Қырғызстандағы рақымшылық: Садыр Жапаров Ажиевтің үйіне түрмеден тікұшақпен аттанғанын растады

06.03.2026

Qazaq24.com, со ссылкой на сайт Informburo.KZ, информирует.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров рақымшылыққа ілініп түрмеден босаған Даниэл Ажиевтің үйіне тікұшақпен аттануына қатысты пікір білдірді. 

Қырғыз ұлттық "Кабар" ақпарат агенттігіне берен сұхбатында ол бұл ақпаратты растап, алайда 15 минуттан соң тікұшақ кері қайтарылып, Даниэл Ажиевтің үйіне көлікпен аттанғанын айтты. 

"Біз оған рақымшылық жасап босатқанбыз. Маған Ажиевтің анасы жүгінді. WhatsApp нөмірімді кімнен алғанын білмеймін, тікелей видео арқылы өтініш жолдапты. "Келінім төрт баласымен қиналып отыр, бір баласы мүгедек, тұрмысымыз өте ауырлап кетті. Ұлыма рақымшылық жасап, босатып беріңіз. Бұдан былай тәртіпті болып, тыныш жүреді, мен кепілдік беремін" деді. Мен мейірімді адаммын. Шынымен сеніп, рақымшылық жасадым. Бір ғана Ажиевке емес, сол күні жалпы алғанда ауыр емес қылмыс жасаған 75 сотталған адамға рақымшылық бердім", – деді Садыр Жапаров. 

Алайда, кейін президентке "Ажиев түрмеден тікұшақпен ұшып кетіп жатыр" деген хабар келген. Сол сәтте-ақ тікұшақ кері қайтарылып, ұшқан жеріне қайта қонған.

"Сөйтіп Ажиев үйіне көлікпен кетті. "Тікұшақпен ұшып кетті" деген ақпарат рас. Бірақ 15 минут өтпей-ақ тікұшақты кері қайтарып, ұшқан жеріне қондырдық. Тікұшақ мәселесіне байланысты Төтенше жағдайлар министрлігін кінәлап жатқандар да бар екенін көріп отырмын. Бұл жерде министрліктің ешқандай кінәсі жоқ. Тікұшақтар төтенше жағдайлардан бөлек коммерциялық тапсырыстарды да орындай алады. Күн сайын төтенше жағдай бола бермейді ғой. Сондықтан тікұшақтардың өзін-өзі ақтауы үшін бос уақытында коммерциялық тапсырыстарды орындауына рұқсат бергенбіз. Кім ақша төлеп, тапсырыс берсе, тікұшақ қызмет көрсете береді. Онда "Ажиевті түрменің жанынан алып кету" деген арнайы бұйрық болмайды. Ұшу және қону орындары, ұшу уақыты және адамдар саны ғана көрсетіледі", – деді Қырғызстан президенті. 

Садыр Жапаровтың айтуынша, министрлікті кінәлаудың қажеті жоқ. Егер біреу тікұшақ қызметін пайдаланғысы келсе, ақысын төлеп пайдалана алады.

"Ал Ажиев тақырыбына қайта оралсақ, мен де бұл жаңалықты естігенде таңғалдым. Анасы "өте қиын жағдайдамыз" деп жылап отырса, ал ұлы түрмеден тікұшақ жалдап ұшып жүрсе, "мені алдаған екен" деп ойладым. Негізі менің мейірімділігім мен жұмсақтығымды көп адам пайдаланып кетеді. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Жұмсақ адамдар қаталдық танытса, оның салдары ауыр болатынын бәрі біледі", – деді Садыр Жапаров. 

Еске салайық, Даниэл Ажиев вебкам-студиялар ұйымдастырғаны үшін сотталған болатын. 

Не пропустите дальнейшие события, следите за актуальными новостями на Qazaq24.com.
Читать полностью