Абыз: Әділ Ахмет туралы бірер сөз

22.05.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық басып» абыздық жасқа шыққан Әділ Ахмет – айнымайтын асыл адам: болмысы бекзат тұлға, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз, дегдар дипломат. Қарымды қайраткерлігі, зерделі зерттеулері, парасатты публицистикасы арқылы айналасына сәулесін түсіріп жүретін сәулеткер, шын мәнінде зиялы.

Әлбетте, Әділ Құр­ман­жан­ұлы­­ның көрнекті мемлекет жә­не қо­ғам қайраткері ретінде шың­далып қалыптасуына оның туған жері мен тербелген алтын бе­сі­гінің әсе­рі ерекше болғаны анық. Қайраткер ғалымның бойындағы қайсарлық күм­безі күнмен ша­ғылысқан, аспанмен тіл­десіп, сөз киесі қонған мұзарт Хан­тәңі­ріден келсе, сабырлы бек­зат болмыс, жібек мінез, ана тілінің бал­қайма­ғын тамылжытып сөйлейтін ше­шендік қасиет Мұ­қа­ғалиды тудырған елдің ырыс­ты уызынан дарыса керек. Осы тұста ойға түрік ойшылы Зия Гө­галыптың «Зиялы өзінің ұлт­тық тамырларын терең игеруі, руха­ни не­гіздерін жете білуі және өр­ке­ниеттің озық жетістіктерін бойына сіңіруі керек», деген сөзі оралады.

Кең­ес­­тік кезеңде Нарын­қол­­­да­ғы ауыл мектебінен Алма­тыға келіп, жо­­ғары оқу орнын­да ағылшын тілі маман­­ды­ғын таң­дап білім алуы – оның маң­­­дайына бұйырған бақыт, Отаны­мыздың қалаулы ұлы болып қалыптасуына жа­сал­ған алтын баспалдақ болды. Ол осылайша жаста­йынан ғаламдық масштабта ойлауға бой ұрып, озық өркениетті елдердің рухани нәрімен сусындап сымбат түзейді. Өзі білім алған Алматы шет тілдері институтында еңбек жо­­лын алғаш оқытушы, ұстаз­­дық­­тан бастап, сатылап көте­рі­ліп, декан, проректорлық қыз­меттерін атқарып, осы инсти­туттың ректорына дейін өсті. Өзінің бастамасымен бұл оқу орны кейінірек Абылай хан атын­дағы Қазақ мемлекеттік халық­аралық қатынастар және әлем тілдері университетіне айналып, Әділ Құрманжанұлы оқу ордасының алғашқы ректоры атанды. Отандық білім саласын ре­фор­­малауға жар­ғақ құлағы жастыққа тимей жұмыла кіріс­­­­ті, халықаралық қатынастар саласында білікті ма­ман­дар­дың жаңа буынын қалыптастырды.

