Тотыдай таранған Тараз
Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Мыңжылдықтардың куәсіне айналған қарт Тараз жыл өткен сайын жаңарып, жаңғырып келеді. Кейінгі бірнеше жылдың бедерінде облыс орталығында жаңа шағын аудандар бой көтеріп, инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері тұрғындарды әлеуметтік тұрғын үймен, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге айрықша назар аударып отыр.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, қазірде облыс орталығында 23 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың мәселесін оңтайлы шешу мақсатында жаңадан салынып жатқан «Балауса», «Шапағат», «Ұлы дала» шағын аудандарында әлеуметтік тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр.
«Уақыт өткен сайын облыс орталығында салынып жатқан тұрғын үй саны артып келеді. Өткен жылы қала аумағында 50 тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Биыл 60 көпқабатты тұрғын үйдің, оның ішінде «Ұлы дала» шағын ауданында – 22, «Шапағат» шағын ауданында – 16, «Балауса» шағын ауданында 22 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл үйлердің барлығы жыл соңында пайдалануға беріледі. Жыл басталғалы бері 216 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік. Бұдан бөлек, 3,8 млрд теңгеге нарықтан қосымша 266 пәтер сатып аламыз. Бұл жұмыстың барлығы шаһарда кезекте тұрған 23 мыңға жуық тұрғынның мәселесін шешу мақсатында қолға алынып отыр. Жаңадан салынып жатқан «Балауса» шағын ауданында жалпы саны 145 тұрғын үй бой көтереді. Бір айта кетерлігі, «Балаусада» тек әлеуметтік тұрғын үй салынбайды. Мұнда қазіргі нарыққа сәйкес коммерциялық тұрғын үйлер салуды да жоспарлап отырмыз. Тараздың мақтанышына айналған Талас өзенінің бойында 9, 12 қабатты тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар мұнда әлеуметтік нысандар да салынады. Олардың қатарында мектеп, балабақша, емхана, үлкен концерт залы бар. Әлеуметтік тұрғын үйлер туралы әңгіме қозғалса, жұрт оның сапасы төмен екенін айтып жататыны бар. Уақтында мұндай әңгіменің айтылуына негіз де болған шығар. Сол олқылықтармен тиянақты жұмыс істедік. Қасбетінен бастап, бұл жобаны толықтай зерделедік. Шатыры да, ішкі құрылымы да, жалпы архитектуралық шешім бұрынғыдан өзгеше», дейді қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы.
Шаһар басшысының айтуынша, «Балауса» шағын ауданында салынып жатқан тұрғын үйлерде әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтардың жағдайы ескерілген. Мұнда әрбір подъезде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жеделсаты орналастырылады.
«Мұнда өздеріңіз көргендей, 4 бөлмелі пәтер қарастырылған. Бұрын біз көпбалалы аналарға 3 бөлмелі пәтер ғана ұсынатынбыз. Енді 4 бөлмелі пәтер беретін мүмкіндік туады. Әлеуметтік үйлердің сапасын арттыруға айрықша басымдық беріп отырмыз. Сол тұрғыдан алғанда мұнда арнайы 2 дәретхана, 2 жуыну бөлмесі бар екенін айта кеткен жөн. Салынып жатқан үйлерді кәдімгі бизнес класс санатындағы тұрғын үйлердің сапасына жақындатуға ден қойып отырмыз. Ең бастысы, жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандағы көпқабатты үйлердің құрылысына сапалы материалдар пайдаланылып жатыр. Бұрын айтылған ұсыныстарды да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Жертөлелерді тиімді пайдалану мақсатында өткен жылы қанатқақты жоба жасаған едік. Сол жобаның негізінде жертөлелерден әр пәтерге арналған жеке бөлме салуды ұйғардық. Мұнда әрбір азамат пәтеріне сыймаған заттарды қояды. Бұл қадамға тұрғындар сұранысы негізінде бардық», дейді Б.Орынбеков.
Бақытжан Әмірбекұлының айтуынша, «Балауса» ауданын көгалдандыру, абаттандыру жұмысына айрықша басымдық берілген. Әсіресе балаларға қажетті ойын алаңдары, воркаут, футбол алаңын салу мәселесі жобада қарастырылған.
«Тұрғындар тарапынан «Бізге балалар алаңшасы, футбол алаңы керек» деген мәселелер туындамауға тиіс. Сол тұрғыда жаңа шағын ауданның жоспарына осы қажеттілікті енгіздік. Шағын аудандағы тұрғын үйлер әлеуметтік санатқа жатады. Мұндағы пәтерлердің шаршы метрінің бағасы – 248 мың теңге. Қала бойынша нарықтағы баға 350 мың теңгені құрайды. Біз кезекте тұрған азаматтарға баға қолжетімді болуы үшін осындай қадамға барып отырмыз», дейді ол.
Кейінгі үш жылдың бедерінде облыс орталығында жол жөндеу жұмыстары тың қарқын алды. Нәтижесінде, облыс орталығында 420 көшеге асфальт төселіп, тұрғындар тарапынан туындаған көкейкесті мәселе өз шешімін таба бастады. Жол мәселесі толықтай шешімін тапқан тұрғын алаптарының қатарында «Бурыл» мен «Барысхан» да бар.
