Qazaq24.com информирует, ссылаясь на сайт Informburo.KZ.
Жарты ғасырлық тарихы бар "Қыз Жібек" фильмі қайтадан қоғам назарына ілікті. Алайда бұл жолы жұртшылық киноның көркемдік құндылығын емес, ондағы аңызға айналған камзолдың кімнің иелігінде екенін және оның бүгінге дейін қалай сақталып келгенін қызу талқылап жатыр. Даудың басы танымал продюсер Баян Алагөзованың әлеуметтік желідегі мәлімдемесінен басталды. Продюсер аңызға айналған туындыда басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешова киген түпнұсқа камзолды сыйға алғанын айтып, жәдігерді киіп көрсеткен видео жариялады. Продюсердің айтуынша, бұл киім ұзақ жылдар бойы ескерусіз қалып, дер кезінде араша түспегенде қоқысқа кетуі мүмкін еді. Алайда бұл жаңалықты қоғам біржақты қабылдай қоймады. Бір тарап продюсерді "тарихи мұраны жойылып кетуден сақтап қалған жанашыр" ретінде бағаласа, екінші тарап "ұлттық құндылықтың жеке тұлғаның қолында тұруы – мәдениетке жасалған қиянат" деп есептейді. Тіпті, халықаралық сарапшылар мен құқық қорғаушылар бұл жағдайға мемлекеттік мүлікті иемдену және заңсыз айналым тұрғысынан қарап, мәселенің құқықтық қырын көтеріп жатыр.
Informburo әлеуметтік желідегі пікірлердің қақ жарылуына не себеп болғанын, қоғам белсенділері мен мәдениеттанушылардың ұстанымын және "Қыз Жібек" камзолының тағдырына қатысты айтылған ең өткір ойларды жинақтады.
Баян Алагөзова жариялаған бейнежазбадан соң, "Қыз Жібек" фильмінің киімдеріне қатысты шу күшейді. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі арнайы мәлімдеме жасады.
Ресми дерек бойынша, киностудия музейінде жәдігердің түпнұсқасы бар. Алайда продюсер көрсеткен екінші дананың қайдан келгені және кім арқылы сатылғаны әзірге белгісіз. Қазіргі таңда бұл жәдігердің жеке қолға өту мән-жайы зерттеліп жатыр. Министрлік "Қазақфильм" қорындағы тарихи жәдігерлердің түгенделіп, тиісті деңгейде сақталуы басты назарда екенін жеткізді.
"Бұл іске Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі араласуы тиіс"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі халықаралық сарапшы және құқық қорғаушы Әсел Темірова камзолдың иелік ету тізбегіндегі заңды олқылықтарды жіпке тізді. Маман халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мемлекет мүлкін сақтаудағы салғырттық оны иемденуге жол ашпайтынын айтты.
"Қыз Жібек" камзолына қатысты қалыптасқан жағдай бойынша пікір білдіргім келеді. Өйткені, қазіргі эмоционалды шудың арасында ескерусіз қалып бара жатқан бірнеше маңызды жайт бар. Ең әуелі көзге түсетіні – иелік ету тізбегінің (Chain of Custody) бұзылуы. Жәдігердің "ешбір құжатта тіркелмегені" туралы уәж оған заңды түрде иелік етуге негіз бола алмайды, керісінше, маңызды сауал туындайды. Мемлекеттік киностудия аумағынан шыққан заттың құжаттамалық базасының жоқтығы халықаралық тәжірибеде provenance gap (шығу тегінің үзілуі) деп аталады. Интерпол мен ЮНЕСКО заңсыз иемденілген мәдени құндылықтарды дәл осы критерий бойынша қадағалайды. "Ешкімге керек болмаған" деген уәж құқықтық тұрғыдан дәрменсіз. Мемлекеттің өз меншігін нашар сақтауы – сол меншік құқығының жеке тұлғаға өтуіне негіз болмайды. Бұл – мүліктік құқықтың іргелі қағидасы. Мәселен, ұлттық музейдегі туындының жертөледе жылдар бойы шаң басып жатуы оны жекешелендіріп алуға құқық бермейді", – деді сарапшы.
Оқи отырыңыз: Баян Алагөзованың қолына "Қыз Жібек" фильмінде Меруерт Өтекешова киген камзол қайдан түсті?
Ары қарай құқық қорғаушы еліміз қосылған халықаралық міндеттемелерге тоқталып, мемлекеттік органдар мен "Қазақфильм" басшылығы атқаруы тиіс нақты іс-қимыл алгоритмін ұсынды.
"Қазақстан мәдени құндылықтарды заңсыз әкелу, әкету және оларға меншік құқығын беруді болдырмауға бағытталған 1970 жылғы ЮНЕСКО конвенциясына мүше мемлекет. Бұл дегеніміз – мемлекеттік мекеме аясында жасалған және мәдени маңызы бар кез келген зат әуел бастан-ақ мәдени мұра нысаны ретінде қарастырылады. Мәдениет министрлігі жәдігердің шығу тегін анықтау үшін ресми сұрату бастауға міндетті. "Қазақфильм" соңғы қырық жылдағы архивтер мен есептен шығару актілеріне ішкі тексеріс жүргізуі тиіс. Ал иеленуші тарап оның заңды жолмен сатып алынғанын растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Егер құжаттар болмаса, жәдігер тәркіленіп, тергеу аяқталғанша мемлекеттік қоймаға өткізілуі қажет", – деді Әсел Темірова.
