Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Шежірелі Шұбартауда жүргенбіз. Таң елең-алаңда Баршатастан Байқошқар ауылына бағыт алдық. Көлік жүргізуші – осы ауылдың азаматы Асылжан. Бір тоға сөзге сараң демесең, елгезек жігіт. Ал жолбасшымыз – Байқошқар ауылының әкімі Бақтияр Жағыпаров ағамыз. Бұрын мектепте мұғалім, директор болған екен. Ол кісіні жолай Байқошқар ауылынан алдық та, Шыңғысқа қарай бет түзедік. Арман-мақсат – Шәкәрім атаның асыл сүйегі отыз жыл жатқан Құрқұдықты көру-тұғын. Біз құдық басына жеткенде, Шыңғыстың буаз бұлты құйып берді. (Былтыр Қарақорымда жатқан баһадүр ханзада Күлтегін мен Білге қағанның басына барғанымда, дәл осылай сар етіп нөсерлетіп өткен). Әулиелі жерлердің осындай бір сырлы мінезі болатынына тағы бір қайран қалдым...
Осындағы жер жайын, тарих сырын бүккен әр бұлақтың, ықпыл-жықпылдың шежіресін Бақтияр аға жақсы баяндап отырды. Шұбартау өңірінде жасаған, ескінің есті әңгімелерін көп білетін Әкебай Бөжейұлы, Нәстілек Сәлменбетұлы деген кісілердің есімін атаған. Есімде қалғаны осы есімдер. Тағы да болу керек. Бақтияр ағадан көбіне-көп Бегеш шешен жөнінде бұрынғылардан естіген-білгенін сұрап отырған едім. Осы бір аралық та ертеректе Әкебай қария айтты делінетін бір оқиғаның шеті шыққан. Ол – шұбартаулық есімі Тобық әлде Тобықты деген адамның Абайға жолығуы туралы естелік. Есіме сап ете түсті, осы өңірдің тумасы, әйгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Абайдың суреті» деген бір таңғажайып эссесінде айтылған.
Сонымен бұл Әкебай Бөжейұлынан 1959 жылы жазылып алынған, көпшілік арасында бұрын айтылып жүрген әңгіме көрінеді. Жұртта там-тұм, әртүрлі болса, М.Мағауинде қолмен қойғандай, тайға таңба басқандай бәдізделген. Яғни бұл мен ашып отырған жаңалық емес, бұрыннан айтылып жүрген әңгіме. Бүгін соны ұлы Абайдың 180 жылдық тойы қарсаңында, қайыра еске алып, ұрпақ санасына жаңғыртып қоюды жөн санадым.
Оқиға былай өрбиді. Шұбартаулық Тобық деген кісі Абайдың ауылына сыбай-салтаң бара қалса керек. Қымыз ішіп, түстеніп болып енді кетпек болғанда, Абай:
– Не шаруамен жүрсің? – деп сұрайды.
Ол сасып қалған ол баяғыда ұрыға алдырған жалғыз жылқысының жайын айтыпты.
– Ұры да емеспін, ұлық та емеспін, маған оның несін айтасың? – дейді Абай.
Арада үш жыл өтеді. Сол Тобық «Абай шақырып жатыр» деген хабар жетеді. Ол Абай ауылына келсе, ортада жайғасқан Абай жылы шыраймен қарсы алып:
– Сен жау алған жылқыңды өзің таппағаныңмен қоймай, мені де жоқшы етіп кеткеніңді білемісің? – дейді де, – Жоғың табылды. Әділхан қайтарып береді.
Тобық қуанып, алғысын айтыпты. Сонда Абай:
– Дүниеде армансыз адам бар ма? – деп сұрапты.
– Бар, ол – өзіңіз, – депті Тобық.
– Ол қалай?
– Құнанбайдың алты ұлы бар, алтауы – алты ауыл. Тегіс бай, жуан. Сол шынжырбалақ, шұбартөстің ішіндегі ең асылы өзіңсің. Досың түгіл дұшпаның кемітпейді. Сен армансыз болмағанда кім армансыз болар, – дейді Тобық.
– Ол рас, армансыз кісі бар. Сенімді көршісі болса, өз үйінен тойса, ешнәрсеге көңілі алаңдамаса, қаса надан болса сол кісі армансыз. Ал мені қалай армансыз дейсің. Басқаны былай қойғанда, сенің осы жалғыз атыңды үш жыл сұрастырып, әрең таптым. Осыдан малың ізсіз кетсе сен: «Абайға да тапқызбады» дейсің; ұры: «Ақыл-айламды Абайдан да асырдым» дейді. Бұл уайым емес пе? – депті Абай.
Бұл оқиғадағы Абайдың кісілік келбетін жазушы М.Мағауин: «Бұл, әрине, әділет жолы, кісілік үлгісі ғана емес. Мүскінге жанашырлық. Абай өзінің жұрт алдындағы беделін, қолындағы өкімін елінің, жұртының игілігіне жұмсайды», деп бағамдайды. Біз де бұл естеліктен осындай тағылым түйіп едік.
Семейге қайтар жолда да бұл естелік естен кетпей, «жау алған жылқыңды өзің таппағаныңмен қоймай, мені де жоқшы етіп кеткеніңді білемісің?» деген сөз тіл ұшына орала берген. Сонда жан баласына жанашыр, әділдікке жақ, кең пішілген кісілігі мол, қарапайым да қоңыр, әйтсе де алғыр Абай бейнесі көз алдыма көлбей берген.
Абай облысы