Абыз: Әділ Ахмет туралы бірер сөз
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық басып» абыздық жасқа шыққан Әділ Ахмет – айнымайтын асыл адам: болмысы бекзат тұлға, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз, дегдар дипломат. Қарымды қайраткерлігі, зерделі зерттеулері, парасатты публицистикасы арқылы айналасына сәулесін түсіріп жүретін сәулеткер, шын мәнінде зиялы.
Әлбетте, Әділ Құрманжанұлының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде шыңдалып қалыптасуына оның туған жері мен тербелген алтын бесігінің әсері ерекше болғаны анық. Қайраткер ғалымның бойындағы қайсарлық күмбезі күнмен шағылысқан, аспанмен тілдесіп, сөз киесі қонған мұзарт Хантәңіріден келсе, сабырлы бекзат болмыс, жібек мінез, ана тілінің балқаймағын тамылжытып сөйлейтін шешендік қасиет Мұқағалиды тудырған елдің ырысты уызынан дарыса керек. Осы тұста ойға түрік ойшылы Зия Гөгалыптың «Зиялы өзінің ұлттық тамырларын терең игеруі, рухани негіздерін жете білуі және өркениеттің озық жетістіктерін бойына сіңіруі керек», деген сөзі оралады.
Кеңестік кезеңде Нарынқолдағы ауыл мектебінен Алматыға келіп, жоғары оқу орнында ағылшын тілі мамандығын таңдап білім алуы – оның маңдайына бұйырған бақыт, Отанымыздың қалаулы ұлы болып қалыптасуына жасалған алтын баспалдақ болды. Ол осылайша жастайынан ғаламдық масштабта ойлауға бой ұрып, озық өркениетті елдердің рухани нәрімен сусындап сымбат түзейді. Өзі білім алған Алматы шет тілдері институтында еңбек жолын алғаш оқытушы, ұстаздықтан бастап, сатылап көтеріліп, декан, проректорлық қызметтерін атқарып, осы институттың ректорына дейін өсті. Өзінің бастамасымен бұл оқу орны кейінірек Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне айналып, Әділ Құрманжанұлы оқу ордасының алғашқы ректоры атанды. Отандық білім саласын реформалауға жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыла кірісті, халықаралық қатынастар саласында білікті мамандардың жаңа буынын қалыптастырды.
Сан қырлы тұлғаның жүріп өткен өмір жолына үңілгенде Әділ Құрманжанұлын ең әуелі көрнекті ғалым ретінде танимыз. Ғұламаның ғылыми ізденістері өзгеге ұқсамайтын даралығымен, тың кеңістіктер мен соны өрістерді бағындыруымен ғылым әлемінде жаңа парақтар ашты. Егемендіктен кейін еліміздің қарқынды дамыған сыртқы қарым-қатынасын үйлестіруге шет тілін білетін мамандарымыз тегеурінді еңбек етті десек, бұл саланың алғы шебінде Әділ Құрманжанұлы жүрді. 1995 жылы «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған лингвист ғалым Ресей және Қазақстанның Халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі болып сайланды. Ұлттық білім жүйесінің қалыптасуына қалтқысыз қызмет етіп, 1997–1998 жылдары Білім комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Бұдан кейін мемлекетшіл тұлға еліміздің сыртқы саясатында еселі еңбек етті, 1999–2000 жылдары Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды. 2000–2001 жылдары еліміздің Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі, сондай-ақ Ирландия Республикасындағы, Норвегия және Швеция Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін абыроймен атқарып, еліміздің сыртқы саясатын іске асыратын дипломатия саласында қарымды қайраткерлік танытты. Одан кейін Қазақстан-Британ техникалық университетінің негізін қалап, оның алғашқы ректоры ретінде оқу орнының қалыптасуына зор үлес қосты. 2007 жылдың тамыз айында Сенат депутаты болып тағайындалды. Парламенттегі жоғарғы палатаның Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасының Мұсылмандарды шеттету және кемсітумен күрес жөніндегі жеке уәкілі әрі Парламент Ассамблеясының мүшесі және Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі аясындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі ретінде дипломатиялық қызметін абыроймен жалғастырды. Әділ ағамен 2015–2020 жылдары Халықаралық Түркі академиясында бірге қызмет еттік. Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО сияқты іргелі халықаралық ұйымдарда және бауырлас елдерге барғанда болмысынан бітімгер ағаның дипломатиялық тәжірибесі бауырлас елдердің байланыстарын бекемдеуге көп септігін тигізді. Әрине, мұндай күрмеуі қиын салада халықаралық қатынастар маманы, шебер дипломат болумен қатар, бірнеше тілді білу әркімнің бойынан табыла бермейтін ерекше қасиет екені белгілі.