Сарапшы меценаттық мәдениеттің өркениетті жолдарын тілге тиек ете отырып бұл оқиғадағы ашық қалған сауалдар мен құзырлы органдардың жауапкершілігіне тоқталды.
"Енді Баян Мақсатқызының әрекетіне тоқталайық. Егер оның мақсаты иемдену емес, мәдениетті сақтау болса, ол кез келген жарияланымға дейін бірінші болып Мәдениет министрлігіне хабарласуы керек еді. Жәдігерді құжаттап, оны музейге өткізуді немесе бірлесіп сақтауды ұсынуы тиіс еді. Оның орнына ол ұлттық жәдігерді құтқарушы ретінде ресми мәртебе алар еді. Нағыз меценаттар жүретін басқа да жол бар: реставрациялау жұмыстарын қаржыландырып, жәдігерді мемлекетке өткізесіз, есесіне музейден өз атыңызға зал алып, жәдігерді іс-шараларыңызда көрсетуге өмірлік құқық пен мәдени игілік жасаушы мәртебесіне ие боласыз. Дамыған елдерде мәдени құндылықтар жеке қолда болады, бірақ бұл "отыз жыл бұрын қоқыстан тауып алдым" деген жолмен емес, аукцион, нотариалды куәландыру, мұрагерлік немесе ресми сату-сатып алу келісімшарты арқылы жүзеге асады. Түйіндей келе: бұл жағдай жария айтыс-тартысты емес, ұлттық заңнама мен халықаралық конвенцияларға сай жәдігердің шығу тегін тексерудің стандартты процедурасын талап етеді. Бұл тексерістің нәтижесі ашық жариялануы тиіс... Камзолды берген әйел "Қазақфильм" қоймасында 30 жыл жұмыс істеген, яғни ол – мемлекеттік мекеме қызметкері. Бұл жағдайды түбегейлі өзгертеді. Мемлекеттік мекеме қызметкерінің мемлекет мүлкін, тіпті ол еденде шашылып жатса да, үйіне алып кетуге құқығы жоқ. Бұл – мемлекет мүлкін талан-таражға салу немесе иемденіп алу деп аталады. Сондықтан бұл іске Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі араласуы тиіс, өйткені бұл – олардың тікелей құзыретіне жататын мәселе", – деді Әсел Темірова.
Коуч, бизнес-тренер Шолпан Бимұрзаева продюсердің әрекетіндегі логикалық алшақтыққа назар аударып, мұндай деңгейдегі тұлғадан халық нағыз меценатқа тән кеңдікті күткенін жеткізді.
"Баянның еңбегін құрметтей тұра айтарым, бұл жағдай оның өз деңгейіне лайық емес сияқты көрінді. Ондай деңгейдегі әйелден мен мынадай қадам күтер едім: қоқысқа кетуден аман қалған осы камзолды алып, бүкіл елге жәдігерлердің мүшкіл халін паш етіп, оны музейге өткізеді деп ойладым. Ал қазір ол кісі жәдігерлерге деген немқұрайлылықты сынап отырып оны өз үйіне алып кетті. Маған бұл әрекеті бір жағынан балалық сияқты көрінеді. Десе де, бәріміз пендеміз, Баян да қателесуі мүмкін, сондықтан бірден өшпенділікпен тап бермеу керек", – деді Шолпан Бимұрзаева.
Жыршы Сүйіндік Серік бұл оқиғаны жекелеген адамдар арасындағы текетірес емес, ұлттық өнер мен мәдениеттің тұралап қалған халін көрсететін ащы шындық деп бағалайды.
"Баян мен камзол. Бәрі өре түрегеліп Баянды жақтап, батырға теңеп жатыр екен. Ал біреулер "ойбай Балаева мен Алагөзованың мәселесі тым күрделі екен... " деп "басқа мәселе қалмаған ба" дегендей миығынан күле кекетіп те жатыр. Расында, қарап тұрсаңыз бұл майда-шүйде мәселе болып көрінгенімен мәдениет саласының қырының сынық екенін анық аңғартатын факт. 50 жыл ешкімге керек болмаған дүние еді деп Алагөзова айтқандай, Қыз Жібектің киносына киген камзол тұрмақ, Қыз Жібек, Баян сұлу, Құртқа, Гүлбаршындар туралы мүлде білмейтін ұрпақ өсірдік емес пе. Ұлттық мәдениет, ұлттық өнер тұралап емес, тұра алмастай болып жатқаны жасырын емес. Жанкештілікпен еңбек етіп жүрген азғантай ғана жақсылар жанбағыстың қамымен жүріп ұрпаққа аманаттар дүниеге қолдары тимегендіктен өздерімен бірге кетіп жатқандары қаншама. Итке итаяқ болып жатқан астаудың қасиетін танып қастерлей білген қайран Өзбекәлі-ай дейсің де қоясың амал жоқ..." – деп жазды жыршы.