Сан қырлы тұлғаның жүріп өткен өмір жолына үңілгенде Әділ Құрманжанұлын ең әуелі көрнекті ғалым ретінде танимыз. Ғұламаның ғылыми ізденістері өзгеге ұқсамайтын даралығымен, тың кеңіс­­­тіктер мен соны өріс­терді бағын­дыруы­­мен ғылым әле­мін­де жаңа парақтар ашты. Еге­­мендіктен кейін еліміздің қар­қын­ды дамыған сыртқы қарым-қатынасын үйлес­тіруге шет тілін білетін мамандарымыз тегеурінді еңбек етті десек, бұл са­ланың алғы шебінде Әділ Құрманжанұлы жүрді. 1995 жылы «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған лингвист ғалым Ресей және Қазақ­станның Ха­лықаралық жоға­ры мектеп ғылым ака­демия­ларының академигі болып сайланды. Ұлттық білім жүйесінің қа­­лып­­тасуына қалтқысыз қыз­мет етіп, 1997–1998 жылдары Білім ко­митетінің төрағасы қызме­тін абыроймен атқарды. Бұдан кейін мемлекетшіл тұлға еліміз­дің сырт­қы сая­сатында еселі еңбек етті, 1999–2000 жылдары Сырт­қы істер ми­нистрінің бірін­ші орынбасары болды. 2000–2001 жылдары еліміздің Ұлыбритания жә­не Солтүстік Ирландия Құрама Ко­­рольдігіндегі, сондай-ақ Ир­лан­дия Респуб­ликасын­дағы, Норвегия және Швеция Король­дігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін абыроймен ат­қарып, еліміздің сыртқы саясатын іске асыратын дип­ломатия саласында қарымды қайрат­кер­л­ік танытты. Одан кейін Қазақ­стан-Британ техникалық универ­ситетінің негізін қалап, оның алғашқы ректоры ретінде оқу орнының қалыптасуына зор үлес қосты. 2007 жылдың тамыз айында Сенат депутаты болып тағайындалды. Парламенттегі жоғарғы палатаның Ха­лықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасының Мұсылмандарды шеттету және кем­сітумен күрес жөніндегі жеке уәкілі әрі Парламент Ассамблеясының мүшесі және Түркітілдес мемлекеттердің ын­тымақтастық кеңесі аясындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі ретінде дипломатиялық қызметін абыроймен жалғастырды. Әділ ағамен 2015–2020 жылдары Халықаралық Түркі академиясында бірге қызмет еттік. Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО сияқты іргелі халықаралық ұйымдарда және  ба­уырлас елдерге барғанда болмысынан бітімгер ағаның дипломатиялық тә­жірибесі бауырлас елдердің байланыс­тарын бекемдеуге көп септігін тигізді. Әрине, мұндай күрмеуі қиын салада халықаралық қатынастар маманы, шебер дипломат болумен қатар, бірнеше тілді білу әркімнің бойынан табыла бермейтін ерекше қасиет екені белгілі.

Осындай мемлекеттік, қоғам­дық, сая­си тынымсыз қызмет­терде жүрсе де, Әділ Ахмет ғы­лым мен қаламнан қол үзген жоқ. Ол қашанда пікірін бүкпесіз ашық айтатын ойшыл, қайраткер тұлға, саяси сарапшы, маңызды та­қырып­тар­ға ұдайы үн қатып отыратын сер­гек пу­б­лицист ретінде қоғам мен күрмеуі қиын күр­делі заманның келбеті туралы ел­ді елең еткізетін көзқарасын баспасөзде, те­леарналарда тұрақ­ты білдіріп келеді. Бі­лікті ма­ман ретінде халықаралық сая­­сат пен тәуелсіз еліміздің түйткілді жайт­­­тары туралы сараптама талдаула­рын ағыл­­шын тілінде еркін айтып, шетел­дер­де еліміз туралы шынайы көз­қа­рас қа­лып­тасуына өл­шеусіз үлес қосып келеді.

Ол – шетелдің бе­делді басы­лым­­дарында жарық көр­ген руха­ния­ты­мызға қажетті бағалы дү­ниелерді таң­дап аударып, саралап, сараптап, байыпты тал­дау жасайтын зе­рек зиялы. Автордың көбіне «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген мақа­лаларынан тұратын «Ғасыр ғиб­раты», «Жаһанданған әлемнің гео­саяси келбеті», «Жаһанды жалға­ған терең тамырлар» сияқты ірге­лі ізденістері оқырманды жаңа әлемдік дүниетанымға жете­лей­ді. Аталған еңбектердегі жер-жаһанға танымал саяси қайрат­керлердің тағылымы мен өнегесін сомдаған «Ли Куан Ю әлемі», «Жаһандық тәртіп», «Генри Киссинджер таразылаған Қытай», «Цифрлық технологиялар дәуірінің алыбы – Стив Джобс», «ХХІ ғасыр футуристің көзімен», ««Қо­лайсыз шындықтың астары», «Стивен Шварцман әлемі», «Илон Масктың асқақ арманы ақтала ма?» секілді салмақты са­рап­тамалары мен соқталы ма­қа­ла­лары оқырманның зор іл­ти­­па­тына ие болды. Әлемдік ақпа­­рат айдынынан сусын, оны ұлт зия­лысының көкірек көзімен таразылап отыратын парасатты публицист қалам тартқан әлемдік нарық табанына түскен кіршіксіз мораль мен этикалық құндылықтар, геосаясаттағы текто­ника­лық өзгерістер, ізгілік иірімдері, билік белесіндегі бетбұрыстар мен жаһан­данған заман сипаты ұдайы ұлттық мүддемен ұштасып жатады.

