Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Әдеби сауалдамамыздың кезекті қонағы – Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген. Дәстүрлі сұрақ: не оқып жүрсіз?
– Қазір ақпарат ағыны адам санасын шаршатып, «цифрлық улану» белең алған тұста жанымызға араша іздейтініміз белгілі. «Не оқып жүрсіз?» деген қарапайым сұрақтың астарында үлкен әлеуметтік диагноз жатыр. Бұл сұрақ адамның бос уақытын ғана емес, оның дүниетанымын, рухани деңгейін, ойлау мәдениетін де аңғартады. Сондықтан кітап оқуды жай ғана ермек емес, ішкі мәдениет пен жүйелі әдетке айналдыру жайына тоқталсам.
Жалпы, кітап оқу мәдениеті кітапханадан емес, отбасынан басталады. Жас оқырман бір күнде қалыптаспайды. Оның алғашқы мектебі – үй, алғашқы кітапханасы – ата-анасының кітап сөресі. Баланы кітапқа күштеп баулу мүмкін емес, оны тек қызықтыруға болады. Мұның ең қарапайым жолы – ауыз әдебиеті. Ертегі, аңыз, батырлар жыры мен шешендік сөздер баланың қиялын дамытып қана қоймай, тілдік қорын байытады. Қазақ халқының ұрпақ тәрбиесінде ауыз әдебиетіне ерекше мән беруінің себебі де осында.
Жас оқырман қалыптастыру туралы айтқанда бір маңызды нәрсені ұмытпауымыз керек. Қазір балаларға да, ересектерге де бірден психология, бизнес немесе мотивациялық әдебиет ұсынуға бейімбіз. Алайда бәрінің басында көркем әдебиет тұрады.
Көркем әдебиет адамды ойлауға үйретеді. Ол эмоцияны тануға, мінезді түсінуге, өмірді сезінуге мүмкіндік береді. Тарихи кітаптар тарихи сананы қалыптастырса, мемуарлар өмірлік тәжірибе береді, ал көркем шығарма адамның жан дүниесін тәрбиелейді. Сондықтан тұлға болып қалыптасудың, ойлау жүйесін түзетудің негізі – көркем әдебиет.
Бүгін қоғамда қатыгездік, төзімсіздік, өзгені тыңдай алмау сияқты мәселелер жиі байқалады. Мұның бір себебі – адамның өзгенің тағдырын сезіне алмауы. Ал әдебиет бізге басқа адамның көзімен қарауды үйретеді. Бір кейіпкердің қуанышын бірге сезініп, екіншісінің қайғысына ортақтасқанда эмпатия қалыптасады. Кітап оқитын адам өзгелердің эмоциясын түсінуге, кешіре білуге, ашуды емес, сабырды таңдауға бейім келеді.
Кітаптың адам психологиясына әсері ғылыми тұрғыдан да дәлелденген. Белгілі библиотерапевтер Элла Берту мен Сьюзен Элдеркиннің зерттеулеріне сүйенсек, дұрыс таңдалған кітап адамның эмоционалдық жағдайын жақсартуға көмектеседі.
Мысалы, цифрлық құрылғылардан шаршағанда ұзақ әрі тартымды роман немесе триллер оқуға болады. Сюжетке терең еніп кеткен адам телефонға алаңдамайтын деңгейге жетеді. Күйзелісті азайту үшін көркем сурет альбомдарын немесе фото-кітаптарды қарау пайдалы. Ал мазасыздық пен ішкі агрессияны төмендету үшін жылы, мейірімге толы шығармалар оқу ұсынылады.
Әдебиеттің тағы бір маңызды қызметі – бізді өмірдің күрделі тақырыптарымен таныстыру. Аутизм, жалғыздық, психологиялық ерекшеліктер немесе қоғамда көп айтыла бермейтін мәселелер туралы үздік шығармалар оқырманның дүниетанымын кеңейтеді. Мұндай кітаптар диагнозды емес, адамды көруге үйретеді. Өзгеше жандардан қорықпауға, оларды түсінуге, мейірімді болуға тәрбиелейді.