Оқи отырыңыз: "Махаббат бекетінен" басталған жол: Баян феноменінің тасасында қандай құпия жатыр
Журналист Ришат Асқарбекұлы бұл оқиғаны "Қазақфильм" мен Мәдениет министрлігі үшін үлкен сабақ болды деп есептейді. Оның ойынша, продюсердің атышулы видеосы мемлекеттік деңгейде жәдігерлерді түгендеуге септігін тигізуі мүмкін.
"Баян негізі молодец әйел екен. Қыз Жібектің камзолы деп бір киімді киіп шығып еді, бүкіл ел шулады. Басшысы тұрақтамайтын, бір-бірімен ырылдасқаннан басқа түк бітірмейтін Қазақфильм шашылып қалған ғой. Мәдениет министрлігі қазақтың әйгілі киноларынан қалған реквизиттер мен экспонаттарды жинап, музей ашамыз депті. Охо, енді ғана ма?! Баян Алагөзованың үстіндегі Меруерт Өтекешованың кинода киген камзолы боп шықса, ұлттығымызға сын, мәдениетіміз үшін қиянат. Баян тәтеміз бұл оригинал деп қоймай жатыр. Ал салалық министрлік ол оттапты, түпнұсқа мұражайда тұр деп ақталған. Бірақ оның фото-видеосын көрсетпейді. Баян апам жарады дегенім, қазақ киносына тиеселі құнды жәдігерлерді бір түгендеуге түрткі болса игі еді", – деп жазды Ришат Асқарбекұлы.
Сондай-ақ журналист кезінде өз көзімен көрген "Көшпенділер" фильмінің реквизиттеріне қатысты оқиғаны баяндап, "Қазақфильм" маңындағы жер дауы мен шашылған мұралардың шынайы бейнесін еске алды.
"30 жыл сақтаған апай ұры емес, керісінше алдында бас иемін""Осы саланы басқарған бұрынғы шенеуніктердің біреуі сайда, біреуі қырда, біреуі түрмеде. Бірде Қазақфильмде Көшпенділер фильмінен соң шашылып, илектеніп жатқан реквизиттер туралы сюжет түсіргенмін. Сол дүниелер бюджет ақшасына жасалды ғой. Жинап, музейге берсе болар еді. Ертісбаев киностудияны Талғарға көшіріп, Қазақфильмнің жеріне үй саламыз деген уақыт еді ол. Сондықтан Қыз Жібек фильмінен қалған жәдігерлердің де бытырап, қолды болғанына еш күмән жоқ. Сосын қазақтың әйгілі кинокартиналарының түпнұсқалары әлі Ресейде. Осыны айтып, айғайлаған қаншама адам болды. Әлі әкелінген жоқ. Баяғы Кеңес заманындағы дыбысталумен киноларда Ютубтан таппайсың. Киім-кешекті айтпағанда өз киномызды өзіміз түпнұсқада көруге әлі зар боп отырмыз ғой", – деп жазды ол.
Салима Жамадтинова жәдігердің ұмытылып кетпей, қайта жаңғыруын нағыз жанашырлықтың белгісі ретінде сипаттайды.
"Қыз Жібектің камзолы дау болып жатыр екен. Қол еңбегін бағалайтын адам ретінде менде ойымды жазғым келді. Ол камзолды 30 жыл сақтаған апайды ұрыға санап жерден алып, жерге тастап жатырсыңдар. Ал мен ол апайға басымды иемін. Өйткені, оны киіп тастамады, кей адамдар сияқты жұғысты болсын деп. Бала-шағасының үстінде тозып кетпеді. Тап-тазағой шіркін, тап-таза, жылтырап тұр. Енді ғана тіктіріп киген сияқты Баян құрдасым киіп тұр. Әдемі, жарқырап, жарасып тұр. Ол апайымыз "Қалған жағында әдемі қалпында сен сақтай аласың" деп Баян құрдасыма сеніп, Қыз Жібектің камзолына тағы ұзақ өмір сыйлап тұр. Сақтаған адамға да, оны қабылдаған адамға да үлкен рақмет. Баян құрдасым оны сақтап қана қоймай, Қыз Жібектің камзолы деп бүкіл қазақ қыз-келіншектеріне таныстырып, копиясын тіккізіп кидірмек. Оған ра0меттен басқа не айтуға болады?! Әйтпесе, Қыз Жібектің кинода қандай камзол кигені елдің есінде қалды дейсің бе? Ол камзолды азалайтындар болса отыз жыл қайда жүр екен дим да сол баяғы. Тозып, тозығы жетіп бір қоқыста жатар еді ғой құрсын…" – деді Салима Жамадтинова.
Мәдени мұраның бүкіл адамзат үшін құндылығын алға тартқан профессор Гүлмира Сұлтанбай киностудия музейіндегі экспонаттардың бүгінгі тағдырына алаңдаушылық білдірді. Ол түркі әлеміне ортақ мұра ретінде қарастырылатын бұл киімдердің түпнұсқасы мен сақталу орны туралы сөз қозғады.