Зерделі зерттеуші, лингвист ғалым көркем аудармамен де айналысып, ағылшын тілінен тікелей қазақшаға Агата Кристидің таң­дамалы әңгімелерін және тағы басқа еңбектерді түпнұсқадан аударғаны белгілі. Сондықтан кезін­де Қазақстан Журналистер одағы­ның сыйлығына ие болған Әділ Құрман­жанұлы көсемсөзбен бірге кестелі көркемсөзге де жүйрік жампоз жазушы.

Десе де, Әділ Ахмет – ең әуелі ғұла­ма ғалым. Бұл ретте Әділ Құрман­жанұлы «Түркі тілде­ріндегі табу мен эвфемизм­дер» де­ген іргелі моногра­фиясы арқылы халық эстетикасы мен әдемілік қағидасының қорғаны бол­ған мифологиялық арна мен ұлттық ­та­ным­ды айқара ашып берді. Кез келген халықтың, қоғам мен қауым­­ның әдет-ғұр­пы мен этикалық нормаларының түп­негізі ежелгі ырым-тыйымдар жүйесінен бастау алатыны анық. Сондықтан ға­лым бұл ең­бе­гінде бүкіл түркі халық­та­ры­ның этногра­фия­лық-тілдік көл-көсір де­ректі қол­­да­нады, сонымен бірге әлем ха­­лық­­та­ры­ның үлгілерін, африкалық ба­йыр­ғы қауым­дар­дың, америкалық үн­дістер мен поли­не­зиялықтардың көне мұ­расын да са­ра­лайды. Зерттеуден халық­тың әдемі сөйлеуі де, ақын­­дардың ажарлы жырлауы, жазушылардың өр­некті жазуына да, бір сөзбен айтқанда, ұлт тілінің байлығы мен стильдік дамуына табу мен эвфемизм саласының қай­нар бұлақтай үлесі бар екенін түсінесің, түйсінесің.

Кемелдікке ұмтылған кісіден (кең мағынасында халықтан деп алуға болады) көркемсөз туады. Мұның эта­лоны – «Нені істеуге болады, нені істемеуге бол­майды?» деген тал­ғам мен толғам, па­йым мен парасат. Міне, осы қағидаттарды қа­лыптас­тыратын тетік әрбір халық мә­дениетінің өзегінде жатқан ырым-тыйым­дар жүйесінде екенін ғалым терең зер­делей түседі. Әділ аға ырым-тыйым­дар­дың этнолингвистикалық мә­ні­не талдау жа­сап, ырым-тыйымдар қоғамдық қа­ты­настарды реттеуші, үйлестіруші қыз­метке ие халықтың жан дүниесінде сақтал­ған айрықша кілт екеніне назар аударады. «Табу мен эвфе­мизмдер – тілдің сөздік құ­рамын лексика-семантика жағынан байы­­та­тын өнімді тәсілдердің бірі. Орам­ды­­лық пен икемділікті эвфемизмдер өте ай­қын байқатады. Олар атауларын ашық қол­дануға болмайтын белгілі бір ұғым­дарды астарлы түрде дөп басып, дәл жет­кізіп қана қоймай, әлгі ұғымдарға нәзік те сыпайы сипат беріп, оқушы мен тың­дау­шы­ның көңіл күйіне жарақат салмау жағын ұдайы қамтамасыз етіп, сөйлеу немесе жазу мә­де­ние­тінің, яғни тіл мәде­ние­тінің дамуына, қалыптасуына да үздіксіз қызмет етіп отырады», деп тұжырым жасайды.