Кейінгі жылдары мемуар мен эссе жанрына қызығушылық артқаны кездейсоқ емес. Адамдар шынайылыққа шөлдеп отыр. Биографиялар мен естеліктерде ойдан құрастырылған кейіпкер емес, өмірде болған адамның тағдыры айтылады. Сондықтан мұндай кітаптардан алынатын сабақ та тереңірек болады. Бүгінгі қоғамда жағымды кейіпкерлердің жетіспей жатқаны жиі айтылады. Сол себепті өмірде болған адамдар туралы кітаптар мен фильмдер көпшіліктің назарын аударып отыр.
Әрине, кітап оқуды жарысқа айналдырудың қажеті жоқ. Кейде бір кітаптан алған әсер ондаған кітаптан артық болуы мүмкін. Сондықтан түсініп оқу мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Неше кітап оқығаныңыз емес, оқыған дүниеңіздің сізге не бергені маңызды. Кітапты асықпай оқу, маңызды ойлардың астын сызу, кейіпкерлердің әрекетін саралау, өз өміріңізбен байланыстыру – нағыз оқырманның белгісі.
Неміс жазушысы Карстен Хеннің «Кітап жеткізу қызметі» романында кітаптың адам өмірін өзгерте алатын ерекше күші әсерлі суреттеледі. Шын мәнінде жақсы кітаппен өмір сүру – үлкен бақыт. Кейде таңғы бесте оянып алып, соңғы беттері қалған шығарманы аяқтауға қимай отырудың өзі оқырманға ғана түсінікті ерекше сезім.
Бүгінгі қоғамда адам уақытпен, ақпаратпен, бір-бірімен жарысып өмір сүріп жатыр. Бірақ өмірдің мәні біреумен бақталасуда емес. Парасат пен тыныштықтың, терең ой мен мейірімнің үлкен бөлігі кітапта жатыр.
Сондықтан кітап жазатын да, оны басып шығаратын да, насихаттайтын да адамдардың жауапкершілігі зор. Өйткені жақсы кітап жақсы оқырман тәрбиелейді, ал жақсы оқырман жақсы қоғам қалыптастырады.
Сол себепті «Не оқып жүрсіз?» деген сұраққа берілетін жауап әр адамның ғана емес, тұтас қоғамның рухани ахуалын көрсететін маңызды өлшем болып қала береді.
Өзім дәл қазір Ричард Овенденнің «Сожжение книг», Фредерик Барбьенің «История библиотек», Эван Фрисстің «Там, где живут книги» секілді кітап пен кітапхана тарихын зерделейтін еңбектерін оқып жатырмын. Бұдан бөлек Мортимер Адлер мен Сергей Поварниннің оқу мәдениетіне арналған зерттеулерін, Элла Берту мен Сьюзен Элдеркиннің «Книга как лекарство для детей» атты библиотерапия жөніндегі кітабын парақтаудамын. Ал Митико Аояманың «Вы найдете это в библиотеке», Фрейя Сэмпсонның «Библиотека моего сердца», Хелен Рольфтың «Библиотека всего на свете» және Софи Лароштың «Только не читайте эту книгу!» шығармалары кітапхана әлемін көркем әдебиет арқылы тануға жетелейді.
Бұл кітаптарды қатар оқудың өзі қызық тәжірибе болды. Бірі кітаптың тағдырын, бірі кітапханалардың өркениеттегі орнын, енді бірі оқырман психологиясын баяндайды. Осы ойлардың барлығы бір арнаға тоғысып, кітапхана мен кітапханашының қоғам алдындағы қырағы жауапкершілігін, баланы ерте жастан көркем әдебиетке баулудың маңызын, кітаптың жан дүниеге әсерін және саналы оқу мәдениетінің мәнін тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді.
– Шынайы пікіріңізге рахмет.
Дайындаған –
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»