Согласно информации сайта Informburo.KZ, сообщает Qazaq24.com.
Алматы облысының Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында 16 жастағы Аружан есімді бойжеткенді топтасып зорлады деп айыпталған төрт жігітті сот ақтап шықты. Үкім 29 қаңтарда жарияланып, сотталушылардың бәрі сот залынан босатылды. Алайда жәбірленуші тарап сот үкімімен мүлдем келіспейді. Олардың пайымдауынша, іс материалдарында күдіктілерді кінәлі деп тануға негіз болатын бұлтартпас айғақтар жеткілікті болған. Әділдік іздеген отбасы енді мемлекет басшысы, Бас прокуратура мен Жоғарғы соттан араша сұрап отыр.
"Қасіретке ұласқан көмек: Оқиға қалай болды?"Жәбірленуші тараптың айтуынша, қайғылы жағдай 2024 жылғы 8 қазанда болған. Алайда, қатты қорқып қалған жасөспірім бұл сұмдықты 17 қазанға дейін ешкімге айтпай келіпті.
Информбюро порталына сұхбат берген Аружанның анасы Индира Серік қызының ҰБТ алдындағы күйзелісі деп ойласа, сынып жетекшісі Аружанның ауырсынуды басатын дәріні тым көп ішіп жүргенін хабарлайды. Осылайша тек денсаулығы сыр беріп, медициналық тексеруге барар алдында ғана ол бәрін мойындаған.
"2024 жылғы 8 қазанда болған қасіретті жағдай Аружан өмірінің астаң-кестеңін шығарды. Сол күні жанына төрт жігіт мінген көлік келіп тоқтаған. Олардың бірі өзін сол кезде әскерде жүрген Аружанның бөлесінің досымын деп таныстырса, тағы бірін сіңілім мектептен сырттай танитын болып шықты. Ағасының досымын деген жігіт оның әскердегі жағдайын сұрап, "уақыт кеш болды, үйіңе жеткізіп салайық" деп қолқа салған. Бір ауылдың адамдары болғандықтан, Аружан еш күдіксіз көлікке мінеді. Көлік бағытынан жаңыла бастағанда Аружан мазасызданғанымен, қасындағылар "алдымен досымызды тастап, сосын сені жеткіземіз" деп алдарқатқан. Олар сіңілімді үйіне емес, иен далаға апарған. Сол жерде топтасып зорлап, "отбасыңды жайратамыз, бәрін видеоға түсіріп алдық" деп сес көрсеткен. Зәресі ұшқан сіңілім болған жайтты ешкімге тіс жарып айта алмаған. Қорқытып-үркітудің салдарынан Аружан бұл сұмдықты ішінде сақтады, ал отбасы тек 17 қазанда ғана білді. Анасы қызының томаға-тұйық болып кеткенін байқағанымен, оны ҰБТ алдындағы қобалжуға балаған. Кейін сынып жетекшісі Аружанның тым көп ауырсынуды басатын дәрі ішіп жүргенін хабарлайды. Әпкем оның бөлмесінен "Кетановтың" бос қораптарын тауып алып, ішінің ауырғанына байланысты дәрігерге қаратпақ болғанда, Аружан шыдай алмай жағдайдың мән-жайын түгел айтып береді", – дейді Аружанның әпкесі.
Оқи отырыңыз: Tozbe қосымшасы қыздар мен әйелдерді зорлықтан қалай қорғайды?
"Күдіктілердің телефонынан табылған бейнежазбадағы бойжеткен кім?"Жәбірленушінің анасы сот процесінің әділетсіз әрі созбалаңға салынғанына налыды. Оның айтуынша, тергеу амалдары аяқталғанымен, сот отырыстары негізсіз кейінге шегеріліп, бұл жағдай онсыз да соққы алған қызының жүйкесіне салмақ түсірген. Ел арасында тараған түрлі қауесет пен сотталушы туыстарының "бәрі сатып алынған" дегендей асқақ мінез танытуы отбасының әділдікке деген сенімін селт еткізіпті.