Осындай мемлекеттік, қоғамдық, саяси тынымсыз қызметтерде жүрсе де, Әділ Ахмет ғылым мен қаламнан қол үзген жоқ. Ол қашанда пікірін бүкпесіз ашық айтатын ойшыл, қайраткер тұлға, саяси сарапшы, маңызды тақырыптарға ұдайы үн қатып отыратын сергек публицист ретінде қоғам мен күрмеуі қиын күрделі заманның келбеті туралы елді елең еткізетін көзқарасын баспасөзде, телеарналарда тұрақты білдіріп келеді. Білікті маман ретінде халықаралық саясат пен тәуелсіз еліміздің түйткілді жайттары туралы сараптама талдауларын ағылшын тілінде еркін айтып, шетелдерде еліміз туралы шынайы көзқарас қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Ол – шетелдің беделді басылымдарында жарық көрген руханиятымызға қажетті бағалы дүниелерді таңдап аударып, саралап, сараптап, байыпты талдау жасайтын зерек зиялы. Автордың көбіне «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген мақалаларынан тұратын «Ғасыр ғибраты», «Жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті», «Жаһанды жалғаған терең тамырлар» сияқты іргелі ізденістері оқырманды жаңа әлемдік дүниетанымға жетелейді. Аталған еңбектердегі жер-жаһанға танымал саяси қайраткерлердің тағылымы мен өнегесін сомдаған «Ли Куан Ю әлемі», «Жаһандық тәртіп», «Генри Киссинджер таразылаған Қытай», «Цифрлық технологиялар дәуірінің алыбы – Стив Джобс», «ХХІ ғасыр футуристің көзімен», ««Қолайсыз шындықтың астары», «Стивен Шварцман әлемі», «Илон Масктың асқақ арманы ақтала ма?» секілді салмақты сараптамалары мен соқталы мақалалары оқырманның зор ілтипатына ие болды. Әлемдік ақпарат айдынынан сусын, оны ұлт зиялысының көкірек көзімен таразылап отыратын парасатты публицист қалам тартқан әлемдік нарық табанына түскен кіршіксіз мораль мен этикалық құндылықтар, геосаясаттағы тектоникалық өзгерістер, ізгілік иірімдері, билік белесіндегі бетбұрыстар мен жаһанданған заман сипаты ұдайы ұлттық мүддемен ұштасып жатады.
Зерделі зерттеуші, лингвист ғалым көркем аудармамен де айналысып, ағылшын тілінен тікелей қазақшаға Агата Кристидің таңдамалы әңгімелерін және тағы басқа еңбектерді түпнұсқадан аударғаны белгілі. Сондықтан кезінде Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болған Әділ Құрманжанұлы көсемсөзбен бірге кестелі көркемсөзге де жүйрік жампоз жазушы.
Десе де, Әділ Ахмет – ең әуелі ғұлама ғалым. Бұл ретте Әділ Құрманжанұлы «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» деген іргелі монографиясы арқылы халық эстетикасы мен әдемілік қағидасының қорғаны болған мифологиялық арна мен ұлттық танымды айқара ашып берді. Кез келген халықтың, қоғам мен қауымның әдет-ғұрпы мен этикалық нормаларының түпнегізі ежелгі ырым-тыйымдар жүйесінен бастау алатыны анық. Сондықтан ғалым бұл еңбегінде бүкіл түркі халықтарының этнографиялық-тілдік көл-көсір деректі қолданады, сонымен бірге әлем халықтарының үлгілерін, африкалық байырғы қауымдардың, америкалық үндістер мен полинезиялықтардың көне мұрасын да саралайды. Зерттеуден халықтың әдемі сөйлеуі де, ақындардың ажарлы жырлауы, жазушылардың өрнекті жазуына да, бір сөзбен айтқанда, ұлт тілінің байлығы мен стильдік дамуына табу мен эвфемизм саласының қайнар бұлақтай үлесі бар екенін түсінесің, түйсінесің.
