Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Абай ауданының әкімі Шәкір Сұлтанхан ауданның даму көрсеткіштері мен атқарылған жұмыстарды таныстырды. Аудан басшысы айтқан мәліметке қарағанда, негізгі басымдық халыққа қолайлы орта қалыптастыруға, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруге, көшелерді абаттандыруға және қоғамдық кеңістіктерді көбейтуге берілген.
Абай ауданы – Шымкенттегі халық саны ең көп аумақтың бірі. Бүгінде мұнда 27 елді мекенде 269,2 мың тұрғын тұрады. Аудан аумағында 55 мыңнан астам жеке тұрғын үй мен 350 көпқабатты үй бар. Тұрғындардың негізгі инженерлік қажеттіліктерін қамтамасыз ету бағытында да оң көрсеткіштер қалыптасқан. Атап айтқанда, аудан ауызсумен, электр энергиясымен және табиғи газбен 100 пайыз қамтылған.
Ауданда инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары тоқтаған жоқ. Қазір Жиделі, Ақжайық және Нұршуақ шағынаудандарындағы жаңа құрылыс аумақтарын табиғи газ жүйесіне қосуға қатысты жобалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл – қала аумағының кеңеюіне байланысты ерекше маңызға ие бағыт. Жаңа тұрғын алаптарының инженерлік желілермен қамтамасыз етілуі халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартып қана қоймай, елді мекендердің жоспарлы әрі жүйелі дамуына мүмкіндік береді.
Газдандырудың 100 пайыздық көрсеткішке жетуі ау-данның әлеуметтік инфрақұрылымындағы маңызды нәтижелердің бірі болса, жаңа құрылыс аумақтарына газ желісін жеткізу осы жұмыстың сабақтастығын көрсетеді. Алдағы кезеңде жобалау жұмыстарының сапалы жүргізіліп, қажетті инфрақұрылымның кезең-кезеңімен іске қосылуы тұрғындар үшін маңызды.
Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруда жол инфрақұрылымының орны ерекше. Аудан бойынша жалпы 1 274 көше болса, оның 1 207-сі асфальтталған. Бұл көшелердің 95,4 пайызы асфальтпен қамтылғанын көрсетеді. Биыл қалған көшелерді ас-фальттау бағытындағы жұмыстар да қолға алынған. Қазір 19 көшеде тиісті жұмыстар басталды. Бұл – жол сапасын жақсарту арқылы тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған нақты қадам.
Сонымен қатар аудан көшелерінің жарықтандырылуы 100 пайызға жеткізілді. Ендігі міндет – қолданыстағы жарықтандыру инфрақұрылымының сапасын арттыру. Осыған байланысты жарықтандыру бағаналарын жаңартуды қажет ететін 13 көшеде жұмыстар жүргізіліп, оларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Абай ауданындағы биылғы жұмыстардың тағы бір маңызды бағыты – қоғамдық кеңістіктерді дамыту және аулаларды абаттандыру.
Биыл аудан аумағында 15 әмбебап алаңша, 2 ашық спорт алаңшасы және 5 гүлзар салынды. Сонымен бірге 35 көшеге жалпы ұзындығы 44,5 шақырым болатын аяқжол төселіп, бұл жұмыстар толық аяқталды. Жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымның дамуы – тұрғындардың қауіпсіздігі мен күнделікті жайлылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор. Әсіресе халық тығыз орналасқан аудандарда сапалы аяқжолдардың болуы қоғамдық ортаның қолайлылығына тікелей әсер етеді.
Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінген. Ақжайық шағынауданындағы 18 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы жарықтандырылса, Асар шағынауданындағы 30 көпқабатты үйдің қасбетіне архитектуралық жарықтандыру орнатылды. Мұндай жұмыстар ауданның түнгі келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігіне де оң әсер етеді.
Ауданның әлеуметтік ортасын жақсартуда тұрғындардың өз ұсыныстары негізінде жүзеге асырылатын «Халық қатысатын бюджет» жобасының да маңызы зор. Жоба аясында бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 9 ойын алаңы мен 2 гүлзардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған нысандарды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Абай ауданындағы жүйелі жұмыстардың ішінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы да айрықша орын алады. Өйткені ауданның көркейіп, таза әрі жайлы болуы тек инфрақұрылымдық жобаларға емес, тұрғындардың қоғамдық мәдениеті мен ортақ жауапкершілігіне де байланысты. Жыл басынан бері аудан аумағында 31 сенбілік ұйымдастырылып, оған шамамен 50 мың адам қатысты. Сенбіліктерге тұрғындармен қатар кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері атсалысты.
«Таза Қазақстан» идеясының түпкі мәні де осында. Таза көше, жинақы аула, абаттандырылған қоғамдық орын ең алдымен тұрғындардың өзіне қолайлы орта қалыптастырады. Сондықтан тазалықты сақтау тек коммуналдық қызметтердің емес, қоғамның ортақ міндетіне айналуы қажет. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрғын үйлерді алдағы жылу маусымына дайындау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 162 көпқабатты тұрғын үйдің 99-ында сығымдау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың уақытылы атқарылуы – қысқы кезеңге дайындық сапасын қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.
Жалпы, Абай ауданындағы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы инфрақұрылымды жаңғырту мен абаттандыру жұмыстарының жүйелі жүргізіліп отырғанын көрсетеді. Алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер – жаңа құрылыс аумақтарын инженерлік желілермен қамтамасыз ету, қалған көшелерді асфальттау, жарықтандыру жүйелерін жаңарту, абаттандыру жобаларын толық аяқтау және «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстардың тұрақтылығын сақтау.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы