Qazaq24.com сообщает, ссылаясь на сайт Informburo.KZ.
Шымкентте улы жәндіктердің белсенділігі күрт артты. Бүгінгі таңда сарышаян шаққан 80 адам медициналық көмекке жүгінген, олардың тең жартысы қазіргі уақытта ауруханада емделіп жатыр.
Дәрігерлердің мәлімдеуінше, улы жәндіктер негізінен халық енді ғана қоныстана бастаған жаңа аумақтарда көбейген. Сарышаяндар көбіне аяқ киімнің ішіне, кереуеттің астына, перделердің тасасы мен ылғалды жерлерге тығылатындықтан, тұрғындар оларды байқамай қалады. Сондай-ақ мамандар жасыл шөптің үстіне отырар кезде де барынша абай болуды ескертеді. Улы жәндік шаққан сәтте адамның тыныс алуы қиындап, өміріне қауіп төнеді. Сондықтан дәрігерлер мұндай жағдайда уақыт созбай, бірден жедел медициналық көмекке жүгіну қажеттігін алға тартады.
«Көбіне сарышаян ұйықтап жатқан кезде адамды шағады. Далада, жерде жатпау керек деп халыққа осындай нұсқамалық айтатын едік. Себебі ылғалды жерде жәндіктердің барлығы болуы мүмкін. Сол үшін 10-15 сантиметр биіктікте жатып, астымызға көрпешемізді төсеп, жерге жата салмауды біз нұсқаулық ретінде беретін едік», – деді Шымкент қаласы гипербарикалық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.