Сонымен қатар, анасы іс материалдарымен танысу барысында сотталушылардың бірінің телефонынан өзге бір қыздың қатысуымен түсірілген интимдік бейнежазбаны анықтаған. Алайда, бұл бұлтартпас айғақ сот залында қаралмай қалған. Аружанның анасының айтуынша, күдіктінің хаттамада құпия сөзі жазылып тұрса да, "парольді ұмытып қалдым" деп жалтаруы және судьяның бұл мәселеге атүсті қарауы маңызды дәлелдің ескерусіз қалуына әкеп соққан.
"Сот басталғанда заң жүйесінің бізді қорғауға қауқарсыз екеніне көзіміз жетті. Тергеу амалдары 2025 жылғы шілдеде тәмамдалып, қыркүйекте іс сотқа өтті. Алайда сот процесі негізсіз созылып кетті: қазан айында бірде-бір отырыс өтпесе, 2026 жылғы қаңтарда судья шешім шығаруды ай соңына дейін созбалаңға салды. Осы уақыт ішінде ел арасында неше түрлі қауесет тарап, зорлық оқиғасының егжей-тегжейі жұрт талқысына түсті. Аружан мұндай психологиялық соққыға төтеп бере алмады. Істің ұзаққа созылуы мен түрлі өсек-аяң қажытқандықтан, ол бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Біз құқық аясында әділдік іздеп жүргенде, қызымның жан дүниесі қор болды. Бастапқыда заңның үстемдігіне сенгендіктен және қызымның болашағына нұқсан келмесін деп, бұл жайттың жария болып, көпке таралғанын қаламап едім. Бірақ сот залында айыпталушылардың туыстарының арсыз әрекеттерін көрдік. Олар үкім шыққан бойда ұлдарын үйге алып кететінін айтып, ашықтан-ашық шіренді. Осының бәрін көргенде, "Бәрі әлдеқашан сатып алынған, әділдік біздің сыртымыздан шешіліп қойған ба?" деген күдікке еріксіз бой алдырдық", – деді Индира Серік.
Оның айтуынша, тергеу амалдары тәмамдалған соң, іс материалдарымен танысуға шақырған. Сол кезде Индира хаттаманы парақтап отырып, сотталушылардың бірінің телефонынан бірнеше бейнежазба табылғанын аңғарады.
"Оның бесеуі – екінші сотталушының қатысуымен түсірілген интимдік сипаттағы дүниелер екен. Бұл жайында хаттамада тайға таңба басқандай анық жазылып тұр. Сол сәтте мен тергеушіден: "Бұл қандай бейнежазба? Маған көрсетіңіз, хаттамада тіркеулі тұр ғой. Егер мұнда видео бар деп жазылса, ондағы менің балам болуы мүмкін емес пе?" – деп сұрадым. Ал тергеуші: "Жоқ, бұл сіздің қызыңыз емес, мұнда басқа қыз", – деп қысқа қайырды. Мен бәрібір көретінімді айтып табандап тұрып алдым, тіпті көрсетпеген жағдайда департамент бастығына шағымданатынымды ескерттім. Кейін судья да бұл бейнежазба жайында қайдан білгенімді сұрады. Мен іспен танысу барысында тергеушіден көргенімді сол жерде бүкпесіз айтып бердім. Судья прокурорға аталған видеоның бар-жоғын анықтау үшін заттай дәлелдемелерді алдыруды тапсырды. Егер жазба табылса, оны сот залында тікелей сотталушының телефонынан көретін болдық. Келесі отырыста прокурор телефонды әкелді. Судья оны қолына алып, мен нұсқаған том мен беттегі хаттаманы мұқият оқып шықты. Содан соң телефонның бұғаттауын ашу үшін құрылғыны сотталушының өзіне берді. Алайда, хаттамада әр телефонның құпия сөзі тайға таңба басқандай жазылып тұрса да, сотталушы "парольді ұмытып қалдым" деп жалтарды. Осылайша, бұлтартпас дәлел болуы тиіс бейнежазба сот залында қаралмай қалды", – деп налыды Аружанның анасы.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, тергеу және сот үдерісі кезіндегі ең үлкен күмән медициналық сараптама қорытындысына байланысты туындап отыр. Аружан анасының сөзінше, құжаттың сипаттама бөлімі мен түпкілікті тұжырымы бір-біріне мүлдем қайшы келеді.
