Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
8 жыл бұрын жаңа салаға аяқ басқан ол қазір темірдің сылдыры мен электр доғасының жарығы үзілмейтін Атырау қаласындағы вагон құрастыратын зауытта дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Жас мамандарды тестілеуден өткізеді.
Мейрамгүл Айдаралиеваның негізгі мамандығы — ұстаз. Бұл бала арманы болғанмен түрлі салада жұмыс істеген. 2018 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін өмір арнасын басқа бағытқа бету бұру туралы шешім қабылдапты.
Фото: Нұрбибі Теміртасова / Kazinform— Әкемнің көзі тірісінде пайдаланған құрал-жабдықтары мен керек-жарақтарына қарап тұрып, «әттең, әркімнің қолына кетеді-ау» деген ой санама сап ете қалды. Сол сәтте бойымда сенім пайда болып, жолын жалғаймын деген шешімге келдім, — дейді дәнекерлеуші Мейрамгүл Айдаралиева.
3 ай арнайы оқудан өтіп, Атыраудағы түрлі компанияда жұмыс істеген. Ресейдегі зауыттарда қызмет етіп, тәжірибе жинақтаған.
43 жастағы келіншек алғашында ер адамдардың тарапынан күмән мен сенімсіздіктің болғанын жасырмады.
Фото: Нұрбибі Теміртасова / KazinformФото: Нұрбибі Теміртасова / Kazinform— Дәнекерлеуші болып алғаш рет кәсіпорынға жұмысқа орналасқан кезде бұл істің қыр-сырын үйреткен әріптестер болды. Дегенмен «асүйінде отыра бермедің бе?» деп күмән келтіргендер де кездескені жасырын емес. Мені көптің ойы алаңдатпады. Әкемнің атын шығаруды мақсат еттім. Жалпы мен екі темірді дәнекерлеп, құрастырғаннан шабыт аламын. Кейін оны зертханаға жібереміз.Қазір зауытқа жұмысқа кіруге келген жастардан тест қабылдаймын. «Мен биыл оқу бітірдім, қолым әлі үйренбеді, көмектесіп жібересіз бе?» деген жас өрендерге үйретуден күш аламын. Мен көрсетіп, жол сілтеген жастардың жұмысқа орналасуы маған қуаныш сыйлайды, жігер береді, — дейді дәнекерлеуші әйел.
Ол үшін зауыттағы жұмыс — тек жеке шеберлік емес, үлкен команданың еңбегі. Вагон жасау — бір адамның қолынан келетін іс емес.
Технологтар жобасын дайындайды, құрастырушылар мен монтаждаушылар бөлшектерді жинайды, тазалау мен тексеру жұмыстарын атқаратын өз мамандары бар. Ал дәнекерлеушілер сол еңбектің маңызды кезеңдерінің бірін орындайды.
— Біз жұмыста баллондарды да, темірлерді де өзіміз тасимыз. Баллонның өзі кем дегенде 80 килограмм болады, оны арбаға салып алып жүреміз. Аппараттарды көтереміз, сымдарын ауыстырамыз. Мысалы, бір сымның өзі шамамен 19 килограмм тартады, — деп жұмыс барысына тоқталды кейіпкер.
Ер адамдар басым өндіріс алаңында Мейрамгүл Айдаралиева өзін еркін ұстайды. Темірдің ортасында жүрсе де, оның болмысынан нәзіктік пен табандылық қатар байқалады.
Бір қарағанда ауыр өндірістің ортасында жүрген адамды елестету қиын, бірақ Мейрамгүл бұл саланы тек мамандық ретінде емес, жүрек қалауымен таңдаған жан.
Фото: Нұрбибі Теміртасова / KazinformӨндіріс алаңында ол — тәжірибелі маман, талапшыл ұстаз. Жұмыста темірден түйін түйген Мейрамгүл үйінде тоқумен айналысып, киім тігеді.
Фото: Нұрбибі Теміртасова / Kazinform— Жұмыста мен өзімді әйел адам ретінде сезінбеймін. Бұл жерде мен маманмын, дәнекерлеушімін. Ал үйде — анамын, аяулы жармын. Өмірлік серігімді осы салаға келгенде кездестірдім. Ол да дәнекерлеуші. Тәжрірибесі менен көп болғандықтан білгенін үйретіп жүреді. Екеуміз де осы зауытта қызмет етеміз. Алғашында қызым мамандығыа қызығушылық танытты. Кейін мен қарсы болдым. Өйткені, өндірісте ер адамдардың арасында жұмыс істейтін әйел мінезді, батыл болуы керек. Болмысың мен кәсібилігің арқылы ортада жұмысыңды көрсете білу қажет, — дейді Мейрамгүл Айдаралиева.
Ерлермен өндірісте иық тірестіріп еңбек етіп жүрген Мейрамгүл Айдаралиева болашағын, алдағы өмірін осы мамандықпен байланыстырады.
Ел өндірісінің өркендеуіне үлес қосу, қосқысы келеді, шәкірт тәрбиелеп, еңбек нарығына кәсіби мамандарды дайындау — дәнекерлеуші әйелдің алға қойған мақсаттарының бірі.
Осыға дейін 30 жылдан астам уақыттан бері гүл сату бизнесімен айналысатын Бақыт Исхакова жылыжайға қызғалдақтың 12 түрінен 200 мың түп еккенін жазған едік.
Фото: Нұрбибі Теміртасова / Kazinform Фото: Нұрбибі Теміртасова / Kazinform