Кемелдікке ұмтылған кісіден (кең мағынасында халықтан деп алуға болады) көркемсөз туады. Мұның эталоны – «Нені істеуге болады, нені істемеуге болмайды?» деген талғам мен толғам, пайым мен парасат. Міне, осы қағидаттарды қалыптастыратын тетік әрбір халық мәдениетінің өзегінде жатқан ырым-тыйымдар жүйесінде екенін ғалым терең зерделей түседі. Әділ аға ырым-тыйымдардың этнолингвистикалық мәніне талдау жасап, ырым-тыйымдар қоғамдық қатынастарды реттеуші, үйлестіруші қызметке ие халықтың жан дүниесінде сақталған айрықша кілт екеніне назар аударады. «Табу мен эвфемизмдер – тілдің сөздік құрамын лексика-семантика жағынан байытатын өнімді тәсілдердің бірі. Орамдылық пен икемділікті эвфемизмдер өте айқын байқатады. Олар атауларын ашық қолдануға болмайтын белгілі бір ұғымдарды астарлы түрде дөп басып, дәл жеткізіп қана қоймай, әлгі ұғымдарға нәзік те сыпайы сипат беріп, оқушы мен тыңдаушының көңіл күйіне жарақат салмау жағын ұдайы қамтамасыз етіп, сөйлеу немесе жазу мәдениетінің, яғни тіл мәдениетінің дамуына, қалыптасуына да үздіксіз қызмет етіп отырады», деп тұжырым жасайды.
Осылайша, Әділ Құрманжанұлы ғылымда түркі халықтарының әдептілік қағидасының кодын жаңғырта білді. Ғалым табу мен эвфемизмдердің этнолингвистикалық қырын саралап, мифо-поэтикалық әрлі айшықтарын айқара ашумен бірге бұл құбылыстың адам жан дүниесіндегі психологиялық, әлеуметтік-қоғамдық түпкі себеп-салдарына бүгінгі ғылым биігінен үңіле түседі. Табу мен эвфемизмдердің сырын сөздің сиқырымен байланыстыра зерттеген ғалым түркі тілінің арғы қайнары ежелгі салт-дәстүрден тамыр тартатынын зерделеп, лингвистикалық заңдылықтарды этнографиямен тоғыстыра талдап, салмақты тұжырымға келеді. «Табуды тудыратын себептер тілдің өзінде емес, сол тілді қатынас құралы ретінде пайдаланатын қоғамда, әртүрлі әлеуметтік ортада, яғни адамда жатыр» деп, табу мен эвфемизмдер этнолингвистикалық құбылыс қана емес, сонымен қатар ол – тіл мен қоғамның өзара байланысын сипаттайтын әлеуметтік лингвистикаға қатысты арналы да алқапты нысан деген қорытынды жасайды. Табу мен эвфемизмдерді, ырым мен тыйымды адамдардың қоғамдағы әлеуметтік, мәдени және экологиялық ортаға байланысты қалыптасқан наным-сенімдерінің, салт-дәстүрлерінің қағидаттары мен нормаларының тілдегі орныққан көріністері екенін жан-жақты талдаған зерделі зерттеуші әлеуметтану, психология, фольклортану секілді пәндердің жетістіктерімен кешенді салыстырып, тақырыбының өрісін кеңейтеді.