"Суретте "Қазақфильм" киностудиясындағы Шәкен Айманов атындағы Қазақстан кино өнері музейінде экспонат ретінде тұрған Қыз Жібек пен Төлегеннің киімдері көрсетілген. Суретші Гүлфайруз Исмаилованың қолынан шыққан, зерлі жіптермен кестеленген бұл құнды мұраның жай-күйі қоғамды таңғалдырды. Жеке пікірімше, мұндай рухани қазына мен мәдени жәдігерлер тек қазақ ұлтына ғана емес, бүкіл адамзаттың кино тарихына тиесілі мұра. Осыдан тура екі жыл бұрын біз бір идеяны ұсынып, ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен Алматыда тұңғыш рет студенттік кинофестиваль өткізген едік. Фестивальге Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан және Тәжікстаннан үздік фильмдердің авторлары жиналды. Мәдени бағдарлама аясында қонақтармен бірге "Қазақфильм" киностудиясына экскурсия жасап, музейді араладық. Сол кезде біз Қыз Жібек пен Төлегеннің қасиетті киімдерін көріп, тебіренген едік, тіпті қолымызбен ұстауға да батпадық. Тек қызығушылықпен қасында суретке түстік. Киімдердің сапасы мен қалпын сақтау үшін оларды арнайы шыны витриналарға қойса, нұр үстіне нұр болар еді. Біз аяулы Қыз Жібек үшін тігілген сол қысқа камзолдың музейде болған-болмағанына қатысты музей мамандарынан бастап, Министрлікке дейінгі жауапты тұлғалардан нақты түсініктеме күтеміз. Түркі әлемінің кино және медиа факультеттері студенттеріне арналған "Фараби" қысқаметражды фильмдер фестивалінде біздің студенттеріміз бен қонақтарымыздың бұл жәдігерлер туралы көп айтқаны да шындық", – деді Гүлмира Сұлтанбай.
Оқи отырыңыз: Tozbe қосымшасы қыздар мен әйелдерді зорлықтан қалай қорғайды?
Азиза Өтегенованың пайымдауынша, бұл оқиға – жеке тұлғаның бизнесі емес, мемлекеттік маңызы бар мәселе. Ол "Қазақфильм" музейі мен ондағы экспонаттардың студенттер мен зерттеушілер үшін қолжетімділігіне назар аудартып, сауалдар жолдады.
"Шындығында, Баян біраз ойға қалдырды және Мәдениет басқармасының осал тұсын дөп басты. Кино әлеміндегі құнды жәдігерлер тиісті деңгейде сақталып жатыр ма? Тек кино ғана емес, жалпы қазақтың архивтік мәдени мұрасының жай-күйі қалай? Ол жердегі құндылықтар талан-таражға түсіп, байларға сатылып кетпеді ме екен? Мысалы, "Томирис" фильміндегі кейіпкерлердің киімдері қазір қайда және оларды қайда тасып жатыр? Жалпы алғанда, ол өз шкафына түскен мәдени мұра туралы айтқысы келіп еді, бірақ соңы халықтың наразылығына ұласты. Алайда, ашуланудың не керегі бар, ол камзолды насихаттап, көшірмелерін жасап жатыр, мүмкін бұл "бизнес-вуменнің" ойынша тіпті керемет шығар?! Айтпақшы, "жылына 30 адам келеді" дегенге келсек, бұл нөл емес қой. Қазір адам ағылып келетін музей некен-саяқ, тіпті Сақ алтын адамын көруге күніне 3-ақ адам келуі мүмкін, бірақ бұл оны біреудің жеке шкафына алып кетуге құқық бермейді. Қызық, Жүргенов академиясының студенттері "Қазақфильм" жанындағы сол музейге барып тұра ма екен? "Тақиялы періштедегі" тақияның тағдырын білгім келеді, аукцион қашан болады екен?" – деп жазды Азиза Өтегенова.
Заңгер Серік Берқамалов бұл дауды екі қырынан қарастыруды ұсынады: азаматтық құқық нормалары және ұлттық мұра алдындағы жауапкершілік. Оның пайымдауынша, сатып алу процесі заңды болғанымен, жәдігердің нышандық салмағы оған деген ерекше көзқарасты талап етеді.
"Баян Алагөзованың аңызға айналған фильмнен костюм сатып алуына қатысты дауда бәрі айтылғандай оңай емес. Заң тұрғысынан алғанда бәрі дұрыс: егер зат жеке меншікте болса және заңды түрде иеліктен шығарылса, сатып алушы оған иелік етуге құқылы. Егер бұл заттар ерекше қорғалатын мәртебеге ие болмаса және азаматтық айналымнан шығарылмаса, бұл – мәдени құндылықтардың қалыпты айналымы. Бірақ мәселенің мәдени және қоғамдық екінші деңгейі бар. "Қыз Жібек" фильміндегі камзол – жай ғана зат емес, бұл нышан. Мұндай жұмыстар ұжымдық жадты қалыптастырады және олардың құндылығы жеке мүдде шеңберінен шығып кетеді. Сондықтан қоғам мұндай артефакт иесінен тек меншік иесі ретінде емес, жәдігерді сақтаушы ретінде әрекет етуді күтеді", – деді заңгер.
