Рамазан айында пітір садақасы қалай және не үшін беріледі? 8 сұраққа жауап

20.02.2026

Qazaq24.com информирует, ссылаясь на сайт Informburo.KZ.

Биыл пітір садақа мөлшері 735 теңге болып белгіленді. Рамазан айында жаңа туған сәбиден бастап қартқа дейін оны беру міндеттелген. Оны мешітке апарып беруге де немесе банк қосымшалары арқылы онлайн жіберуге де болады. 

Осы орайда Информбюро порталы пітір садақасы қалай есептеледі және оны кімдер беру қажет деген сұрақтарға жауап береді.

№1. Пітір садақа мөлшері қалай есептеледі?

Қазақстанда пітір садақа мөлшері екі келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.

2026 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтағы орташа бағамен есептелді:

екі келі бидай – 318 теңге; екі келі ұн – 735 теңге; төрт келі арпа – 514 теңге; екі келі мейіз – 6 400 теңге; төрт келі құрма – 12 400 теңге.

Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті ҚМДБ пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.

Ал бай, ауқатты адамдар пітір садақаны екі келі мейізбен (6 400 теңге) немесе 4 келі құрмамен (12 400 теңге) бергені жақсырақ.

№2. Кімдерге пітір садақа беру міндет?

Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оны қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам беруі керек.

Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндет емес. Ал сауап үшін беріп жатса – өз еркі. Алайда садақаны өзінен де жағдайы нашар адамға бергені дұрыс. Ал әйелі және үлкен балаларының жағдайлары жетіп тұрса, олар пітір садақаны өздері үшін береді. Ал олар үшін де пітір садақа берген адам, сауаптан құр қалмайды. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді. Таң атпай дүние есігін ашқан сәбиге пітір садақасы – уәжіп. Таң атқаннан кейін туған бала үшін садақ беру міндет емес. 

Пітір садақасы уәжіп болған мұсылман нисап мөлшерінде байлығы жоқ әйелі мен кішкентай балалары үшін де беруге тиіс.

№3. Пітір садақасы кімдерге берілуі керек?

Құран Кәрімнің "Тәубе" сүресінің 60-аятында пітір садақаны кімдер ала алатыны айтылған:

жағдайы жоқ жандар; ештеңесі жоқ міскін; зекет жинауға тағайындалған белгілі адамдар; қарызға батқандар; Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтар; қаржылары бітіп, жолда қалған жолаушылар.

Әке-шешесіне, ата-әжесіне, әйеліне, өзінің ұл-қыздарына, олардан туған немерелеріне садақа беру дұрыс емес. Пітір садақаны алдымен бауырларына, туыстарына, ағайындарына, көршілеріне берген абзал ("Әл-фәтауа әл-һиндия", 1/252).

Одан артылып жатса немесе беретін жері болмаса, мешітке апарып берсе де болады. Бұл үрдіс бізде бұрыннан қалыптасқан. Мешіт оны мұқтаж жандарға үлестіреді және дін жолында пайдаланады.

№4. Пітір садақасын қай уақытқа дейін беру қажет?

Пітір садақаны Рамазан айы кіргеннен бастап Ораза айт намазына дейін беріп үлгеру қажет. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб.

№5. Пітір садақасын не үшін беру керек?

Пітір сөзі араб тілінде "жаратылыс" деген мағынаға саяды, сол себепті кей ғұламалар пітірді "дененің зекеті" деп атаған.

Пітір садақасында екі жақсылық бар: 

Рамазан айындағы ұстаған оразада кеткен қателіктер мен кемшіліктердің орнын толтырады.  Айт күнінде әлуметтік аз қамтылған отбасыларға бір сәтке болсын мәселесін ұмытып, айт мерекесінде қуаныш сыйлау.

Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажет нәрселерін алып, кедейлер де жұрт қатарлы қуанып шаттанады.

Хадистердің бірінде: "Алла елшісі ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақасын парыз етті. Кім оны (айт) намаздан бұрын берсе, ол зекет болып қабылданады, ал намаздан кейін берсе, жай ғана садақа болып есептеледі" делінген.

Бір ай бойы ұстаған оразаның қабыл болуына да осы садақа себеп болады. Сол себепті пітір садақасын шамасы жеткен әр мұсылман бергені жөн.

№6. Пітір садақасын бірнеше адамға бөліп беруге бола ма?

Бір мұсылманның пітір садақасы мұқтаж бір адамға беріледі. Бірақ бір адамның пітір садақасын бірнеше адамға бөліп беруге болмайды. Бірнеше адамның садақасын біріктіріп, тек қана бір мұқтаж отбасына беруге болады. Пітір садақасынан жиналған дүниені, ең алдымен жергілікті жердегі әлеуметтік аз қамтылған, мұқтаж кедейлерге берілуге тиіс. Жергілікті жерде садақаға мұқтаж кедейлер бола тұра, басқа жердегі мұқтаждарына үлестіріп беру – мәкруһ, яғни ұнамсыз іс болып саналады.

№7. Садақаны мешітке апарып беру міндетті ме?

Пітір садақасын мешітке апаруға да немесе банк қосымшалары арқылы онлайн беруге де болады. Онлайн аудару үшін банк қосымшасына "Төлемдер" бөліміне кіріп, аймақты, мешітті, садақа түрін таңдап, аударатын соманы енгізу қажет.  

№8. Мешіт ақшаны қалай үлестіреді?

Мешіт қызметкерлері пітір садақасын тиісті мешіттің тізімінде тұрған кедей-кепшіктерге үлестіреді. Банк қосымшаларына әр мешіт тіркелген. Пітір садақа ең алдымен сол жерде тұратын көмекке мұқтаж адамдарға беріледі.

Мешітке берілген садақа шариғат қағидаларына сай қайырымдылыққа жұмсалады. Рамазан айындағы пітір садақасы мешіт тізіміне тіркелген көмекке мұқтаж отбасыларға, жетімдерге, жалғыз­басты аналарға тапсырылады. ҚМДБ жанында Қаржы ашықтығын қамтамасыз ететін тексеру комиссиясы жұмыс істейді. Ол мешітке заттай немесе ақшалай түскен қаражаттың дұрыс мақсатта жұмсалуын қатаң қадағалайды. Халықтан түскен садақаға қиянат жасалуына жол бермейді

Следите за обновлениями и свежими новостями на Qazaq24.com, где мы продолжаем следить за ситуацией и публиковать самую актуальную информацию.
Читать полностью