Осылайша, Әділ Құр­манжан­ұлы ғылымда түркі халықтарының әдеп­тілік қағидасының кодын жаң­ғыр­та білді. Ғалым табу мен эвфемизмдердің этнолин­гвистикалық қырын саралап, мифо-поэтикалық әрлі айшық­тарын айқара ашумен бірге бұл құбылыстың адам жан дүние­сіндегі психологиялық, әлеу­меттік-қоғамдық түпкі себеп-сал­дарына бүгінгі ғылым биі­гінен үңіле түседі. Табу мен эвфе­мизмдердің сырын сөздің сиқырымен байланыстыра зерттеген ғалым түркі тілінің арғы қайнары ежелгі салт-дәстүрден тамыр тартатынын зерде­леп, лингвистикалық заңдылықтарды этнографиямен тоғыс­тыра талдап, сал­мақ­ты тұжырымға ке­леді. «Табуды тудыратын себеп­тер тілдің өзінде емес, сол тілді қаты­нас құралы ретінде пайдала­натын қоғамда, әртүрлі әлеу­меттік ортада, яғни адамда жатыр» деп, табу мен эвфемизмдер этнолингвистикалық құбылыс қана емес, сонымен қатар ол – тіл мен қо­ғамның өзара байланысын сипаттай­тын әлеуметтік лин­гвис­тикаға қатысты арналы да алқапты нысан деген қоры­тынды жасайды. Табу мен эвфе­мизмдерді, ырым мен тыйым­ды адам­дардың қоғамдағы әлеу­меттік, мәдени және экологиялық ортаға байланысты қалыптасқан на­ным-сенімдерінің, салт-дәстүр­лерінің қағидаттары мен норма­лары­ның тілдегі орныққан көрі­ністері екенін жан-жақты тал­да­ған зерделі зерттеуші әлеу­мет­тану, психология, фольклор­тану секіл­ді пәндер­дің жетіс­тіктерімен кешен­ді салыс­тырып, тақырыбының өрісін кеңейтеді.

Ғалым бұл іргелі еңбегінде түркі қа­зы­на­сын ғана емес, әлем­дегі басқа да өр­ке­ниет­тегі баға­лы деректерді зерделеп, тұ­жы­­рымын ширатып, шыңдай түседі. Да­мыған елдердің ғылы­мында бұл маңызды тақы­рып әлдеқашан ны­санға айналыпты. АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия, Жаңа Зеландияда бұл сала туралы тұғырлы зерт­теулер жазылып, тіпті табу мен эвфемизмдерге арналған көлемді сөздіктер де шығып үлгеріпті. Әрине, бұл тақырыпты қозғайтын классика­лық зерт­теулердің басым көп­шілігі ағылшын тілін­де алдымен Батыста жазылғаны анық. Осы орайда кеңестік кезеңде қазақ филологиясында ескінің қалдығы ретінде аласта­тыл­ған ырым-тыйымдар туралы жазуға тәуекел етуі Әділ Құрманжанұлының кеңестік стандарттан басқаша ойлайтын тұлға екен­дігін көр­се­теді. Ғалым осы соны тақырыпқа 1970 жыл­дары тыңнан түрен салып, қызыл идео­логиядан ада, қай кезде де түркі ха­лық­тарының баршасына қажетті сапалы рухани өнім сыйлай білді. Көз аясы кең, көкжиегі зеңгір қайраткер ғалым өзекжарды еңбегі арқылы түгел түр­кінің жоғын жоқтап, Батыс пен Шығыс халықтарының, әлем­дік өркениеттердегі мұра­ларды байсалды талдап, ақыл-ой шыңырауына сәуле түсіреді.