Серік Берқамалов жәдігерге иелік етудің заңдық жағынан гөрі, оның қоғам алдындағы моральдық салмағына басымдық береді. Ол ауқатты адамдардың ортақ тарихты сақтаушы ретіндегі рөлін атап өтіп, келесідей тұжырым жасады.
"Қыз Жібек" фильмі \ Фото: ашық дереккөзінен "Баянның камзолға жаңа өмір сыйлайтыны хақ""Иә, ақша тек сатып алуға ғана емес, сол заттың тағдырын анықтауға да мүмкіндік береді. Оны жеке коллекцияда жасырып қоюға болады. Музейге өткізуге болады. Немесе зерттеушілер үшін қолжетімді етіп, уақытша көрмелер ұйымдастыруға болады. Мұндағы мәселе құқық пен заңда емес, мінез-құлық үлгісін таңдауда жатыр. Меншік құқығы күмән тудырмайды. Бірақ маңыздылығы жағынан тек иесіне ғана емес, тұтас мәдениетке тиесілі дүниелер болады. Мұндай жағдайларда жәдігерді қоғамға паш ететін, тек иесі емес, жанашыр сақтаушы ретіндегі ұстаным ерекше бағаланады. Меніңше, мұндай заттарды сатып алуға мүмкіндігі бар адамдар біздің ортақ тарихымызға қол жеткізе алмайтын жандардың алдында жауапты болуы тиіс. Сондықтан бұл жерде зат иесіне қойылатын талап заңдық емес, моральдық және мәдени сипатқа ие. Халық Баян бұл камзолды Ұлттық музейге өткізіп, бүкіл қазақтың осы аңыз костюмді өз көзімен көруіне мүмкіндік береді деп үміттенеді. Менің ойымша, мұндай шешім ең дұрысы болар еді", – деді Серік Берқамалов.
Даулы мәселеге қатысты өз пайымын жазған Лека Савельева жәдігердің мәртебесін айқындау үшін келесідей нақты қадамдарға баруды жөн деп санайды.
"Егер Баянды камзолды музейге өткізуге міндеттесе, келесідей қадамдарға бару парасаттылық болар еді: Сый: Баян меншік құқығын толығымен музейге береді. Жәдігердің жанындағы тақтайшада оның есімі көрсетіледі (Баян Алагузованың сыйы). Уақытша сақтау: Баян иелік құқығын өзінде қалдырады, бірақ камзолды нақты бір көрме үшін белгілі бір мерзімге музейге береді. Жәдігердің маңызы жоғары, сондықтан өткізетін болса, тек ҚР Орталық мемлекеттік музейіне берген жөн. Өйткені бұл – еліміздегі киім-кешектің ең бай этнографиялық коллекциясы жинақталған ең көне музей", – деді Лека Савельева.
Өнертанушы өз отбасының басынан өткен жағдайды мысалға келтіре отырып мәдениет саласындағы құжаттар мен жәдігерлерге деген атүсті қараудың зардабын ашып көрсетті.
"Еңбек кітапшасы қоқыста, ал камзол Баян Алагузованың иығында. Қыз Жібек камзолына қатысты оқиғадан мен, ең алдымен, шектен шыққан салғырттықты көріп тұрмын. Менің жолдасым – ҚР еңбек сіңірген әртісі, Президенттік оркестрдің, Қазақконцерттің және аты аңызға айналған Гүлдер ансамблінің солисі зейнетке шығарда, оның еңбек кітапшасын кадр бөлімінен бірнеше сағат бойы іздедік. Ақыры, сол үйіндіні ақтартуды талап етіп жүріп, жолдасым өз құжатын қоқысқа тастауға дайындалған қағаздардың арасынан тауып алды. Сол керексіз заттардың ішінде Қазақстанның өзге де танымал әншілерінің еңбек кітапшалары жатыр екен. Егер еліміздің аңыз тұлғаларының еңбек жолы жазылған құжатты қоқысқа лақтыра салса, онда Баян Алагөзованың қолына түспегенде, Қыз Жібек камзолының да тағдыры солай болар еді. Осы жағдай арқылы біз бұл мәселеден хабардар болдық. Баянның Гүлфайруз Исмаилованың қолынан шыққан бұл асыл туындыны көздің қарашығындай сақтайтынына сенімдімін. Ол камзолға жаңа өмір сыйлайтыны хақ. Жәдігер қоймадағы ұмытылған қораптың ішінде шірімей, керісінше, оның жобаларында жарқырап, халықтың және жаңа ұрпақтың жадында қайта жаңғырады", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Ақын Мұхтар Шаханов өмірден өтті
Қазақстандық танымал блогер Ерлан Сәкенов қоғамдағы екіұшты стандарттарды сынға алып, камзолдың Баян Алагөзованың қолына түсуін оны сақтап қалудың ең сенімді жолы ретінде бағалады.
