По информации сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.
Алматыда құрсақтағы сәбиімен қоса қаза тапқан келіншектің жақындары әділдік іздейді. 32 жастағы Анна Ефименко жүктіліктің 32-ші аптасында жағдайы күрт нашарлап, қалалық перинаталдық орталыққа жатқызылған. Алайда, көп ұзамай ақ халаттылар алдымен шақалақтың, кейін ананың қайтыс болғанын хабарлапты. Небәрі екі күннің ішінде жары мен ұлынан айырылған күйеуі аурухана жұмысына тексеріс жүргізуді талап етіп отыр. Себебі, дәрігерлердің ауызша айтқаны мен құжаттағы қорытындысы сәйкес келмейді дейді. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Мамыр айының басында 32 жастағы Анна жүктіліктің 32-ші аптасында аяқ астынан есінен танып, қайта-қайта құлай берген. Бастапқыда №4 перзентханаға жеткізілген келіншектің жағдайы күрт нашарлап, кейін Алматы қалалық перинаталдық орталыққа ауыстырылған. Дәл осы мекемеден айналдырған екі күннің ішінде екі бірдей қаралы хабар жеткен.
"Түс ауа бізге медбике шығып: "Сәбиге қандай есім қояр едіңіздер?" деген сұрақ қойды. Сол сәтте-ақ нәрестені аман алып қалу мүмкін болмағанын іштей сездік. Бірақ, ешкім ешнәрсе түсіндірген жоқ. Ұлым Совелийді жер койнына тапсырғаннан кейін дәрігерлер жұбайымның қан кетуі күшейіп кеткенін айтып, шұғыл ота жасалып жатқанын жеткізді. Кейін ауруханаға барғанда дәрігерлер жұбайымның да көз жұмғанын хабарлады", – деп еске алады марқұм Анна Ефименконың жары Алексей Ефименко.
Оқи отырыңыз: "Бір тиын да қайтқан жоқ". Жарнамаға сеніп, арзан турға қызыққан ақтөбеліктер сан соғып қалды
Марқұмның жақындарының көкейінде күмән көп. Ақ халаттылардың ауызша айтқаны мен құжаттағы қорытынды қабыспайды дейді. Сондықтан, тексеріс жүргізіліп, кінәлілердің жазаға тартылуын қалайды.
"Дәрігерлер берген құжатта нәрестенің өліміне гипоксия, яғни оттегі жетіспеушілігі себеп болғаны көрсетілген. Ал ауызша түсіндіру кезінде асфиксия деп айтылды. Мәйітханаға барған кезде Аннаның жатыры жоқ екенін білдік. Ота кезінде алып тастапты. Жатырға жүргізілген гистологиялық зерттеудің қорытындысында, ота кезінде тігістің кездейсоқ зақымданып, соның салдарынан қан кетті деп жазылды", – деп мәлімдеді марқұм Анна Ефименконың әпкесі Алена Градович.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлер жүкті науқасты аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады деп, өздеріне шаң жуытпады. Бірақ, шақалақ пен ананың нақты неден қаза тапқанын, қандай диагноз қойылғанын айтпады. Бұл дәрігерлік құпия деп отыр.
"Онда дереу дәрігерлік консилиум өткізіліп, шұғыл емдеу-диагностикалық шаралары жүзеге асырылып, қажетті медициналық мамандандырылған көмек көрсетілді. Өкінішке орай, жүргізілген реанимациялық және қарқынды емдеу шараларына қарамастан, пациент пен баланы аман алып қалу мүмкін болмады", – дейді Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиева.
Оқи отырыңыз: "Шабыттағы" шу: Меруерт Өтекешова мен декан арасындағы дауға не себеп болды
Қос қазаға қатысты сараптаманың жүріп жатқанына бір айға жуықтады. Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғала ма, жоқ па – сарапшылар қорытындысынан кейін белгілі болмақ.