Әділ Құрманжанұлы Америка Құрама Штаттарының Туссон қаласында еңбек еткен жылдары ғылыми ізденісінің көк­жие­­гін кеңіте түсті. Ғалым Алтайдан тараған түбі бір түркі өр­кениетінің алысқа шашыраған жаңғы­ры­ғын Америка «үндістерінің» мәдение­ті­нен кездестіреді. Бұл тұрғыда ғалымның 2003 жылы жарық көрген «Азия – Беринг – Америка және америкалық үндістердің азиялық тегі» деген еңбегіне ерекше тоқталған жөн. Бірден көпшілік назарын аударған іргелі еңбекте байыр­ғы америкалықтардың азия­лық тегі антропологиялық, археологиялық, палеонтоло­гия­лық, генетикалық, лингвисти­калық және басқа тұрғыдан жан-жақты сарапталады.

Парасатты профессор осы бағыттағы тынымсыз еңбегін жал­ғастырып, зерттеулерін жетіл­діріп, оны 2008 жылы «Аме­рикалық үндістердің алтайлық тегі» деген атаумен қайта бастыр­ды. Бұл іргелі еңбегінде ғұлама ғалым Америка құрлығын мекендеген халықтардың түбі Ал­тай халықтарымен бір екенін көрсе­тетін нақты дәлелдермен тың пікір айтады. Археология, генетика ғылым­да­ры­ның қазіргі табысына сүйене отырып, «үндістердің» Америка құрлығына қоныс­тана бастағанына 35-40 мың жыл болған деген уәж білдіреді. Жер шарындағы халықтар миг­ра­циясының жолдары мен ба­ғыттарын мәдениет жемістерімен сабақ­тас­тырып, қызықты салыстырулар жасайды. Алтайда өркениет ошағының отын жақ­қан Алаш жұрты бастапқы байсын жұрт­тан жан-жаққа қоныс ­аударып, бір шеті Шығыс Еуропаға дейін жетсе, екінші қанаты Солтүстік Мұзды мұхит пен Тынық мұхитына және Беринг бұғазын басып өтіп, Америка сияқты орасан зор жағрапиялық кеңістіктен жаңа мекен тап­қанын, қоныстанған өлкесінде ғажайып пирамидалар мен аспан әлемін зерттейтін құрылғылар салып, абыздық дәстүрді жал­ғастырғанын деректер ар­қылы саралайды. Бір сөзбен айтқанда, Америка құрлығын алғаш ашқан түркі зәузатының арғы бір бұтағы екенін па­йымдайды. «Үндіс­тер­дің» тіліндегі туыстық атау­лар, геогра­фия­лық ұғымдар, сан есім­дер, жануар, аспан дене­ле­ріне қатысты сөздердің көбін­де туыстық негіз бар екенін нақты­лы мысалдармен дәлелдей түседі, ортақ сөздердің түбіріне үңі­леді. Бұл ретте автордың әлем кітапханаларындағы мол мәлі­меттерді қарап, саралап шыққан­дығы айқын байқалады.