"Қыз Жібек" фильміндегі ешкімге керек болмаған камзол, оны Баян киіп шыққанға дейін 50 жыл бойы бір жерде елеусіз жатты. Егер ол кимегенде, ешкімнің есіне де түспей, солай жата берер еді. Баянның оны өзінде қалдырғысы келуі әбден қалыпты жағдай деп ойлаймын, өйткені жәдігерді қадірлейтін жеке тұлғаның қолында ол музейге қарағанда ұзағырақ сақталуы мүмкін. Неге екенін білмеймін, бірақ бұл реквизит музейден гөрі жеке қолда сенімдірек сақталатын сияқты көрінеді де тұрады. Осы камзол үшін қазір алаңдап жатқандар, осыған дейінгі 50 жылда қайда болдыңыздар? Баян бұл мәселені көтергенше, оның тағдыры не болды деп ешкім бас ауыртқан да жоқ еді", – деді Ерлан Сәкенов.
Журналист Ораз Әлімбек аңызға айналған камзолдың тігілу тарихына тереңірек үңіліп, оның артында режиссер Сұлтанахмет Қожықов пен суретші Гүлфайруз Исмаилованың жанкешті еңбегі жатқанын айтады. Автордың пайымдауынша, бұл киім – шектеулі бюджет пен кеңестік цензураға қарамастан дүниеге келген нағыз өнер туындысы.
"Қыз Жібек" киген камзолға "... қарай бердім, ішінде нақақ көзден жас бар ма деп. "Қыз Жібек" фильмінің түсірілу тарихына үңілсем, актриса Меруерт Өтекешова киген камзолдың Баян Алагөзовада болуының себебі бар екен. Экран сыртында қазақ-совет бюрократиясынан әбден теперіш көрген фильм режиссері Сұлтанахмет Қожықов пен қоюшы-суретшісі Гүлфайрус Исмаилованың ескерілмеген ерен еңбегі қалды. Басқа киім-кешекті қолөнер шеберлері жасаған шығар, бірақ Меруерт Өтекешева киген киімді Гулфайрус көз майын тауысып өзі тіккен... Гәп түсінікті болу үшін әңгімені сәл арыдан бастайық. "Алаш" қайраткерлерімен етене араласқан Қоңырқожа Қожықовтың төрт ұлы болды: Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет пен Сұлтанахмет. Үшеуі суретші, Нұрахмет мүсінші еді. Қоңырқожа мен оның үлкен ұлы Қожахмет сталиндік репрессияға ұшыраған... Киноға жақын болған Құлахмет пен Сұлтанахмет. "Қыз Жібек" фильміне дайындық кезеңінде ағайынды екеу келісе алмады. Әйтпесе суретші Құлахмет "Қыз Жібектің" сюжеттерінің эскизін сыза бастаған. Құлахмет інісіне ақшаны үнемдеуге, "Қыз Жібекті" де "Алдаркөсе" сияқты жұпыны түсіре салуға кеңес берді. Сұлтанахмет "қазақтың тұрмыс-салт мәдениеті жақсы болған, қолөнері бай, соның бәрін фильмде көрсетуіміз қажет" деп қарсы тұрды. Мұның Мәскеуге ұнамайтыны белгілі жайт. Әкесі мен ағасының тағдырын білетін Құлахмет інісін Мәскеудің ұлттық өнерге қырын қарайтын саясатынан сақтандырғысы келген шығар. Ол кезде түрлі-түсті таспа тапшы, соған қарамай Сұлтанахмет фильмде қазақ қолөнерін барынша әдемі қылып көрсету үшін түрлі-түсті таспамен түсіремін деп, айтқанынан қайтпай тұрып алды. Фильм бюджеті шектеулі, таспаны үнемдеу үшін режиссер әртістерге ұзақ репетиция жасатқызып, бір дубльмен түсіруге мәжбүр болды. Құлахметпен арадағы көзқарас қайшылығына байланысты Сұлтанахмет фильмге қоюшы-суретші ретінде Гүлфайрус Исмаилованы алды... Фильм бюджеті шектеулі болғандықтан, Гүлфайрус та кейбір киімдерді өзі тікті, өзі әшекейледі, тіпті фильмде Жібек анасының рөлін ойнады. Қысқартып айтсақ, фильм бюджетінің түгелге жуығын американдық түрлі-түсті таспаға, қымбат реквизиттер мен декорацияға жұмсаған Сұлтанахмет пен Гүлфайрус жартымды жалақы алмады", – деп жазды журналист.
"Қыз Жібек" жәдігерлерінің неліктен кезінде мұражайға өтпегеніне тарихи тұрғыдан жауап іздеген Ораз Әлімбек, шенеуніктердің немқұрайлығы мен суретшінің жан дүниесіндегі қаяуды сипаттайды. Ол камзолдың жеке қолда сақталуы – кезіндегі жүйесіздікке жасалған үнсіз наразылық екенін түсіндірді.
