Как сообщает Qazaq24.com, ссылаясь на сайт Informburo.KZ.
Қырғызстанда еңбекке қабілетті жастан асқан тұрғындардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл туралы Қырғызстанның Ұлттық статистика комитетіне сілтеме жасай отырып, 24.kg хабарлады.
Статистика ведомствосының мәліметінше, қазір 1960-жылдары туған ұрпақ зейнет жасына жетіп жатыр. Оның саны алдыңғы буынға қарағанда көп. Соңғы бес жылда елдегі егде жастағы азаматтардың саны 146 мыңнан астам адамға, яғни 25 пайызға өскен.
2026 жылдың басындағы жағдай бойынша Қырғызстанда еңбекке қабілетті жастан асқан 737 мың адам болған. Бұл елдегі жалпы халық санының 10 пайызына тең.
Олардың ішінде 63 жастан асқан ер адамдардың саны – 244 мың. Бұл ер азаматтардың жалпы санының 7 пайызы. Ал 58 жастан асқан әйелдер саны 493 мыңға жеткен, яғни әйелдер халқының 13 пайызын құрайды. Бұл жас тобында әйелдер ерлерден шамамен екі есе көп. Статистикаға сәйкес, Қырғызстанда әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 76,9 жыл болса, ерлерде бұл көрсеткіш 68,7 жылды құрайды. Сонымен қатар әйелдер ерлерден бес жыл бұрын – 58 жаста зейнетке шығады.
БҰҰ есебіне сәйкес, 65 жастан асқан адамдардың үлесі халықтың 4 пайызынан төмен болса, ел халқы "жас" саналады. Бұл көрсеткіш 4-7 пайыз аралығында болса, халық "қартаю шегінде" деп бағаланады. Ал 7 пайыздан асқан жағдайда халық "қартайды" деп саналады. 2026 жылдың басында Қырғызстанда 65 жастан асқан азаматтардың үлесі 6,4 пайыз болды. Бұл 475 мыңнан астам адам. Осы көрсеткіш бойынша ел халқы қартаю шегіндегі мемлекеттер қатарына жатады.
БҰҰ болжамынша, Қырғызстандағы халықтың қартаю үрдісі алдағы жылдары күшейе түседі. 2030 жылға қарай 65 жастан асқан тұрғындардың үлесі 7 пайызға жуықтауы мүмкін. Бұл көрсеткіш Қырғызстан халқының "қартаю шегінен" өтіп, қартайған халық санатына жақындай түсетінін білдіреді.