Мәдениетаралық үйлесім мен үндес­тік бұзылса, өркениет адасып, өз иінінен тайып кететінін ғалым сабақтастыра саралап, оқыр­­манға ой тастайды. Майя­лардың космогониялық түсі­нік­терімен Алтай, Сібірдегі түркі жұртының рухани мәдениетінде ортақ тұстар бар екенін зерделеп, бұл қауымның күн­тізбесі ай мен үркердің тоғысына негіз­де­лген, байырғы Алтайдағы түпқазықтан алшақтай қоймағанын дәйекті дәлел­дейді. Мәселен, майялар бір жылда 13 ай болады деп есептеген. Қазақтың да тоғыс есебінде бір жыл­да 13 ай болатыны белгілі. Майя абыздары обсерваториялар мен пирамидалар арқылы аспан шырақтарын бақылап, арнайы күнтізбе жасап, ғаламдық уақыттың 13:20 деген өлшеммен эталонын жасапты. Ай мен үркердің табиғи қозға­лысы, яғни галактикалық тіршілік ыр­ға­­­ғы­на сүйенген осы уақыттың ұлы заңын біздің бабаларымыз да тұтынып келгені анық. Алайда қазір адамзат бұл құнды­лық­тан адасып, уақытты мүлде теріс есептеп, уақыт пен кеңістікті шатастырып, уақыт модулін 12:60 деп қате есептейтін ағаттыққа бой ұрған екен. Ақиқаттың қалай бұрма­ланғаны жайында автор «1553 жылы 13-ке тыйым салу католик шіркеулерінің басын бір жерге бірік­тірген. Ватикан дінбасы Гри­горий Бірінші өзінің атымен аталатын 12 айлық күнтізбе жариялап, ақауы көп, ғылыми негізі өте әлсіз уақыт рефор­ма­сын жасады» деп шындықты тура жа­за­ды. Ғалым күнтізбедегі бұл жаңа ке­зең сол замандағы машина өрке­ниеті бас­­тал­ған дәуірдің символы – механи­ка­лық сағаттың пайда болуымен тап ке­ліп, жаһанға қар­қын­ды таралып, ан­ти-уа­қыт өлшемі пайда болғанын ай­тып қынжылады. Әйгілі медиевист А.Гу­рье­вич «уақыт-ақша» деген батыс­тық құндылыққа байланысты сағат­тың пайда боп, әлемге таралғанын өзі­нің еңбе­гін­де айтқаны бар. Қос оқымыс­ты ғалым­ның ой-ұшқыны сабақтастықты аңғартады.

Ағымға ілесіп кете бермей, қа­шанда асау толқынға қар­сы жүзетін, сырты сырбаз болғаны­мен, ішкі жан дүниесінде ба­һадүр бабалардың бұла қаны тулап жатқан өр рухты оқымысты ғалым «Еу­разия коды. Бесiншi өркениеттiң қар­саңында» деген іргелі еңбегінде ұзақ жылға жалғасқан жемісті еңбегі ар­қы­лы Майя мәдениетінің қатпарлы қой­наулары мен ұлтымыздың жадында жат­талған сабақтастық арқауын жал­ғас­тырады. Ол көп­теген сәуегейдің «ақыр­заман» деген болжамдарының негізсіз екенін бұлтартпас дәйектермен дәлелдеп, сандардың құпия-коды­ның жұмбағын шешу арқы­лы «біздің галактиканың мүшел жасын» анықтайды. Бұл санның жұмбағын бұдан бұрын Хосе Аргуэльес шешкен екен. Әділ Ахмет осы ғалымға сілтеме жасай отырып, оған «мүшел жас» деген жаңа ұғымды енгізеді. Қазақы ұғым­да бір мүшел аяқталып, келесі мү­шел­ге кіргеннен бастап, жаңа кезең бас­талады. Сондықтан еңбекте бүгінгі қазақ түсінігі мен ежелгі Майя мә­дениетінің арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы әдемі көрсетіліп берілген.

Бертінде ғұлама ғалым бұл зерт­теу­лерінің аясын кеңей­тіп, прото-түркі­лердің Скан­динавияның байырғы халық­тарымен байланыстарын індете зерттеп, 2023 жылы «Викиңдердің ізімен» атты іргелі еңбегін жа­рыққа шығарды. Түркі тілдерін­дегі тіс, тіл, таңдай, әке, бел, бел­­дік, елік, жер, өгіз, сор, дала де­ген сөз­дер мен осы ұғымдар­ды біл­діретін ағыл­шын және Скан­динавия тілдеріндегі мето­нимия­лық баламаларының өте ұқсас екеніне назар аударған лингвист ғалым бұл ұқсастықтардың осы тілдердің көне ру­никалық жазуларында да бар еке­нін атап өтеді. Осылайша, байырғы викиң­дердің руникалық әліппесі мен көне түр­кі руникалық әліп­песінің түпкі сыры­на үңіледі. Ағылшын-саксондар мен сақ­тар­дың аражігін тарихи деректер­мен дәйек­теп береді. Ұқсас сөз­дердің тізімін кел­тіріп, бұлтартпас айғақтар ұсынады. Лин­гвистикалық, археологиялық, генети­калық, тарихи және фоль­клор­лық соны зерт­теулерге иек артқан автор Скан­дина­вия ха­лықтарының байырғы эпос­тары мен қиссаларында ғұндардың көсе­мі Аттиланың ізі жатқанын жазады. Әділ Құр­манжанұлы осы еңбегі арқылы түрко­логияға түрен салып, тың бағыт ашты деу­ге болады.

