Qazaq24.com сообщает, ссылаясь на сайт Informburo.KZ.
Жетісу облысында Панфилов аудандық перзентханасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген құрылысшылар төрт айдан бері еңбекақыларын ала алмай шағымдануда. Маңдай тердің ақысын кімнен сұрайтындарын білмей дал болған жұмысшылардың мәселесіне қатысты тапсырыс беруші де, құрылысқа жауапты компания да қосалқы мердігерді кінәлап отыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Құрылысшылардың айтуынша, мердігер компания әр жұмысшыға ай сайын 300 мың теңге жалақы төлеуі тиіс болған. Алайда ақпан айынан бері уәде етілген қаражат берілмеген. Жұмысшылар "ертең беріледі" деген сөзге сеніп, төрт ай бойы тосып жүргендеріне ашынады.
"Әне береміз, міне береміз дегелі 4 ай болды. Әлі жоқ. Соңғы рет ақпанда аванс деп 50 мың берілген. Содан кейін ақша бермеді", – деді құрылысшы Самат Әбілдаев.
Тағы бір жұмысшы Хамит Айтбаев та төрт айдан бері тиесілі қаражатын даулап жүргенін жеткізді.
"Айына 300 мың беруі керек болған. 4 айда 1 миллионнан артық ақша алуымыз керек еді. Әлі бермей жатыр ғой. Сұрасаң күнде ертең. Енді телефон алмайды", – дейді құрылысшы Хамит Айтбаев.
Оқи отырыңыз: Белгілі айтыскер ақын Салтанат Өтелбаева мен жолдасы жол апатынан қаза тапты
Анықталғандай, перзентхананы жөндеу жұмыстары үшін бюджеттен 9 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Тапсырыс беруші мен бас мердігер өз тарапынан міндеттемелердің толық орындалғанын алға тартады. Ал құрылыстың бастапқы жұмыстарын қосалқы мердігер жүргізген. Жауапты тұлғалардың мәлімдеуінше, келісімшарт талаптарын елемей, құрылысты сапасыз атқарғаны үшін қосалқы мердігермен арадағы келісім бұзылған.
"Қосалқы мердігерге аванс толық төленді. Бірақ жұмыс сапасыз орындалғандықтан келісімшартты бұздық. Сондықтан қаражатты өндіру бойынша сотқа жүгіндік. Ал жұмысшылардың еңбекақысын төлеу – жұмыс берушінің міндеті. Біздің ол қызметкерлермен еңбек қатынасымыз болған жоқ", – деп түсіндірді құрылыс компаниясының басшысы Мұрат Божимов.
Айлықтары тоқтаса да, құрылысшылар жұмысты тоқтатпай атқарып келген.