Референдум 2026: Дауыс берушілерге арналған толық нұсқаулық

27.02.2026

Согласно сайту Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.

15 наурызда Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша республикалық референдум өтеді. Оған 12 миллионнан астам азамат қатысады. Барлығы 10 413 референдум учаскесі жұмыс істейді, оның ішінде 9 779-ы азаматтардың тіркелген жері бойынша, ал 634-і уақытша тіркеу орындарында ашылады. Әрбір учаске ғимаратында Конституция жобасының мәтіні болады. Өз учаскеңізді қалай табуға болады? Басқа қалада жүрсеңіз, дауыс беру мүмкіндігі бар ма? Бюллетеньді қалай дұрыс толтыру керек? Осы және өзге де маңызды сұрақтардың жауабын Informburo.kz материалынан оқыңыз.

№1. Референдум қашан өтеді?

Республикалық референдум еліміздегі барлық сайлау учаскелерінде 2026 жылдың 15 наурызында өтеді.

Дауыс беру уақыты – сағат 07:00 – 20:00 аралығы. 

№2. Кім дауыс бере алады?

Дауыс беруге Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған, қолданыстағы заңнамаға сәйкес сайлау құқығы бар азаматтары қатыса алады.

18 жасқа 15 наурыз күні толатын азаматтар да референдумға қатысуға құқылы. Егер қандай да бір себептермен азамат тізімге енгізілмесе, комиссия оны референдумға қатысушылардың тізіміне енгізу туралы дереу шешім қабылдайды.

№3. Өз учаскеңізді қалай табуға болады?

Референдум учаскелерін еGov порталында "ЖСН бойынша дауыс беру учаскесін іздеу" ақпараттық сервисі арқылы, сондай-ақ байланыс операторлары жіберген смс-хабарламасында көрсетілген call-орталықтың қысқа нөміріне хабарласып білуіңізге болады. 

Сонымен қатар аумақтық референдум комиссиясына хабарласып, тұрғылықты мекен-жайыңызды айтсаңыз, оператор қай жерге барып дауыс беруге болатынын айтады. 

Сондай-ақ жергілікті қалалар өз телеграм-боттарын іске қосып жатыр. Мысалы, алматылықтар Алматы қаласының әкімдігінің open-almaty.kz ресми сайтынан және @almaty_referendum2026_bot Telegram-боты арқылы немесе 1308 қысқа нөміріне хабарласып, дауыс беру учаскесінің нөмірі мен мекенжайын нақтылай алады.

№4. Қандай жағдайда үйден дауыс беруге болады?

15 наурыз күні өзі ауырып жатса, ауырып жатқан отбасы мүшесіне күтім жасайтын болса, сондай-ақ референдум учаскелері құрылмаған шалғай және қатынау қиын аудандарда азаматтар үйден дауыс бере алады. Ол үшін учаскелік референдум комиссиясына 15 наурыз күні сағат 12:00-ден кешіктірмей, жазбаша түрде жүгіну қажет. Сол кезде учаскелік комиссия сіздің үйіңізде дауыс беруді ұйымдастыруға тиіс.

№5. Референдум күні басқа жерде болсаң, қалай дауыс беруге болады?

Егер 15 наурыз күні тіркелген мекенжайда болмасаңыз, учаскелік комиссиядан алдын ала есептен шығару куәлігін алып, басқа учаскеде дауыс бере аласыз. Мұндай куәліктер 27 ақпаннан бастап 14 наурыз сағат 18:00-ге дейін беріледі. 

Есептен шығару куәлігі тек бір рет қана беріледі. Дауыс бергеннен кейін учаскеде қалдырып кетесіз. Егер құжат жоғалса, оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес.

Маңызды жайт: Есептен шығару куәлігін сенімхат арқылы алдыруға болады, оны нотариалды куәландырудың қажеті жоқ.

№6. Шетелдегілер қалай дауыс береді?

Шетелде жүрген азаматтар сол елдегі референдум комиссиясының учаскесіне жүгінуі қажет. Учаскелердің мекенжайын Сыртқы істер министрлігінің сайтынан табуға болады. Өзіңізбен бірге Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты болуы қажет.

Айта кетейік, 15 наурыз күні әлемнің 64 елінде 82 дауыс беру учаскесі қызмет көрсетеді. 

№7. Дауыс беру қалай өтеді?

15 наурыз күні жеке куәлікпен тіркелген мекенжай бойынша дауыс беру учаскесіне бару қажет.

Референдум комиссиясының мүшелерінен бюллетеньді алып, дауыс беру кабинасына кіресіз.

Бюллетеньде "Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген сауал жазылған және екі жауап нұсқасы ұсынылған:

"Иә, қабылдаймын"; "Жоқ, қабылдаймаймын".

Таңдаған нұсқаны жауаптың оң жағындағы бос шаршыға белгілеп, бюллетеньді дауыс беру жәшігіне саласыз.

№8. Толтырылған бюллетеньді басқаларға көрсетуге бола ма?

Дауыс беру жасырын түрде өтеді. Сол үшін ешкімнің сізден толтырылған бюллетеньді көрсетуді талап етуге құқығы жоқ. Егер кімде-кім бұл тыйымды бұзса, ол жауапқа тартылуы мүмкін.

Екіншіден, дауыс беру күні кез-келген үгіт-насихатқа тыйым салынады. Мәселен, толтырылған бюллетеньді басқаларға көрсету үгіт болып көрінуі мүмкін. Бұл үшін  әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан толтырылған бюллетеньді ешкімге көрсетпей, жәшікке бүктелген күйінде салған жөн.

№9. Дауыс беру кабинасына екі адам кіруіне бола ма? Болмайды. Заң бойынша дауыс беру жасырын түрде өтеді. Яғни, ешкім, тіпті дауыс берушінің жұбайы немесе жақын досы да оның бюллетенді қалай толтырғанын көрмеуі керек.

Бір ескерер жайт: егер референдумға қатысушының бюллетеньді өз бетінше толтыруға мүмкіндігі болмаса (әдетте, бұл қарт адамдар, көру қабілеті нашар адамдар), учаскелік комиссияға ескертіп, басқа азаматтардың көмегін пайдалануға құқылы. Алайда ол учаскелік комиссия мүшесі немесе бақылаушы болмауы керек. Яғни, егер референдум күні сізден біреу бюллетеньді толтыруға көмек сұраса және бұл туралы учаскелік комиссияға ескертсе, көмектесе аласыз. 

№10. Неліктен референдумға қатысу маңызды?

Референдум – азаматтардың таңдауын білдіруге мүмкіндік беретін маңызды тетік. Оның нәтижесі елдің алдағы даму бағытын айқындайды. Референдумға қатысу – әр азаматтың құқығы. 

Еске салайық, жаңа Конституция жобасы преамбула мен 11 бөлімнен тұрады, онда барлығы 95 бап бар. 11 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың 15 наурызында республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды

Не пропустите дальнейшие события, следите за актуальными новостями на Qazaq24.com.
Читать полностью