"Сот отырысында сарапшыдан жауап алынды, алайда ол өз қорытындысынан танбай, уәжін өзгертпеді. Тергеуші тарапынан тәуелсіз немесе кешенді сараптама тағайындау туралы ешқандай бастама болған жоқ. Біз сараптама мәтінінде барлық жарақаттың тайға таңба басқандай жазылғанын көріп, қорытынды бөліміндегі олқылықтарға уақытында тиісті мән бермеген екенбіз. Биологиялық сараптамада бәрі ашық көрсетілген: оқиға орнынан алынған жамылғыдан "сперма аралас қан іздері" табылды. Соған қарамастан, геномдық сараптама "ДНҚ анықталмады" деген негізсіз қорытынды шығарды", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Tozbe авторлары: Әйелдер ғана емес, балалар мен ерлердің де зорлық-зомбылыққа төзбегенін қалаймыз
Жәбірленуші тарапты толғандырған тағы бір жайт – күдіктілердің алғашқы куәлігінен бас тартуы және соттың бұл маңызды айғақтарды ескерусіз қалдыруы. Аружанның анасының айтуынша, тергеу сатысында бәрі заңды тіркелгенімен, сот залында жағдай мүлдем басқа арнаға бұрылған.
Прокурор күдіктілерге қандай жаза сұрады?"Іс материалдарында күдіктілердің алғашқы жауаптары бейнежазбаға таспаланған. Алайда олар сотта "жауапты өз еркімізбен бермедік" деп ақталды. Шындығында, әрбір хаттаманың астында "ешқандай қысымсыз, өз еркіммен бердім" деген қолдары бар. Судьяның істегі бұл бейнежазбаларға нақты құқықтық баға бермегені жанымызға батады. Біз айғақтардың томдары мен беттерін нақты көрсеткенде, судья мен қарсы тараптың адвокаттары аңтарылып қалғандай кейіп танытты. Артынша адвокаттар ол видеоларды сот залында көрсетпеуді сұрап еді, судья бұл өтінішті бірден қабылдады. Қорғаушылардың бірі беттестіру кезінде бұрын мемлекеттік қызметте болғанын айтып қалған еді. Оның қолында тергеуі әлі аяқталмаған материалдардың көшірмелері түгел болды. Кейіннен ол кісінің бұрын судья болып қызмет атқарғанын білдік", – деді Индира Серік.
Сотталушыларды ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағы және 121-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, олардың әрқайсысына төмендегідей жаза кесуді:
ҚР ҚК-нің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағы бойынша: педагогикалық лауазымдарды атқару және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылға бас бостандығынан айыру; ҚР ҚК-нің 121-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағы бойынша: педагогикалық лауазымдарды атқару және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылға бас бостандығынан айыру. ҚР ҚК-нің 58-бабы 3-бөлігінің негізінде, тағайындалған жазаларды ішінара қосу арқылы, сотталушылардың әрқайсысына түпкілікті 16 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды. Сонымен қатар, педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуді талап ететін қызметтермен айналысу құқығынан өмір бойына айыруды күшінде қалдыруды. ҚР ҚК-нің 46-бабы 5-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, жазаны өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесін белгілеуді. Сотталушыларға қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын қолданып, оларды сот залынан қамауға алуды. Сотталушылардан жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 30 АЕК мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндіруді. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 178-бабы 1-бөлігіне сай, іс жүргізу шығындарын мемлекет пайдасына өндіруді. Ал заттай дәлелдемелердің тағдырын ҚР ҚПК-нің 118-бабының талаптарына сәйкес шешуді сұрады.Алайда 2026 жылғы 29 қаңтарда Алматы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен төрт айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағы және 121-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәсіз деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты ақталды.