Ғалым бұл іргелі еңбегінде түркі қазынасын ғана емес, әлемдегі басқа да өркениеттегі бағалы деректерді зерделеп, тұжырымын ширатып, шыңдай түседі. Дамыған елдердің ғылымында бұл маңызды тақырып әлдеқашан нысанға айналыпты. АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия, Жаңа Зеландияда бұл сала туралы тұғырлы зерттеулер жазылып, тіпті табу мен эвфемизмдерге арналған көлемді сөздіктер де шығып үлгеріпті. Әрине, бұл тақырыпты қозғайтын классикалық зерттеулердің басым көпшілігі ағылшын тілінде алдымен Батыста жазылғаны анық. Осы орайда кеңестік кезеңде қазақ филологиясында ескінің қалдығы ретінде аластатылған ырым-тыйымдар туралы жазуға тәуекел етуі Әділ Құрманжанұлының кеңестік стандарттан басқаша ойлайтын тұлға екендігін көрсетеді. Ғалым осы соны тақырыпқа 1970 жылдары тыңнан түрен салып, қызыл идеологиядан ада, қай кезде де түркі халықтарының баршасына қажетті сапалы рухани өнім сыйлай білді. Көз аясы кең, көкжиегі зеңгір қайраткер ғалым өзекжарды еңбегі арқылы түгел түркінің жоғын жоқтап, Батыс пен Шығыс халықтарының, әлемдік өркениеттердегі мұраларды байсалды талдап, ақыл-ой шыңырауына сәуле түсіреді.
Әділ Құрманжанұлы Америка Құрама Штаттарының Туссон қаласында еңбек еткен жылдары ғылыми ізденісінің көкжиегін кеңіте түсті. Ғалым Алтайдан тараған түбі бір түркі өркениетінің алысқа шашыраған жаңғырығын Америка «үндістерінің» мәдениетінен кездестіреді. Бұл тұрғыда ғалымның 2003 жылы жарық көрген «Азия – Беринг – Америка және америкалық үндістердің азиялық тегі» деген еңбегіне ерекше тоқталған жөн. Бірден көпшілік назарын аударған іргелі еңбекте байырғы америкалықтардың азиялық тегі антропологиялық, археологиялық, палеонтологиялық, генетикалық, лингвистикалық және басқа тұрғыдан жан-жақты сарапталады.
Парасатты профессор осы бағыттағы тынымсыз еңбегін жалғастырып, зерттеулерін жетілдіріп, оны 2008 жылы «Америкалық үндістердің алтайлық тегі» деген атаумен қайта бастырды. Бұл іргелі еңбегінде ғұлама ғалым Америка құрлығын мекендеген халықтардың түбі Алтай халықтарымен бір екенін көрсететін нақты дәлелдермен тың пікір айтады. Археология, генетика ғылымдарының қазіргі табысына сүйене отырып, «үндістердің» Америка құрлығына қоныстана бастағанына 35-40 мың жыл болған деген уәж білдіреді. Жер шарындағы халықтар миграциясының жолдары мен бағыттарын мәдениет жемістерімен сабақтастырып, қызықты салыстырулар жасайды. Алтайда өркениет ошағының отын жаққан Алаш жұрты бастапқы байсын жұрттан жан-жаққа қоныс аударып, бір шеті Шығыс Еуропаға дейін жетсе, екінші қанаты Солтүстік Мұзды мұхит пен Тынық мұхитына және Беринг бұғазын басып өтіп, Америка сияқты орасан зор жағрапиялық кеңістіктен жаңа мекен тапқанын, қоныстанған өлкесінде ғажайып пирамидалар мен аспан әлемін зерттейтін құрылғылар салып, абыздық дәстүрді жалғастырғанын деректер арқылы саралайды. Бір сөзбен айтқанда, Америка құрлығын алғаш ашқан түркі зәузатының арғы бір бұтағы екенін пайымдайды. «Үндістердің» тіліндегі туыстық атаулар, географиялық ұғымдар, сан есімдер, жануар, аспан денелеріне қатысты сөздердің көбінде туыстық негіз бар екенін нақтылы мысалдармен дәлелдей түседі, ортақ сөздердің түбіріне үңіледі. Бұл ретте автордың әлем кітапханаларындағы мол мәліметтерді қарап, саралап шыққандығы айқын байқалады.