«Қаламыздағы «Барысхан» тұрғын алабында қазіргі кезде 5 мыңға жуық халық қоныстанған. Халық әуелде көшелерді асфальттау, жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесін жиі айтатын. Біз бірінші кезекте осы мәселелерді уақтылы шешуге ден қойдық. Қазір «Барысхан» тұрғын алабындағы барлық 24 көшеге асфальт төсеу жұмысы толық аяқталды. Жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұдан бөлек, көшелерді жарықтандыру жұмысы да уақтылы қолға алынып, толығымен аяқталды. Тұрғындардың тағы бір өтініші – қоғамдық көлік. Қазір №29, №9 бағыттағы автобустар қала мен «Барысхан» арасында тоқтаусыз жүріп тұр. Біз «Барысхан» тұрғын алабына қоныстанған тұрғындармен бірлесіп жұмыс істеуге уағдаластық. Мұнда қазір көгалдандыру жұмысы жүріп жатыр. Апта сайын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік өткізіледі. Алдағы сенбіде бұл алапқа 5 мың түп ағаш отырғызылады. Әр көшенің бойына егілген көшеттерді тұрғындар өздері суарады, күтіп баптайды», дейді қала әкімі.
Расында, әуелде «Барысхан» тұрғын алабының мәселесі аз уақыттың ішінде шешімін табады дегенге ешкімнің сенбегені анық. Әйтсе де, қала тізгінін қолға алған Б.Орынбеков санаулы жылдың ішінде мұндағы толып жатқан мәселені уақтылы шешіп, тұрғындар алдында берген уәдесін орындағанын айта кеткен жөн.
«Барысхан» тұрғын алабының халқы біраз жыл бойы жол азабын тартқаны белгілі. Бұл ойдым-ойдым жол аз уақытта жөнделеді дегенге ешкім сенбеген еді. Шұрық-тесік жолдан бәріміз зардап шектік. Кейінгі уақытта біз қоныстанған «Барысхан» тұрғын алабына қала билігі айрықша ден қойғаны көңіл қуантады. Мұндағы барлық көшемен бірге Сүйінбай көшесіне де асфальт төселді», дейді «Барысхан» тұрғын алабындағы Сүйінбай көшесінің тұрғыны Мықтыбек Тәукебаев.
Облыс орталығы Тараз қаласындағы шағын тұрғын алаптары да жергілікті атқарушы билік өкілдерінің назарынан тыс қалған емес. Солардың бірі – «Тектұрмас» тұрғын алабы. Мұндағы шағын көшелерге де дер кезінде асфальт төселіп, жергілікті тұрғындардың өтініші қанағаттандырылды.
«Жалпы алғанда, «Тектұрмас» тұрғын алабында 134 түтін бар. Мұнда 500-ге жуық тұрғын қоныстанған. «Тектұрмаста» да жоспарға сәйкес жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тұрғындар кездесулерде көгілдір отын, ауызсу, көше жарығы, жол, қоғамдық көлік мәселесін жиі көтеретін. Қазір жергілікті жұрт көтерген бұл мәселелердің барлығы шешімін тапты деп айтуға толық негіз бар. Біз 2023 жылы «Тектұрмасқа» газ құбырларын, су жүйелерін тартып, толықтай газбен, сумен қамтамасыз еттік. Былтыр көшелерді жарықтандыру жұмысын бастадық. Биыл ол жұмысты да толыққанды атқарып шықтық. Сонымен қатар көшелерді асфальттауға жедел кірісіп, уақтылы аяқтадық. Әлбетте, барлық мәселені жергілікті тұрғындармен бірлесіп шешіп жатырмыз. «Тектұрмас» тұрғын алабы халқының өтініші негізінде қоғамдық көлік маршрутын 2023 жылы ашып бергенбіз. Қазіргі кезде тұрғындар автобустарды жаңалау мәселесін алға тартып отыр. Жыл соңына дейін қалаға 60-қа жуық жаңа автобус келеді. Соның есебінен қоғамдық көліктерді жаңалаймыз», дейді Б.Орынбеков.
Жоспарға сәйкес қолға алынған жұмыстар «Қарасай» тұрғын алабында да сәтімен аяқталды. Мұнда да жергілікті тұрғындардың сұранысына сәйкес, қазынадан қарастырылған қаражат есебінен көше жолдары толықтай асфальтталған.
«Жалпы алғанда 2024 жылы «Қарасай» тұрғын алабындағы 11 көше бұрылыстарына жөндеу жүргізілді. Ұзындығы 13,1 шақырымды құрайды. Жергілікті тұрғындардың өтініші осылайша дер кезінде орындалды», дейді Тараз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жол секторының меңгерушісі Дамир Айманов.
«Қарасай» тұрғын алабының халқы жаңа жолды ұзақ күтті. Олар бірінші кезекте көшеміздің жолы жөнделсе дегенді жиі айтатын. Жергілікті тұрғындардың бас ауруына айналған мәселе аз уақыттың ішінде шешімін тапқаны көңіл қуантады.
Қала тұрғындарының тілегіне сәйкес Асанбай Асқаров көшесіне жалғасатын автокөлік көпірінің құрылысы да аяқталды. Көпірдің құрылысына қазынадан 200 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған болатын.
«Осы жылы «Ұлы дала» шағын ауданы мен Асанбай Асқаров көшесін байланыстыратын автокөлік көпірі салынды. Бұл көпірдің жалпы конструкциясы 25 метрге тең. Мұндағы жол 9 метр болса, екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Ілгеріде көпір жоқ кезде тұрғындар «Ұлы дала» шағын ауданы арқылы «Бурыл» тұрғын алабын айналып өтетін. Бұл тұрғындарға ыңғайсыздық тудыратын. Енді жолды ұзартпай, тікелей осы көпір арқылы Асанбай Асқаров көшесіне шыға алады. Көпір жергілікті тұрғындардың сұранысына сай салынды. Мұндағы құрылыс жұмысы жарты жылдың бедерінде аяқталды», дейді жауапты мамандар.
Қорыта келгенде, кейінгі жылдары облыс орталығын көркейту жөнінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылып жатқанына ешкімнің таласы жоқ. Қала әкімі Б.Орынбеков бірінші кезекте жергілікті тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді уақтылы шешуге ден қойып отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
ТАРАЗ