Жергілікті соттың шешіміне көңілі толмаған және тергеудің әділдігіне күмән келтірген отбасы еліміздің ең жоғары құзырлы органдарынан көмек сұрап отыр. Олар бұл істің ашық әрі заң аясында қаралуын талап етіп, бірнеше мекемеге жүгінген. Сот процесі кезінде жәбірленуші тарап тек заң тұрғысынан емес, рухани тұрғыдан да үлкен соққы алғанын айтады.
"2025 жылғы 30 желтоқсанда біз Президент әкімшілігіне, Бас прокуратураға, ҰҚК және Жоғарғы сотқа ресми түрде өтініш-шағым жолдадық. Сот залында судья тарапынан ешқандай ескерту жасалған жоқ. Адвокаттар арсыз, әдепке жатпайтын сұрақтар қойғанда да судья бірде-бір рет оларға тоқтау салмады. Аружан мектепті 2025 жылы бітірді. Биыл ҰБТ тапсыруға дайындалып жүр. Қазіргі уақытта жеке психологтың көмегіне жүгініп, маманмен тұрақты жұмыс істеп жатыр. Күдіктілермен бір ауылда тұрғандықтан, екі қызымыздың қауіпсіздігі үшін қатты алаңдаймыз. Сақтық шараларын күшейтіп, өзімізді қорғауға мәжбүрміз. Біз сот шешімін қайта қарап, заң мен әділдіктің орнауын, кінәлілердің лайықты жазасын алуын талап етеміз. Істегі бұлтартпас дәлелдердің еленбеуі – күдіктілердің аналары айтқан сөздерді растағандай болады. Олар ашықтан-ашық: "Қомақты қаражат берілді, бүгін алып қайтамыз", "Қазір көресің, сот залында не болатынын" деп бізді мазақ қылған еді", – дейді анасы.
Оқи отырыңыз: Психолог: "Өлтіргенін күтудің қажеті жоқ". Тұрмыста зорлық-зомбылық көрсеңіз, кімнен көмек сұрау керек?
Аружанның ісіне қатысты шыққан сот үкімі қоғамда үлкен толқу туғызды. Әлеуметтік желі жұртшылығы күдіктілер мен істі қараған судьяның аты-жөнін жариялауды талап етіп отыр.
dariga.sergeevna: "Бейнежазбадағы басқа қыз" дейді. Оның кім екенін анықтағылары келмей ме? Демек, мыналардың бұл бірінші ісі емес қой, сонда да оларды босатып жіберіп жатыр ма? dinara_bekbasova_: "Судьяның аты-жөні неге жазылмаған? Халық өз "қаһармандарын" тануы керек қой. Бұл судьяның "ерлігі" тек осы іспен шектелмеген шығар, бәлкім..." diana.tasbaeva: "Ал әлгі "қаһармандардың" суреттері мен аты-жөндері қайда? Ақтау үкімін шығарған судьяның тегі неге көрсетілмеген?" aisakovadarina3: "Бұларға "Ворошилов атқышындай" біреу жетпей тұр" lyazzat_yerimbet: "Мәселені қоғам талқысына салу керек. Сондай-ақ судьяның үстінен тексеріс жүргізу қажет деп есептеймін: айғақтар тайға таңба басқандай анық бола тұра, неліктен мұншалықты жеңіл үкім кесті? Көптеген іс тек қоғамдық резонанс туғанда ғана қайта қаралатынын байқап жүрмін. Маған қызығы – бұған дейін шешім шығарған судьялар жазалана ма, әлде істі басқа судьяға бере салып, олар "кейін резонанс болмаса екен" деп тілеп, әділетсіз үкім шығаруды жалғастыра бере ме?"Оқи отырыңыз: Зорлық-зомбылық жасағандар енді Қылмыстық кодекс аясында жазаланады