Мәдениетаралық үйлесім мен үндестік бұзылса, өркениет адасып, өз иінінен тайып кететінін ғалым сабақтастыра саралап, оқырманға ой тастайды. Майялардың космогониялық түсініктерімен Алтай, Сібірдегі түркі жұртының рухани мәдениетінде ортақ тұстар бар екенін зерделеп, бұл қауымның күнтізбесі ай мен үркердің тоғысына негізделген, байырғы Алтайдағы түпқазықтан алшақтай қоймағанын дәйекті дәлелдейді. Мәселен, майялар бір жылда 13 ай болады деп есептеген. Қазақтың да тоғыс есебінде бір жылда 13 ай болатыны белгілі. Майя абыздары обсерваториялар мен пирамидалар арқылы аспан шырақтарын бақылап, арнайы күнтізбе жасап, ғаламдық уақыттың 13:20 деген өлшеммен эталонын жасапты. Ай мен үркердің табиғи қозғалысы, яғни галактикалық тіршілік ырғағына сүйенген осы уақыттың ұлы заңын біздің бабаларымыз да тұтынып келгені анық. Алайда қазір адамзат бұл құндылықтан адасып, уақытты мүлде теріс есептеп, уақыт пен кеңістікті шатастырып, уақыт модулін 12:60 деп қате есептейтін ағаттыққа бой ұрған екен. Ақиқаттың қалай бұрмаланғаны жайында автор «1553 жылы 13-ке тыйым салу католик шіркеулерінің басын бір жерге біріктірген. Ватикан дінбасы Григорий Бірінші өзінің атымен аталатын 12 айлық күнтізбе жариялап, ақауы көп, ғылыми негізі өте әлсіз уақыт реформасын жасады» деп шындықты тура жазады. Ғалым күнтізбедегі бұл жаңа кезең сол замандағы машина өркениеті басталған дәуірдің символы – механикалық сағаттың пайда болуымен тап келіп, жаһанға қарқынды таралып, анти-уақыт өлшемі пайда болғанын айтып қынжылады. Әйгілі медиевист А.Гурьевич «уақыт-ақша» деген батыстық құндылыққа байланысты сағаттың пайда боп, әлемге таралғанын өзінің еңбегінде айтқаны бар. Қос оқымысты ғалымның ой-ұшқыны сабақтастықты аңғартады.
Ағымға ілесіп кете бермей, қашанда асау толқынға қарсы жүзетін, сырты сырбаз болғанымен, ішкі жан дүниесінде баһадүр бабалардың бұла қаны тулап жатқан өр рухты оқымысты ғалым «Еуразия коды. Бесiншi өркениеттiң қарсаңында» деген іргелі еңбегінде ұзақ жылға жалғасқан жемісті еңбегі арқылы Майя мәдениетінің қатпарлы қойнаулары мен ұлтымыздың жадында жатталған сабақтастық арқауын жалғастырады. Ол көптеген сәуегейдің «ақырзаман» деген болжамдарының негізсіз екенін бұлтартпас дәйектермен дәлелдеп, сандардың құпия-кодының жұмбағын шешу арқылы «біздің галактиканың мүшел жасын» анықтайды. Бұл санның жұмбағын бұдан бұрын Хосе Аргуэльес шешкен екен. Әділ Ахмет осы ғалымға сілтеме жасай отырып, оған «мүшел жас» деген жаңа ұғымды енгізеді. Қазақы ұғымда бір мүшел аяқталып, келесі мүшелге кіргеннен бастап, жаңа кезең басталады. Сондықтан еңбекте бүгінгі қазақ түсінігі мен ежелгі Майя мәдениетінің арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы әдемі көрсетіліп берілген.