"Сұлтанахмет Қожықовтың бір арманы "Қыз Жібек" фильміндегі соғыс сюжетіне мыңдаған ат қатыстырмақ болған. Мәскеуден нұсқау алып Ұлы далада "коммунизм құрып жатқан" қазақ-совет шенеуніктері фильмде 15 ат қана болауы тиіс деп шектеу қойған. Көп қазақты атқа мінгізсе жылқы мінезді қазақтың рухы көтеріліп кетеді деп қорыққан ғой. Осындай және басқа да шектеу Сұлтанахметтің көңілін құлазытты, жүрегіне қаяу түсірді, ауырып қалды. Өнер адамына мұндай шектеу, ойға алған ісін жүзеге асыра алмау ауыр соққы. "Қыз Жібектің" бірінші сериясы түсіріліп біткен кезде Сұлтанахмет жүрек ауруына шалдықты. Екінші серияны бітіргеннен кейін ауруы асқынып, ауруханада ұзақ жатты... Фильм композиторы болған Нұрғиса Тілендиев "Қайран Сұлтан, көп арманын орындай алмады. Елі үшін, елінің болашағы үшін жанын сала еңбек ете жүріп өмірден өтті..." деп жазған. Кезінде Сұлтанахметтің "Қыз Жібегіне" – қазақ өнеріне қырын қараған қазақ-совет шенеуніктері Гүлфайрус жасаған фильм реквизиттерін де керек қылмады. Әйтпесе, қаржы бөліп, қолөнер авторларына тиісті гонорарын төлеп экспонат ретінде жақсы сақталатын мұражай ұйымдастыру қажет еді. Бұл дүние-мүлік жай ғана фильм ревизиттері емес, білдей бір халықтың мәдениеті ғой. Мәдениет саласына жауапты шенеуніктердің немқұрайлығын түсінген Гүлфайрус та жан-дүниесінен суырып алған жіппен кестелегендей "камзолын" бергісі келмеді, өмірінің соңына дейін өзінде сақтады...", – деп жазды Ораз Әлімбек.
Ораз Әлімбек жәдігердің Баян Алагөзованың иелігіне өтуін кездейсоқтық емес, заңды құбылыс деп есептейді. Ол продюсердің тұрмыс-салты мен соңғы бастамаларын мысалға келтіре отырып, камзолдың жаңа өмірі туралы да сөз қозғады.
"Міне, сол камзол Баян Мақсатқызында екен. Мұны марқұм Гүлфайрус ханымның дұрыс таңдауы деп түсінген жөн. Баян Мақсатқызы өнерді түсінеді, ол қазақ өнерінің шынайы жанашыры, оны көріп отырмыз. Күйеуі Тұрсын Алагөзовке "бәленбай карат бриллиант әпер", "үш мезгіл Дубай шоколадын жейім" деп наз айтып жатқан ол жоқ. Есік алдына жасаулы алты қанат киіз үй тіктірді, үйіне сырмақ, текемет сияқты қазақтың қолөнер бұйымдарын жинап жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Баян Мақсатқызы қазақтың аласапыран кезеңде шашылып қараусыз қалған мәдени құндылықтарына жанашырлық танытудың, сақтаудың үлгісін көрсеткен, қазақ мәдениетінің ұлылығын паш еткен Гүлфайрус бен Сұлтанахметтің бүгінгі жалғасы. Сондықтан "Қыз Жібектің" камзолы секілді тарихи-мәдени жәдігерлердің өнерді түсінетін, өнердің құнын білетін және оны көзінің қарашығандай сақтай алатын үкімет қалыптасқанша Баян Мақсатқызындай азаматта болғаны дұрыс. Оның үстіне, Баян камзолдың репликасын жасап, 600 данасын тіктіретінін мәлімдеді. Кез кез қыз-келіншектің гардеробында мұндай камзолдың болуын армандайтыны даусыз. Сондықтан бұл бизнес қана емес, қазақ қолөнерін дамыту, насихаттау және бүгінгі тұрмыс-тіршілігімізге қайта енгізуді көздейтін ұлы бастама", – деп жазды журналист.
Оқи отырыңыз: "Өлімі де өнеге ғой алыптың". Ақын Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармаларына шағын шолу
Продюсердің мінезі мен ұстанымын дала амазонкаларының рухымен шендестірген автор, бұл қасиеттердің үлкен жобаларды жүзеге асырудағы маңызын атап өтеді. Оның пайымдауынша, ұлттық дәстүрлерді тұрмысқа қайта енгізу – нағыз мінезді адамның ғана қолынан келетін іс.
