істер органдары екі жылда бір рет және жоспардан тыс тәртіпте жүзеге асырады", – деп түсіндірді Аида Балаева.
Талаптар орындалмаған жағдайда білім беру ұйымдары әкімшілік жауапкершілікке тартылады.