Бертінде ғұлама ғалым бұл зерттеулерінің аясын кеңейтіп, прото-түркілердің Скандинавияның байырғы халықтарымен байланыстарын індете зерттеп, 2023 жылы «Викиңдердің ізімен» атты іргелі еңбегін жарыққа шығарды. Түркі тілдеріндегі тіс, тіл, таңдай, әке, бел, белдік, елік, жер, өгіз, сор, дала деген сөздер мен осы ұғымдарды білдіретін ағылшын және Скандинавия тілдеріндегі метонимиялық баламаларының өте ұқсас екеніне назар аударған лингвист ғалым бұл ұқсастықтардың осы тілдердің көне руникалық жазуларында да бар екенін атап өтеді. Осылайша, байырғы викиңдердің руникалық әліппесі мен көне түркі руникалық әліппесінің түпкі сырына үңіледі. Ағылшын-саксондар мен сақтардың аражігін тарихи деректермен дәйектеп береді. Ұқсас сөздердің тізімін келтіріп, бұлтартпас айғақтар ұсынады. Лингвистикалық, археологиялық, генетикалық, тарихи және фольклорлық соны зерттеулерге иек артқан автор Скандинавия халықтарының байырғы эпостары мен қиссаларында ғұндардың көсемі Аттиланың ізі жатқанын жазады. Әділ Құрманжанұлы осы еңбегі арқылы түркологияға түрен салып, тың бағыт ашты деуге болады.
Тарихтың тамыршысы сияқты уақыттың ұлы заңы туралы жиі толғанып, Алтайдан тамыр тартқан арғы бабалардың байырғы іздерін талмай іздейтін ғұлама сексен бес жасқа толды. Алтайдан тараған көне түркілер де, бағзы «үндістер» де сөздің сиқырын, сандардың сырын, тілдің тұспалын, тарихтың қатпарын, бүгіннің ақпарын, заманның аужайын біліп, болашақты болжайтын қазыналы қартын, аузы дуалы ақсақалын «абыз» деп атағаны белгілі. Сол абыздыққа Әділ аға аспай, таспай, алқынбай, аптықпай жақсы жетіп отыр. Жарық сәуле призмаға шағылысқан соң, алуан түрлі түске еніп, бар әсемдігімен қайтадан өзінің шыққан жағына бет түзейтіні сияқты Әділ Құрманжанұлы да өмірлік жары Дариға Князбекқызымен бірге аяңдап, Тәңіртаудың ұшар биігіне қарай беттеп барады. Сапарыңыз ұзақ болсын!
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ
академик, сенатор
Соңғы жаңалықтар
Кенияда есту қабілеті бұзылған балаларға сабақ түсіндіретін робот жасалды
Технология • Бүгін, 10:50
Қажытқан 45 шақырым немесе Әлихан Бөкейхан ауылындағы жолдың жыры
Ауыл • Бүгін, 10:48
Күдіктіні саусақ ізі әшкереледі: Ақмола облысында 19 жыл бұрын жасалған ұрлықтың беті ашылды
Қылмыс • Бүгін, 10:37
Қазақстанда әскери оқу орындарының үздік түлектеріне «аға лейтенант» атағы беріледі
Әскер • Бүгін, 10:25
Биыл елімізде адам саудасына қатысты 75 қылмыс тіркелді
Қылмыс • Бүгін, 10:20
Футбол • Бүгін, 10:11
Ақтөбе облысында 11 жастағы бала ойын алаңында ауыр жарақат алды
Оқиға • Бүгін, 10:06
Қатерлі ісікті анықтауға бес сурет жеткілікті: Жас ғалым әзірлеген алгоритмнің ерекшелігі қандай?
Ғылым • Бүгін, 10:01
9 және 11 сынып түлектерінің қорытынды емтиханды қашан тапсыратыны белгілі болды
Қоғам • Бүгін, 09:45
Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Сот отырысы 28 мамырда өтеді
Алматы • Бүгін, 09:40
Қытайдағы су тасқыны: қаза тапқандар саны 25 адамға жетті
Әлем • Бүгін, 09:39
Гондурастағы екі қарулы шабуыл салдарынан 25 адам қаза тапты
Әлем • Бүгін, 09:23
Жүргізушілер алаңдаулы: Атырауда шетелдік нөмірлі көліктерге тексеру күшейді
Аймақтар • Бүгін, 09:05
Түркістан облысында 5 жастағы қызды ит қауып алды
Оқиға • Бүгін, 08:45
Бүгін 1 долларды қанша теңгеге сатып алуға болады?
Теңге • Бүгін, 08:30
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:40
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 22 Мамыр 2026 11:30 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