"Қазақстанның өнері мен медиасы саласында Баян Алагөзованың қызметіне, мінез-құқына, өміріне қатысты әртүрлі пікір айтылады. Біреулер мақтайды, біреулер жақтырмайды. Әркімнің өз пікірі болуына қақысы бар екені түсінікті. Бірақ оның қазақтың өнерін, мәдениетін жаңғыртуға, дамытуға үлес қосып, жастарда ұлттық киім-кешек, әшекей, киіз-текемет және т.с.с. сияқты бұйымдарына қызығушылық туғызып отырғаны даусыз. Мысалы, тіпті советтік кездің өзінде еліміздің оңтүстік-батыс өңірлерінде үйдің жанынан киіз үй тіктіру әдеті болған. Бертін келе бұл тамаша дәстүр жойылғандай болды. Қазір Баянның үйінің жанында сән-салтанатты киіз үй тіктіруі елімізде трендке айналатыны анық. Жалпы кез келген істе мінез керек, мінезсіз ұлы шаруа жасау қиын. Мұндай мінез Еуразия амазонкалары деп аталып кеткен Қазақ даласының қыздарына тән болған шығар. Баянды сол қыздардың бір деп білейік", – деді Ораз Әлімбек.
Танымал нумеролог Клара Күзденбаева өз әулетінің тарихын айта отырып, аңызға айналған камзолдардың бірі кезінде музейге қалай түскені туралы қызықты дерек келтірді.
"Менің әжем Мәдинаның камзолы музейде тұр. Күләш Байсейітова "Қыз Жібекте" сол камзолды киіп ойнаған. Бала кезімде әжеммен бірге осы камзолды көру үшін музейге жиі баратынбыз. Ол кезде музей 28 панфиловшылар саябағында болатын. Міне, осындай тарих. Ал камзолды кезінде менің әжемнен тәркілеп алған екен. Ол кісі танымал көпестің қызы болған", – деді Клара Күзденбаева.
Журналист, Абай облыстық мәслихатының депутаты Риза Молдашева камзол дауын ұлттық мұраға деген жанашырлықтан гөрі, қоғамдағы біреудің жетістігі мен ерекшелігіне деген реакция ретінде сипаттайды. Ол көпшілікті "сын айтпас бұрын, осы уақытқа дейін бұл жәдігерді неге іздемедік?" деген сұраққа жауап іздеуге шақырады.
"Жібек бойжеткеннің камзолы туралы дау – негізінен камзол туралы емес. Бұл біздің қоғамның жалпы реакциясы. Біреудің өзгешелігін байқасақ, соны дереу талқыға салу – ұлттық мінезімізге айналып бара жатқандай. Иә, бұл – мәдени мұра. Иә, бұл – құндылық. Бірақ бір сәт ойланып көрейікші: егер сол камзолды Баян Алагөзова сатып алмағанда, біз оны іздер ме едік? Осы уақытқа дейін біреу оны іздеді ме? "Қазақфильмнің" жағдайы бәрімізге мәлім. Соңғы жылдары оны кімдер басқармады? Қаншама реквизит пен мұра қараусыз қалды десеңізші. Кейде мәдени құндылықтарды мемлекеттен гөрі жеке тұлғалардың сақтағаны қайырлы... Тарихта бұған мысал көп. Мәселен, Павел Третьяков өз қаражатына құнды мұраларды жинап, оны халыққа қалдырды. Ал Семейге баға жетпес коллекция сыйлаған Невзоровтар отбасы ше? Сондықтан, ұмыт болған дүниеге жанашырлық танытқан адамды айыптамас бұрын, оған алғыс айтып: "Біз оны неге бұрын іздемедік?" – деп өзімізге сұрақ қойғанымыз дұрыс болар. Сынау оңай, ал сақтап, қадірлеу әлдеқайда қиын. Мәселе камзолда емес..." – деп жазды Риза Молдашева.
Оқи отырыңыз: "Екінші әйелімді шәкіртіме бердім". Құрбанәлі Ахметтің сұхбаты қалай діндегі шексіз билік мәселесін ашып көрсетті
Блогер Айна Керей бұл шудың негізгі себебі ретінде жәдігердің тағдырын емес, Баян Алагөзованың жеке өмірі мен жетістігіне деген қоғамның ішкі қарсылығын атайды. Ол камзолды "намыс" мәселесіне айналдырғандардың әрекетін субъективті факторлармен байланыстырып, келесідей ой түйеді.
"Бірнеше күннен бері "Қыз Жібек" фильміндегі камзолдың жыры жырланып жатыр. Сол камзолдың бар-жоғынан хабары жоқ, осы күнге дейін оны есіне де алмағандардың "намысы" оянып, атойлап жатыр екен. Шынына келсек, мәселе камзолда емес! Мәселе – көбісінің ішін өртеп жатқан Баянның салтанатты өмірінде! Мәселе – ажырасқан әйелдің екінші рет тұрмыс құрып, бақытты өмір сүріп жатқанында! Мәселе – өздерінің өмірде көп нәрседен құр қалып, жетістікке жете алмауында! Біреулер: "Алагөзовтер неге әлеуметтік желіде өздерін жарнамалай береді, бұл халықтың ашуына тиеді", – деп жазыпты. Оған: "Бәлкім, олардың қолынан бәрі келгендіктен, ал сіздерде олай болмағандықтан шығар? Жеке өз басым олар үшін қуаныштымын, әдемі өмір сүреді. Егер біреу немесе бір нәрсе жүйкеңізге тисе, оған назар аудармай, айналып өткеніңіз жөн", – деп жауап бердім", – деп жазды Айна Керей.