Qazaq24.com передает, что по данным сайта Informburo.KZ.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның The News International газетіне берген сұхбатында еліміздің АҚШ президенті Дональд Трамптың идеясымен жүзеге асқан Ибраһим келісімдеріне не үшін қосылғанын түсіндірді.
Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан бейбітшілік, тұрақтылық және халықаралық диалог қағидаттарын әрқашан берік ұстанады.
"Бұл ұстанымнан алдағы уақытта да айнымаймыз. Ибраһим келісіміне қосылу арқылы біз дипломатияның күшіне сенетінімізді тағы да растадық. Өйткені бұл кез келген қарама-қайшылықты реттеп, өңірде және жаһанда ұзақ мерзімді тұрақтылық орнатуға болатын парасатты құрал. Қазақстанның Израильмен қарым-қатынасы жақсы. Сонымен қатар біз Палестина халқын да қолдаймыз. Екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді дәйекті түрде құптаймыз. Ұлттық мүдде тұрғысынан қарасақ, Ибраһим келісімдеріне қосылу елімізге инвестиция мен озық технологияларды тартуға, басқа да қомақты экономикалық игіліктерге кенелуге берік негіз қалайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы араб пен еврей халықтарын қазіргіден де жақындастырып, анағұрлым кең мұсылман-яһуди диалогына ұласуға септігін тигізеді деп үміттенетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ Дональд Трамптың өте тегеурінді әрі көреген көшбасшы екенін де атап өтті.
"Ол елінің ұлттық мүддесін әрдайым бірінші орынға қояды. Мұны АҚШ экономикасының жоғары көрсеткіштерінен, сондай-ақ қазіргі кезде ел ішінде жүріп жатқан ауқымды реформалардан, әсіресе, әлеуметтік саладағы оң өзгерістерден аңғаруға болады. Мен оның ақыл-парасатқа құрылған саясатын және заң үстемдігін орнатуға бағытталған әрекетін қолдаймын. Қазақстанда да осыған ұқсас бағдарды басшылыққа алып, қоғамда "Заң және тәртіп" қағидатын орнықтыруды мақсат етіп қойдық. Сонда ғана еліміз осынау алмағайып заманда іргесі мықты мемлекетке айналады", – деді мемлекет басшысы.