Согласно материалам сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желіде Исматулла Мақсұмға қатысты көптеген жазба жариялануына байланысты арнайы мәлімдеме жасап, бұл дін өкілінің діни басқармаға еш қатысы жоқ екенін хабарлады.
"Исматулла Мақсұм және оны қолдаушылардың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ешқандай қатысы жоқ екендігін мәлімдейміз. Олардың әрекеттері мен діни ұстанымдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымымен сәйкес келмейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейін де олардың әрекеттері мен діни ұстанымдарына қатысты ресми мәлімдеме жасаған. Дінімізде адам баласына зорлық-зомбылық жасау, қорқыту, біреудің ақысына қол сұғу, адамды мәжбүрлеу ауыр күнә болып саналады", – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, діни басқарма Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі мен рухани мұрасын қандай да бір жеке тұлғаның немесе топтың теріс діни пиғылда өз мүдделеріне пайдалануға болмайтынын хабарлады.
Айта кетейік, Исматулла Мақсұм Қазақстанда 2000 жылдары халық арасында зікір салуды кеңінен насихаттаған болатын. Оның ілім "Әбжад" клубының құрылуына негіз болып, жақтастары арасында Исматулла Мақсұм "әулие" атанды.
Алайда 2011 жылы ол "Сопылар ісі" бойынша сотталып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. БАҚ мәліметтеріне сәйкес, ол түрмеде он жыл отырып, 2019 жылдың соңы не 2020 жылдың басында бостандыққа шыққан. Одан кейін де Исматулла Мақсұмға қатысты резонансты оқиғалар болды. Мәселен, пандемия кезінде Исматулла Мақсұмның зікірі коронавирусқа ем деген қауесет тараған болатын.