Тарихтың тамыршысы сияқты уақыт­тың ұлы заңы туралы жиі толғанып, Алтайдан тамыр тарт­қан арғы бабалар­дың байыр­ғы іздерін талмай іздейтін ғұ­лама сексен бес жасқа толды. Алтайдан тара­ған көне түркілер де, бағзы «үндіс­тер» де сөздің си­қырын, сандардың сырын, тіл­дің тұспалын, тарихтың қатпа­рын, бүгіннің ақпарын, заман­ның аужайын біліп, болашақты болжайтын қазыналы қартын, аузы дуалы ақсақалын «абыз» деп атағаны белгілі. Сол абыз­дыққа Әділ аға аспай, таспай, алқынбай, аптықпай жақсы жетіп отыр. Жарық сәуле призмаға шағы­лысқан соң, алуан түрлі түс­ке еніп, бар әсемдігімен қайта­дан өзінің шыққан жағы­на бет түзейтіні сияқты Әділ Құрман­жанұлы да өмірлік жары Дариға Князбекқызымен бірге аяңдап, Тәңіртаудың ұшар биігіне қарай беттеп барады. Сапарыңыз ұзақ болсын!

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

академик, сенатор

Соңғы жаңалықтар

Кенияда есту қабілеті бұзылған балаларға сабақ түсіндіретін робот жасалды

Технология • Бүгін, 10:50

Қажытқан 45 шақырым немесе Әлихан Бөкейхан ауылындағы жолдың жыры

Ауыл • Бүгін, 10:48

Күдіктіні саусақ ізі әшкереледі: Ақмола облысында 19 жыл бұрын жасалған ұрлықтың беті ашылды

Қылмыс • Бүгін, 10:37

Қазақстанда әскери оқу орындарының үздік түлектеріне «аға лейтенант» атағы беріледі

Әскер • Бүгін, 10:25

Биыл елімізде адам саудасына қатысты 75 қылмыс тіркелді

Қылмыс • Бүгін, 10:20

Роналду «Аль-Наср» сапындағы алғашқы жүлдесін жеңіп алды: Клуб Сауд Арабиясы лигасының чемпионы атанды

Футбол • Бүгін, 10:11

Ақтөбе облысында 11 жастағы бала ойын алаңында ауыр жарақат алды

Оқиға • Бүгін, 10:06

Қатерлі ісікті анықтауға бес сурет жеткілікті: Жас ғалым әзірлеген алгоритмнің ерекшелігі қандай?

Ғылым • Бүгін, 10:01

9 және 11 сынып түлектерінің қорытынды емтиханды қашан тапсыратыны белгілі болды

Қоғам • Бүгін, 09:45

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Сот отырысы 28 мамырда өтеді

Алматы • Бүгін, 09:40

Қытайдағы су тасқыны: қаза тапқандар саны 25 адамға жетті

Әлем • Бүгін, 09:39

Гондурастағы екі қарулы шабуыл салдарынан 25 адам қаза тапты

Әлем • Бүгін, 09:23

Жүргізушілер алаңдаулы: Атырауда шетелдік нөмірлі көліктерге тексеру күшейді

Аймақтар • Бүгін, 09:05

Түркістан облысында 5 жастағы қызды ит қауып алды

Оқиға • Бүгін, 08:45

Бүгін 1 долларды қанша теңгеге сатып алуға болады?

Теңге • Бүгін, 08:30

Барлық жаңалықтар

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью